Қазақ халқының Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген сүйіспеншілігі

Сәрсенбі, 22.11.2017
Қазақ халқының Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген сүйіспеншілігі

Алла тағала Құранның бірнеше аятында Мұхаммед (саллалаһу әлейһи уә сәлләм) пайғамбарды мұсылмандарға үлгі етіп, оны мадақтаған. Мұсылмандық өмірінде Құран кәріммен сусындаған ақын бабаларымыз рақым Пайғамбарға (с.а.с.) деген сүйіспеншіліктерінен туындаған жыр жолдарына осы аяттарды да негіз еткен.

Мысалы:

Жаратты Хабибісін Егем Рахман,

Екі ғалам үстіне Сәруар қылған.

«Уа ма арсәлнака илла рахматән лилғаламин»[1] – деп,

Рахметін өзіменен бірдей қылған[2], – деген жыр жолында шайыр Әнбия сүресіндегі: «Біз сені ғаламға рақым етіп қана жібердік» аятты қолданған. Қазақ ақын-жыраулардың Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) арнаған өлең жолдарында Құран аяттарын немесе хадистердегі мәліметтерді қолдану көптеп кездеседі. Мұның өзі бізге ата-бабаларымыздың Алла елшісі жайлы Құраннан және хадистерден оқып үйренгендігін көрсетеді.

Сондай-ақ, ақындарымыз тек қана Пайғамбарымыздың өзін емес, оның іс-әрекеттері болып табылатын сүннеттерді де жырларына қосқан. Мысалы Әбубәкір Кердері :

“Хақ расул Мұхаммед

Дүниеге келген соң

Дінге халық молықты

Талайын дінге үндеді

Көрсетіп жұмақ-тамұқты.

Расулінің заманы

Ешкімнің қонбас қолына.

Шапағатын ізденіп

Кірелік сүннет жолына,”– деу арқылы “алтын ғасырдың” (Пайғамбар мен сахабалар ғасыры) қайталанбас шуақты кезең болғанын тамсана жырлап, сахабалар сияқты алтын ғасыр қаһармандары болу үшін ақ пен қараның ара жігін ашып көрсеткен сүннет жолын ұстануға шақырып, қалың жұртқа насихат етіп жырлайды. Осындай мадақтар халқымыздың Алла Елшісіне (с.ғ.с.) деген ыстық лебізінен туындағаны даусыз.

«Алла мінсіз, әуелден пайғамбар хақ, Мүмин болсаң үйреніп, сен де ұқсап бақ», – деп дарқан даланың дана ойшылы Абай атамыз айтқандай, халқымыз өмірінің әрбір сәтінде оған еліктеуге тырысқан. Тіпті, бастарына қиын-қыстау күндер туғанда әрдайым Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) өздеріне үлгі тұтып, бір-біріне басу айтқан. Мысалы, біреу қаза болғанда көңіл айтушылар:

Ойлап тұрсам жалғаннан,

Бұрынғылар не көрген!?

Мұхаммед өткен Мұстафа

Кім болмаған биқапа[3], − деп хазірет Мұхаммедті (с.ғ.с.) өлең-жырларына қосқан. Осылайша үйінде біреуі қайтыс болғандарға Алланың ең сүйікті құлының да бұл дүниені тәрк етіп, о дүниеге аттанғанын, Алланың қойған заңына мойынсұну керектігін ескертіп көңіл айтқан.

Кімдер өлмей тұрады

Бұл дүниенің жүзінде,

Мұхаммед те көніпті

Жетімдікке жасында,[4] – деп Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) әрдайым үлгі тұтқан халқымыз, біреудің ата-анасы қайтыс болғанда оның өмір жолын еске түсіріп, маңдайына жетімдік жазылғандарға басу айтып, көңілін аулаған.

Ақыретте көз салсын

Баратұғын орынға.

Білсін Алла жарлығын,

Алдында өлім барлығын,

Құдай досты Мұхаммед

Оның да алған жалғызын[5], – деп, халқымыз адамның басына келетін ең ауыр қазалардың бірі – бауыр еті баласынан айрылғанда болаттай берік болуға, Пайғамбарымызды еске алып, бір-бірін сабырлыққа шақыра білген. Тіпті басқа түскен әрбір қиыншылықтың өзіндік хикмет-сырлары барын хадистерден біліп-үйренген халқымыз былай деген:

Қайғылы пендесіне құдай жақын,

Жылатар пендесінің асыл затын.

