Өмір қымбат па, сақал қымбат па?

Сейсенбі, 09.01.2018

 

Ғұмырымда элиталық пен гуманитарлық орта, һəм əсем ғимараттағы офисте жұмыс істеп көрмеген сондай бір жанмын. Студент болып, бітіріп, қолға диплом алғалы бері өз мамандығыммен жұмыс жасамай, тіптен қарама қарсы бағытта өмір арнасын бастап кетіп, сол көз ашқалы өндіріс өңірінен тізгінімді үзген емеспін.

Біресе қара жерде, біресе су бетінде алма-кезек уақыт пен жылдар жұмсаппын. Түрлі фирма мен түрлі орта, түрлі кісілерді көрдік. Соның ішінде намазхан əсіресе қаба сақалды ерлерге тоқталғым келеді.Өндірістік орында ең басты құнды фактор - ол жұмыстан гөрі адамның өмірі. Жұмыс уақтында өліп қалмай, сынып қалмай, қирап қалмай, үйіңе аман-есен жету компания басшылардың басты арманы. Сол арманды басты мақсатқа айналып, улы, газды нысанада жұмыс жасаған кезде алдын ала қорғану үшін техникалық қауіпсіздік ережесімен таныстырып оқытады. Емтиханды тапсырып, тесттен өткен соң қолыңа сертификат береді. Сертификаты жоқ қызметкерлер сол аймаққа кіру үшін долларлап пұл ұсынса да саған "жоқ" деп қатаң ескертіп, қуып жібере алады. Өйткені ондай жерде сананы ақша билей алмайды.

Уот сол кезде жұмыста сақалдылар қаптап жүргенде кейбірінің желкесіне қармақ салып, "мəə газды аймаққа барасың, оқисың, сақалды қырасың, масканы кию үшін гигиена сақтау керек" деп талапты түсіндіріп жатсаң қаба сақалдылар "əстағфирулласын" айтып, елден ерекше шошынып, ышқынып кетеді. "Жоқ оқымаймын, бармаймын" деп безек қағады.

- Əу, қарағым, бұнда ешкім ерігіп жүрген жоқ. Бəріміз де отбасыны асырауға келген, оқыған-тоқыған азаматтармыз. Мойында жауапкершілік. Елде күтіп отырған қатын бала-шаға бар. Сақал қымбат па, өмір қымбат па? - деп түсіну үшін төтесінен сұрақ қояды.

Сол кезде қаба сақалдылардың надандық басқанын, ненің құнды, ненің құнсыз, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін айыра алмайтынын, өмірдің бəрін тек діндік өлшем бірлікпен мерлеп пішкен санада қалып қойғанын, осындай тобырлар қаптап келе жатқанын түсіндім.

Газды аймаққа маскасыз жүру - ол өз өміріңді өз қолыңмен кескен суицидпен тең. Ал діндегі ең ауыр күнə - ол өзін-өзі өлтіру. Ендеше күнə таразысына салсақ, əрине сақалды қырудан гөрі газды, улы нысанада ВДА-сыз жұмыс жасау ең ауыр күнə екенін айыра алмайтын санаға қалай жетті, уа имамдар, теологтар, діндарлар, сопылар, құраниттер, нұршылар, Бекболат Тілеуханшылар, Смановтар тұқымын сүюшілер, жамағатшылар, депутаттар, Асыл-Арнашылар жəне т.б?

Дəл осындай санадағы адам біздің елде көбейсе, көп болса, қалайша бұлар мемлекетті ұстай алады? Қалайша бұларға қыздарымыздың ғұмырын қиып, өмірлік жолдас қып бере аламыз? Өмірдің мəні - қаба сақал ма?

 

Анар Сатай

Facebook-тегі парақшасынан

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 493 рет
JoomShaper
Top