Қазақ халқының Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген сүйіспеншілігі

Сейсенбі, 21.11.2017
Қазақ халқының Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген сүйіспеншілігі

Адамзаттың ардақтысы Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) көркем мінез-құлқы, данышпандығы мен  ақылдылығы он төрт ғасыр бойы үмбетін өзіне тәнті етіп келеді. Сәт сайын саны артқан мұсылман үмбеті оның өнегелі өмір жолын, мінез-құлқын «қасиетті сүннет» деп ұстануда. Әрбір сүннетін ұстану арқылы оған деген сүйіспеншіліктерін іс жүзінде дәлелдеуде.

Осы көштің жолында, «Хаққа құл, расулға үмбет әзелден біз», – деп мұсылман екенін мақтан ете отырып, жырға қосқан қазақ халқының да Хақ пайғамбарға деген сүйіспеншіліктері шын жүректен әрі уыздай пәк еді. Халқымыздың ғасырлар бойғы жүрек үнін паш еткен өлең-жырларына үңілсек, олардың Алла тағаланың: «(Уа, Мұхаммед, оларға айт:) «Егер Алланы жақсы көрсеңдер мені үлгі етіп, соңымнан еріңдер, сонда Алла да сендерді жақсы көріп күнәларыңды кешіреді. Алла тағала тым кешірімді әрі аса Рақымды»,[1] – деген бұйрығына бас игендігін көреміз. Демек, Алланы сүю – Пайғамбарды сүйіп, оның салған тура жолымен жүру деген сөз. Оның ізі – Алла тағаланың ризалығына алып баратын ең тура бағыт. Оның ізі – бақыттың жолы. Қазақ халқы осыны жан-тәнімен ұғынып былай деген:

–   Бақыт қайда барасың?

–   Үйінде тұрған Құраны,

Расулалла ұраны,

Тәртіпті үйге барамын.

Алла тағала Құранда Пайғамбарымызға арнап:

«Шындығында сен тұп-тура жолды, Алланың жолын көрсетудесің!»[2], − дейді.

Осы шұғылалы жолмен қазақ халқы да жүріп, жөн сілтеуші Пайғамбарын шын жүректен шыққан жырларына қосқан.

Жалпы, Ислам әдебиетінде үмбеттің хазірет Пайғамбарға (с.ғ.с.) деген сүйіспеншілігінен, құрметінен туындаған жанрлар көп. Мысалы, сүйікті Пайғамбарымыздың (с.а.с.) есімдері жайлы «әсмаун- Нәби», өмірбаянын қамтыған «Сира» кітаптары, туылған күніне арнап шығарылған мәулід жырлары бар. Сондай-ақ оның басынан өткен әрбір оқиғаның өзі мұсылман әдебиетінде жеке бір жанрға айналған. Мысалы: «Мираж-наме» (Пайғамбарымыздың миражға шығуы), «Муғжизат Нәби» (Пайғамбарымыздың мұғжизалары), «Ғазауат Нәби» (Пайғамбарымыздың қатысқан жорықтары), «Хижрәтун-Нәби» (Пайғамбарымыздың хижреті), «Ахлақун-Нәби» (Пайғамбарымыздың мінез-құлқы) және тағы да басқа тақырыптарда туындылар жазылған. Сондай көркем жанрлардың бірі – нағыт (на‘т). Нағыт (арабша-на‘т) – бір адамды бойындағы ерекшеліктері мен қасиеттерін мадақтай отырып сипаттау деген мағынаны білдіреді. Діни әдебиеттегі терминдік мағынасы – Әз. Мұхаммедті (с.ғ.с.) мадақтау, мақтау мақсатымен жазылған әдеби шығармалардың жалпы аты. Бұл жерде ескере кететін бір жәйт, Әз. Пайғамбардың тысындағы адамдарға арналған жырлар мадақ жырлары деп аталып жатса, тек қана Әз. Пайғамбарға арналған мадақ жырлары “нағыт” (на‘т) деген атқа ие болған.

Түркі халықтарындағы бұл жанр бастауын араб әдебиетінен алады. Әз. Мұхаммедтің көзі тірісінде оған арнап мадақ жырлары жазылған. Тіпті осы нағыт сипатындағы алғашқы өлеңнің ол дүниеге келмей тұрып 7 ғасыр бұрын жазылуы да бұрын-соңды болмаған нәрсе. Йемен патшасы Әбу Кәриб әл-Химиари сол кездегі ғалымдардан Інжіл мен Тәуратта соңғы пайғамбар Әз. Мұхаммедтің (с.ғ.с.) келетіндігі жайлы жазылғанын естіп, оған мадақ жырын арнаған. Осы пайғамбардың Алларың елшісі екенін, оның кезеңіне дейін өмір сүрсе оған мойынсұнатынын жазып кеткен. Кейіннен сахаба Әбу Айиуб әл-Әнсаридің қолына келіп жеткен осы хат Әз. Пайғамбарға ұсынылған. Бұл оқиғаны қазақ ақыны Шәді Жәңгірұлы да “Назым сияр шариф” атты кітабының “Табим Хамри оқиғасы” деген бөлімінде қазақ тілінде әсем баяндаған.

Мұсылман әдебиетінде Әз. Мұхаммедтің (с.ғ.с.) көзі тірісінде Ағша мен Кағыб бин Зухейрдің жырларында нағыттың алғашқы тұлғалары көрінсе, Хассан бин Сабит, Абдулла бин Рауаха, Кағыб бин Малик, Амир бин Синанил-Әкуа сияқты “Шуараун-нәби” (Пайғамбар ақындары) деген атаққа ие болған араб ақындары осы тақырыпта қалам тартқан. Араб әдебиетінде бұл жанр х. 4 ғасырда шарықтау шыңына жеткен. Классикалық парсы әдебиетінде болса Хакім Сәнаий, Низами, Фаридуддин Аттар, Ширази, Әмір Хусрау-и Дихлауи және Молла Жами осы жанрда өте жарқын шығармаларын жазған.

