Ақ неке – болашақ кепілі

Бейсенбі, 29.06.2017
Ақ неке – болашақ кепілі

«Жалғыздық бір Құдайға ғана жарасқан» демекші, Хақ тағаланың бекіткен жаратылыс заңдылығына сәйкес адам баласы «екі жарты – бір бүтінді» құрап  жұптасып өмір сүреді. Отбасын құрып шаңырақ көтеру адам баласының табиғи қажеттілігі болғандықтан оның баяндылығын сақтап, қоғамның дұрыс дамуы үшін тиісті шарттардың болуы діни әрі дүниелік тұрғыдан да өте маңызды болып табылады.

Сондықтан, кез-келген мемлекетте өз тұрмыс ерекшеліктеріне сай бекітілген отбасы құқықтары бар. Сол секілді Ислам діні де бұл мәселені ұмыт қалдырмай, оған ерекше мән беріп, мұсылмандарды бұл мәселеге үлкен жауапкершілікпен қарауға шақырып, отбасын құру және сақтаудың заңдылықтарын адам құқықтары жайлы сөз қозғау мүмкін емес сонау ерте заманның өзінде бекітіп берген. Ата-бабамыз да өзінің салт-дәстүрінде неке ұғымын ислам дінінің шеңберінде қалыптастырып, соған сай ұстанымдарын бекіткен. Қазақ халқы ақ некені қадірлеп, қастер тұтқан. Оны Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті деп білген.  Сондықтан халқымыздың жан дүниесінен:

«Патша қызын береді оқып некаһ,

Неке қылмақ Пайғамбар сүннеті хақ»,[1] − деген жыр жолдары туындаған. (Бабалар сөзі)

Ал бұл туралы Алла елшісі хадисінде былай деген болатын: «Неке – менің сүннетім. Кім менің сүннетім бойынша амал етпесе менен емес. Үйленіңіздер! Себебі, мен басқа үмбеттерден сендердің көптіктеріңмен мақтан етемін».

Халқымыздың санасында неке адалдықтың нышаны ретінде қалыптасып, оны бұзуға адамдардың дәті дауаламайтын. Ажырасу сорақылық саналатын. Дінімізде де ажырасуға рұқсат берілгенімен, құп көрілмеген. Себебі, Пайғамбар хадисінде: «Алла тағалаға адал еткен істің ішіндегі ең жағымсызы – ажырасу»[2] деп, мұның оңды іс емес екені айтылған. Сондықтан ата-бабамыз салған сара жолда отбасын бұзу, ажырасу мүлде орын алмады десек те болады. Оның бір себебі − ерлі-зайыптылардың отау құрғаннан кейінгі міндеттеріне адалдығы болса керек. Отағасы отбасының нәпақасын ердің намысы деп білетін. Әйелі мен балаларын Жаратқанның аманаты санайтын. Әйелі еріне сөзсіз бағынатын. Қарсы келуді үлкен күнә көретін. Халықтың өскелең ұрпаққа берер тәрбиесі де осы бағытпен өрбіп, анасы қызының құлағына «Барған жеріңе тастай батып, судай сің», «Ерге жаққан әйел, елге де жағады» деп, жастайынан құйып отыратын. Ал бозбаланы «Жан қимақ бар, жар қимақ жоқ», «Жақсы әйел теңі жоқ жолдас, түбі жоқ сырлас» деп тәрбиелейтін. Осындай тәлім көрген ұрпақ шаңырақ құра отырып үлкен жауапкершілікті мойындарына алғандарын сезінетін. Қазақ менталитетінде жан сұлулығы бірінші кезекте тұрған. Сондықтан жарасымдылық пен сыйластық жүздерінен көрік тайып, шашын қырау шалған жасқа жетсе де жоғалмайтын. Оның үстіне жас жұбайлар білмегенін үйретіп, артық кеткен жерлерінде ақыл-кеңесін айтып отыратын үлкендермен бір шаңырақтың астында тұратын. Мұндайда келін күйеуімен салғыласуға ата-енесінен қысылатын, ал ұлдары отбасының шырқын бұзуға әкесінің қабағынан қаймығатын.

