«Бүгінгі қоғамда әйел азаматшалар діни сауатты болуы керек»

Сейсенбі, 11.10.2016
«Бүгінгі қоғамда әйел азаматшалар діни сауатты болуы керек»

«Е-ислам» ақпараттық-ағартушылық порталы еліміздегі белгілі мешіт ұстаздары мен шәкірттерінен  «Әйел азаматшалардың діни білім алуына қаншалықты жағдай жасалған?» деген сұрақ төңірегінде сауалнама жүргізген болатын. Жауап төмендегідей болды.

Ақбөпе Қанатқызы,  ҚМДБ «Әйелдер-қыздар» секторының меңгерушісі,

исламтанушы:

Мен көптеген жылдар бойы осы діни оқу ағарту саласында жүрген соң Қазақстанда әйелдердің діни білім алуына толықтай жағдай жасалған деп айта аламын.

Негізі әйелдердің діни білім алуы өте өзекті мәселе. Қазіргі уақыттағы орын алып жатқан қан келеңсіз жәйттар, атап айтсақ, қыздарымызбен, келіншектердің, тіпті егде әйелдердің өзі деструктивті діни ағымдардың жетегінде кетуінің негізгі себебі білімсіздіктен, діни сауатсыздықтан.

Қазақтанда 1998 жылдан бастап Шымкент қаласында Халықаралық Қазақ-Араб университеті білікті де білімді исламтанушыларды даярлады.

Осымен қатар Түркістан қаласындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті, 2004 жылдан бастап «Әл-Фараби» атындағы Қазақ ұлттық университеті және Қазақстан мен Мысыр елінің ұйытқы болуымен ашылған Алматыдағы «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті исламтанушы және дінтанушыларды даярлап келеді.

Айта кету керек, 2007 жылдан бастап ҚМДБ-ға қарасты «Шымкент» медресесінде, 2013 жылдан бері «Сарыағаш» медресесінде және Алматы облысынадғы «Үш қоңыр» медресесінде исламтанушы қыздар білім алып, бүгінгі күнде еліміздің дін саласында: мешіт-медреселерде ұстаз болып қызмет етуде. Бала босанып, үйде отырғынының өзі бала-шағасын дәстүрлі дінімізбен тәрбиелеуде.

Осы күнге дейін Қазақстанда қанша қыз  бала исламтанушы мамандығын иеленді дегенге келсек нақты бір мәлімет жоқ. Біз оны қазір анықтау үстіндеміз. Қазіргі таңда ҚМДБ-сы мешіттер мен медреселерде ұстаздық етіп жүрген әйелдердің орталық базасын жасауда.

Жоғарыдағы «Нұр-Мүбарак» университетінде бакалаврмен қоса магистратура, докторантаруда ашылған.

Іргелі оқу орны «Л.Н.Гумелев» атындағы Еуразия ұлттық университетінде де дінтану бойынша бакалавр мен магистратура бар.

Әрине, мұнымен бірге еліміздің барлық мешіттерінің жанынан әйелдерге арналған діни сауат ашу курстары ақысыз жұмыс істейді. Бір ғана «Әзірет Сұлтан» мешітінде жылына 300-дей әйел діни сауатын ашуда. 

Тағы бір айта кетерлігі ҚМДБ-ға қарасты барлық медреселерде оқып-білім алу, үш мезгіл тамақ, оқу базасы, кітапхана және спорт комплексін пайдалану ақысыз. Діни білім алу үшін бұдан артық не керек?! Осындай мүмкіншілікті пайдалана біліуіміз керек. Сол үшін қазіргі таңда шетелден діни білім іздеудің еш қажеті жоқ. Дегенменде ҚМДБ еліміздегі осы оқу орындарын үздік бітірген түлектерді келесім-шарт арқылы Мысырдың атақты «Әл-Әзһар» университеті мен Түркияның «Хасеки» ислам академиясында білім алуын қамтамасыз етуде. Бұл еліміздің жастарға жасап отырған үлкен қамқорлығы деп білуіміз керек.

