Дүниені «түзеткен» бала

Бейсенбі, 22.09.2016
Дүниені «түзеткен» бала

Бірде жұмыстан шаршап келген әкесінің алдынан үйіндегі бес жасар баласы жүгіріп шығып:

– Әке, далаға шығып, ойнап келейікші, – деп өтінеді. Жұмыстан шаршап келген әкесінің баласын ойнатып келуге еріншектігі ұстап, бір жағынан көңілін де қимай, не дерін білмей тұрғанда жұмыс үстеліндегі дүниежүзі картасына көзі түседі. Сыртқа шықпаудың амалын тапқандай боп әкесі әлгі картаны алып баласына:

– Балам, егер мына картаны қайта құрап, түзеп өзінің бастапқы халіне келтіретін болсаң, сені далаға шығарып ойнатып келемін, – дейді де картаны жыртып-жыртып, бөлшектеп тастайды.

Баласы да «жарайды, әке» деп картаны құрастыруға кірісіп кетеді. Әкесі баласының өтінішінен оңай құтылып кеткеніне масаттанып, киімін ауыстырып, енді төсегіне жантая бергенде бес минут өтер-өтпестен баласы «әке, картаны құрастырып болдым» деп жүгіріп келеді. Әкесі сасып қалады. Кемі екі-үш сағатсыз құрастыру мүмкін емес болған картаны қалайша бес минутта реттеп, түзеп қойды деп барып қараса, құрақ-құрақ қып жыртып кеткен картаның паршалары тегіс өз орындарына жайғасып, бастапқы халіне келіп тұр екен. Мүмкін емес дүниені әп-сәтте қалпына келтіріп қойған баласының алғырлығына таңғалған әкесі:

– Балам, менің де оңайшылықпен қолымнан келмейтін дүниені сен қалайша тез түзетіп қойдың? – депті. Баласы да өзінің тапқырлығына ма- саттанып:

– Әке, қараңыз, дүниежүзі картасының артқы бетінде бір адамның суреті бар. Сол адамды түзетсеңіз, көріп тұрғаныңыздай, дүниежүзі де өзінің бұрынғы түзу қалпына келеді, – дейді.

 

* * *

 

Иә, рас... Бүгінде адамдар бұл дүниені түзетпек боп басын тауға да, тасқа да соғып жүр... Шіркін, әр адам өз-өзін түзеткенде ғой, бұ дүние де өздігінен түзелер еді...

Салтан СӘКЕН

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 1095 рет
JoomShaper
Top