Өкінішке қарай, қазіргі таңда жастарымыз осы өте нәзік те жауапкершілігі ауыр мәселеге салғырт қарағандықтан қоғамымызда ажырасудың саны күн өткен сайын артуда. Тіпті, бұл дерт дінге бет бұрған жастардың да арасында өрбіп тұр. Бұл жастардың көпшілігі – діни сауатсыздықтың құрбаны. Біреуі дінді білмегендіктен, оның қадірлеген ақ некесіне немқұрайды қараса, енді бірі діндегі некенің орнын біле тұра, оған опасыздық етуде.  Негізінен, адами құндылықтар астаң-кестең болып жатқан қазіргі таңда мұсылман баласы ар-абыройын сақтап, нәпсі қалауын тежеп, қоғамда жақсылық пен ізгіліктің жаршысы ретінде шаңырақты шайқалтпауға бар күшін салуы қажет. Өкініштісі, керісінше жағдай орын алып, дінді білмейтін адамдардың жасағанынан да сорақы әрекетерге барып, кемелдіктің үлгісі болған дінімізге қара күйе жағуы өзекті өртеуде. Дінді ұстану деген осы екен деп балақты қысқартып, сақалды жіберген жігіттер мен адалдық пен арлылықтың белгісі ретінде басына орамал тартқан қыздарымыз арасында отбасы институты үшін аса қажет Ислам шариғатының неке және ажырасу тәртіптерін сақтамауда. Осыған байланысты бүгінгі Ислам діні тұрғысынан отбасының маңызы, неке және талақ мәселелеріне тоқтала кетейік.            

Адам қажеттіліктерін жақсы білген Хақ Тағала және Оның ардақты елшісі (с.ғ.с.) де қоғамда түрлі келеңсіздік пен азғындықтың кең тарап қоғамды ірітіп-шірітпеу үшін үйленуді заңдастырып, соған құлшындырған. Құран Кәрімде: «Араларыңдағы үйленіп, өз алдына отау құрмағандарды һәм құлдарың мен күңдеріңнің арасындағы ізгі жандар мен үйленіп, үй болуға жарайтындарды үйлендіріңдер. Егер, олар кедей болса, Алла оларды шарапатымен қамсыздандырады. Алла тағаланың рақымы кең әрі ол бәрін білуші»,– десе («Нұр» сүресі, 32-аят), мына бір аятта: «Әйелдер (сендерді бүркейтін, күнәдан тыятын, шаттыққа бөлейтін және көрікті қылатын) киім секілді, сендер де олар үшін дәл сондай киім секілдісіңдер», («Бақара» сүресі, 187-аят) деу арқылы да үйленудің адам өміріндегі негізгі атқарар фнукциясына назар аударған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да: «Уа, жастар, араларыңдағы үйленуге шамасы жететіндер үйленсін. Себебі, көз зинасынан да, іс-әрекетпен жасалатын зинадан да ең күшті сақтану жолы – үйлену. Бұған шамасы жетпегендер ораза ұстасын. Себебі, ораза ол үшін қорған»,–(Бұхари, Никаһ,1) деу арқылы, үйленудің екі жастың ар-абыройын қорғау үшін қажетті қалқан екенін шегелеп тұрып айтып кеткен.

Негізінен, отбасы кіші-гірім мемлекет болғандықтан, оның іргесін қалар кезде оған үлкен жауапкершілікпен қарау керек. Отбасын құрудың ең алғашқы қадамы адал ақ некеден басталады. Неке арабтың «никаһ» сөзінен тілімізге еніп, «жинау, қосу» деген мағынаны білдірсе, діни термин ретінде шариғат қағидалары мен шарттарына сай үйлену дегенді білдіреді. Ислам дінінде неке адал саналып, ал некесіз ер мен әйелдің бірге болуы харам етілген. Себебі, дініміз неке арқылы пәк ұрпақ жетілдіруді көздеп, адамзат қоғамының баяндылығын мұрат еткен. Олай болса, біз ендігі кезекте некенің дұрыс болу шарттарына терең кіріп жатпай, жастар арасында мән берілмей келе жатқан кейбір түйіткілді тұстарға тоқтала кетейік.

