Айтылмай жүрген әңгіме

Дүйсенбі, 14.03.2016
Айтылмай жүрген әңгіме

...Бала кезімнен «Балапан қаз» әнін ерекше ұнатушы едім. Біздің оңтүстікте бұл ән сирек айтылатын. Мен оны халық әні деп ойлайтынмын. Сөйтсем, ол аға буын замандасымыз, торғайлық сазгер Арғынбай Жұмажанұлының әні екен. Әннің мәтінінен де, авторынан да бертінде хабардар болдық. Ал, сол әнде «Алдымнан келін кесіп өтпеген жер» деген жолдар барын мен енді ғана білдім...

Сол бір ауыз сөз осыдан жиырма жыл бұрын болған, ешқашан жадымнан өшпеген, ойлы жасқа үлгі етіп, айта-айта жүрген бір үзік оқиғаны есіме салды.

Алматыда оқып жүрген кездері бір айға жуық төрт атадан қосылатын ағайындарымыздың үйінде тұрақтауға тура келді. Шаңырақ иелері жиырма сегіз-жиырма тоғыздар шамасындағы жастар еді. Ағамыз − салмақты, жеңгеміз жайсаң жан болатын. Бірде таңертең жеңгем − жұмысқа, мен оқуға бір мезгілде шықтық. Екеуміз екі жаққа айырылысар тұсқа келгенде жеңгеміз жол өзінікі болса да, бір қадам кейін шегініп: − Қызсың ғой, жолыңды кеспейін, сен өте бер, − деді.

Сол таң, сол сәт, жеңгемнің сол кездегі нұрлы жүзі қаз-қалпы жадымда жатталып қалды. Мен сирек көрген мейірімнің бір үзік көрінісі еді бұл. Қазақтың қызға деген алғаусыз ақ пейілі мен қалтқысыз құрметінің көнеден жеткен көркем көрінісі еді. Жолы жіңішке қыз баланың бақ жолына бір мысқал да кедергі келмесін, көңіліне қылаудай да қаяу түспесін деп үкілі үмітпен үлбірете өсірген қамкөңіл қазақ жұртының айкүміс арманының жан сүйсінтер жарқылы еді...

Солардың соңғысын көрген біздің буынның да аз-кем бағы бар екен. Аз құрметті көзбен көріп, көп қасиетті қағаздан оқып білдік.

«Жаралған көкте жасын ек,

Жоқтауға жырым толар ма?

Қағазда қалып қасиет

Қалпыңнан көшер болар ма?!» деп жырлап та жылап жүрген шағымыз сол кезең еді.

Содан бері де жиырма жыл өтті. Бір буын алмасты.

Ендігі қазақ қызына қатысты сөз басқа. Себебі, оған деген қатынас басқа...

Күні кеше теледидардан өз баласын қоқысқа лақтырған жандар жайлы жерден жеті қоян тапқандай жарнамалап, апта бойы, ай бойы көрсеттік. Оларды жерден алып, жерге салып, айтпаған сөзіміз қалмады.

Бірақ ең басты назар аударылуы тиіс мәселені тағы ұмытқан сияқтымыз. Сол безбүйректер қайдан шықты? Аспаннан түсті ме? Ал арамыздан шыққаны анық болса, оларды кім тәрбиеледі?

Оларды тәрбиелеген – сіз бен біз, біз қалыптастырған, біз жасаған қоғамның отбасысы!

Сол қыздардың аяғы ауыр кезеңіне кемінде жүз адам куә болған шығар. Солардың кемінде оны – жақындары мен жанашырлары болды. Солар қайда қарады? Барар жер, басар тауы жоқ, ата-аналық сезімі де қалыптаспаған күйі бастан былғанып үлгерген балаң жастардың осындай қатыгездікке баратынын болжап білу қиын ба еді?

«Алып анадан туады» деп дәріптейтін «жатыры асыл» аналарымыз өз ұрпағын өлімге қиятын жағдайға жетті. Сонда ертең мынау елді кім билейді? Кімнен туғандар билейді?

Кешегі абзал ана, кешегі тіршіліктің анасы бүгінде ажал себуші анаға айналды.

Ал сіздер ше?!

Аналар тажалға айналғанға дейін қайда қарадыңыздар, ақылман ағайын?!