Әркімді артық сүйсе – артық қинар,

Достының естиін деп мінәжатын[6]. Себебі, Алла елшісі (с.ғ.с.) бұл жайында:

«Қиыншылықтарға ең көп душар болатындар: пайғамбарлар, сосын одан кейінгі дәрежедегілер»[7]

«Алла тағала бір қауымды жақсы көрсе, оларды қиыншылықтарға душар етеді»[8] – деп ескерткен болатын.

Жаман әдеттерден аулақ жүру жайлы үгіт-насихаттарында да халқымыздың Пайғамбарымызды (с.а.с.) жарқын үлгі етіп алғанын көруге болады. Мысалы, өтірік, ұрлық сияқты жаман қылықтардан тыңдаушыларын жеріту мақсатымен:

Өтірік, ұрлық, зорлық, мекер, қайла,

Бұл үлгі пайғамбардан қалған емес[9], − деген.

Мал-мүлікке құнығу, сол үшін біреудің малына қол созу – бұл да мұсылманға жат қылық. Осыдан жастарымызды тыю үшін:

Бұл дүние имандыға арман емес,

Дүниенің қызығы үшін мал жимаймыз,

Мал, шіркін, ешкімге еріп барған емес.

Бұрынғы пайғамбар мен сахабалар,

Пайда ғып ешкім малын алған емес[10], – дейді халқымыз.

«Жарлы деп сөкпе,

Пайғамбарға тілің тиеді» Адам баласы мекерленіп, еш уақытта менсінбеушілікке салынып бір-бірін кемсітпеуі керек. Кедей болу – ол адамның міні емес. Тағдыр талайы. Міне, осындай ғибраты мол ескертулерінде халқымыздың Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) еске түсіріп, оны үлгі тұтуы – өмірдің әр белесінде оның жолымен жүріп, бағыт-бағдарын ұстанғандығының бір айғағы.

Кеңес одағының қылышынан қан тамып тұрған саясатына қарамастан Мұқағали ақын:

Сатпаймын, сатқан емен дінімді мен,

Өлмейтін, өшпейтұғын күнін білем.

Таппайтын күнде тыным, түнде тыным

Мұсылман Мұхаммедтің үмбетімін.

Мұхаммедтің үмбеті мұсылманмын

Пайғамбарым қолдайды қысылған күн.

Алсын тағалам ант етем, ант етемін

Алла есімін есімнен шығарған күн, – деп ардақты елшіге үмбет болғандығын мақтан тұтып, жүрек жарды лебізін тамаша түрде паш еткен-ді.

Міне осындай мадақ жырлардың бәрі бабаларымыздың Пайғамбарға деген ыстық ықыласынан туындаған.

Жалпы, қоғамдық ақыл-ойға ықпал еткен ақындар өз кезеңіндегі халықтың жүрек үніне аудармашы болған. Қазақ халқының Пайғамбарға (с.ғ.с.) сүйіспеншілігі мен құрметін халық ауыз әдебиетінен де көруге болады. Мақал-мәтелдерде хадистердің қолданылуы көптеген әдет-ғұрыптардың Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетінен туындағанының айғағы. Әз Пайғамбардың (с.ғ.с.) атының баталарда қосылып айтылуы осы сүйіспеншіліктің белгісі. Тіпті, халқымызда Мұхаммед, Ахмет, Мұстафа, Нұрмұхаммед, Махмұд, Махамбет, Мәмет, Мұқаш, Мұқағали (Мұхаммед-Әли) т.б. сияқты есімдердің көптеп кездесіп жатуы – сәбилерін адамзаттың ардақтысы, Алланың сүйікті құлы әз Мұхаммедке (саллалаһу әлейһи уә сәлләм) ұқсасын, соның жолымен жүріп, ақыретте шапағатынан үлес алсын деген арманнан туындаған жүректің пәк тілегінің айқын көрінісі екені айдан анық.

Алау ӘДІЛБАЕВ,

теология ғылымының докторы

 



[1]  Жоғарыда айтылған «Әнбия» сүресі, 107-аяттың арабша баламасы.

[2]  Бабалар сөзі, I, 63-б.

[3]  Шортанбай: Толғаулар, айтыстар, дастан, 43-б., (құр: Қ. Мәдібаева, К. Жүністегі), А., 1993.

[4]  Шортанбай, 43-б.

[5]  Шортанбай, 37-б.

[6]  Бес ғасыр жырлайды, I т., 341-б.

[7]   Тирмизи, Зухд, 57.

[8]  Тирмизи, Зухд, 57.

[9]  Бабалар сөзі – даналық көзі, 83-б.

[10] Бұл да сонда, 83-б. 

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 378 рет
JoomShaper
Top