«Даналық үйі» жайында не білесіз?

Дүйсенбі, 18.09.2017
«Даналық үйі» жайында не білесіз?

Даналық Үйі (арапшасы: «Байт-ул Хикма») дегеніміз – 8 ғасырдың соңы, 9 ғасырдың бастарында Аббаси халифатының астанасы Бағдадта негізі қаланған ғылыми-зерттеу орталығы. Б.з.д. 4-5 ғасырларда ежелгі Грецияда үлкен серпіліс көрген ғылым. Тап осы сәтте мұсылман билеушілерінің тікелей қолдауларымен бой көтерген бұл Даналық Үйі, Исламның Алтын ғасыры мен Еуропадағы Қайта Өрлеу Дәуірінің (Ренессанс) басталуына қозғаушы күш болды деуге толық негіз бар.  

Алғашында халифалар сарайына тиесілі кітапхана грек, үнді, латын, парсы тілдеріндегі кітаптарды аударуға бағытталған ұйым ретінде құрылған. Кейіннен ғылыми кеңістігі кеңейіп математика, химия, астрономия, физика, медицина салаларында заманауи зереттеулер жүргізетін нағыз интеллектуалдар орталығына айналды. Даналық Үйінің функциясы бұнымен де шектелмеді. Ол екінші жағынан сапалы, әмбебап ғалымдар дайындап шығаратын оқу орнының рөлін де атқарды. Сондай-ақ, Аббасилер мемлекетінің халифасы аль-Мамунның кезеңінде Даналық үйінің жанынан аспан денелері мен ғарыш құбылыстарын зерттейтін обсерватория құрғызған. Жалпылай алғанда Даналық Үйі – өз заманында кітапхана, ғылыми зерттеу орталығы, жоғарғы оқу орны және обсерватория ретінде бірнеше функцияны атқаратын әртарапты  институт еді.     

8 ғасырдың басында Еуропа елдері Қараңғы Дәуірлерін сүріп жатқанда, Бағдадта ашылған бұл ғылыми орталық, Ислам әлеміндегі гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдары саласында зор серпіліс жасады. Исламның «Алтын Ғасыры» осылай басталған болатын. Абу Насыр әл-Фараби, Аль-Кинди, Мұхаммед ибн Муса аль-Хорезми, Ибн Сина сынды тарих тақтасына есімдері алтынмен жазылған ғалымдардың осы кезеңде шығуы әрине кездейсоқтық емес еді. Бұлардың барлығы Даналық Үйінің ғылым өзенінен нәр алып жайқалып өскен жемістері болатын.

Әлемдегі бірінші әлеуметтанушы атағына ие болған атақты әлеуметтанушы, тарихшы, философ Ибн Халдун (1332-1406) бұл институттың маңызы жайында: «Расында Ислам өзін дүр сілкіндіріп оятқан осы бір ғылым үйіне қарыздар. Соның арқасында сауда-саттық жанданып, ежелгі грек ғылымының жауһарлары ашылды. Білім мен мәдениет өркендеді», деп айтқан.

Даналық Үйі қашан және қалай құрылды?