Ананы тажалға айналдырмас үшін не істедіңіз, қандай тәрбие бердіңіз,  қандай қамқорлық жасадыңыз, қай азабын бөлістіңіз, қай қиындығын жеңілдеттіңіз? Әйел-анаға жасалған қай қиянатқа тосқауыл болдыңыз?

Баласын қоқысқа лақтырған анамен бірге сіздің де қолыңыз қан емес пе?!

Қиянат біткен аспаннан түскендей біз неге өп-өтірік аң-таң бола қаламыз?

Кеңестік кезеңдегі жетпіс жылдың жырын айтпай-ақ қояйын, егемен ел болған ширек ғасыр бойы шашын кесіп, кіндігін ашып, санын жарқыратқан қай қызымызға «тәйт» дедік?!

Телеарнаны азғындықтың, арсыздықтың, бетпақтықтың жанды жарнамасына айналдырдық.

Қыздарымыз жеңіл жүрістілігін мақтан етіп, өзін-өзі жарнамалап, газеттерге хабарландыру беріп, «түнгі көбелектер» көшесінде көлбеңдеп жүргенде біреуін жағынан тартып жіберген қазақтың бір жігіті бар ма екен?

Оның орнына өз қорасына шапқан қасқырдай тарпа бас салуға, хан талапайға салып, жармасып, жұлқылап қалуға, елден артылғанын шетелге саудалап жіберуге жан салдық.

Иман іздеп, дін қармаған қаракөздерімізді алдап-арбап, құрығына түсірген анталаған адасқан ағым өкілдері берісі өз арасында, арысы шетелдегі содырлар ортасында көңіл көтеру құралы мен тегін тауарға айналдырды.

Олардан аман қалғаны қамқорсынған жаттың жетегінде кетіп, Кришнаның дұғасын жаттап, Йегованың кітаптарын таратып, ұлт пен рухты ұмытып, қала берді көрінгенге көңілдес болып жүр.

Солардың қайсысын қазақтың бір намысты ері арашалап алып, ел қатарына қосыпты?

Өзіңнен таппағанды өзгеден іздемеске амалы қанша жолы жіңішке қыз баланың?

Қыздың бәрі атына сай ақылды, арлы, абыройлы бола бермейді. Оны сондай ететін тәрбиеші – қоғам. «Әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа осындайда керек. Қызға қырық үйден тыйым салған қазақы қоғамның қатал да әділ тәлімін аңсамасқа амалымыз жоқ...

«Бақпаса бала кетеді, қарамаса әйел кетеді» (сыпайылап айтқанымыз) дейді қазақ. «Баланы жастан, әйелді бастан» деген де сол қазақ. Осының бәрі тәрбиенің төңірегіндегі әңгіме. Бірақ бұл отбасындағы тәрбиеге ғана қатысты сөз емес.

Дәстүрлі қазақ  қоғамы қалай қалыптасты? Бүкіл ел болып ортақ құндылықтарды, әдет пен әдеп заңдарын ұстанғаны, қастерлегені, қадағалағаны, сақтағанының арқасында ғана ел болды. Жалпы елдіктің өлшемі – ортақ құндылықтар мен дәстүрлерге адалдық десек, артық айтқанымыз емес. Бүгінгі қазақ қоғамы да осы қағидатқа бойұсынбаса, ел болудан қалмақ.

«Біреу жаман болса, оған замандастарының бәрі кінәлі» дегенді Абай тегін айтқан жоқ. Отбасы қанша берік болғанымен, жалпы қоғамда тұтастық болмаса, әлеуметтік дерттер жойылмайды. Әлеуметтік дерттердің бар болуы соларға жағдай туғызып отырған қоғамның бар екенін көрсетеді.

Мысалы, бір ғана аты жаман жезөкшелікті алайық. Жарайды, моральдық тұрғыдан азғындаған біреулер адам тәнін саудаға салу арқылы пайда табуға құнықты делік. Ал соны тұтынып отырған кімдер? Олар – қатардағы қоғам мүшелері, сіздер мен біздердің әріптестеріміз, достарымыз, көршілеріміз, керек десеңіз, әкелеріміз бен ағаларымыз! Қоғамда дәл осы дерттің асқынуына қолайлы жағдай жасап отырған солар!