  1. 1.           Ата-ананың рұқсаты.

Ханафи мәзһабы бойынша, ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына келген қыз баланың ата-ананың келісімінсіз неке қидыруына рұқсат етілгенімен, қалған үш мәзһабта (шафиғи, ханбали, малики) некенің дұрыстығы үшін ата-ананың келісімі шарт. Бірақ ханафи мәзһабында қыз өзінің теңіне бармаған жағдайда ата-анасы оның некесін бұздыра алады. Ислам құқығында осы бойжеткеннің өз теңіне қосылуын «кәфаәт» деп атайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Әйелдерді теңіне қосыңдар», – деген. Демек, қызды ұзатпас бұрын күйеу жігіт қалыңдыққа тең бе, әлде емес пе, алдымен осыны  анықтау қажет. Бұл – дініміздің жаратылысы нәзік қыз балаға қорған болуды көздегендігінің белгісі. Ер кісінің үйленуі сәтсіздікке ұшыраса, ажырасуы оған пәлендей қиындық тудырта қоймауы мүмкін. Ал өмірде жолы жіңішке әйел адамға мұндай жағдай үлкен соққы болары сөзсіз. Осыны әу бастан ескерген дініміз қыз баланың опық жеп қалмауы үшін теңіне қосуға үлкен мән берген. Бұны некенің шарты болмағанмен, қажетті жағдайлардың бірі деп қарастырады. Себебі, Алла елшісі (с.ғ.с.) бір күні әзірет Әлиге (р.а.) былай деген:

 «Уа, Әли, үш нәрсені кешіктірме: Уақыты кіргенде намазды, дайын болған кезде жаназаны, теңі табылғанда қызды» (Тирмизи, Салә, 13). Тағы бір хадисінде: «Әйелдерді теңімен үйлендіріңдер. Оларды уәлилері (ата-анасы немесе ата-анасы болмаған жағдайда солардың орнындағы жақындары) үйлендірсін. Он дирхамнан аз мәһір жоқ»,– деген (әз-Зәйлаи, Насбур-Раиә, III, 196-б.). Міне, осы хадистерді басшылыққа алған ғұламалар қызды лайықты орынға ұзату керек деп түйіндеген.

Сайып келгенде, мәселе бәрібір ата-ананың ризашылығына барып тіреледі. Ал Ислам құқығында мәзһабтар арасындағы пікір айырмашылықтары жағдайдың әр түрлі болуына қатысты туындаған. Ханафи мәзһабындағы қыз балаға тынылған еркіндік Исламда әйел құқықтарына да ерекше мән берілгенін көрсетеді. Ислам дініндегі көптеген құқықтар жаратылысынан әлсіз, өмірде көптеген теперіштерге тап болатын нәзік жанды әйелдерді қорғауға бағытталған. Ислам діні әйелді адам санатына қоспаған сонау ерте заманның өзінде оған тиісті мәртебесін беріп, керек десеңіз жәннаттың төрінен бір-ақ шығарған. Сондықтан, екі пәтуа да әйелдің мүддесін қорғауға бағытталған. Ислам шариғатындағы Құран мен сүннеттің рухына негізделген «заман талабының өзгеруіне орай пәтуа да өзгереді» деген қағида бойынша кейбір пәтуалар замана талабына сай өзгертіліп отырады. Орта ғасырларда Османлы мемлекеті кезеңінде қоғамда қызды алып қашу оқиғалары көбейіп кеткен уақытта, ханафи мәзһабы ғалымдары қыздарды қорғау үшін ата-ананың келісімін шарт етіп бекіткен. Қазіргі дінді дұрыс түсінбейтін, жауапкершілігін сезінбейтін жастар арасындағы сұмдықтардың алдын-алу үшін ата-ананың келісімі шарт. Ал қоғамда діни сана көтеріліп, адамдар өз жауапкершілігін сезіне алатын, қыз баласы өз құқытарын қорғай алатын жағдайға жеткен кезде ханафи мәзһабының әуелгі пәтуасы заман талабына сай қайта жүзеге асырылады.

