Қазақ халқының Мұхаммед пайғамбар туралы жыр жолдары

Бейсенбі, 23.11.2017
Қазақ халқының Мұхаммед пайғамбар туралы жыр жолдары

Қазақ халқының Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) туралы жыр жолдары

Рахымды ием, пайғамбарын жіберді

Кісі ізгісі, ел сарасы жігерлі.

Түнек түнде шамы болды халықтың,

Саған, жұртқа нұрын шашты ол жарықтың!

Ол құдайдың елшісі, ерім, білгейсің,

Сен, содан соң, тура жолға кіргенсің!..

Елге деген рахымы ол құдайдың,

Қылығы хош, құлқы түзу, шырайлы.

Жібек мінез, ақылды, әппақ пейілді,

Жаны жомарт, қолы ашық, мейірлі.

Қара жерде, жасыл көкте әзіз-ді,

Оған құрмет берді тәңір жаны ізгі.

Бастаулардың басы еді, оңдысы,

Болды, кейін, пайғамбардың соңғысы!

(Жүсіп Баласағұн, «Құтты біліктен» үзінді)

 

Әуелі Пайғамбардың нұрын етті,

Он сегіз мың ғаламнан бұрын етті.

Алла тағала өзіне досты қылып,

Онан соң оған берді көп үмбетті.

Баршадан артық қылып достым деген,

Дос болған соң Құдайға, көп үмбеттің

                                          қамын жеген.

Сипаты Рахмату лилғаламин-дүр,

Ләулік ләмма халақатил-әфлак тәжін киген.

(«Бабалар сөзі» кітабынан үзінді)

 

Пайғамбардың әуел асыл түбі – араб,

«Хабибім» деп ат қойған Тәңірім қалап,

Тасбих тартып, намазын тамам қылып,

Фатихасын оқиды қарсы қарап,

Патшалық құрды тақсыр салтанатын,

Тура жолға бастайды тамам халқын.

Дүр-жауһар аузынан сөз шығарып,

Сахабаға айтады насихатын.

(«Салсал» қиссасынан үзінді)

 

Мұхаммед үшін жаратты

Он сегіз мың ғаламды,

Әр ісінен көрсін деп,

Лаух менен Қаламды.

Адам ата, Хауа ана,

Досты үшін бұл һәм жаралды.

(«Мұхаммед пайғамбар» қиссасынан үзінді)

 

Жаһанда Мұстафаның артық сәні,

Екі дүние шырағы, ол сұлтаны.

Бейіште Пырақ ғашық Мұхаммедке

Қалайша шыдар бұған үмбет жаны.

(«Хазірет Пайғамбардың миғражға қонақ болғаны» қиссасынан үзінді)

 

Ісімен ағлам деп Ислам дінін,

Танытты Расул өзі білгірлігін.

Жар салды дүниеге әуелден-ақ,

Баршаның қозғағанда көңіл нұрын.

Білген соң шариғаттың шарапатын,

Түсті жол ақ жолына кетпей қырын,

Күншілдің діні елден аластанды,

Тапты жұрт мұсылмандық адал жолын.

(Қаңлы Жүсіптің жырынан үзінді)

Алау ӘДІЛБАЕВ

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 332 рет
JoomShaper
Top