Діни экстремизмнің алдын алудағы әйелдер ұйымдарының рөлі

Жұма, 10.11.2017
Діни экстремизмнің алдын алудағы әйелдер ұйымдарының рөлі

Қазіргі кезеңде біз әлемдік діни ортада орын алып жатқан елеулі өзгерістердің куәгері болудамыз. Жаһандық деңгейде үдемелі белең алып келе жатқан рухани қайшылықтар түрлі дәрежедегі қақтығыстарға әкеліп соқтыртуда. Осындай жағдайда әйел-азаматтардың өрбіп жатқан қарулы тартыстардан дербес қалуы мүмкін болмай отыр. Көріп отырғанымыздай, олардың жаһанның түкпір-түкпірінде ұйыдастырылған лаңкестік актілердің орындаушысы ретінде танылуы қауіпті үрдіске айналып, ой түюге итермелейді. Негізінен бұл қатерге қоғамның осал санаттары өкілдерінің, соның ішінде қыз-азаматтардың тартылуы-алаңдатарлық мәселе.

Қазақстан Республикасындағы діни ахуалдың тұрақтылығына қарамастан, аталған үрдістер біздің елімізге де әсерін тигізбей қоймауда.Радикалды ағымдардың мақсаты дін мен дәстүрдің сабақтастығын үзуді, дәстүрлі рухани құндылықтарды жоққа шығаруды, еліміздегі зайырлылық қағидаттарына теріс көзқарас қалыптастыруды көздейтіндіктен, осы таңда деструктивті діни ағымдар идеологиясының таралуының алдын алу – дін саласындағы уәкілетті органның басты назарында.

Біздің жұмысымызда - «Қазақстанның аумағы ұлан-байтақ және табиғи қазба байлық пен ресурстарға бай екені баршаға белгілі. Осының бәріне қызғанышпен қарайтындар да бар. Олар – бізге қастық ойлап, қоғамымыздың ынтымағын бұзуға тырысушылар. Халқымыздың арасына теріс діни ағымдарды енгізу бізге сырттан ықпал етудің бір тәсілі болып саналады. Соңғы уақытта осындай үрдіс байқалып отыр. Біз мемлекеттігімізге қауіп төндіретін кез келген құбылыспен күресуге тиіспіз. Сондықтан сіздердің алдарыңызда зор міндеттер тұр» деген Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың сөздері айқын бағдар.

Әйелдер қауымының теріс пиғылды ағымдарға бет бұруына ғаламтор, соның ішінде әлеуметтік желілердегі дәстүрлі емес діни ағымдардың белсенді үгіт-насихат жұмыстары, діндар жастардың діни сауатының төмендігі, эмоциялық әлсіздігі, психологиялық тәуелділігі мен сенгіштігі, отбасылық қысымдар, т.б. әсер етеді.

Діни экстремизмнің қауіп-қатері мен оның Қазақстанда таралуына идеологиялық тұрғыдан қарсы тұруда, жас ұрпақты ұлттық дәстүр мен патриоттық сезімге тәрбиелеуде қоғамның, соның ішінде әйелдер ұйымдарының орны ерекше екенін атап өткен жөн. Тәрбиенің алтын қазығы- ибалы да инабатты әйел, парасатты да текті ана, салиқалы да сабырлы әже. Ізгі ниетті, есті әйел – отбасының берекесі. Отбасы – мемлекеттің бір бөлшегі болса, өнегелі отбасынан тәрбие алып шыққан парасатты ұрпақ – еліміздің ертеңі. Мемлекетіміздің еңселі, отбасымыздың берекелі болуы қайырымды, иманды, адами қасиеттері жоғары деңгейдегі ұрпақтың қалыптасуына тікелей байланысты, сондықтан, аталарымыздан келе жатқан ұлттық асыл құндылықтарымызды солардың санасына өшпестей етіп сіңіру- мақсатымыз.