Бұл сұраққа жауап бермей тұрып алдымен бұл ғылым үйінің неге Ұмауилер династиясы кезеңінде емес, Ислам келгеннен кейін екі ғасырға таяу уақыттан соң, Аббасилер дәуірінде пайда болғанын ашықтауға тырысып көрейік. Біріншіден, алғашқы төрт халифа және одан кейінгі Ұмауилер кезеңінде де, мемлелекет басшылары мен мұсылмандардың ғылым және мәдениетпен айналысуға, жаңа дінді жаюға бағытталған толассыз жорықтар салдарынан қолдарының тимегендігін айтуға болады. Себебі, бұл екі ғасыр Исламның алғашқы кезеңдері еді. Ол кезде жаңа дінді барынша кең жерге, түрлі халықтарға жаю қажеттілігі мұсылмандар үшін барлық мәселенің алдында тұрды. Ал, Аббасилер дәуірінде болса, Ислам мемлекеті өз қуатының шырқау шегіне шығып, мұсылмандар күші жеткен жердің барлығын басып үлгерген шағы еді. Сондықтан Аббаси халифаларының соғысқа емес, білім мен мәдениетке көптеу көңіл бөлулері ғажап емес. Екіншіден, жоғарыда айтып өткеніміздей дүниенің әр тарапына таралған Ислам мұсылмандарды грек философиясы, үнді мифологиясы сияқты түрлі ағымдармен таныстырды. Түрлі-түрлі халықтар Ислам жайында есітіп, жаңа дінге көңіл аударды. Сұрақтар туындады. Өз кезегінде мұсылмандарға әрбір тайпаның өздерінің дүниетанымдары мен философияларына сай жауап қайтару үшін, олардың еңбектері және ғылымымен танысуға қажеттілік туындады. 

 

Суретте: Йоханна бин Масауих. Халифа Харун ар-Рашид заманындағы Даналық Үйінің басшысы.

Жалпы, Даналық үйінің мына күн ашылды деп кесіп айту қиын екендігін тарихшылар мойындайды. Оның қай уақытта негізі қаланғандығы жайлы бірнеше көзқарас бар. Алғашында басқа тілдерден арапшаға аударма жұмыстары жүйелі бір түрде жүргізілмегенін айта кету керек. Ең бірінші аудармалар жекелеген адамдар тарапынан өз қызығушылықтары нәтижесінде іске асатын. Мысалы Ұмауилер дәуірінде ханзада Халид бин Йазиддың арнайы аудармашылар жалдап астрономия, химия, медица салаларында жазылған грекше, коптыша кітаптарды аудартқаны, сондай-ақ Ұмауи халифаларынан Маруан ибн Хаким бен Омар ибн Абдулазиздың аударма істеріне көңіл бөлгендіктері жайлы деректер бар. Дегенмен жүйелі аударма жұмыстары Аббасилердің екінші халифасы Абу Джафар аль-Мансур (712-775) заманында басталды деуге болады. Хадис, фиқһ, әдебиет, тіл сияқты классикалық ғылымдардан хабардар болған халифа аль-Мансур математика, астрономия, геометрия сияқты жаратылыстану ғылымдарына үлкен қызығушылық танытатын еді. Ол ең алғашқылардан болып, парсы Абдулла ибн Мукаффа деген кісіге Аристотельдің «Органон» атты еңбегінің үш томын және атақты туынды «Калила уа Димнаны» парысшадан арапшаға аудартқызды. Халифа аль-Мансур сондай-ақ Үндістаннан әкелінген астрономия жайындағы кітаптарды да арап тіліне аудартқызуды қолына алды. Иә, халифат сарайының бір бұрышында орналасқан кітапхананы арапшаға тәржімаланған және жан-жақтан әкелінген құнды кітаптармен байыту осы халифа тұсында басталған болатын. Осы кішігірім кітапхана кейінгі ғылым ордасы Даналық Үйінің іргетасын қалады.

 

Хұнайн бин Исхақтың «Масаил фил Айн» (көздің мәселелері) атты кітабындағы көздің анатомиясы.

Аббаси династиясының төртінші халифасы Харун ар-Рашин (766-809) дәуірінде аударма жұмыстары қыза түсті. Мұсылман әскері Анкара мен Аммурияны басып алғаннан кейін, қаладан табылған кітаптар Бағдадқа жеткізілді. Бұл ежелгі грек философиясына қатысты құнды еңбектер Даналық Үйінің басшысы Йоханна бин Масауих бастаған аудармашылар құрамы арқасында тәржіма етілді. Аударылған кітаптар саны күн өте артып, Мансурдың іргетасын қалап кеткен кітапханасы тар бола бастаған кезде, Харун ар-Рашид Сарайдан кеңдеу кітапхана ашуға шешім қабылдады. Деректерге қарағанда бұл кітапханаға «Хизанат-ул Хикма» (Даналық қоймасы) не «Байт-ул Хикма» деп айтылған. Біздің сөз етіп отырған Байт-ул Хикмамыз өз есімін осы кезеңнен алды деуге негіз бар.  

