«Дін және тарих тағылымы жылы» – қазақ руханиятының жаңғыртудың жаңа кезеңі

Жұма, 24.06.2016
«Дін және тарих тағылымы жылы» – қазақ руханиятының жаңғыртудың жаңа кезеңі

Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Бүгінде жылдам ақпарат алмасу үрдісі, оны жедел тарату процесі уақыт өткен сайын көз алдымызда дамып жатыр. Жаңалықтың жаһандық үрдісінен шет қала алмасымыз тағы анық. Десе де, рухани, мәдени медиа кеңістігімізді дініміз бен дәстүріміздің, салтымыз бен ғұрпымыздың, тағылымға толы тарихи құндылықтармен толтыру – Сіз бен біздің бүгінгі борышымыз деп есептейміз.

Оның бірден-бір таным тамыры – дін мен тарих деп санаймыз. Халқымыздың ардақты ұлдарының бірі Әлихан Бөкейхан: «Бұ заманның ғалымдары тарих ең оңды мұғалім деп түсінеді. Дүние де өңге жұрттар қатарында кім қор болмаймын, тұқымым құрып қалмасын деген халық өзінің шежіресін имани дәрежеде ұғып білуге тиіс болады... Бұл кеудесінде көзі бар адам көп ойланарлық жұмыс» деп мәні терең тұжырым айтыпты. Тарих – өткеннен үлгі, танымға таразы, тіршілігіңе бағдар беретін құндылық.

Дін мен дәстүр – халқымыздың сыртқы ықпалға төтеп беретін рухани иммунитет екенін ескеріп, 2013-2015 жылдарды «Дін мен дәстүр» жылы деп жариялап, осы қос құндылықтың Діни басқарма деңгейінде кеңінен насихатталуына басымдық бердік. «Дін мен дәстүр» кітабы зиялы қауым мен қарапайым халыққа жалпы жамағатқа жол тартты. Осынау игі идея діни орта мен зайырлы қауымды бір мүддеге біріктірген қуатты күшке айналды. Діни мерекелерді ұлттық нақышпен үйлестіріп, айрықша атап өтудің мәдениеті қалыптаса бастады. Бүгінде имам-молдалар тек діннің ғана емес, дәстүрдің де насихатшысына айналды. Уағыздарда ақын-жырауларымыздың тағылымды тұжырымдары, өнегелі өлеңдері қоса айтылатын болды. Айт мерекелерінде мешіт аулаларында ұлттық ойын түрлерінен жамағат арасында спорттық сайыстар ұйымдастыру дәстүрге айналды. Діни басқарма жүлдесі үшін жыл сайын палуандар арасында қазақша күрестен республикалық жарыс өтуде.        

Осы жыл басында менің ұсынысым бойынша ҚМДБ Төралқа мәжілісінің шешімімен 2016 – «Дін және тарих тағылымы» жылы деп жарияланды. Басты мақсат – тарихи тамырымызға зер салып, дін мен тарихымыздың байланысын терең зерделеу, ислам діні – ұлтымыздың бас­ты рухани негізі, ата-бабаларымыздың ұстанған, қастер тұтқан жолы екенін қоғамға насихаттау, ұлттық тарихымыз бен елдік санамызды, ұжданды тұлғаларымызды саралап, олардың өмірі мен еңбектерін жас ұрпаққа үлгі ету. Мұны – тарихи сананы қайта түлететін парасат баспалдағына жасалған игі қадам деп есептеуге болады.

Ғұламалар кеңесінің ХІ отырысында «Дін және тарих тағылымы» жылына орай жүзеге асатын игі жобалар мен іс-шаралар жоспары талқыланып, бекітілді. Атап айтқанда, діни және тарихи кітаптар шы­ғару, Қазақстан мұсылмандары діни бас­қармасының облыстардағы, аудандар­дағы өкілдіктерінде «Дін және тарих тағылымы» атты конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер өткізу, ЮНЕСКО-ның 2016 жылды Ясауи жылы деп жариялауына орай, Қожа Ахмет Ясауидің шығармашылығына ар­налған халықаралық конференция ұйымдастыру, қазақ даласынан шыққан дін қайраткерлері мен тарихи тұлғалар туралы, олардың діни туындыларына арналған деректі фильмдер мен зерттеу мақалалар, очерктер жариялау, бұқаралық ақпарат құралдарында «Дін және тарих тағылымы» атты бағдарламалар мен хабарлар ұйымдастыру, осы бастаманы халыққа жан-жақты насихаттау, т.б. игі жобаларды жүзеге асыру туралы шешім қабылданды.

