Құрбан айт – мейірімділік мерекесі

Бейсенбі, 31.08.2017
Құрбан айт – мейірімділік мерекесі

Құрбан айт – мұсылман баласының ең үлкен мерекесі. Құрбандық шалудың реті жайлы Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Бұл күні әуелі намаз оқимыз. Сосын, қайтып келіп құрбандық шаламыз. Кімде-кім осылай етсе, сүннетті орындағаны. Ал, намаздан алдын құрбан шалса, отбасына сойған еті болып, бірақ құрбандық амалы болмайды[1]», деген.

Намаз – дұға. Мұсылман әрбір ісінен алдын Аллаға сиынып, Одан жәрдем тілейді. Айт намазға мерекенің шырайын келтіріп ең әдемі кейіпті, ең жақсы киімін киіп келеді. Бұл – сүннет. Намаздан соң, құрбандық шалуға кіріседі. Құрбандық шалу – малды жаппай қыру емес. Құрбандық – Алланың әмірі орындау, Ибраһим (ғ.с.) заманынан бері келе жатқан сүннетті жасау, тақуалық пен жомарттық көрсете отырып, мұқтаждарға шынайы мереке сыйлау.

Сонымен бірге, асқан мейірімділік үлгісін көрсету. Құрбан шалушы малдың көзінше пышағын қайрамайды, малды қинап бауыздамайды. Демек, мұсылман дегенінің адам баласы тұрмақ құрбан малының өзіне де мейірімділік жасауға бұйырылған. Абдулла бин Омар (р.а.) Қағбаға қарап тұрып: «Сен қандай ұлықсың, қадірің қандай биік. Бірақ Алла Тағала құзырында мұсылман қадірі сенен ұлық[2]», деген. Міне, осы екі ауыз сөзде Ислам құндылығының бірі – адамның ар-намысы, өмірі, мал-дүниесі айтылуда. 

Ал, Әбу Һурайра (р.а.): «Кімнің мүмкіндігі бола тұра құрбан шалмаса біздің намаз оқитын орынға жақындамасын[3]», деген хадисті риуаят еткен.

Бұл сөз, Алла Тағала берген несібесі нисапқа жете тұра, құрбандық шалуға сараңдық етушілер жайлы. Міне, дін осы адамды жомарт болуға, мұқтаж және тұрмысы нашар көрші-қолаңға, ағайын-туысқа қол ұшын беруге шақырады. Қоғамдағы тепе-теңдікдің бір көрінісі.

Құран Кәрім: «Айт: «Шын мәнінде, намазым, құрбандығым, өмірім және өлімім әлемдердің Раббысы Алла үшін[4]», деген Ибраһимнің (ғ.с.) сөзі бар. Шындығында, өмірді беруші, ризық-несібе беруші Аллаға құлшылық ету бізге міндет.

Расында, сынақтың ең ауыры пайғамбарлардың иығына түседі. Құрбандық қиссаның тәрбиелік мәні зор. Әйелінің күйеуіне бойұсынуы, баласының перзент ретінде әкесін тыңдап, көңілінен шығуы бар. Құрбандық оқиғасында бір отбасына түскен ауыр сынақ. Отағасы – Ибраһим, жұбайы – Хажар, перзенттері – Исмаил. Әрқайсысы, Алланың әмірін толығымен бойұсынды.

Бұл күні белі бесіктен шыға қоймаған, аузында анасының сүті кеппеген бала әке-шешесіне ақыл айтатын болды. Кеше ғана намаз бастаған бозбалалар ата-анасына «намаз оқымайсың, кәпірсің» деген имандылыққа жат сөздерді айтып жүр. Бұл жастар Құранды тілмен тилауат етуді үйренгенімен, діліне Құран даналығы жете қоймағанын байқау қиын емес. Дінді дұрыс үйренудің орнына, «шаш ал десе, бас алдың» тірлігін істеп жүр. Міне, діндегі барып тұрған дүмшелік деп осыны айтады.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) немерелері Хасан мен Хусейн апыл-ғұпыл дәрет алып отырған қартқа тазалықты қалай түсіндірді?! Дәретті ешбір ережесін сақтамай, әйтеуір жуынып отырған қартты көрген пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қос жанары: Ассаламу алейкум! Ата сіз төрелігін айтыңызшы. Қайсы біріміздің дәрет алуымыз дұрыс, деді әдеппен. Сөйтті де екеуі бірдей дәрет алды. Бүлдіршіндердің бала болса да даналық танытқанына сүйсінген қарт: Айналайындар! Екеуің де дұрыс дәрет алып отырсыңдар. Қате менен кетті, деп ризашылығын білдірді.

Дін – нәзік дүние. Дінді құбыжық етіп көрсету әп-сәтте. Ал, сауатты оған қоса көркем етіп үйрету біраз білімді қажет етеді. Насихат етудің тәсілін саңлақ сахаба Анас бин Малик (р.а.) мына хадиспен: «(Дінді) жеңіл етіп үйретіңдер, ауырлатпаңдар. Көркем етіп көрсетіңдер, шошындырмаңдар», деп түсіндіреді.

Мұсылман баласының барлық ғибадат құлшылығы мен іс шарасы жамағатпен, бірлікпен атқарылады. Құрбан айт та соның бір айғағы. Бұл мереке исі мұсылманның ынтымағын және ауызбіршілігін тағы да нығайта түседі. «Бірлік бар жерде тірлік бар» дегендей ынтымағы жарасқан елдің алмайтын асуы болмас. Ал, «бөлінгенді бөрі жейді» дегендей дүние ісінде болсын, дін амалында болсын «өзім білемге» салу адамды жақсылыққа апармайды. Біз «әһли сүнна уал жамағат», яғни пайғамбарымыздың жолын, көпшіліктің жолын ұстанушы үмбетпіз.