Даналық үйінің өрлеуін шырқау шегіне жеткізген адам – халифа аль-Мамун (786-833)

Исламның тұңғыш Ғылым Үйі алдыңғы ілім сүйгіш халифалардың қолдауын тауып отырса да, бұл әмбебап институттың нағыз құрушысы ретінде тарихшылар, Аббаси династиясының жетінші халифасы Абдуллах бин аль-Мамунды көрсетеді.

Ибн Абу Ұсайбиға атты кісі халифа аль-Мамунның Даналық Үйін құрудан алдын, халифаның өз аузынан мынадай бір түс көргендігін риуаят етеді: «Түсімде бір мәжлісте отыр екенмін. Адамдардың арасынан орындықта отырған айбатты бір кісі көзіме оттай басылды. Ол адамды көргеннен менің оған деген құрметім артты. Қасымдағылар маған оның Аристотельдің өзі екендігін айтқан кезде, мен одан бірнәрсе сұрауға бел будым. Орындықта отырған Аристотельге барып «Жақсылық дегеніміз не?» деп сұрадым.  Ол маған «адам ақылының дұрыс көрген нәрсесі» деп жауап берді. «Одан кейін не?» деп сұрағанымда «Шариғаттың дұрыс көрген нәрсесі» деді. «Одан кейін не?» деп сұрадым. Бұған ол «Көпшіліктің дұрыс көрген нәрсесі» деп жауап қатты. «Одан кейін не?» деп сұрағанымда «Одан кейінгісі жоқ» деп жауап берді. Осы түс менің кітаптарды аудартқызып, ғылымды қолдауыма ең басты қозғаушы күш болды».

Иә, мұсылмандардың алғашқы Ғылым Орталығы өзінің ең жарқын дәуірін, Аббасилердің ең жарқын халифаларының бірі аль-Мамунның кезінде өткізді. Ел басшысы болмасына қарамастан ол ғылым мен әдебиетке қатты берілген тұлға болатын. Оның ғылымға, аудармаға дем қойғандығы соншалықты өзге елдермен келісімшарт жасайтын кезде, немесе соғыс тұтқындарын алмастыратын сәтте, қарсылас елдерден қалаларында ең құнды кітаптарды Бағдадқа жіберулерін шарт қоятын еді. Мысалы деректерде халифаның Византия императоры III Михаилмен (840-867) бейбітішілікке қол қою үшін, Константинопольдағы маңызды бір кітапты өзіне беруін талап еткендігі айтылады. Ол кітап грек ғалымы Клавдий Птолемейдің астрономия жайында жазылған еңбегі болатын. Ғарыш әлеміне ерекше қызығатын халифа аталмыш кітапты қолына тигізгеннен кейін, оны дереу арапшаға аудартқызып Даналық Үйі жауһарлары арасында қойғандығы айтылады.

