Қазақтың әр қызы – менің қарындасым!

Дүйсенбі, 15.05.2017
Қазақтың әр қызы – менің қарындасым!

Жақында Фейсбук әлеуметтік желісінде бір қаракөз қарындасымыздың басынан өткерген сұмдық оқиғасы жарияланды. Жап-жас қыз бір емес, бірнеше рет тұрмыста болып үлгерген. Қарындасымыз дінге жақын, намаз оқитын көрінеді. Ең сорақысы, оны шариғат атымен алдап соққан. Мұны оқыған кезде адам бойын еріксіз бір-біріне қарама-қарсы аралас сезім билейді екен. Біресе қызға жаның ашиды. Біресе ашуланасың. Кінәлі адамды жек көресің. Бірақ, кім кінәлі? Қыз тағдыры ұлт тағдыры емес пе? Қыз да, ата-анасы да, алдап соққан «күйеуі» де – кінәлі. Социум ретінде біздің де кінәміз бар.

Өкініштісі, мұндай оқиға соңғы кездері жиілеп кетті. Оның басты себебі, олар жалдамалы пәтерде дін үйренеді. Тек «сестра» немесе «ахиларын» ғана тыңдайды. Мешітке бармайды. Барса да ұстаздардан тәлім алу үшін емес. Қыздарға ата-анасын кәпір деп «үкім» шығарады. Дұрыс діни ақпараттан оқшауланған «құрбандар» айтқанға көнгіш, айдауға жүргіп боп қалады. Оқиғалары ұқсас. Бұл – шұбар жылан жат ағымның залалы.

Медреседегі ұстаздардың «әйел тозаққа кетсе, өзімен бірге төрт кісіні: әкесін, күйеуін және аға-інісін ала кетеді» деген сөзі есіме түсті. Оның себебін әйелдің тәрбиесіне, оның өмір жолындағы жүріс-тұрысына осы төрт кісі жауапты деп түсіндіретін.

Осындайда Пайғамбардың (с.ғ.с.): «Кімнің үш қызы болса, олардың тәрбиесінде сабырлық танытып бағып-қағып өсірсе, қиямет күні бұл ісі оны тозақтан қорғайтын перде болмақ»,[1] – деген өсиетінің мән-мағынасы қаншалықты тереңде жатқанын ұғынады екенсің. Хадистің жалғасында: «Екі қыз, тіпті бір қыз тәрбиелеп өсірсе» дегені де бар. Расымен де, қыз өсірген әкенің мойнында салауатты ұрпақ жауапкершілігі бар. Қазақтың «қызға қырық үйден тиым» деген ұстанымы да соған саяды.

Тұрмысқа шыққалы тұрған қыз жігітті жіті танымай, жай үстіртін ғана біліп некеге ризашылығын беру ықтималы басым. Мұндай шешім оның ар-намысын аяқ асты етіп, ғұмырын тозаққа айналдыруы әбден мүмкін. Имандылық пен тәрбиеге ерекше мән берген жөн. Әрине, әйел таңдау жасағанда, ер азаматтың сыртқы кейпіне, дүниесіне және тегіне мән беруі айып емес. Дегенмен, имандылық пен отбасында қалыптасқан жақсы тәрбие некенің кепілі екенін естен шығармаған жөн.

Қыз тағдырына тікелей жауапты тұлғалар: әкесі, ағасы мен інісі. Сондықтан қыздың өміріндегі басты шешімдерде әкесі мен аға-інілері белсенділік танытуы тиіс. Кейде иманды қыздың өзі мінез-құлқы нашар, дінге немқұрайлы қарайтын және әйелдің ар-намысы дегенді білмейтін жігітке көңілі ауып қалуы мүмкін. Мұндай қыздар «осы жігіт мені бақытты етер, арманымды орындар» деген үміт жетегінде тұрмысқа шығуы  да ықтимал. Осындай қауіпті сезген әрбір аға-іні өз қарындасының жеке өміріне араласып, жамандықтың алдын алып, дұрыс ақыл-кеңес беруге міндетті.

Қазақ «қыз – қонақ, жат жұрттық» деп жатады. Қыз бой жеткен соң, тұрмыс құрып, бөтен үйдің түтінін түтетері анық. Алайда, қыздың құтты жерге қонып, бағы ашылуы үшін ата-ана жауапты. Міне, сол себепті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қызды жаман жерге ұзату қиянат екендігін ескертіп: «Кімде-кім қызын пасыққа тұрмысқа берсе, қызымен ата-аналық қарым-қатынасын үзгені»,[2] – деген.

Ал, Айша анамыз (р.а.): «Неке – басыбайлы болу. Сендер қыздарыңды қайда ұзатып жатқандарына мән беріп қараңдар»,[3] – деп, қыз тағдырына немқұрайлы қарауға болмайтындығын, ерекше мән беру қажеттігін айтқан.

Хасан бин Әли (р.а.): «Менің қызым бар. Кімге тұрмысқа бергенім жөн деп ойлайсыз», – деп сұраған кісіге: «Алладан қорқатын жігітке тұрмысқа бер. Ондай жігіт қызыңды жақсы көріп тұрса қадірлеп, сыйлайды. Ал, ашуланса қызыңды ренжітпейді[4]», – деп кеңес берген екен.