Ислам діні VII ғасырда пайда болып, VIII ғасырда қазақ даласына кел­ді. Ал, Х ғасырдың соңында Орта Азия мемлекеттерінің ресми діні мәрте­­бесіне ие болды. Өз табиғаты мен бол­мы­­сына барынша жақын асыл дінді танып-білген бабаларымыз оны жан қа­лауымен қабылдаған. Содан бері ислам жұртымыздың жүрер жолы, ба­­ғыт-бағдары, тірегі болып келеді. Ис­лам дінін қабылдағаннан кейін қазақ халқының рухани, мәдени өмірінде өсіп-өркендеу процесі қайта жаңғырды. Ислам құндылықтары халқымыздың дүниетанымы, дәстүрі, ғұрпымен үндесіп, сан ғасырлар бойы қазақ мәдениетімен тұтасып, ел тарихының ажырамас бөлігіне айналды. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ізгі амалдары мен тағылымды тәрбиесі ұлтымыздың болмысына, өн бойына сіңісіп кеткен.

Қазақ даласына ислам дінінің келуімен ғылым, білім, сауда, өнер саласында жаңа бетбұрыстар болып, қала мəдениеті жедел дами бастады. VІ-ХII ғасырларда Орта Азия мен Қазақстанда қалалардың салынуы қарқын алды. Ол қалалар сауда мен қолөнердің, мәдениеттің тірегіне айналды. Батыс Түркістан жерінде Суяб, Құлан, Мерке, Тараз, Отырар, Исфиджаб сияқты қалалар бой көтерді.

Еліміздегі алғашқы мешіттер мен медреселер Отырар, Түркістан, Сайрам, Тараз қалаларында салынғаны белгілі. Мешіттер әмбебап рухани жəне ғылыми орталықтарға айналды.  Ислам діні қазақ жеріне бейбіт жолмен келіп, ізгілік пен мейірімділікті таратты. Қазақ топырағына ислам дінінің келуі жə­не орнығуымен қатар бүкіл ислам əле­мінің жарық жұлдыздары – Əбу-Насыр əл-Фараби, Əбу Ибрахим Исхақ əл-Фара­би, Ғаламаддин əл-Жауһари, Жүсіп Бала­сағұн, Махмұт Қашқари, Қожа Ахмет Ясауи, Ахмет Жүйнеки, Мұхаммед Хайдар Дулати, Хуссам Аддин Ас-Сығанақи сынды ғұлама ғалымдарымыз Ислам мəдениеті мен ғылымын əлемге паш етті.

Отырар  аймағынан  шыққан ғалымдар ғылымның түрлі салаларында жемісті еңбек етіп, адамзат өркениетіне зор үлес қосты. Хандық дәуірде ислам құндылықтары ел бірлігі мен рухани әлемінің тірегі ретінде хандарымыздың ел тұтастығын сақтауда шығарған заңдарында көрініс тапты.

Әсіресе, ислам дінінің руха­ни құн­ды­лықтары Орта Азиядан шық­қан ғұ­ламалардың ой-пікірлері мен сан-са­лалы ғылыми, мәдени, әдеби шы­ғар­ма­шылығына зор ықпал етті. Сол уақыттағы ақын-жыраулардың шығар­машылығына үңілер болсақ, біз олардың ең алдымен жай ақын немесе қарапайым ғалым емес, діннің білгір­лері болғандығын байқаймыз. Біздің ақын-жырауларымыз, ғалымдарымыз, қайраткерлеріміз дін құндылықтарын терең зерттеп, ұғынып, оның нәрін қарапайым халыққа ұғынықты өлең-жыр түрінде жеткізіп отырды.

Жақында Діни басқарма осы дана ба­баларымыздың діни сарында жа­зылған мұраларын жинақтап, «Дәс­түрлі ислам жауһарлары» атты кітап шы­ғарды. Ондағы ақын-жыраулардың, дін қайраткерлерінің өлең-жырлары ұлты­мыздың ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан дүниетанымының, адам­гер­шілік принциптерінің, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының төл дініміздің мұраттарымен сай келетіндігін, екеуі­нің бір арнада тоғысатындығын көр­сетеді. Бұл қазақ халқы ислам дінін то­лық­қанды ұстанған ұлт екенін дәлел­дей түседі. Бұл кітапты жарыққа шыға­рудағы мақсатымыз – теріс пиғылды идеологиялық басқыншылыққа қарсы ұлттық имани иммунитетті күшейту.

Ахмет Жүйнекидің осы жинаққа енгізілген білім жайлы айтқан өлеңінің Құран Кәрім аятымен үндесуі соның дәлелі дер едік.

