Үлгілі отағасы боламын десең есте сақта...

Бейсенбі, 10.08.2017
Үлгілі отағасы боламын десең есте сақта...

Бірде белгілі Имам Ахмад ибн Ханбал үйленіп жатқан ұлына былай деп өсиет айтыпты:

Ей, ұлым, егер отбасың берік, шаңырағың шайқалмасын десең, менен мына өсиетті қабыл ал.

1: Расында, әйел адам күйеуінен жақсы сөз естігенді ұнатады. Сол үшін оған әрдайым жақсы сөз айтып отыр. Сараңдық танытпа. Өйткені, сараңдық екі жастың арасындағы жалулықты жояды.

2: Расында, әйел адам қатыгез немесе өте жұмсақ болған еркекті ұнатпайды. Сондықтан, тепе-теңдікті сақтау үшін осы екі сипатты арасында көрсетіп тұр.

3: Расында, ер адам өзінің әйелі алдында боянып, әдемі киініп, иіс су сеуіп жүргенді жақсы көретіндей әйел де күйеуі солай жүргенді ұнатады. Сондықтан, әйеліңнен бір жақты талап етпей өзің де солай жүруге тырыс.

4: Расында, әйел адам өзінің үйінде тақта отырған патшайым секілді еркін сезінеді. Сондықтан, әйелдің сол бойындағы еркіндікті жоғалтып тақтан түсіп қалуына себепкер болма.

5: Расында, әйел адам өз отбасынан кетіп бөтен үйге келіп жаңа шаңыраққа үйренгенше күйеуінен жылу іздейді. Сондықтан, қыз кезінде үйінен көрген жылуды сен беруге тырыс.

6: Расында, әйел адам қабырғадан жаратылған. Бұл оның кемшілігі емес керісінше, жұмсақ жаратылғанын білдіреді. Егер ол қателік жасаса оның қателігін жасыруға немене дұрыс жолмен дұрыстауға әрекет жаса. Оның айыбын бетіне басып қателігін қатыгездікпен дұрыстаймын деп қабырғаны сындырып алма.

7: Расында, әйел адам жұмсақ қатынасты жақсы көреді. Сондықтан, егер ол саған бір жамандық жасаса, оны жекіп, қатты сөкпе. Керісінше, оның саған жасаған жақсылықтарын есіңе ал.

8: Расында, Алла Тағала әйел адам нәзік жаратылғандықтан оған көп міндеттер жүктемей жеңілдік жасап мейірімін төккен. Мәселен, әйелдер кей жағдайда бойындағы табиғатына байланысты намаз оқымайды, ораза ұстамайды. Сондықтан осы секілді сен де әйеліңе қиындық уақытында мейіріміңді төгіп  әрдайым қарайласып отыр.

9: Расында, әйел адам өзінің шыққан отбасына қамқор болып келеді. Сондықтан, оның отбасына сен де қамқоршы болып екі жақтық қатынасты нығайтуға тырыс. Себебі, екі жақтың тыныштығы сенің отбасыңның беріктігіне кепіл.

Жалғас АСХАТҰЛЫ,

дінтанушы  

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 2209 рет

Қажылық анықтамалығы

JoomShaper
Top