Сондай-ақ халифа аль-Мамун Даналық Үйі жанынан жүйелі бір түрде жұмыс жасайтын аударма бөлімін ашқан алғашқы халифа. Сонымен қатар халифа Даналық Үйі және тәржімандар жетекшілігіне Ислам Алтын ғасырының ең көрнекті тұлғаларының бірі, аудармашы, дәрігер Хұнайн бин Исхақты (808-873) тағайындады. Аль-Мамун оған қоса Хұнайн бастаған ғалымдар тобына дүниенің картасын сызуларына әмір берді. Жағрафияшы аль-Масғуди (896-956) өзінің «Кітап ат-Танбиһ уа-л Ишраф» атты кітабында аль-Мамунның жасатқан әлем картасының детальдарды көрсету және бояу сапасы жағынан одан тиімді картаны көрмегендігін айтып кетеді. Бұл «Мамун картасы» деп аталып кеткен картада әлемнің 530 қала мен елді-мекені, 290 өзен, 200 таудың есімдері мен сипаттары беріледі. Халифа аль-Мамун бұнымен шектелмей, Аббасилердің астанасы Бағдад қаласында Ислам тарихында түңғыш рет аспан денелерін зерттейтін обсерватория аштырады. Артынан дәл сондай бір обсерваторияның Дамасктан да салынуына әмір берді. Сондай-ақ математик, жағрафияшы Мухаммед бин Муса аль-Хорезми (783-850) бастаған ғалымдарға жердің енін яғни экватордың ұзындығын өлшеп шығарулары туралы тапсырыс береді. Өз кезегінде аль-Хорезми ұзақ зерттеулерден кейін экватор ұзындығының 38400 шақырым екендігін анықтайды. Қазіргі заманымызда экватор ұзындығының 40075 шақырым екендігін ескерсек, 9 ғасыр үшін бұл тұжырым үлкен жетістік екендігін айта кету қажет.

Исламның Алтын Ғасырының басталуына зор рөл ойнаған грек, үнді, парсы, ассирия тілдерінен аудармамен айналысқан бұл ғалымдарды марапаттауда халифа аль-Мамун үлкен жомарттық танытатын, әрине. Кейбір деректерде аль-Мамунның бір аудармашының ақысын, тәржімалаған кітабын таразының бір басына, алтынды екінші басына қою арқылы, кітаптың салмағына қарай еңбегінің ақысын қайтарғаны айтылады.

Даналық Үйінің кітапханасы және ондағы аудармашылар жайлы

Даналық Үйінің кітапханасы барған сайын жан-жақтағы ел билеушілерінің Бағдад халифаларына сый ретінде берген және сатып алынған кітаптар арқасында үлкейе түсті. Жалпы кітапхананың құрылымына қарайтын болсақ қазіргі кітапханалардан көп айырмашылығы болмағандығын байқауға болады. Іздеген кітаптарын оқырмандарға тауып беретін және олардың кері қайтарылуын қадағалайтын қызметкерлер бар еді. Тіпті кітап оқушылар үшін отыратын үстелдер де қамтылған болатын. Сондай-ақ кітапхананың бір бөлігі аудармашылар үшін, бір бөлмесі аударылғандарды қағаздарға жазып көбейту, тағы бір бөлмесі оларды редакциялау үшін арналған-ды. Оған қоса кітапхана құрамында дәріс оқу және түрлі ғылыми тақырыптарда дискуссия жасау үшін де бөлмелер қарастырылған болатын. Кітаптар грек, үнді, парсы т.б. сияқты жазылған тілдеріне қарай бірнеше бөлмелерге қойылған еді. Әр бөлменің жауапты кураторы, ал олардың барлығының үстінен қарайтын тағы бір жетекшілері болатын.

 

Мухаммед бин Муса аль-Хорезмидің алгебра жайында жазған кітабының алғашқы беттерінен.

Даналық Үйінде ең жоғарғы қызметті «Сахиб-ул Байт-ул Хикма» лауазымындағы кісі атқаратын. Ал кітапханаға жауапты адам «Хазен» деп аталатын.