Ислам діні білім алу мәселесін ең бірінші орынға қояды. Оған шариғатта дәлел көп. Мысалы, қасиетті кітабымыз Құранның «Мүжәдалә» сүресінің 11-аятында: «Алла Тағала сендерден иман келтіргендердің және ғылым бергендердің дәрежелерін көтереді», – делінген болса, Ахмет Жүйнеки осы аяттың мағынасын өлең сөзбен өрнектеп:

«Білімдінің сөзі бал, болмас хараб,

Білімдіні мақтайды ажам араб.

Білім деген таусылмас мал,

Сарқылмайтын несібе болса талап», – деп жырлаған.

Ал, Заһираддин Мұхаммед Бабырдың «Мүбәййә дәр фикһ» еңбегінде намаз парыздарын тізбектеп, өлең сөзбен:

«Парыз он екі-дүр намазда, біл,

Біліп ап әрқайсысын жерінде қыл.

Алтауын біл сыртында ол намаздың,

Және алтауын ішінде сол намаздың.

Нешеуі шарт бұлардан, оны да біл,

Және де бірнешеуін рүкін дегіл», – деп түсіндіріп, намаздың парыздары – он екі екенін, және бұлардың алтауы – сыртында екенін көркем оймен жеткізген.

Міне, бұл жыр-дастандардың, мақал-мәтелдердің ислам дінімен үндесуі қазақ халқының діни терең білімі болғанын көрсетеді. Күнделікті айтып жүрген нақыл сөздерімізді хадистен табамыз. Жыр-дастандардың кейбіреуі әрі тілдік, әрі мағыналық жағынан да хадис мәтіндерімен бірдей. Ата-бабаларымыз дінді қара сөзбен ғана емес, өлеңмен жеткізуі көркем ойлау қабілетінің өте биік деңгейде болғанын көрсетеді.

Алаш ардақтысы Ахмет Бай­тұр­сынұлы бір сөзінде былай деген екен: «Қазақтың өлеңді сөзді сүйетін мінезін біліп, дінді халыққа молдалар өлеңмен үйреткен. Дін шарттарын, шариғат бұй­рық­тарын өлеңді хикая, өлеңді әңгіме түрінде айтып, халықтың құлағына сіңіріп, көңілдеріне қондырған».

Ислам діні – ұлы дала халқының таза рухани болмысымен үндесіп, адамзатқа нұр шашқан тұлғалар мен ғалымдардың шығуына негіз болды. Қазақ даласына исламның дәнегі егілгеннен бастап, даналар мен дара тұлғалар жақсылықтың жаршысына айналды. Елдің жадында қалған қай тұлғаны алсақ та дін мен дәстүрін насихаттап өткен. Текті бабаларымыз Аллаға деген сеніміне сызат түсірмеді. Мұсылманшылықты бекем ұстанды. Ғибратты ғұмыр кеше білді. Алланың берген ақылы мен талантын исламды насихаттауға сарп еткен. Олардан қалған білім мен тәрбие ауыз әдебиеті, яғни жыр, айтыс, дастандар арқылы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырды. Біз төл тарихымызды зерделей отырып, исламның ұлттық болмысымыз бен қазақ халқының ел болып қалыптасуына зор үлес қосқанын көреміз.

Бұл тұрғыда біз қазақ қоғамына тыңнан жаңа дүние ұсынып жатқан жоқпыз. Бар болғаны кезінде баһадүр бабаларымыз салып кеткен, кейіннен көмескі тарта бастаған соқпақтың сүрлеуін тауып, соны қайтадан сара жолға айналдыруға тырысып жатырмыз. Мақсатымыз – ұлттық табиғатымызбен сабақтас шариғаттағы мазһабымыз бен танымдық мектебімізді тұғырлап, асыл дүниелерімізді, жау­һар­ларымызды жарыққа шығару, үзіл­генімізді жалғап, жоғалтқанымызды тү­гендеу, сан ғасырлық тарихы бар діни дәстүрлерімізді қалпына келтіру. Сол арқылы қазақтың толыққанды ұлтқа, Алаштың іргелі елге айналуы үшін қолдан келгенше үлес қосу. «Дәстүрлі ислам жауһарлары» атты жаңа кітап сондай игі бастаманың жемісі.

Алла Тағала елімізге, жерімізге бе­ре­кетін жаудырып, қазақ топырағын түр­лі апаттар мен бүліктен сақтағай! Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, еліміздің егемендігі баянды болғай! Әумин!

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары діни

басқармасының төрағасы, бас мүфти 

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 1047 рет
JoomShaper
Top