Адам баласының ең аяулы ағзасы

Сейсенбі, 05.09.2017
Адам баласының ең аяулы ағзасы

Адамның жүрек пен миынан басқа азғасы толығымен бес жылда жаңарып шығады екен. Сіз бес жыл бұрын қандай болсаңыз, бүгін сіз мүлде басқа адамсыз.

Сіздің теріңіз, сүйегіңіз және басқа да ағзаларының түгелімен түлеп өзгерген. Ішектің бүрі қырық сегіз сағатта жаңарып отырады. Яғни, екі күн сайын ауысып тұрады. Ал, сүйек бес жылда жаңаратын көрінеді. Тек жүрек пен ми ғана сол қалпында қалады. Ми жаңаратын болса барлық мағлұматтар, тәжірибелер, жадында сақталған таным, білім толығымен өшіп кетер еді. Демек, мидың бір қалыпта сақталуы үлкен иләһи сый. Жүрек пен ми талшықтары мен жасушалары өзгермейді. Ми жайлы айттық. Ал, жүрекке келер болсақ, біраз кеңірек айтып көрейік.

Ғалымдар жүректі физиологиялық тұрғыдан ұзақ жылдар зерттеп келеді. Қорытындысы, жүрек – қан айналдыратын құрал. Ғалымдар одан артық еш нәрсе алып-қоса алмайды. ХХІ ғасыр басында ота жасау едәуір дамып, жүрек және басқа да ағзаларды алмастыру оталары жүзеге аса бастады. Ғалымдар науқастың жүрегін алмастырумен ешбір түсінік бере алмайтын құбылысқа тап болды. Адамның жақсы көру мен жақтырмайтын нәрселері өзгеріп шыға келді. Бұл жаңа зерттеулер нәтижесі Құран Кәрімнің жүрек жайлы айтқан аяттарымен дәлме-дәл шығуда. Әрине, бұл тағы да Құран Жаратушының сөзі екенін растай түседі.

Жүрек мидан дербес әрекет етеді

Ана құрсағындағы шарананың мидан бұрын жүрегі жаратылады. Осылайша, денесі жаратыла бастаған сәтте соға бастаған жүрек адам қайтыс болғанша тоқтамайды. Десе де, ғалымдар ми жүрек қағысын реттеп тұрады деп тұжырымдайды. Алайда, жүрек ауыстыру отасы нәтижесінде байқалған жайт жаңа жүрек мимен байланыспай жатып-ақ соға бастауда. Бұл жүрек жайлы бірінші ақиқат. Міне, осы нәрсе жүректің миға тәуелсіз әрекет ететіндігін білдіреді. Бүгінгі таңда, зерттеушілер миға бағыт-бағдар беретін жүрек деп түйіндеуде. Жүректің әрбір жасушасында сақтау қабілеті бар. Жүрек бар болғаны 250-300 гр жұдырықтай ғана ет бола тұра денедегі үш жүз миллион жасушаға қорек тасымалдайды.

Жүрек отасына қатысты мынадай оқиға орын алған екен. Жас баласынан айырылған ана баласының жүрегін науқас сәбиге беруге келіседі. Ота кезінде кірпік қақпай барлығын өз көзімен көріп тұрған ана отадан шыққан баланы құшағына алғанда өз баласын бауырына басқандай сезімде болады. Тағы бір оқиға, бойжеткен қыздың жүрегін ауыстырады. Бірнеше күннен кейін қыз дәрігерге кеуде тұсындағы қатты ауруды айтып шағымданады. Дәрігер бұл отадан кейін болатын әдеткі жағдай деп түсіндіреді. Кейінірек, жүрегі алынған донор қызды жол бойында автокөлік кеуде тұсынан қағып мерт еткендігі анықталады. Бүгінгі күні ғалымдар жасушаның да жады бар деп болжам жасауда. Яғни, ақпарат тасымалдаушы тек ми ғана емес адам денесіндегі әрбір жасушаның сақтау қабілеті, ақпарат сақтауы бар көрінеді.

Жүрек қызметі

Құрсақта жаратылып жатқан шарана 21 күнге толғанда жүрегі соға бастайды. Осы сәттен бастап денесінің әр жасушасына қан айдауын тоқтатпайды. Балиғатқа жеткенде жүрегі тәулігіне 70-80 мың литр қан айналдырады. Бір күнде 802 литр қанды денеге таратады. Ойлап қараңыз, үйіңіздегі мың литр сиымдылығы бар жанар-жағар майы бір жылға емін-еркін жетеді. Солай емес пе? Ал, жүрек 24 сағатта осыншама қанды тоқтаусыз айналдырады. Жүрек бұлшық еті бір күнде жүз мыңнан көп ашып-жиырылады. Жетпіске келген кісінің жүрегі миллион литрден астам қанды айналдырып үлгереді.

Құран Кәрімде: «Сөзсіз мүміндер; Алла еске алынса, жүректері қобалжиды...[1]»  және «Шайтанның салатынын; жүректері қатайғандарға, сынақ үшін...[2]» сынды аяттар жүректің беймәлім қызметтерін меңзеуде.

Адамның көңіл-күйі толығымен жүрегіне байланысты. Жүрек тыныштық пен қолайсыздықтың, қорқыныш пен қауіпсіздік, сүйіспеншілік пен иманның бастауы. Иә, жүрек жақсылықпен толса, әрбір алынбас асудың өзі түкке тұрғысыз болмашы кедергі боп қалады. Ал, әрбір болмашы нәрсемен толған жүрек үшін құнсыз дүниелер аса қымбат боп көріне түседі. Сондықтан жүрекке ерекше күтім қажет.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Денеде жұдырықтай бір ет бар. Ол дұрыс болса, дене тұтастай дұрыс болғаны. Ал егер, ол бұзылса дене де толығымен бұзылады. Ол – жүрек[3]»,-деген сөзінің мыңнан бір қыры да осы.

 

Руслан ҚАМБАРОВ,

исламтанушы

 

 



[1] Әнфал сүресі, 2-аят

[2] Хаж сүресі, 53-аят

[3] Бұхари, Муслим

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 604 рет
JoomShaper
Top