Ал осыдан кейін ішкі бірлік туралы не айтуға болады? Жезөкшелермен ұялмай ойнап-күлген ер адамдар өз аналарын, апаларын, қарындастарын, қыздарын біреулердің дәл өзі сияқты қолжаулық қылғанын қалар ма еді? Міне, ар-ожданының алдында тартынбаған адамнан – көкірегіндегі Құдайын жоғалтқан пендеден – қан тамырынан жақын Алланы ұмытқан жандардан барлық нәрсені күтуге болады. «Ұялмасаң, қалағаныңды істе» дегенді пайғамбарымыз осындай кеселділерден түңілгеннен айтқан болар.

Жақында ғана дін қызметіндегі бір бауырымыз «Зинаның жазасын бұл дүниеде тартса» деген мазмұндағы шетелдік бейнематериалды Ютубқа салыпты. Көрген адамның жаны түршігеді. «Зина жасады» деп айыпталған қыз баланы бүкіл ел болып, тас лақтырып өлтіреді. Өліп жатқан қыздың жүзіне қарауға жан шыдамайды... Ал сол қызды зинаға итермелеген еркек қайда? Ол неге тасборанмен өлтірілмеді? Ол неге үріп ішіп, шайқап төгіп, тағы біреулермен зина жасап, жер басып жүр? Оны ойлаған жан бар ма?

«Біреудің қаңсығы біреуге таңсық» деген осы. Әлдекімдердің құнсыз құндылығын қазаққа таңбақ болғандар «Жеті Жарғыға» бір көз салса етті!

«Жеті Жарғының» 12-бабы бойынша «Әйел зорлау кісі өлтірумен бірдей қылмыс болып есептеледі». Ал кісі өлтірушінің жазасы – өлім! Қыздың абыройына дақ түсірген еркекті қазақ өлімге бұйырған! Сол бап бойынша егер ер адам өзі зорлаған қызға қалың мал төлеп үйленсе ғана жазадан босатылады. Абыройдан айырылған қызды да қазақ жазасыз қалдырмаған. Ата-анасының, бір рулы елдің бетіне шіркеу етпей, елден аластаған, онда да жалғыз қаңғытпай, төрінен көрі жуық мәужіреген шалға қосып, қалған өмірін қызметпен әрі қорлықпен өткізу жазасына бұйырған.. Міне, осылай қазақ аты жаман әдеттің ел арасына таралмауы үшін зинаға кінәлі еркек пен әйелді бірдей жазалаған. Қимасын құрбан ете жүріп, құндылықтарды қорғаған...

Қасиетті Құран Кәрімнің ұлағатына назар салсаңыз да, зина жасаған әйел жазаланып, еркек бетімен жіберілсін демеген. «Зина жасаған әйел мен ердің әрбіріне жүз дүре соғыңдар. Егер Аллаға, ақырет күніне сенсеңдер, екеуіне жұмсақтықтарың ұстамасын. Әрі екеуінің жазасын мүминдерден бір тобы көріп тұрсын. Зина жасаған еркек зина жасаған немесе мүшрік әйелмен үйленуге лайық. Зина жасаған әйел де зина жасаған немесе мүшрік ермен ғана үйленеді. Бұлар мұсылмандарға харам қылынды» («Нұр» сүресі, 2-3 аяттар) деп әмір етіледі Құранда. Құран аяттары мен Мұхаммед пайғамбар хадистерін негізге ала отырып, ұлттық дәстүрлерін де елеп-ескеріп, мұсылман үмбеті санатына енген әрбір ұлт азғындыққа айыпты жандарды жазасыз қалдырмады.

Ойлап қарасаңыз, әйел құқықтарын қорғаудың, әйел-ананы қасиеттеудің төресі Құранда еді. Ол сіз бен біздің бүгінгі әсіре ұраншыл, тілде бар да, ділде жоқ «құрметіміз» бен кешегі кеңестік жалған «теңдіктен» мүлде басқа, шынайы әрі терең еді...

