Отбасы және әлеуметтік қарым-қатынас

Жұма, 02.02.2018
Отбасы және әлеуметтік қарым-қатынас

Ислам екі жастың арасындағы мейірімділік пен сүйіспеншілік қатынасқа ғана емес, бәлкім, қоғамдағы адамдар арасындағы қарым-қатынастың да тұрақты әрі сенімді болуын көздейді. Мұның ішінде туыстық байланыстың орны ерекше. Алла тағала Құранда былай деп бұйырады:

«Ей, адам баласы! Сендерді бір адамнан жаратқан және одан оның жұбайын жаратып, ол екеуінен көптеген ер-әйелді таратқан Раббыларыңнан қорқыңдар. Сол арқылы өзара сұрасқан Алладан және туыстардан (алшақтаудан) сақтаныңдар. Шексіз Алла сендерді бақылаушы» (Ниса: 1).

Отбасындағы ағайын-туыстық қатынасты өзінен кейінгі жастарға пайғамбарымыз да (с.ғ.с.) көптеп насихаттаған. Әнас ибн Мәлик (р.а.):

«Алланың елшісі (с.ғ.с.):

– Кім өз ризығының мол және өткен (кемшіліктерінің) ұмыт болғанын қаласа, онда туыстық қатынасты жалғастырсын – деді» деген хадисті риуаят қылады (Бұхари, Мүслим).

Хадисте айтылғандай туыспен жақсы қатынас құрып, ризығының мол болғанын қаламайтын адам бар ма, әрине, жоқ. Бұған қоса, мұсылман әлеміне әйгілі Хасан әл-Басри:

«Егер адамдар білімге бас ұрып, бірақ амал қылмаса және туыстық қатынасты қойып, тек сөз жүзінде дос болса, онда Алла оларға лағынет айтады. Оларды саңырау қылады, көздері көрмейтін болады», – деп туыстық қатынастың маңызын көрсетеді.

Алыс-жақын туыстарымен байланысын үзбейтін отбасы – үлгілі отбасы. Туыстық қатынасқа осынша көңіл бөлген жанұя қасындағы құдайы көршісін ұмытпасы анық. Қазақ: «Үй алма, көрші ал», – дейді. Ислам тек ағайын қатынасымен шектелмейді, ислам көршімен арадағы байланысқа оның ақысына да көңіл бөлген.

Дініміз әрбір мұсылманды көршісіне адал, әділ әрі қайырымды болуға шақырады. Құранда Алла тағала:

«Аллаға құлшылық қылыңдар. Оған еш нәрсені ортақ қоспаңдар және әке-шешеге жақындарға, жетімдерге, міскіндерге жақын көршіге, бөгде көршіге, жан жолдасқа, жолда қалғандарға және қол астындағы құл мен күңдерге жақсылық қылыңдар. Негізінен Алла тәкаппар, мақтаншақты жақсы көрмейді», – деп бұйырған (Ниса: 36).

Ибн Омар мен Айша анамыздан (Алла ол екеуіне разы болсын): «Алланың елшісі (с.ғ.с.): Жәбірейіл періштенің көршіге жақсылық жасауымды кеңес еткені соншалықты, оны мұрагер етуім керек пе деп те ойладым», – деп айтты» деген хадис келтірілген (Бұхари, Мүслим).

Ал енді Хасан әл-Басри көрші хақында: «Жақсы көрші болу – көршіге азар бермеу емес, бәлкім көршінің көрсеткен машақатына ұстамдық таныту болар», – деп айтқан.

Міне, осындай аят-хадистер мен насихат сөздердің мазмұны жаңа отбасын құрған жастар үшін көршілермен дұрыс қатынаста болуды үйретері сөзсіз. Қарым-қатынас демекші, отбасы мүшелерінің арасындағы қатынас берік болуы үшін сүйіспеншілікке, бауырмалшылдыққа негізделеді. Мұны біздер Ислам тарихынан жақсы білеміз, бұған қатысты хадисті Әбу Һурайра (р.а.) риуаят етеді:

«Алланың елшісі (с.ғ.с.) немересі Хасанды сүйген еді. Сол уақытта оның қасында әл-Ақрағ ибн Хабис әт-Тамими отырған болатын. 

Пайғамбардың (с.ғ.с.) мұндай махаббатын көрген Ақрағ:

– Расында менің он балам бар. Олардың бірін де сүймедім, – деп айтады. Алланың елшісі (с.ғ.с.) оған қарап:

– Кім рахымды болмаса, оған рахымдылық бұйырмайды, – дейді» (Бұхари). Демек, отбасына, балаларға, көршіге, қоғам мүшелеріне рақымды болу – мұсылманның қасиеті.

Келесі хадисте де пайғамбардың (с.ғ.с.) ұлына болған махаббатын Әнас ибн Мәлик (р.а.) былай жеткізеді:

«Балаларға пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сияқты мейірімін төккен ешкімді көрмедім. Пайғамбардың (с.ғ.с.) ұлы Ибраһим Мәдина шаһарының сыртында тұратын Әнасының қолында еді. Алланың елшісі (с.ғ.с.) менімен бірге сол әйелдің үйіне барып, баласы Ибраһимді сүйіп қайтатын. Ибраһим қайтыс болған кезде Алланың елшісі (с.ғ.с.):

– Ибраһим менің балам. Ол емшектен шықпай қайтыс болды. Осы себепті оның жәннатта екі анасы бар. Олар оны емшектен шығу уақытына дейін емізеді, – дейді» Мустахаб. Ибн Асакир. Хаиятус-Сахаба 3 том. 249 б.

Отбасы – шағын мемлекет болғандықтан мұнда тек жанұя мүшелерінің бір-бірімен ғана қатынасы емес, бәлкім барлық адамдармен болған қатынастың жақсы болуы аса маңызды. Көркем-мінезге жататын барлық дерлік қасиеттердің орны мен маңызы жоғары. Мұндай сипаттар жалғыз отбасын емес, тіпті бүтін қоғамды жақсылыққа бастайды. Егер отбасы арасында осындай махаббат пен сыйластық қарым-қатынс  кеңінен тарқайтын болса, жаңа құрылған шаңырақтар шайқала қоймайды. Себебі, отбасындағы сүйіспеншілік, махаббат, өзара сыйластық қасиеті қоғам өміріндегі әлеуметтік қарым-қатынасқа да дұрыс ықпал етеді.

Ол үшін сыйластық қарым-қатынасын қолымыздан келгенше өз отбасымыздан бастап, өзгелер үшін үлгі болуға тырысып, БАҚ құралдарында отбасылық құндылықтарды кеңінен насихаттауға күш салсақ, онда келешек үшін құтты қоныс, жайлы болашақ орнатуға үлес қосушылардан болармыз.

Сұлтан ҚАЙРАТҰЛЫ

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 665 рет
JoomShaper
Top