Діннің атын жамылған түрлі экстремистік және террористік идеологияның жастар арасында белең алуы қоғамды ойландыратын өзекті мәселелердің біріне айналғандығы аян. Жастар рухани-адамгершілік құндылықтарының жұтаңдығынан радикалды топтардың қатарын толықтыруда. Оның үстіне, ақпараттық кеңістіктің қолжетімдігі, ашықтығы мен жаһандану үрдістері де қоғамдағы радикалды топтардың жұмысын «белсендіре түсіп», ғаламтор, әлеуметтік желілер және басқа да заманауи коммуникациялық құралдардағы селдей ағылған ақпараттар жастардың санасын жаулап алуда. Осы ретте сарапшылар әйелдердің радикалдануының айқын болған негізгі әлеуметтік-психологиялық келесі себептерін атап көрсетеді:

Құқықтық және діни сауаттылықтың төмендігі. Дәстүрлі емес исламдық көзқарасты ұстанатын әйелдердің басым көпшілігі Құранмен, нағыз діни мәдениетті дәріптейтін және түсінік беретін әдебиетпен таныспаған, жалпы азаматтық құқықтары мен міндеттерінен бейхабар. Әлеуметтік ортадан жырақтап тұйықталғандықтан, өзгенің үгітіне көзсіз  сенген бұл тұлғалар түгелге жуық жақын туыстары мен жамағатына тәуелді.

Сонымен бірге әйелдердің білім деңгейінің, әлеуметтенуінің және қоғамдағы қарым-қатынас мәдениетінің төмендігі. Дәстүрлі емес ағымдағы әйелдер қоғамнан оқшауланған, туыстарымен байланысын үзген, қоғамның даму үрдісінен ажырап, көбі саяси, жағдайлардан хабарсыз қалған. Бұған қоса әлеуметтік-тұрмыстық салада қиындықтардың орын алуы да бар. Дәстүрлі емес көзқарастағы әйелдердің жұмыс істеуден бас тартатыны белгілі. Ал жұмысқа орналасқысы келетіндерінің өзі тиісті кәсіби біліктілігінің жоқтығына, ер адамдары бар ұжымда жұмыс істеуді құптамайтын шектеулі діни көзқарасына байланысты жұмыс таба алмайды.

Дәстүрлі емес діни көзқарастың, экстремистік және радикалды идеологияның таралуы мемлекет пен қоғам үшін өте қауіпті болғандықтан, мұндай көзқарастағы әйелдердің жас буынды да қате ұстаныммен тәрбиелейтіні – ерекше алаңдатарлық мәселе. Сондықтан, дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандырудың маңыздылығы ерекше. Қазіргі ең көкейкесті міндет – барша азаматтар арасында, әсіресе жастардың ортасында радикалды идеологияға қарсы төтеп бере алатын иммунитет қалыптастыру үшін жүргізілетін ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын оңтайландырып, тиімділігін арттыру. Заман талабына сәйкес әр түрлі форматтағы кездесулерді шағын топтармен өткізудің тиімділігі жоғары екені байқалуда.      

Қазақстанның бүгінгі жастары ұлтжанды, білімді, белсенді, сондай-ақ адал еңбек етіп, бос уақыттарында пайдалы іспен айналысуды қалайды. Олардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, жұмыспен қамту үшін үкіметтік емес ұйымдардың мүмкіндігін белсенді пайдаланған жөн.

Қазіргі таңда Қазақстанда жастар саны 4 млн, бұл–әрбір төртінші адам жастар санатында деген сөз. Осыған орай, Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі жастар арасында діни экстремизмнің алдын алудың бір тетігі ретінде олардың назарын мемлекетті дамыту мәселелеріне бұру мақсатында жұмыс жүргізуде.

Алдын алу жұмыстары кешеніне қоғамның рухани ахуалын жақсартуға, дәстүрлі құндылықтарды жаңғыртуға арналған бірқатар шаралар қолға алынуда.Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиямен және Астана, Алматы қалалары мен облыстардың әкімдіктерімен бірлесе, «Дін және әйел» жобасы іске асырылып, еліміздің 10 аймағында осы іспеттес форумдар мен конференциялар өткізілді.

Еліміздің 12 жетекші жоғары оқу орнының жанынан ашылған «Қыз Жібек» клубтары қыздарды рухани сусындатып, заманауи талаптарға сай ұлттық дәстүрлер мен озық зайырлы құндылықтар негізінде тәрбиелеуге септігін тигізуде.

Сонымен қатар, Астана, Алматы қалалары мен облыстардың Дін істері басқармаларымен және Дін мәселелерін зерттеу орталықтарымен бірлесе, түрлі категориялардағы діндар әйелдер аудиториялары, ЖОО және колледж студенттері, радикалды көзқарастағы әйелдер мен мешіттердің әйел жамағаты арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да тұрақты түрде жүргізілуде.

