Тахири мемлекеті туралы білеміз бе? (821-873)

Дүйсенбі, 25.09.2017
Тахири мемлекеті туралы білеміз бе? (821-873)

Тахири мемлекеті бүгінгі Иранның шығысы мен Ауғанстан және Хорезм өлкесінде құрылған алғашқы ислам мемлекеті болып саналады. Бұл мемлекетті Аббаси халифаты Қорасан аймағының әкімі болған Тахир бин Хусейн негізін қалады.

Оның аталары Аббаси династиясының құрылу кезеңінде мемлекеттік маңызды қызметтер атқарды. Тахирдің әкесі Хусейін және атасы Мұса Бушанж өңірінің әкімі болды. Халиф Әмин мен оның бауыры Мәмуннің арасындағы тақ таласында Бағдаттағы сақшылық (полиция) қызметтің басшысы Тахир бин Хусейін Мәмунді жақтады. Халиф Әминнің әскерлеріне күйрете соққы беріп, Мәмуннің таққа отыруына жәрдемдесті.

Аббаси халифатының орталығында Тахир бин Хусейіннің беделінің өскенінен сескенген бас уәзір Фазл бин Сахл оны 814 жылы Раккаға, кейін Мысыр мен Мароккаға әкімдік қызметке тағайындады. Халиф Мәмун 819 жылы Тахир бин Хусейінді Бағдатқа алдырып, оған әскери мансап беріп, ішкі бұлғақтарды басуды тапсырды. Тахир бин Хусейін халифқа қарсы көтерілістерді дер кезінде жаншып отырды. Оның абыройы күннен күнге асқақтай түсті. Орталықта оның беделінің күрт артқанынан сескенген Мәмун Тахирді 821 жылы Қорасан аймағына әкім етіп тағайындады.

Қорсанға әкім болып тағайындалған Тахир орталық билікке бағынбай, дербес әрекет етуге көшті. Ол сөз жүзінде халифатқа бағынышты болғанымен іс жүзінде Қорасанда өзінің тәуелсіз билігін құрды. Тахир бин Хусейін Қорасанда басылған теңгелерге халиф Мәмуннің емес, өз атын жаздырды. Мешіттердегі құтпаларда халифтің атын емес, өз атына дұға айтқыздырды. Осылайша Тахири мемлекетінің негізі қаланды. Алайда, оның өмірі көпке ұзаған жоқ. Дұшпандары 822 жылы Тахир бин Хусейінді қастандықпен улап өлтірді.

Сол уақытта халифат аумақтарында Бабекшілер және Харижилер мен Зайдилер көтеріліс жасады. Көтерілісті жаншу үшін халиф Мәмун Қорасанға Тахирдің ұлы Талханы әкім етіп тағайындауға мәжбүр болды. Талхи бин Хусейін халифтің үдесінен шығып, Систандағы Харижилердің көтерілісін басты. Талқадан кейін 830 жылы Тахири билеушісі болған Тахир бин Хусейіннің екінші ұлы Абдуллаһ Қорасандағы Харижилердің, Талакандағы Зейдилердің көтерілісін жаншыды. Сондай-ақ, осы кезде Бабек қозғалысын жаншыған Афшиннің анархиялық іс-қимылы қауіп тудырған еді. Бірақ, Абдуллаһ бин Тахир мен Афшиннің арасындағы теке-тірес ұзаққа созылған жоқ. Абдуллаһ жеңіске жетіп, Тахирилердің мерейі үстем болды. Оның кезінде Тахири мемлекетінің астанасы Мервтен Нишабурге көшірілді. Абдуллаһ бин Тахири 844 жылы қайтыс болып, орнына ұлы ІІ Тахир отырды. ІІ Тахир таққа отырғанда Систан өңірінде Харижилер көтеріліске шықты. ІІ Тахирдің өмірі осы Харижилермен арпалыспен өтті. Сонымен бірге, ІІ Тахир дәуірінде Каррами мәзһабын ұстанушылардың саны Нишабурде көбейе түскен еді.

ІІ Тахир 862 жылы қайтыс болып, таққа ұлы Мұхаммед отырды. Тумысынан ынжық, ел билеуге қабілеті жоқ Мұхаммед бин Тахир бабалары құрған мемлекеттің күйреуіне жол берді. Оның кезінде Зайдилер Тахири мемлекетінің аумағында күшейе түсті. Халық Тахири билігінің Табаристанға тағайындаған әкімі Сүлеймен бин Абдуллаһтың зұлмыдығына қарсы көтеріліс жасады. Харижилер және Зайдилер мен Каррами мәзһабы өкілдерінің өзара ымырасыздығы, сондай-ақ, қалың бұқараның билікке қарсы ұдайы көтеріліс жасауы Тахири билігін мейлінше әлсіретті. Сафари мемлекетінің құрушысы Яқуб бин Лейс 873 жылы Систан, Кирман және Гератты басып алып, Тахри мемлекетін жаулап алды. Осылайша Тахири мемлекетінің тарих сахнасынан аты өшті.

Тахири мемлекетінің аумағы Шығыста Үндістан, Батыста Аббаси халифатымен, теріскейде Арал теңізіне дейінгі аралықта қамтыды. Мемлекеттің астанасы әуелі Мерв, кейін Нишабур қаласы болды. Одан өзге сауда-саттық пен қолөнер ісі дамыған Кирман және Рай секілді ірі қалалар Тахири мемлекетінің маңызды орталықтар еді. Тахири билеушілері қалаларға кереуен-сарайлар тұрғызып, сауда-саттықтың дамуына жағдай жасады. Ірі өзендердің суын канал арқылы шөл-шөлейт аймақтарға апарып, диқаншылықты дамытты.

Тахири мемлекетінің халқы негізінен сүнниттік исламды ұстанды. Тек Каспий теңізі жағалауында аздаған Шиға топтары өмір сүрді. Тахири билеушілері ақындар мен ілім иелеріне құрмет көрсетіп, оларды мемлекет қамқорлығына алды. Тіпті, Тахири билеушілерінің ішінен ғылыммен шұғылданушы ғұламалар шықты. Мысалы, Мерв, Амул, Хорезм өлкесіне әкім болған Мансұр бин Талқа философия, музыка, астрономия, математика саласы бойынша көптеген сүбелі еңбектер жазып қалдырды. Сонымен қатар, Тахири билеушілері қалың бұқара ислам дінінің шарттарын тезірек үйрену үшін фиқһи мәселелер қамтылған сұрақ-жауап трактаттарын көбірек басып шығарды. 

Тахири билеушілері өз алдына тәуелсіз ел болғанымен, Аббаси халифатының ішкі істеріне белсене араласып отырды. Халифат астанасы Бағдаттағы әскери һәм сақшылық (полиция) қызметтің тізгінін негізінен Тахирилер әулетінің өкілдері ұстап отырды. Тахири әулетінің өкілдері Бағдаттың батыс жағынан «әл-Харимут-Тахири» сарайын тұрғызды. Аббаси хаифалары Мутазид-Биллаһ, Муктафи-Биллаһ, Муктадир-Биллаһ, Каһир-Биллаһ, Муттакил-Лиллаһтың қабірлері осы «әл-Харимут-Тахири» сарайында жерленген.

Мұхан ИСАХАН,

дінтанушы, PhD доктор

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 759 рет
JoomShaper
Top