Жақында ғана ҚМДБ жанынан ашылған «Әйелдер-қыздар» секторы да Қазақстандағы әйелдердің дәстүрлі діни білім алуын, діни білімді жетілдіруді, дін мен дәстүрді жаңғыртуды, деструктивті діни ағымдардың алдын алуды, діни тұрақтылық пен дінаралық татулықты жаңғыртуды қолға алуда. Қазақстанның барлық облыстарында сектордың өкілдері сайланды. Сол өкілдер арқылы жоғарыдағы мәселелерді оңтайлы шешуді мақсат етіп отырмыз.

Динара Нұрғалиева, «Нұр-Астана» мешітінің ұстазы, филолог:

Бүгінгі күні барлық азаматтың діни сауатты болуы – заман талабы болып отыр. Соның ішінде ұрпақ тәрбиесінде жетекші орынға ие әйел азаматшалардың білімін діни тұрғыда жетілдіруі керек-ақ. Себебі ашық қоғам тудырған кей мәселелер адамзатқа осындай үлкен мүмкіндіктер жүктейді. Әйел адам өзі діни сауатты болса, ұрпағына өзінде барын сіңіреді. Ол ұрпақ рухани ілімді сырттан іздемейтін болады. Осы тұста әрине, «әйелдерге діни білім алу үшін Қазақстанда қандай жағдай жасалған?» деген сұрақтың туындауы заңды. Бала тәрбиесіндегі, қарапайым азаматшаларға білімді қай уақытта, қай қала, қай аймақтан алам десе де мүмкіндіктер бар. Қазақстанның түкпір түкпірінде, барлық жерлерінде мешіт, медресе, сауат ашу курстары ашылған. Елордамыз Астанада ҚМДБ-ның жанынан  әйел-қыздар секторы ашылып, жан-жақтағы өңірлердегі мешіттермен тығыз байланыста жоспарлы жұмыстар жасалуда. Мешіттердегі дәрістер дін мен дәстүрді сабақтастығы ескеріле отырып жүргізіледі. Соның ішінде құран кәрім, тәжуид, араб тілі, фиқһ, ақида және ғибадат сабақтарынан толыққанды дәріс алуға мүмкіндік бар.  Ал арнайы медресе, ЖОО оқып, ілімін кеңейтемін деушілер үшін де толық жағдай жасалғандығын Қазақстанның барша азаматтары біледі деп ойлаймын.

Тағы бір айта кетерлігі, кей азаматтарымыз шетелге барып, білім алуды жөн көреді. Бөтен елдің мәдениет, салт-дәстүрін ислам деп түсініп жүргендер бар. Сондай-ақ, олардың ресми орындардан ілім алып жатқанына кім кепіл? Араб қаріптерін үйреніп, Құранды оқу – ислами толық сауаттылықты қамтамасыз ете  алмайды. Құранның мағынасына жеткісі келетін жастар да бар, талпыныстары дұрыс. Бірақ Құран тәпсірлерінің өзі қаншама? Оның дұрыс-бұрысы қанша? Осындай діннің нәзік тұстарын толық айыра алмай тұрып, шетелге өз еркімен барып оқу – қателік. Халықаралық деңгейде білім аламын десе, мемлекетте де жағдай бар. Мемлекет меморандуммен бекіткен келісім-шарт негізінде шетелдік университеттерге өзі жіберуде. Олай болса, өз еркіңмен шетелден білім іздеуге себеп те жоқ. Жақында өз еркімен шетелден діни білім алған жандардың дипломы Қазақстан аумағында жарамайтыны туралы шешімдер қабылданғаны белгілі. Осының бәрі бекер емес. «Неліктен?» деген сұраққа жауап іздеген азаматтарымыз осынау шешімдердің артында үлкен мәселелердің жатқанын түсінер еді.

