«Оқы» деп келген алғашқы әмір (2-бөлім)

Бейсенбі, 22.06.2017
«Оқы» деп келген алғашқы әмір (2-бөлім)

Құран түскенге дейін араб халқы көбіне сауатсыз болғаны мәлім. Сол кездері тарихи мәліметтерде Меккеде оншақты және Мәдинада да бар болғаны сол шамалас оқу жазу білетін адамдардың болғандығы айтылады.

Ал Құранның түсе бастауымен оқу-жазуға деген құлшыныс пайда болды. Өйткені дінді үйрену үшін Құранды жазып, жаттау қажеттілігі туындады. Табақат кітаптарында Пайғамбарымыздың жанында 40-тан астам уахи жазушыларының болғандығы айтылады [1].

Пайғамбарымыз бәдір шайқасында қолға түскен тұтқындарды он мұсылманға оқу-жазу үйрету шартымен босатқандығы оның тәлім-тәрбиеге қаншалықты мән бергенін көрсетеді. Сонымен қатар ол суффа сахабаларын мешітке жинап, тек қана іліммен шұғылдануға жұмыл­дырған. Алғашқы ілім ошағы әл-Мәсжидул Нәбәуиден (Пайғамбар мешітінен) бастау алған.

Ардақты елшінің оқу-жазуға қатысты тәлім-тәрбие ошақтары мынадай еді:

1. Асхабы суффа – Пайғамбарымыздың мешітінің жанында алыс жерлерден келіп сол жерде жатып, ғылым-білім үйреніп, мұсылман үмбетіне ұстаздық еткен сахабалар;

2. Мешіттер. Мәдина мен оған жақы аймақтарда 40-қа жуық мешіт болған екен;

3. Дәрул-қурра: Бұны «асхабы суффа» дегендер де кездескенімен олардың асхабы суффадан бөлек екендігі айтылады;

4. Үйлер. Алла елшісі сахабаларының үйлерін де тәлім-тәрбие мақсатында қолданған [2].

  Міне осыдан Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сол кезде оқу-жазудың кең өрістеуі үшін қолынан келген мүмкіндіктердің бәрін толық қолданғанын байқаймыз. Осы аталған жерлердің бәрі тегіс оқу-жазу, тәлім-тәрбиенің ошағы еді.

Пайғамбарымыз өзге елдермен дипломатиялық қарым-қатынас жасау үшін ел билеушілеріне хаттар жазғызып тұрған. Осы мақсатта Зәйд ибн Сәбитке «Ибрани тілін үйрен» дегенде ол 17 күнде оқу-жазуды түсінетіндей үйреніп алған [3].

Пайғамбарымыз (с.а.с.) тіпті әйелдер үшін арнайы бір күн бөліп, оларға дінді үйрену мүмкіндігін жасаған[4]. Пайғамбарымыз кезеңінде Құранды жатаған 4 әйел болған екен. Олар: Айша, Хафса, Үмму Сәләмә (Пайғамбарымыздың жұбайлары) және Үмму Уарақа [5].

Пайғамбарымыз үмбетін оқу-жазуға ұдайы ынталандырып отырғанын жоғарыдағы хадистерден айқын байқаймыз. Сонымен қатар білімділердің құрметке лайық екендігін іс-әрекеттерімен де көрсетіп отырған. Мысалы, Пайғамбарымызға ант беруге келген Жәрм делегациясының өкілдері діннің негіздерін үйреніп, қайтар кезде Пайғамбарымыздан «Бізге енді кім имамдық жасайды?» деп сұрағанда ол «Құранды ең жақсы білетіндерің» деп жауап береді. Сол кезде араларынан Амр ибн Сәләмә шыққан. Ол небәрі 6 жаста болған. Пайғамбарымыз соны имам ретінде тағайындаған екен.

Осман б. Әбул-Ас та Сақиф делегациясының арасындағы ең жас болғанына қарамастан Ислам мен Құранды үйренуге деген ықыласының арқасында имам болып сайланған.

Пайғамбарымыз Ухуд шейіттерін жерлер кезде, бір қабірге 2-3 мәйітті қатар қойған. Сол кезде ең алғаш қабірге Құранды көбірек білетіндерін қою арқылы оларға құрмет көрсеткен.

Омар ибн Хаттаб (р.а.) Меккеге Нафи ибн Абдилхаристі әкім ретінде сайлайды. Ол Омармен кездесуге кетер кезде орнына құл болған Абдуррахман б. Әбзаны тағайындайды. Омар неге олай жасадың деп ашуланған кезде оның фиқһ пен Құранды жақсы білетінін тілге тиек еткен кезде Омар (р.а.): «Аллаһ Құран арқылы кейбіреулердің дәрежесін өсіріп, кейбірінің абыройын түсіреді» деген хадисті айтқан екен [6].

Білімділерді құрметтеу үрдісі Пайғамбарымыздан кейінгі алғашқы ғасырларда да өз жалғасын тауып, мұсылмандардың арасында мәуәли (араб емес) ғалымдар өте көп шыққан. Мухаддистердің 80 пайызға жуығы осы мәуәли ғалымдарының арасынан шыққан екен.   

