Сөз аманаты

Сәрсенбі, 03.08.2016
Сөз аманаты

Өткен мақалаларда дін исламдағы аманатқа және оның түрлеріне біраз тоқталып өткен болатынмыз. Ендігі кезек сол аманаттардың ішінен сөз аманатына тоқтағалы отырмыз. Мұсылман адамның бойындағы аманат міндеті үнемі оның жанында жүреді: отбасында, қызметінде, ағайын-туыс арасында және т.б. Сондықтан да Алла Тағала былай деп әмір етеді:   

«Ей, мүміндер! Аллаға әрі елшісіне опасыздық қылмаңдар. Тағы біле тұра аманаттарыңа қиянат қылмаңдар» «Әнфәл: 27».

 Әдетте, аманат деген уақытта біз тек заттай нәрсені елестетеміз. Басқа біреудің сізге аманат етіп қойған мүлкін, малын, ақшасын немесе көлігін сияқты. Негізінде аманат сөзіне өзіңізге тиесілі болмаған барлық нәрсе кіреді. Жоғарыдағы аятта айтылғандай «аманаттарыңа» сөзі өзіңізге сеніп тапсырылған, айтылған, көрсетілген күлі нәрсе. Осындай аманаттардың бірі – сөз аманаты. Сөз аманатын жалпы мынадай түрлерге бөлінеді:

1. Жалпы адамдар арасындағы сөз аманаты;

2. Құпия-сыр сөздер аманаты;

3. Жақын құрбы-достар арасындағы сөз аманаты;

4. Ерлі-зайыптылар арасында болатын сөз аманаты және т.б.

Айналамызға көз тастасақ, тіршіліктегі адамдардың бір-бірімен келіспеушілігі, отбасының ұрыс-керісі, ажырасуы, екі мемлекеттік соғысулар бір-біріне қиянат қылуларынан туады. Аланың елшісі (с.ғ.с.) адамдар сөз аманатын сақтауы үшін – тілін сақтауы керек деп кеңес береді.

Өйткені пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір күні Муғаз Ибн Жабал (р.а.) есімді  сахабаға қарап, тілін көрсетіп:

Тіліңді сақта! деді. Муғаз:

Тілімізден шыққанға да жауап береміз бе? – деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

«Адамдардың көбісі тілінен шыққан сөздерінен тозаққа кіреді. Тілді тіспен, одан қалса сыртында екі ерінмен тосуымыз керек».

Ерлі зайыптылар отбасындағы және өзара болған жеке мәселелерді басқасына жария етуі дұрыс емес. Егер ол отбасылық құпия болса, онда  сол құпия түрінде қалады. Жұбайлар бір-бірінің бойындағы кемшіліктерін, егер бар болса дене-бітіміндегі мүкістерін, мінездегі әлсіз қасиеттерін өзге адамдарға айтпауы тиіс. Ер адам әйелінің бойындағы кемшіліктерін жора-жолдастарына, сол сияқты қалындық та күйеу баланың бойындағы кемшіліктерді қасындағы қыз-келіншектерге сөз етпейді. Алла тағала Құранда ер адамды әйел үшін, ал әйелді ер үшін киім етіп жаратқандығы тұралы хабар берген. Ерлі зайыптылар бір-бірінің үстіндегі киім. Киімнің көрікті, жарасымды болып-болмауы жұбайлардың өздеріне байланысты. Ислам отбасы бақыты мен берекесін осылай бекіткен. Әйелдің еріне айтқан құпиясы, ер адамның әйеліне шерткен сырлары сақталмаса, шағырақ шайқалып, отбасының берекесі кетеді, отбасы мүшелері ағайын-туыстың және жора-жолдастар алдында абыройсыздыққа ұшырайды.

Сонымен отбасының өзара құпиясын, достар арасындағы сырларды ашып-таратып жіберуге ислам тиым салады. Абдулла ибн Омар ибн Хаттабтан (Алла ол екеуіне разы болсын) достар арасындағы сырды сақтай білу туралы мынадай оқиға риуаят болған: «Хафса анамыз жесір қалған кезде, әкесі Омар ибн Хаттаб (р.а.) қызын үйлендіргісі келеді. Сөйтіп ол Осман ибн Аффанға (р.а.) барып: «Егер қаласаң қызым Хафсаны саған қалындыққа беруге қарсы емеспін» – деп ойын айтады. Осман оған: «Жағдайымды байқап көрейін», – дейді. Арада күндер өтеді. Кейін Осман Омарға барып: «Бұл күндерде үйленуге мүмкіндігім болмайтын сияқты», – дейді.

Омар ибн Хаттаб тұрып, Әбу Бәкір Сиддиқке (Алла ол екеуіне разы болсын) келеді. Оған: «Егер  қаласаң мен саған қызым Хафсаны некелеп берейін?» – деп келген  ниетін айтады. Әбу Бәкір бұған мардымды еш нәрсе демейді.

Омар ибн Хаттаб (р.а.) бұлардың қылықтарына ренжіп, Алланың елшісіне (с.ғ.с.) барып, болған жағдайды баяндап береді. Сонда Алланың елшісі (с.ғ.с.) күлімдеп: «Сен қызыңды ол екеуінен артықтау адамға үйлендіргің келмейді ме?» – деп сұрайды. Омар: «Ол екеуінен асқан кім бар?!» – дейді. Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Мен сенің қызыңа құда түскім келеді», – деді.

Кейін Алланың елшісі (с.ғ.с.) хазіреті Омарға өзінің Хафсаны қалындыққа алғысы келген ойын, Осман ибн Аффан мен Әбу Бәкір Сиддиқтың білетіндері жайында айтады. Сол себепті олардың Омарға Хафсаны некелеп аламын деп айта алмағандықтарын түсіндіреді.

Ибн Хаттаб пайғамбардың (с.ғ.с.) құзырынан көңілді хәлде шығады. Омардың алдынан жолда Әбу Бәкір Сиддиқ кездеседі. Ол Омарға: «Сен маған қызың Хафсаны некелеп алуды айтқаныңда, мен үнсіз қалғаным үшін ренжіген боларсың?» – деп сұрайды. Омар: «Ия, ренжідім», – дейді. Әбу Бәкір Сиддиқ: «Алланың елшісі (с.ғ.с.) Хафсаға деген ниеті жайында маған ақырын айтқан болатын. Сондықтан мен саған Алла елшісінің (с.ғ.с.) құпиясын аша алмадым. Егер Алланың елшісі (с.ғ.с.) бұл ниетінен қайтқанда, онда мен сенің қызыңа құда түсер едім», – деп айтады».

Егер бір кісі келесі адамға сырын айтып, кейін «Ешкім естіп қоймады ма екен?» – деген оймен айналасына қарап қойса, бұл сізге айтылған сыр. Сізге аманат болады. Сізге ол кісінің «ешкімге айтпаңыз» деп айтуы шарт емес. Оның жан-жағына барлай қарағаны сізге «сырымды сақтаңыз» дегені.

 Гүлнар ЖАЛАДИНҚЫЗЫ

 

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 1152 рет
JoomShaper
Top