Кітап жазылуы мен аудармалардың көбеюі қағаз өндірісіне талаптың күшеюуіне әкелді. Осы тұста «Уаррақиндер» деген қағаз өндірісі және саудасымен айналысатын адамдар көбейді. Олар Даналық Үйін қағазбен қамтамасыз етіп отыратын. Ал «Мужаллидин» деген топтағы адамдар жазылған кітаптың мұқабасын жасаумен айналысатын. Сондай-ақ аударылған кітаптардың көбейтілу жұмыстарында үлкен рөл атқарғандар «Нассахтар» еді. Олар аудармашылардың аударған кітаптарын алып, жеке қажеттіліктері үшін және коммерциялық мақсатта көшірмемен айналысатын. Кітапхананың ең қарапайым қызметкерлерінен бірі «Мұнауилун» еді. Олар кітапханаған келген оқырмандарға іздеген материалдарын табуға жәрдемші болумен қатар кітаптарды өз орындарына қою, оларды тізу, реттеумен айналысатын.

Даналық Үйіне барып, өз көзімен көрген ортағасырлық арап тарихшысы және библиографы Ибн Надим (935-990) бізге ол жайында өте маңызды мағлұматтар береді. Оның айтуы бойынша грекшеден арапшаға аударатын аудармашылардың саны 47, парысшадан тәржіме ететіндердің саны 6, санскриттен (ежелгі үнді әдеби тілі) аударатындардың саны 3-еу еді.

Аударма тәсілі

Халифа аль-Мамунның кезеңіне дейін тәржімашылар кітартарды сөзбе-сөз аударатын. Бұл өз кезегінде оқырмандардың онсыз-ақ күрделі философиялық, медициналық, астрономиялық тарқырыптағы мәтіндерді түсінулерінде олқылықтар тудыратын. Дегенмен Хұнайн бин Исхақ Даналық Үйінің басшылығына келгеннен бастап, аудармашылар кітартарды сөзбе-сөз емес, алдымен сөйлемнің мағынасын түсініп алып, сосын оны арапшаға өз сөздерімен жазу тәсіліне көшті. Ал аудармаға келмейтін өз саласындағы термин сөздерді арап аудармашылары арап тілі фонетикасына сай келетіндей қылып аударатын. Мысалы грекшеден ассирияшаға аударатын тәржімандар грек тіліндегі «заң» мағынасын келетін VOMOS сөзін  ناموس (Намус)  деп аударды. Кейбір терминдерді екінші нәсіл аудармашылары грекшеден аударылған оригиналынан өзгеше етіп тәржімалайтын. Мысалы KATEGRIAE сөзін олар كاتيغورياس (катиғуриас) деп аударды.

 

Педаний Диоскоридтың медицина саласындағы жазған өсімдікдер жайлы еңбегінің арапша аудармасы

Аббасилер дәуірінде ғылыми серпіліс тек қана аударма жұмыстарымен шектелген жоқ. Әмбебап ғалымдар өз ізденістерімен кейінгілерге бағдар болатын бағалы еңбектерді дүниеге әкелуді ешқашан тоқтатқан жоқ. Мысалы тек Йақуб бин Исхақ ал-Киндинің (801-873) өзі 231 еңбек жазды. Олар: философия бойынша 22 кітап, медицинада 22 кітап, саясаттану бойынша 12, математика бойынша 11, шариғат үкімдері жайында 10 кітап, логика жайында 9 кітап, музыка жайында 7 кітап, психология саласында 5 кітап және т.б.

Жоғарғы Оқу Орны ретінде – Даналық Үйі

Даналық Үйі жоғарыда айтылған бірнеше функциялармен қатар, заманының университеті қызметін де атқарды. Талапкерлер Даналық Үйіне оқуға қабылданбай тұрып екі білім алу кезеңінен өтетін. Бірінші кезеңде оқушы жеке мұғалімдерден үйде не арнайы ғимараттарда арапша оқу-сызу, Құран жаттау, бастапқы есеп шығару сияқты негізгі дәрістерді алатын. Екінші кезеңде студенттер мешіттердегі арнайы бөлмелерде не халқаларда (ұстаздың айналасында жиналып отыру) шамалы күрделілеу тәпсір, фиқһ, ақида, сира, шейір, әдебиет, критика сияқты ғылымдардан сауаттарын жетелдіретін. Осы екі этаптан кейін барып талапкер үшін Даналық Үйіне жол ашылатын. Ал Даналық Үйінің өзінде дәрістер мұғалім-шәкірт сабақтары және дискуссия мен диалог ретінде екі тәсілде өткізілетін. Даналық Үйіндегі өтілетін дәрістер қатарының көршілігін философия, медицина, есеп, астрономия, жағрафия, музыка, табиғат сияқты гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдары құрайтын. Шейх немесе ұстаз дәрістерді арнайы аудиторияларда өтіп, оның көмекшісіне «Муғид» делінетін. Муғидтың міндеті дәрістен кейін студенттерге сабақтан түсінбеген жерлерін ашықтау еді.