Қоғам қайраткерлері мен білікті маман әйелдерден құралған топтар жастар аудиторияларына дәрістер оқып, деструктивті діни ағымнан зардап шеккен әйелдерді оңалтуда айтарлықтай жұмыс жүргізіп, ақпараттық түсіндіру жұмыстары барысында еліміздегі діни ахуал мәселелері, дәстүрлі емес ағымдар идеологиясының зардабы, экстремизм мен терроризм ықпалынан сақтану шаралары туралы кеңінен мәлімет беруде.

Қазіргі таңда радикалды идеология ықпалына түскен әйелдерді әлеуметтік бейімдеу және психологиялық оңалту мәселесі де маңызды болып отыр. Дәстүрлі емес діни ағымдағы әйелдерді радикалды көзқарастан арылту жұмысы оларды ақпараттандыру, әлеуметтендіру, құқықтық және діни сауаттылығын арттыру, соның нәтижесінде дәстүрлі діни көзқарасқа қайтару сатыларынан тұрады.

Дін саласындағы мемлекеттік саясат қағидаттарын түсіндіру және діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытында Дін істері комитеті және аймақтық Дін істері басқармалары тарапынан республикалық және жергілікті БАҚ-тарда жарияланатын материалдардың елеулі бөлігін әйелдер, отбасы және тәрбие мәселелеріне арналған мақалалар құрайды. Дін істері комитеті тарапынан әйелдер аудиториясына арналған 7 арнайы басылым әзірленіп, өткізілген іс-шаралар барысында көпшілікке таратылды.

Соңғы жылдары Дін істері комитеті мен оның ведомостволық бағыныстағы мекемелері базасында әйелдер аудиториясына арналған атаулы шаралар өткізу дәстүрге айналды. Соның ішінде «Қазіргі Қазақстан қоғамының рухани-өнегелілік жаңғыруындағы әйелдердің орны» атты дөңгелек үстел мен «Діндар әйелдер арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру мен жүргізу» тақырыбында өңірлік оқыту семинарлары, жақында Астана қаласында өткен «Жастарды рухани-адамгершілікке тәрбиелеудегі және радикалдық діни идеологияға иммунитет қалыптастырудағы әйелдер ұйымдарының рөлі» тақырыбындағы республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияны ерекше атауға болады.

Дін істері комитеті тарапынан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қарамағындағы діни сауат ашу курстары мен діни оқу орындарының ұстаздарына, мұсылман әйелдер бірлестіктерінің жетекшілеріне арналған жыл сайынғы оқыту семинары тұрақты түрде ұйымдастырылуда.

Радикалды идеология ықпалына түскен әйелдерді әлеуметтік бейімдеу және психологиялық оңалту шаралары Дін істері комитетінің әдістемелік жетекшілігімен барлық өңірлік Дін істері басқармалары тарапынан жүргізіледі.

Әйелдер аудиториясымен жүргізілген ақпараттандыру және қайта бейімдеу жұмыстарына аймақтық  Дін істері басқармаларымен қатар «Аңсар» ақпараттық-талдау орталығы (Ақтөбе облысы), «Жайық» деструктивті ағымдардан жапа шеккендерге көмек көрсету орталығы (Батыс Қазақстан облысы.), «Насихат» қоғамдық қоры, «Сана» дінтанулық ақпараттандыру және кеңес беру орталығы (Ақмола облысы.), «Шапағат» деструктивті ағымдардан жапа шеккендерге көмек көрсету орталығы (Атырау  облысы.), «Конфессияаралық қатынастарды талдау және дамыту орталығы» ЖШС (Павлодар облысы.) секілді қоғамдық бірлестіктер белсене атсалысуда.

Кеңінен атқарылып жатқан жұмыстардың басым бағыттары төмендегідей:

- Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алудың тиімді әдістерін ойластыру үшін мемлекет тарапынан әлеуметтік зерттеулер жүргізу;

- Әйелдер мен жастар арасында радикализмнің алдын алу шараларын ұйымдастыруда оңтайлы әдіс-тәсілдер пайдалану;

- Дін саласы бойынша әйелдер арасындағы сауаттылықты арттырудың жаңа тәсілдерін қарастыру;

- Діни экстремизмнің алдын алу жұмыстарында қоғамдағы әйелдердің позициясын арттыру;

- Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен үкіметтік емес ұйымдар біріге отырып, діндар әйелдердің әлеуеті мен жауапкершілігін арттырып, оларды жас ұрпақтың патриоттық рухта тәрбиеленуін жандандыратын, радикалды идеологияның таралуына төтеп беретін күш ретінде пайдалану.