Қарлығаш Қажымәлік, Павлодар қаласындағы "Мәшһүр-Жүсіп" мешітінің ұстазы:

Елімізде, жерімізде әйел адамдарға діни білім алуға жағдайлар жасалған. ҚМДБ бұйрығымен, осы мекеме бекіткен бағдарламалармен оқыту жүйелері жолға қойылған. Мешіттердегі сауат ашу курстарынан бастап, ЖОО-на дейін әйелдер толыққанды білім ала алады. Мешіт жанындағы курстардан кез-келген жастағы азаматтар білім ала алады. Тіпті бүлдіршін қыздарымыздың өзіне арналған жазғы сауат ашу курстары бар. Діни сауат ашу курстары тоғыз айға негізделген. Сол мерзімнің ішінде азаматша өзіне қажетті барлық ақпаратпен және біліммен тегін қамтамасыз етіледі.

Ал енді «бұл тоғыз айлық біліммен шектелмеймін, діни білімімді тереңдете түсемін» деген қыздар болса, мемлекеттік лицензиясы бар Алматы облысына қарасты  Үштөбедегі, ОҚО-дағы Сарығаштағы медреселерге тоғызыншы, не он бірінші сыныптарын бітіргеннен кейін барып оқуларына мүмкіндік бар. Әріптестерім еліміздегі жоғары оқу орындары туралы мағлұматты бере кеткен болар. Халықаралық деңгейде білім беретін университеттер бар елімізде. Әсіресе қыз балаларға шетелге сабылып діни білім іздеуге еш негіз жоқ.

Гүлжайнар Керейева, 27 жаста, «Нұр-Астана» мешітінің шәкірті:

Ата дініміз – исламды меңгеріп, араб тілін үйренуге елімізде бар жағдай жасалған. Өзім де Астанадағы орталық мешіттердің бірінен білім алып жүрмін. Құранды толық меңгеруді мақсат етіп келдім. Хафиза болу – басты арманым. Өз өмірімде болған бір жайтты айта кетуім керек. Мен мешітке келгенге дейін ілімді интернеттен іздедім, рухани сауатымды белгісіз көздерден, кейбір жасырын жамағаттардан аштым. Бірақ сол кездерде менің көкейімде жүздеген сауал сайрап тұратын. Бір сұрақтың жауабы, бір сұраққа алып келіп, шиеленіскен ойларды шеше алмай шаршайтынмын. Мұндайда адам адасуға көп бейім болады екен. Ал мешіт табалдырығын аттаған бес-алты айдың ішінде көп күдікті сұрақтарымның шешімін тауып, рухани білім алу дегеннің не екенін ұққандай болдым. Жүйелі білім, жоспарлы білім дегендердің нәтижесі де зор болады екен. Оның үстіне өз түбіңнен тамыр алып, қазақ жеріне сіңісті болған шариғи ілім, яғни, дәстүрге негізделген исламның тереңіне бойлаған сайын өзімді тапқандай күйдемін.

Мен өз замандастарымды білемін. Олардың көбі менің бастапқы күйімде жүр. Бір қиыны сол екіұдай сезімнен өз еріктерімен арылғысы келмейді. Ондай таныстарыма өзінің рухани ләззатыңды мешіттен табасыңдар дегім келеді. Мешітте тек діни білім ғана емес, қоғамдық жұмыстарға, қайырымдылық шараларына араласамыз, діни мерекелерде бас қосамыз. Бір сөзбен айтқанда рухани ортамызды осы жерден қалыптастырдық. Діни білімнің алғашқы сатысында жүрген мен үшін, бұл қадамым құтты болды деп айта аламын. Қазақстанда мұсылман әйелдердің кемел білім алуына жағдайлар молынан жасалған. Менімен бірге сабақ алып жүрген әйелдердің барлығы да бала тәрбиесінде, кейбірінің жұмысы бар, осыған қарамай, өзіне ыңғайлы уақытта ұстаздардан сабақ ала алуы, тек діни білім емес, ғасырлармен екшелген озық дәстүрлерді жандандыруға өте құмбыл болуы мені қуантады. Дүниелік мәселелер мен ақыреттік мәселелерді қатар алып жүруді біз осы ұстаздардан үйреніп жүрміз.

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 1591 рет
JoomShaper
Top