Ата-анасы хабардар болмағандықтан, қазіргі таңда өздерін «сәләфиге» теліп жүрген жастар арасында қыз балаларының құқықтары тапталып, қыздар ойыншыққа айналып жатыр. Он алтыға енді ғана толған үрімдей қазақтың қыздарының 4-5 рет некелесіп үлгергенін де құлақ естуде. Тіпті,  Батыс аймақтарында шейхсымақтарының «некесіз қыз бен баланың бір жерде отыруына болмайды» деген  пәтуаларына сүйенген мектеп оқушыларының өзі ата-аналарының хабарынсыз некелерін қиыдырып алып жүргеніне не деуге болады?

Сонымен қатар, «Бір заңды өкілі (уәли) және екі әділ куәсіз неке болмайды»,– (Әбу Дәууд. Никах) деген хадисті де сырттай ғана түсінген осындай шала сауатты діндарлар арасында «Сенің уәлиің намаз оқымайтындықтан, арамыздағы сенімді ахилар өкіл болады» деп қыздың заңды өкілінсіз де некесін қиып жатқан оқиғалар көптеп кездеседі. 

Бұл жастар діннің негізгі рухымен қатар некенің мәнін де мазмұнын да түсіне алмаған келте діндарлар. Неке – тек қана қыз бен жігіт бір жерде болу үшін ғана бекітілген талап емес. Ол – ерлі-зайыптылардан көптеген жауапкершіліктер мен міндеттерді талап ететін заңды келісім. Былайша айтқанда АХАЖ-да тіркелген неке деген сөз. Ерте кезеңдерде АХАЖ деген құрылым болмағандықтан, Ислам діні әйелдерді қорғау мақсатында неке дұрыс болу үшін куәлардың қатысуын талап еткен. Ал қазіргі таңда жастар арасында бұл куәгерлік мәселесі де формальды түрде ғана орындалады. Сондықтан қазіргі таңда неке қию АХАЖ-да жасалуы қажет. Мұның шариғат заңына томпақ келер ешқандай тұсы жоқ. Болашағына жауапкершілікпен қарайтын қыз балалар әркімнің ойыншығына айналмау үшін осы талапты орындаулары қажет. Қазіргі таңда тақуалыққа жақын өлшем осы болса керек.

Кез-келген уақытта қыз баланы «талақ» деп тастап кете бермеудің алдын алатын талаптардың біріне үйленген соң қыз баланың иелентін мәһір алу құқығын жатқызуға болады. Мәһір – некелесу барысында немесе кейін өтеу шартымен келісілген қалыңдыққа берілетін дүние-мүлік немесе ақша. Өз тағдырына бейжай қарамайтын қыз баласы оңай беріле салатын талақтың алдын алу үшін мәһір мөлшерін көптеу етіп алса, ер кісі қыздарды шұлық ауыстырғандай бірінен соң бірін ауыстыруға оңайлықпен бара қоймас еді. Қыз баласы қанша мөлшерде мәһір талап етемін десе еркінде. Құран Кәрімде «Ажырасқан әйелдеріңе кезінде үйіп-төгіп мәһір берген болсаңдар да, одан еш нәрсе алмаңдар» («Ниса» сүресі, 20-аят) деу арқылы мәһірдің ең көп мөлшеріне шек қойылмаған.

Некені сақтаудың тағы бір жолы – оны жария ету. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Некені жариялаңдар. Оны мешітте қиыңдар және дабыл қағыңдар», деген (Тирмизи, Никаһ, 6). Некесін қиған жастар бәріне естіртіп, хабардар ету үшін туған-туыс, дос жарандарын жинап той жасайды. Ағайын-жұрт куә болып, біраз шығын шығырып жасалған осындай тойдың оңайлықпен талақ айтып кете берудің алдын алатын шаралардың бірі екені сөзсіз.     