Алдын алу шараларында мемлекеттік және жеке мекемелердегі білім беру ошақтарының оқушылары мен студенттері, діни бірлестіктер өкілдері, жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастар құрайды.

Тәрбие отбасынан басталатындықтан, басты шараларды ата-аналар арасында өткізу міндетті. Ұлы ұстаз Әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы», деп бекер айтпаған.

Ұлттық болмыстың сақталуы әрбiр ұрпақтың өзiнен кейiнгi iзбасарларына ұлттық үрдісті қалай жеткiзуiне байланысты. Ең басты өмірлік мақсаты – бала тәрбиесі екенін естен шығарған кейбір ата-аналар күйбең тірлікке алданып, күн кешуде. Балаларына мойын бұруға уақыт таппай жүрген ата-аналарға «жәрдемдесіп», әлеуметтік желілердегі қаптаған «оқытушылар» өз «тәрбиелерін» тықпалауда. Тәрбиесіз берілген білімнің қаупі қазір бұрынғыдан да артты. Енді қалыптасып жатқан жас буынға дұрыс жол нұсқап, ғаламтордың шексіз мүмкіндігін игі мақсатқа пайдалануды талап етпесек, ол ұрпақтың санасын улау бағытына ойысуы мүмкін. Діни сауаттылықтың кемшілігі мен тәрбиенің олқылығынан ұрпағы адасып жатса, бұл – алдымен ата-анаға сын.

Дәстүрге адал, парыз бен қарыздың салмағын, құндылықтардың құнын білетін жасампаз ұрпақ тәрбиелеу – халқымыздың келешегіне қызмет ету деген сөз. Адами абзал қасиеттер туралы өлмес ойлар айтқан ұлы Абай: «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» десе, Мұстафа Шоқай «ұлттық рухсыз ұлт тәуелсіздігінің болуы мүмкін емес» деген қанатты қағидасымен асқақ рухты ұрпақ қана ел келешегінің кепілі бола алатынын меңзейді.

Отбасындағы тәрбиенің негізгі кілті анада болғандықтан, тәрбие жұмыстарында әйелдер ұйымдарының ықпалын күшейту маңызды. «Қыз», «әйел», «ана» – қасиетті ұғымдар, өйткені олар – өмірге ұрпақ әкелетін бастау-бұлақ. Ұлттың бар болмысын – тілі мен дінін, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін – ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, бойына дарытатын әйел-ана. Сондықтан ертеңгі ана, бүгінгі қыздарымызды дәстүрге сүйеніп, уақыт талабына сай тәрбиелеу – ата-ананың ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті.

Әйел-Ана жасөспірім ұрпақты тәрбиелеп, оған рухани нәр беретіндіктен, «Әйел бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді...» деген дана халқымыз. Отбасында ұрпақтарына дәстүрлі рухани тәрбие беруде, ұлттық және рухани-адамгершілік құндылықтарды насихаттауда, жастарымызды радикалды идеология қатерінен сақтауда мықты тірек болатын да ең алдымен әйел – аналар.

Тұжырымдай келсек, жастарды рухани-адамгершілікке тәрбиелеудегі және радикалдық діни идеологияға қарсы иммунитет қалыптастырудағы әйелдер ұйымдарының рөлі мен мүмкіндігі орасан зор. Әйелдер ұйымдары тек діни салада ғана емес, білім, тәрбие, құқық, әлеуметтік қолдау, салауатты өмір салтын насихаттау салаларында кешенді жұмыстар жүргізуге әлеуетті.

Осы аса зор әлеуетті орнымен пайдаланып қана қоймай, кезең-кезеңімен дамытып отыру алдағы уақытта руханият саласындағы бірқатар мәселелерді еңсеруге септігін тигізері айқын.

Берік АРЫН,

ҚР Дін істері және азаматтық

қоғам вице-министрі 

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 422 рет
JoomShaper
Top