...Күні кеше маған ұлын ұяға, қызын қияға қондырған абзал аналарымыздың бірі жыларман боп отырып, жан сырын айтты: «Қыз баққаннан қысырақ баққан оңай» деген рас екен. Кішкентайынан ар-абыройын сақтауды, әзәзіл еркектердің арбауына түспеуді қызымның құлағына құйып бақтым. Обалы не керек, құйма құлақ қызым айтқанымды екі еткен жоқ, артық қылық көрсетпеді. Сонда да сол қызымды қашан құтты орнына абыройымен қондырып болғанша жаным жай таппады. Бірінші курсты бітірісімен өзім асықтырып, сөзі жарасып жүрген жігітіне кешіктірмей ұзаттым. Өз қатарымыздағы еңгезердей еркектердің өрімдей жас қыздарды көлігіне салып алып, еш қымсынбай ермек етіп жүргенін көргенде, өз қызымды елестетіп, жаным шүберекке түйілетін. Жоғары оқу орындарында сабақ беріп жүрген үйлі-баранды талай еркектің студент қыздармен ойнап-күлгенін көзім көрді. Талай қыздар ар-ұятты жиып қойып, әр оқытушының «көңілін тауып», біліммен емес, бүлінумен диплом алып жүр. Қала берді талайы «қыздармен тұрып жатырмын» деп, алыстағы әке-шешесін алдап, пәтерақысын төлеп, тамағын әпергеніне мәз болып, ертең қызығын көріп, жайына кететін әлдекімдерге тәнін сатып жүр. Сол қыздар да ертең түк болмағандай біреулерге тұрмысқа шығады. Әбден ластанып біткен жатырдан қандай ұрпақ дүниеге келмек?».

Күні кеше жетпіс бес жылдығын дүйім халық атап өткен, «ұлт жанашыры» атанып, қайраткерлігімен елді аузына қаратқан  марқасқамызға өзі тілеген соң «бір түнемеге» жиырма бес жастағы қызды алып барса, «бұдан кәрірегін таппадыңдар ма?» деп мысқылдапты «абыз» атамыз...

Өткен айда оңтүстіктегі бір қаланың білім саласын басқарып отырған құрдасым шағын ғана қалада мектеп жасындағы 70 қыздың аяғы ауыр болып шыққанын ашына жеткізді. Одан да сорақысы − сол өңірдегі шекаралас аймақтағы бір ғана ауданда мектепте оқитын 300 қыздың аяғы ауыр екен. Бұл кездейсоқ тексеріс барысында белгілі болып қалған жайт. Ал белгісізі қаншама! Кешегі түмен бап – он мың әулие өткен имандылықтың ордасы болған құт-мекеннің бүгінгі бейнесі бұл...

Ал үлкен қалалардың ахуалы нешік? «Қызың өссе, қызы үлгілімен ауылдас бол, Ұлың өссе, ұлы үлгілімен ауылдас бол» дейді қазақ. Біз кіммен ауылдас боламыз? Біздің балаларымыз кімдермен оқып жатыр?! Олардың сыныбында да талай болмай жатып бүлінген қыздар мен бүлдірген ұлдар жүр ғой?! Біз балаларымызды қалай тәрбиелемекпіз?! Дұрысы, біз білмейтін ортасы оларды қалай тәрбиелеп жатыр?

Әлеуметтік азғындықты асқындыра түскен демалыс орындары да бүгінде ойнастықтың ордасына айналды. Балаларыңды алып бара қалсаң, қасыңдағылардың қылығынан бетіңді басасың. Емделу үшін емес, көрінгенмен көңіл көтеріп, күнәға белшеден бату үшін ғана келетіндей көпшілігі.