Шаңырақ көтерген әрбір мұсылман ер мен әйел сол ошаққа жауапты екендіктерін терең сезініп, Ислам дінінің бұйрықтары шеңберінде отбасын қорғауға міндетті. Бұған өмірлік қол ұстасқан жастардың екеуі де жауапты.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) осы туралы бір хадисінде былай дейді: «Бәрің де жауаптысыңдар және жауапкершіліктеріңдегі нәрселерден сұраласыңдар. Патша өз қол астындағылар үшін жауапты және солар үшін сұралады. Отағасы жанұясына жауапты, солар үшін сұралады. Әйел күйеуінің шаңырағына жауапты, сол үшін сұралады. Қызметші қожайының мал-мүлкіне жауапты, сол үшін сұралады. Бәрің де жауапкерсіңдер, бәрің де жауапкершіліктеріңдегі нәрселерден сұраласыңдар» (Бұхари, Жұма, 11)

              Осы хадис бірінші кезекте ер кісінің отбасынан сұралатындығын нақты көрсетіп тұр. Сонымен қатар Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Уәда», яғни қоштасу құтпасында үмбетіне:  «Уа, адамдар! Әйелдердің ақысын аяқ асты етпеңдер. Алладан қорқыңдар. Өйткені сендер әйелдеріңді аманат ретінде Алланың атымен сөз беріп өздеріңе жар етіп алдыңдар. Расында, сендердің әйелдеріңнің алдында, әйелдеріңнің де сендердің алдарыңда міндеттері бар» деп өсиет етіп, әйелдерге аманат секілді үлкен жауапкершілікпен қарауды арнайы ескертіп кеткен болатын.

Өкінішке қарай, мұсылманшылыққа бет бұрған жастарымыз отбасының негізгі тірегі саналатын некеге немқұрайлы қарап, шариғат заңдарын өз нәпсі қалауларын қанағаттандыру мақсатында теріс мақсатта қолданып, некенің шарттарын формальды түрде ғана орындаумен шектелмей талақ мәселесіне қатысты шарттарды да білмейді. Соның салдарынан ата-анасы мәпелеп, аялап өсіріп, болашағынан үміт күтіп отарған талай қарындасымыз сақалды діндарсымақтардың тәнқұмарлығының құрбандығына айналды. Дінді ойыншық еткен қабасақалдылар терең ойланып жатпастан «талақ» деп айта салып, қаншама қыздың көз жасына қалуда. Ислам шариғаты отбасын сақтап қалудың барлық жолдарын соңына дейін қарастырып, отбасын сақтап қалу мүмкіншілігі қалмаған жағдайда ғана ажырасуға рұқсет еткен. Алайда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алла тағалаға адал еткен істің ішіндегі ең жағымсызы – ажырасу» (Әбу Дәуіт, Талақ, 3) деп мұның қош көрілген іс емес екенін айтқан. Басқа бір хадисінде де: «Қандай да бір әйел ешқандай себепсіз еріне өзін талақ етуді сұрайтын болса онда оған жәннаттың иісі харам болады», – деп қатаң ескерткен (Әбу Даууд, Талақ; Ибн Мәжә, Талақ).

Осы мәселеге қатысты ханафи мәзһабының ғалымы ибн Абидин:  «Талақ негізінен  – харам іс. Бірақ, оны мүбаһ ететін жағдайлар мен шарттар туындайтын болса ғана адал бола алады. Сол себепті некелік нығметтен орынсыз бас тартудың ешбір негізі жоқ. Жайдан-жай ажырасу нағыз ақымақтық, Хақ Тағаланың берген ырыс-несібесін аяқ асты ету деген сөз. Сондай-ақ отбасы мен бала-шағасына азап шектіруден басқа еш нәрсе емес» , – деген екен.