Тарихқа назар салайық. Алла елшісі (с.ғ.с.) дін дұшпандарымен, яғни меккелік құрайыштармен Бадр жазығында майданда кездесті. Бұл шайқас мұсылмандар пайдасына шешілді. Ибн Касир тафсирінде дінді қорғау үшін болған алғашқы шайқас жайлы мынадай риуаят келтіріледі. Бадр шайқасында қолға түскен тұтқындар жайын қозғап пайғамбар (с.ғ.с.) сахабалармен кеңес өткізеді. Әбу Бәкір (р.а.) Сыддық: «Уа, расулалла! Бұлар біздің қаны бір бауырларымыз. Аман алып қалыңыз, тәубеге шақырыңыз, Алла Тағала тәубелерін қабыл етер»,-деді. Алла елшісі (с.ғ.с.): «Ей, Хаттабтың ұлы, сен не дейсің?», деді. Хазіреті Омар: «Уа, Алла елшісі! Бұлар сізді өтірікші деп айып таққан, сізді елден қуған халық. Жаза беріңіз. Түгел басын алайық», деді. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с.) Әбу Бәкірге сен Халилулла Ибраһим (ғ.с.) сияқтысың, ол: «... ал, енді біреу маған ерсе, рас ол менен. Тағы біреу маған қарсы келсе, онда Сен өте жарылқаушы, ерекше мейірімдісің[5]», деп дұға еткен.

Ал, сен Омар Калимулла Мұса (ғ.с.) секілдісің, ол: «Раббым! малдарын жоқ ет, жүректерін қатайт! Жан түршігерлік азапты көргенге дейін олар иман келтірмейді[6]», деп дұға жасаған,-деді.

Осылайша, екі сахабасының сөздерін түйіндей келе, Әбу Бәкір (р.а.) сөзіне тоқтап, тұтқындардан құн алатын болып шешті. Ертесіне хазіреті Омар расулулла мен Әбу Бәкірдің (р.а.) көңілсіз күйін көрді. Сахаба Омар мән-жайын сұрады. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с.) Омарға: «(Пайғамбар өзі мен Әбу Бәкірді меңзеп) сенің жолдастарыңның тұтқындардан алған құны үшін, берілген жазасы мына ағаштан да жақын маңнан көрсетілді»,-деп жауап берді. Себебі тұтқындарға қатысты шешім қабылдаған соң уахи келген еді. Онда: «Ешбір пайғамбарға жер жүзінде жауға өктем болғанға дейін тұтқын ұстау тиісті емес. Сендер дүниенің пайдасын ойлайсыңдар. Алла (сендерге) ахиретті қалайды. Алла өте үстем, хикмет иесі. Егер Алладан бір жазу (үкім) болмаған болса еді, (тұтқындардан алған құн) салдарынан зор азап ұстар еді[7]», деген аят түсті.

Бұл аятта Бадр шайқасында қолға түскен меккелік тұтқындарға қатысты шешім хазіреті Омардың ұсынысындай болуы керектігі баяндалып отыр. Әйтпеген жағдайда Алланың жазасы болатыны да айтылуда. Алайда, аяттың соңында кеңесіп отырып, көпшілік болып шешім қабылдағандықтан дұрыс деп төрелік айтуда. Атам қазақ: «Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен бірге адас» деп бекер айтпаған болар. Хазіреті Әбу Зар (р.а.) ынтымақ пен бірлік жайлы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Кімде кім жамағаттан бір сүйемдей болса да ажыраса, мойнындағы Ислам жібін шешіп тастағаны», деген сөзін риуаят етеді.

Дін парызы қаласа істейтін, нәпсініне ауыр келсе тастай салатын саудагердің тауары емес. Мұсылман деген атына жараса дін әмірін толығымен мойындап, шамасы келгенше орындау шарт.

Айша (р.а.) анамыз (р.а.): «Адам баласы нахыр (құрбандық) күні қан шығарудан артық Аллаға ұнамды амал жасай алмайды. Ол құрбан малы қиямет күні мүйізі, тұяғы және қылшығымен келеді. Құрбан шалынған малдың қаны жерге тимей жатып Алла құзырында қабыл болады. Құрбан шалумен жандарыңды жақсартыңдар[8]», деген Пайғамбар (с.ғ.с.) сөзін жеткізген.

Хазіреті Омар (р.а.) хұтпа оқып тұрып, сөзінің арасында Алла елшісінің (с.ғ.с.): «...Жамағатпен болыңдар! Бөлінуден сақтаныңдар! Әлбетте шайтан жалғыз жүргенмен бірге, шайтан екеуден алшақтау жүреді. Кімде кім жәннаттың ортасын қаласа жамағаттан ажырамасын...», деген сөзін айтып насихат етті.

Құрметті мұсылман бауырлар! Келе жатқан құрбан айт мүбәрак болсын! Құрбан айт секілді мейрамдарымыз біздің иманымыз бен тақуалығымызды, бірлігіміз бен ынтымағымызды күшейтсін.

Серікбай қажы ОРАЗ,

ҚМДБ төрағасының орынбасары,

«Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы 

 

 [1] Бұхари

[2] Тирмизи

[3] Ибн Мажа, Ахмед

[4] Әнғам сүресі, 162-аят

[5] Ибраһим сүресі, 36 аят

[6] Юнус сүресі, 88 аят

[7] Анфал сүресі, 67-68 аят

[8] Ибн Мажа, Тирмизи

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 606 рет
JoomShaper
Top