Осыдан бірнеше жыл бұрын белгілі бір жазушы ағамыздың курорттағы хикаялар жайлы жазылған әңгімесін оқып, бойымнан түңіліп едім. Жазушы демалыс орындарындағы кемді күнгі көңілдестік сауық-сайрандары туралы шабыттана жазыпты. Шабыттанғаны сондай, мұның ар-ожданға, адамгершілік пен имандылыққа жат іс екенін, нақтырақ айтқанда жеңіл жүріс болып табылатынын, біреудің тағдырын, жан дүниесін тәлкек етіп, тастап кету екенін мүлде естен шығарып, қаны бұзық кейіпкерлерінің біраз күн қыдырып, жүріп-тұрған көңілдес келіншектерін тастап, жаңадан келген басқа қыздармен ойнап-күліп кеткенін бүге-шігесіне дейін айызы қана баяндапты. Ол аз дегендей кейіпкер жігіттердің біріне ғашық болып қалып, жылап-еңіреп соңынан жүгірген алдыңғы келіншектердің бірін «курорттағы аз күн көңіл көтеруді шынайы өмірмен шатастырып алған бейбақ» деп әбден кінәлапты. Шығарманың өн бойында кейіпкерлердің жеңіл жүрістеріне қымсыну, айыптау атымен жоқ, қайта автор жан-тәнімен соларға жанкүйер болып алған, солармен бірге рахаттанып, бірге сайран салған. Осыны жазған ағамыз азамат болған ұлынан, үйіндегі жарынан, қаламын баққан халқынан қалай ұялмайды екен деп қайран қаласың.

«Қайран біздің шешелер арды ойлаған» деуші еді ғой Мұқағали. Ал мен ардың күзетшісі, ақиқаттың алдаспаны болған қайран біздің бабаларды көп ойлаймын. Кешегі азамат ерлердің тектілік тұнған тәлімі бүгінгі зиялылардың бойында болса, соларға қарап еріксіз айылын жимас па еді былайғы жұрт...

«Осы біздің халықты қарғыс атқан жоқ па деп қорқамын» дейді тағы бір апайымыз рухани жұтаңдыққа налып отырып. Осы сөзді естігенде көп жыл бұрын жазылған өз өлеңім еске түсе кетті:

«Ел қазақта ер қалғандай пайымды,

Келеңсізден күтіп келдің қай үлгі?!

Жұлып алып жерлемеп пе ед жебір қол

Маңдайыңнан туып тұрған айыңды?!

 

Тозған жұртпен торықсаң да тобаң бір,

Жұқпасын деп жанығасың соған кір.

Атар таңын армен бірге жоғалтып,

Құдіреттен қарғыс тиген қоғам бұл...»

«Байдың түбі аштан өледі» дейді халқымыз. Кешегі руханият тарихын жасаған, рух деңгейінде өмір сүрген, рухани мұраның баға жетпес інжу-маржандарынан сарқылмас қазына жиған халқымыз бүгінде рухы азған, тозған, азғындаған халыққа айналды. Несіне жасырамыз − тап солаймыз. «Ауруын жасырған өледі» деген, біз де жасыра-жасыра өлуге айналдық.

Қатты айтсам, кешірерсіздер ағайын, меніңше қазақ қыздың қарғысына ұшырады. Қазақты қыздың киесі ұрды. Қазақты қыздың көз жасы атты...

Қырық үйден тыйым салып, қақпайлап, қадағалап, қарауылдап жүріп, үкілеп ұзатып, аманатын ақ адал күйінде азаматына тапсырып, «ұлтыңды тәрбиелеймін десең, қызыңды тәрбиеле» деп қыздың ары арқылы ұлттың қанын сақтаған қазақ бүгінде ғасырлар бойы кір жуытпай сақтаған киелі-қасиеттісін аяусыз оңды-солды таптауда.

Қазақ ұлы!

Қызды да құдай жаратқан, қыздың да иесі бар! Ал иесі бардың қашанда киесі бар...

Киеліні қорлаған ешбір халық санатты ел болып қала алған жоқ. Оның көл-көсір мысалын айналаңыздағы алыс-жақын шетелдерден табасыз. Сол нәубет бізге де келді.

Ойлан, қазақ!

Мынау − сенің кешегі үкілі, бүгінгі бейбақ қызыңның бір үзік сыры:

 

Құлдырап кері күн-ағын,

Үзіліп үміт-тұмарым,

Қалқа боп өткен ерлердің

Қалқанын құшып жыладым...

 

Заманнан зауал жасқанған

Ғасырдан ғасыр асты арман.

Жас тамған шақта жанардан,

Қан тамған сынды тастардан...

 

...Ырымы қалды ұлыңның,

Жұғыны қалды жырымның.

Қалқалар жылап жүргенде,

Қалқаны қайда бүгіннің?!

Айнұр Әбдірәсілқызы

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 1722 рет
JoomShaper
Top