«Талақ» оңайшылықпен, тек сөзбен ғана айтып кете салатын, ешқандай жауапкершілікті талап етпейтін іс емес.  Сүннетке лайық түрде талақ ету үш талақты бірден бір уақытта айтпай әйелдің үш бөлек таза күндерінде айтуы қажет. Үш талақты бірден айту бидғат болып саналады. Бұл туралы ғалымдар арасында бірауызды келісім бар. Ер адам бірден үш рет талақ етпей бір рет қана талақ етуі тиіс. Өйткені, ашуланып сүннетке қайшы әрекет етіп бірден үш талақ айтатын болса, артынан ашуы басылған соң қатты өкініп, опық жеп  қалуы мүмкін. Үш рет талақ еткен адам қайта сол әйеліне үйлене алмайды. Ол үшін әйелі өзге біреуге тұрмысқа шығып, онымен бірге болып одан кейін ажырасып, одан соң ғиддат күтіп, содан соң ғана қосылу мүмкіндігі турады. Ал ері бір ғана талақпен талақ ететін болса, өзіне келіп ес жиып, бала-шағасының ертеңгі күнін ойлағанда қалған екі талақ ету мүмкіндігі болғандықтан «ғиддат» күту мерзімінде отырған әйеліне қайта қосыла алады.

Ер адам талақ бергеннен кейін де сақталуы қажет шарттар жетерлік. Солардың ең бастысы – ғиддат күту. Ғиддат – (сөздікте) белгілі сан, талақ етілген, яки ері қайтыс болған әйелдің қайтадан тұрмыс құруы үшін күтуі қажет мезгіл деген мағынаға саяды. Шариғат терминінде ханафилар бойынша, некелік тұрмыстың әсерінен түгелдей арылуы үшін өлшемі белгіленген мезгіл деген сөз. Ал көпшілік ғұламалар бойынша ғиддат – әйелдің жүкті болып, яки болмағандығының білінуі үшін яки ері қайтыс болғандықтан әйелінің арнайы бір мезгіл күтуі. Басқа бір сөзбен айтқанда, ажырасқан әйелдің басқа біреуге тұрмысқа шығу мүмкіндігіне ие болуы үшін белгілі бір уақыт күтуге мәжбүр мезгілі (М. Паттеев, Ато ас-Сынбати, Отбасы ғылымхалы, Алматы, 2010). Ислам дініндегі «ғиддаттың» хикметі әйелдің ажырасқан күйеуінен жүкті болып немесе болмағандының айқындалуы немесе Алланың қойған заңына бағынып, сауап мақсатымен күтуі я болмаса күйеуінен бөлек қалғанына қайғыру не болмаса осы аралық уақытында күйеуінің қайтадан әйеліне оралуына мүмкіндік беруі. Бұл заңдылық – ата-тектің сақталуының талабы. Қоғамды тексіздік жайлағанда қандай қасіреттер орын алары айтпаса да түсінікті.

  Әйелге талақ берілген жағдайда «ғиддат» мерзімінде нәпақа еріне тиесілі болады. Ханафи мәзһабында бұл үш талақ берілген жағдайда да осылай қалады. Сонымен қатар ғиддат мерзімі аяқталғанға дейін әйел далада қалып кетпеу үшін ер кісінің үйінде тұруы қажет. «Талақ» деп ажырасып жатқан қыз-жігіттер осы шарттарға мүлдем мән бермейді.    

Ислам дінін үмбетіне жеткізіп, ең кемел бейнеде үйреткен Алла елшісі: «Ләззат алу мақсатымен ғана жиі-жиі әйел ауыстырған еркектерге, жиі-жиі күйеу ауыстырған әйелдерге Алла лағынет етсін», «Маңызды бір себепсіз ерінен ажыраспақ болған әйелге жаннат иісі харам», (Әбу Дәуіт, Талақ, 3)  деп отбасын сақтаудың қаншалықты маңызды екенін соқырға таяқ ұстатқандай көрсетіп кеткен болатын.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Үйленіңдер, көбейіңдер. Мен сендердің көптіктеріңді мақтан тұтамын»,– дегеніндей, Ислам дінінде шаңырақ құрудың басты мақсаты – перзент сүю және Пайғамбарымыздың мақтанышына айналатын ұрпақ тәрбиелеу. Олай болса, ойланбай үйленіп, ойланбай ажыраса салатындар қалай Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мақтанышына айналмақ?!

Алау ӘДІЛБАЕВ,

исламтанушы



[1]    Бабалар сөзі, II, 116-б.

[2] Әбу Дәуіт, Талақ, 3.

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 973 рет
JoomShaper
Top