Ислам ғұламалары уақытты қалай үнемдеген?

Жұма, 03.11.2017
Ислам ғұламалары уақытты қалай үнемдеген?

Андалусиялық ғалым Ибн Рушд кітап оқудан бас алмайтын. Кітап оқымай өткізген өмірінде екі-ақ түні болған екен. Оның бірі – үйленген түні, ал екіншісі – әкесі қайтыс болған түні.

Ғалым Фахраддин Рази дастархан басында да бір жағынан тамақ жеп, екінші жағынан шұқшия кітап оқитын. Ол үйінен шығып, мешітке жеткенше көлікте отырып, шәкірттеріне сабақ берумен болатын деседі. Фахраддин Рази уақытқа аса көңіл бөлген.

Медицина саласында өте кұнды еңбектер қалдырған, қан айналымының заңын ашқан ғалым Ибн Нафс жазу кезінде қолындағы қаламның сиясы бітім қалғанда, оны ашып уақыт шығындамау үшін, қасына бірнеше қалам қойып, солардың кез-келгенімен жұмысын ары қарай жалғыстыра беретін.

Әл-имам Әбул Уәфа ибн Ақил былай деген: «Мен ас ішетін уақытты қысқарту үшін қолымнан келген барлық мүмкіндікті қарастырамын. Тіпті, көп шайналатын тамақтан гөрі тез жұтылатынын таңдаймын. Неге десеніз, шайнауға да уақыт кетіп қалады. Содан барып жазуға, оқуға көп уақыт таба алам». Ол тыныққан уақыттарын былай деп суреттейді: «Қолым қалт етіп демалған кездерімде мен аяқты созып құр жатқаннан гөрі терең ойға беріліп, ойша шешілетін біраз мәселелерді шешумен айналасамын. Жазатындай бірдеңе есіме түсе қалса, дереу тұрам да жазам. Сексен жасымда ғылымға деген ынтам жиырма жасымдағы кезіме қарағанда әлдеқайда жоғары болатын...». Осыншалықты ынтасының арқасында 20 шақты түрлі салада     өте құңды еңбектер қалдырған.

Имам Малик болса көбірек ғылым-біліммен айналысу үшін үш күнде бір-ақ рет дәретханаға баратындай тамақ жеуді қысқартқан.

45 жасында қайтыс болған ислам ғұламасы Имам Науауидің артына тастап кеткен мол мұрасын есептесеңіз, 45 жылға қайта сыйғыза алмайсыз. Өйткені, ол уақытын барынша үнемдеген. Ғылым-білім алуға, ғибадаттарын атқаруға уақыт жеткізу үшін ол кісі күніне тек ғана сәске уақытында  бір-ақ рет тамақтанған екен.

Асылхан ЖАҚЫПОВ 

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 452 рет
JoomShaper
Top