Әрине алғашқы кездегі ілімнің қайнар көзі Құран мен хадис болғаны мәлім. Осы құлщынысты Әнәс ибн Мәліктің мәуләсі Мұхаммед ибн Сириннің баласы Әнас ибн Сирин былайша баяндайды: «Куфаға барғанда Куфа мешітінде 4000-ға жуық адам хадис сабақтарына қатысатын. Олардың арасында 400 факиһ еді». Шамда Әбу Дәрданың ілім алқасында 1500 адам хадис оқыған екен. Бір хадис үшін талай жол машақатына шыдап саяхат жасаған сахаба мен табиғиндар өмірі де жырға толы(Тәлімі мінсіз тәлімгер).

Осы аят-хадистерден тәлім алған мұсылмандардың арасында аздаған уақыттың ішінде ғылымның барлық саласында адамзатты таңқалдырған ғалым-ғұламалар өсіп жетілді. Мәселен бір ғана Ибн Мәсғұдтың өзі Куфаны ілім орталығына айналдырып, сол орталықтан Алқама, Әсуәд ибн Язид, Ибраһим Нахаи, Хаммад, Әбу Ханифа тәрізді фиқыһ, хадис, кәләм білгірлері саналатын жүздеген, мыңдаған дара тұлғалар шыққан. Имам Ағзамның атақты шәкірттері Әбу Жүсіпті, Имам Хасан әш-Шәйбәниды, Имам Зүфәрлардың фиқһ ілімінің дамуына қосқан үлесі ерекше. Ханафи мәзһабының ірі ғалымдарының бірі Шәмсул-Әиммә әс-Сарахси өзінің отыз томдық атақты «Мәбсут» атты кітабын жаймашуақ бейбіт кезеңде емес, зынданда жатып жаздырған.

Өзге мәзһаб имамдары Имам әш-Шафиғи, Имам Мәлік, Имам Ахмәд ибн Ханбәлдің ғылымға деген ықыластары ерекше таңқаларлық. Олардың әрқайсысы ғылымның алып шыңдары

Тәпсір саласында Әли Ибн Әби Талиб (р.а.), Ибн Аббастар (р.а.), одан ары Мұжаһид және Сейіт ибн Жүбәйірлер (р.а.), одан ары Ибн Жәрир әт-Табари, Фаһруддин әр-Рази, Ибн Кәсирлер, Имам Суюти секілді ғалымдардың да аты әлімге әйгілі.

Ал хадис саласының алдына қара салмайтын білгірлері: Имам Бұхари, Имам Мүслім, Әбу Дәуіт, Тирмизи, Нәсәи, Ибн Мәжә, Имам Ахмәд ибн Ханбәл, Даракұтни, Байхақи, Дарими секілді ғұламалар. Имам Бұхариды ғана алсақ, ілімдегі тереңдігі сонша ол бір миллион хадисті жаттаған. Солардың арасынан тек төрт мыңға жуығын ғана «Сахих» кітабына кіргізген. Өмірін тақуалықпен өткізген бұдан басқа да қаншама ірі хадисшілер бар.

Мұсылмандардың адамзат өркениетінің дамуына үлес қосқан «алтын ғасырында» құқық, тәпсір, хадис және кәләммен қатар медицина, математика, география, астрономия т.б. жаратылыс ғылымдары саласында да жүздеген ғалымдар жетіліп, құнды ғылыми мұраларын тарту етті (Бұл жайлы келесі мақаламызда кеңінен сөз қозғамақпыз).

Жалпы Құран Кәрім мен Пайғамбарымыздың хадистеріне мұқият үңілгенде араб тіліндегі «Илм», яғни ғылым сөзінің жалпы түрде келгенін байқаймыз. Ғылым деген кезде тек қана діни білім көзделмеген. Міне осының сырын терең ұққан мұсылмандар алғашында дін саласын игерумен қатар бертін келе, ғылымның барлық салаларымен айналысып, қазіргі зманауи ғылым-білімнің өркендеп дамуына негіз қалап кетті.

Өкінішке орай, ең адғашқы бұйрығы «Оқы» деп келген мұсылман үмбетінің қазіргі жағдайы өте қайғылы. Ғылым-білім саласына қосып жатқан үлестері жоқтың қасы. Көптеген елдерде оқу-жазу сауаттылығы мүлдем төмен. Соның салдарынан қазіргі таңда өркениет көшінің соңында келеді. Бұл әрине орта ғасырларда күллі адамзатты өзіне тәнті еткен, кітабы – Құран, ұстазы – Алланың соңғы елшісі Мұхаммед (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) болған иісі мұсылман баласы үшін жан күйзелтетін жәйт. Сондықтан мұсылман баласы өзінің адамзат тарихындағы мақтанышқа толы орнына қайта жайғаса алуы үшін, білім-ғылымға ерекше мән беруі керек. Жасалуы қажет ең үлкен жихад осы болса керек.

Осы Орайда Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жас­тары­мыз басымдық беретін межелердің қатар­ында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» деуі біздерге де ой салуы қажет.

Алау ӘДІЛБАЕВ,

исламтанушы

 



[1] Ибн әл-Әсир. Усд әл-ғаба фи мағрифати ас-сахаба, Каир, 1970,  1/62-63 

[2] И. Жанан. Пейгамберимизин (с.а.с.) окума язма ве өгретим сеферберлиги, Стамбул, 2006, 60-73-б.

[3] Асқалани. Фәтхул-бари, т.16, 310-б.

[4] Бухари, Илм, 51

[5] Суюти. Әл-Итқан фи улум әл-Қуран, Каир, 1951, т.1, 72-б.

[6] И. Жанан. 55-56-б.

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 448 рет
JoomShaper
Top