Қыз тұрмысқа шығу үшін уәлидің, яғни қамқоршысының келісімі талап етіледі. Уәли – қыздың әкесі және еркек кіндікті ет жақын бауырлары деген ұғымды білдіреді. Демек, қыз теңін тауып, тұрмысқа шығар болса, әуелі әкесінің батасын алуы міндет. Қыздың тағдырына тікелей жауапты да осы уәли. Өмірдегі ең жауапты да, шешімді белес – бұл отбасын құру. Мұндай күрделі мәселені қыз өз бетінше шешуі қайта түзетуге келмейтін, орны толмайтын қателікке алып барары сөзсіз. Айша (р.а.) анамыздың жеткізген хадисінде: «Қайсыбір әйел уәлисіз тұрмысқа шықса, оның некесі заңсыз (деп үш рет айтты)... Қызды тұрмысқа беру кезінде уәлилер тартысып қалса, үкімет уәли болады»,[5] – деген.

Қыздың қамқоршылары қыз таңдауына келісе алмай қалса, ал қыздың шыққалы тұрған жері өз теңі және иманды болып тұрса, мұндай жағдайда үкіметке жүгіну қажет. Қысқаша айтқанда, АХАЖ-ға тіркелуі тиіс. Өйткені, үкімет некеге тұру мәселесін АХАЖ-ға тапсырған. Хадистегі үкімет уәли дегені осы – АХАЖ.

Сонымен бірге: «Уәлисіз және екі куәсіз неке жүрмейді»[6] және «Ешбір дәлелсіз (яғни куәсіз) өз бетінше некеге тұратын әйелдер жезөкше»,[7] – деп айтылған хадистен аңғарғанымыздай, бірінші кезекте қыз құқығын қорғауға бағытталып тұр.

Міне, бұл – қыз дүниеге келгеннен бастап, теңін тауып тұрмыс құрған шаққа дейінгі әке мен аға-інісінің қамқорлығындағы кезең. Ал, енді тұрмыс құрғаннан бастап күйеуі қамқоршы болуыға міндетті. Айша (р.а.) «Мен Алла Елшісінен: «Адамдар ішінде әйел кімге көбірек борыштар?» – деп сұрадым. Пайғамбар: «Күйеуіне», – деп жауап берді. «Адамдар ішінде ер кісі кімге көбірек борыштар?» – деп сұрадым. Алла Елшісі: «Анасына», – деп жауап қайтарды»,[8] – дейді. Ер азаматтың шариғат тарапынан әйеліне қатысты міндеттері көп болғандықтан, әйел күйеуіне көбірек борыштар боп тұр. Тектен-тек әйелдің күйеуіне қарыздар болуы қисынсыз.  

Сөздің тоқетері, қыз тәрбиесінде дәстүр мен шариғат талабы сақталса, мұндай опасыздық орын алмас еді. Қыздың тағдыры ғана емес, ұлттың да болашағы жарық болар еді. Ханафи фиқһында отбасын құруға байланысты «Неке – өмір саудасы» деген ұстаным бар. Негізінде, шариғатымызда неке мәселесінде қыз-келіншектің құқығы қатаң қорғалады. Арам пиғыл ағым өкілдері некедегі басты ұстаным: сүйіспеншілік пен мейірімділік, бір-біріне деген өзара құрметті ешуақытта сақтамайды. Ол туралы сөз де қозғамайды. Өйткені, бұл шарттар олардың арам тән құмарлығын қанағаттандыруға кедергі етеді. Ал, тақуалық пен имандылық, тіпті тәрбие деген олар үшін екіұшты ұғым.

Бұл жайт әлгі қара көз қарындасымыздың ғана проблемасы емес. Бұл – сіз бен бізге ортақ қасірет. Бұлай жалғаса берсе, ұлттың сүйегіне таңба боп басылады. «Әр қазақ менің жалғызым» демекші, «әрбір қыз менің қарындасым» деген түсінік болуы қажет. Әсілі, мұндай түсінік қазақта болды. Өкініштісі, қазіргі таңда ол жоғалып барады. Бірақ, әлі де кеш емес!

 

Руслан ҚАМБАРОВ,

исламтанушы

 

 

[1] Ахмед, Ибн Мәжә.

[2] Ибн Хиббан.

[3] Мухаммед Бәкір Исмаил, Фиқһул Уадих, 2-том, Каир, «Дарул манар», 14-бет.

[4] Мухаммед Бәкір Исмаил, Фиқһул Уадих, 2-том, Каир, «Дарул манар», 14-бет.

[5] Абдулла бин Махмуд бин Маудуд әл-Маусили әл-Ханафи, Әл-Ихтияр литаълил әл-Мухтар 2-том, Бейрут, «Дарул Арқам бин Әбу Арқам», 112-бет.

[6] Асъад Мухаммад Саъид Сағиржи, Фиқһул Ханафи уә әдиллатуһу, 2-том, Дамаск, «Дарул Калим Таиб» 2008-жыл, 153-бет.

[7] Асъад Мухаммад Саъид Сағиржи, Фиқһул Ханафи уә әдиллатуһу, 2-том, Дамаск, «Дарул Калим Таиб» 2008-жыл, 153-бет.

[8] Ахмед, Насаи.

Оқылды 833 рет
JoomShaper
Top