 

1208 жылға жататын мұсылмандардың жасаған астрономияны зерттеуге арналған құралдардың бірі – астролябия.

Осылайша студенттер әрбір саланың мамандарынан кеңінен білім ала отыра өздерін жетілдіретін. Тағы бір айта кетерлік жәйт ұстаздар мен Даналық Үйін тәмамдағандар басқалармен шатастырылмаулары үшін, бастарына қара сәлле мен үстеріне иығы және арқасын жауып тұратын мата жауып жүрулері шарт еді. Әрине сондай-ақ Байт-ул Хикманы бітіргендерге олардың жоғарғы оқу орнын тәмамдағандары туралы «иджаза» (сертификат) берілетін. 

Тоқырауға ұшырауы

Өкінішке қарай аль-Мамуннен кейін келген халифалар Даналық Үйінің ары қарай өркендеуіне атап айтарлықтай үлес қоспады. Ғылым Орталығының бюджеті азайып, мемлекет басшылары жетерлі дәрежеде көңіл бөлмегендіктерінен ғалымдар да тарқай бастады. Алайда ғылым баяулағаныменен Даналық Үйі өз маңызын мүлдем жоғалтқан жоқ. Ал Бағдад болса Ислам әлемінің төрт бұрышынан жас тәлімгерлердің, ізденушілердің ағылатын орталығы болуын ешуақыт тоқтатқан жоқ. Дегенмен Ислам әлемінің саяси, мәдени, ғылыми орталығы атағын 8 ғасырдан бері абыроймен көтеріп келе жатқан Бағдад, 1258 жылы Шыңғыс Ханның немересі Хулагу бастаған моңғолдардан шапқыншылығынан кейін құлдырау дәуіріне кірді. Өркениеттің құндылықтарынан жұрдай, тек соғысуды білетін моңғолдар 1258 жылы Аббасилердің ең соңғы халифасы Мутасим Билланы (1213-1258) әулетімен бірге қырып жіберді. Ал ғасырлар бойы жиналып келген Даналық Үйінің кітапханасын өртке беріп, ішіндегі кітаптарын Тигр өзеніне лақтырды. Әрине Даналық Үйінің күйреуі мен мұсылмандар арасындағы ғылымның баяулауын тек моңғолдардың шапқыншылығымен байланыстыру дұрыс емес. Бұның себебін мұсылман билеушілерінің, білім мен ғылымға негізделген саясаттарының жетіспеушілігінен бастап, қарапайым мұсылмандардың дүниеге деген көзқарастарының өзгеруі сияқты бірнеше аспектілермен түсіндіруге болар еді.

Мұсылмандар осындай халді кешіріп жатқан кезде, Еуропа елдерінде арап тіліндегі мұсылмандардың медицина, астрономия, математика, философия сияқты гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдары саласында жазған кітаптары, сондай-ақ грекшеден аударылған еңбектері латыншаға қызу тәржімаланып жатты. Бұл өз кезегінде Еуропада ғылымның қайта жанданып, Қайта Өрлеу Дәуірінің /Ренессанстың/ басталуына үлкен себеп болды.

 Бурхан Абдулхаким

Теология ғылымдарының p.h.d докторанты

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 193 рет
JoomShaper
Top