Бұл жанр түркі халықтары әдебиетінде де кең тараған.[3] Біздің қазақ әдебиетінде арнайы жанр ретінде өз алдына дамымағанымен, ақын-жырауларымыздың өлең-жырларында Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) айтылған мадақтар көптеп кездеседі.

 Қазақ әдебиетінің алғашқы мұраларына көз жүгіртер болсақ, Әз. Пайғамбарға алғаш мадақ жырын жазған күллі мұсылман-түркі халықтарына ортақ Жүсіп Баласағұн екенін көреміз. Мұсылман-түркі әдебиетінің алғашқы үлгісі болып саналатын “Құтадғу білік” атты кітабы арқылы ол Әз. Мұхаммедті халқына танытып, сүйдіруді мақсат тұтқан. Ол Алла елшісінің (с.ғ.с.) мінезінің көркемдігін, адамзатқа жіберілген шырақ екендігін және үмбетіне деген сүйіспеншілігін айта келе, оның жолының есендікке жеткізетінін тілге тиек етеді. Жүсіп Баласағұн шығармасында Әз. Пайғамбарды “Расулаллаһ” (Алланың елшісі), “Хабибуллаһ” (Алланың сүйікті құлы), “Хатәмул-әнбия” (пайғамбарлардың соңғысы) деген сипаттармен мадақтаған.

Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) арналған шығармалардың бәрінің ең басты мақсаты авторлардың оған деген сүйіспеншіліктерін паш етуі, халықты ол жайлы мәліметпен сусындату болса, жанама мақсатында осы еңбектері арқылы Алланың ырзашылығына бөлену мен Әз. Пайғамбардың шапағатынан үлес алу ниеті жатқандығы анық. Міне осындай ниетін Жүсіп Баласағұн жырында былай білдіреді:

Пейіл бұрдым енді оның жолына

Сүйдім сөзін, сендім ділі оңына.

Иләһи! Менің көңілімді күзеткін,

Қияметте пайғамбермен бір еткін!

Қияметте көрсет толық жүзіңді,

Қолымнан демеп, раббым, өткіз өзімді!

Жалпы мұсылман авторлар кез-келген шығармасын жазған кезде “хамдәлә” (Аллаға мадақ) және “салуәлә” (Пайғамбарға салауат) айтып оны мадақ етіп бастап, одан кейін барып негізгі тақырыптарына көшкен. Осылайша “хамдәлә” мен “салуәлә” мұсылман мәдениетінің символына айналып кеткен. Осы әдісті қазақ ақындары да қолданып отырған. Мысалы ХІІ ғасыр қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Ахмет Иүгінеки де осы дәстүрді ұстанып, “Ақиқат сыйы” атты кітабының “салуәлә” бөлімінде хазірет Мұхаммедке (саллалаһу әлейһи уә сәлләм) деген сүйіспеншілігін былай жеткізеді:

Ақыл-ойыңа салып, сөзімді аңда.

Ол (Мұхаммед) – тумысынан игі, адамдардың бақыттысы.

(Бүкіл) жаратылғандардың ішінде оған тең келетін (ешкім) жоқ.

(Өзге) пайғамбарлар жарқын жүз (сияқты болса),

Бұл – ол жүзге (жарасып тұрған) көз.

Яки олар – қызыл (шырайлы) бет, ал ол бетке (көрік беретін) мең.

Оны мадақтағанда тілімнің дәмі кіреді.

Оны еске алғанда шекер мен бал (жегендей болады).

Бүгін менен сәлем жетсін, ол ертең

Қол ұшын берушіме қам жегізсін.

Қазақ даласында Исламның таралуына сүбелі үлес қосқан, сопылық әдебиеттің көш бастаушысы Ахмет Иассауи де «Диуани хикмет» атты шығармасында Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с.) деген сүйіспеншілігін паш еткен. Тіпті «Диуани хикмет» бейнебір мадақ жыры іспетті. Әрбір парағында әз Мұхаммедке деген терең махаббатты көруге болады. Оның сүннетімен жүріп, үмбеті болуды мақтан тұтқан Ахмет Иассауи шығармасында жанындай сүйген пайғамбарды “Алланың нұры”, “Алланың досы”, “пайғамбарлардың соңғысы”, “елшілердің мырзасы”, “әлемдердің рақымы”, “әлемдердің мақтанышы”, “қаб-қаусайн бақшасындағы ай”, “адасқандардың жол көрсетушісі”, “Алланың сүйікті құлы”, “жаратылғандардың өзегі”, “адамзаттың асылы” сияқты жоғары сыпаттармен сипаттау арқылы халыққа таныстырады.

“Алла нұры, Алла досты о Мұстафа,

Кімдер үшін келді Расул білдіңіз бе?…” дей отырып одан кейінгі өлең жолдарында пайғамбардың үмбеті үшін көз жасын төгіп, өз өмірін солардың игілігі үшін атағанын білдіре келе Оған үмбет болудың мәнісін терең түсінуге шақырады. Өмірінің соңына дейін “Үмбетім, үмбетім” деп өткен хақ пайғамбардың жолымен жүріп, үлгі алуды насихаттайды.

Алау ӘДІЛБАЕВ,

теология ғылымының докторы



[1]    «Әли Имран» сүресі, 31

[2]    «Шура» сүресі, 52-53

[3]    А. Әділбаев, Қазақ халқында Пайғамбар сүйіспеншілігі, Дала мен қала, 7 мамыр, 2004.

 

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 315 рет
JoomShaper
Top