«Оқы» деп келген алғашқы әмір

Сәрсенбі, 21.06.2017
«Оқы» деп келген алғашқы әмір

Ислам дінінде Алла Тағаланың ең алғашқы бұйрығының: «Оқы!» деп келуінің өзіндік үлкен астары бар. Иә, Құран Кәрімнің алғашқы әмірі «Оқы! Раббыңның атымен...» [1] деп басталған. Бірақ бұл жерде тек «Құранды оқы!» деп ашық айтпаған, тіпті «Сендерге берілген кітапты оқыңдар» да демеген. Бұл «оқы» деген бұйрықтың мәнісін де Құран өзі түсіндіруде: «Оқы, сол жомарт раббыңның атымен оқы, ол адамға қаламмен жазуды үйретті»[2].

Өздеріңіз де байқағандай, бұл жердегі оқу және жазу мәселелері бірінен кейін бірі қатар аталған. Иә, адам оқып-жазуы тиіс, алайда нені оқып, жазса да мақсат ғаламдағы құдіреттің дәлелдерін әрі өз ішкі болмысын, Құранның негізін түсінуге бағытталуы керек. Өз физиологиясына, өз анатомиясына, айналадағы ғаламға қарап ұққан дәрістерін, зерделеген танымын шамасынша өз жанұясынан бастап әркез басқаларға да естіртетін болады. Иә, бұл жердегі «оқы» деген бұйрық тек Құранның сөздерін оқумен ғана шектелмейтіндігі одан кейінгі  келетін сөйлем жолынан түсінікті болып тұр. Құран «оқы» деген бұйрығымен әрі иләһи аяттарды, әрі ғаламдағы заңдылықтарды оқып-білуге үндейді. Сол себепті, оқығанда әрі жаратылуымызды, әрі ғаламды, әрі Алланың кәламын зерделеуіміз керек... 

...Бұл – «Ғалам кітабын Құранмен бірге оқы!» деген Алланың адамға берген ең ғажап дәрісі. Олай дейтініміз, оны естіген қарапайым біреу де, ойшыл  да екеуі де өздеріне керекті тағылымын алады. Иә, Алла елшісінің тәлім ошағында ұмми бір адам да, үлкен ғалым да араларындағы жер мен көктей айырмашылыққа қарамастан өздеріне тиесілі денгейінде алатын болады.

Құран Кәрімнің жазуға қатысты айтқандары да бар. «Қалам» сүресінде «Нун... Қаламға да, жазғандарына да серт!» делініп, қаламның маңызын аңғарамыз. Бұл жердегі нун әрпінің мағынасы ашық емес. Бірақ ірі тәпсірлерде бұл әріптің «балыққа» жорамалдануымен қатар сиясауыт мағынасына келетіндігін айтушылар да бар. Оларды былай қоя тұрайық, біз Алланың аятты нунмен бастап, қаламмен аяқтағанына ой шалдырып көрейік.  Алланың қаламға серт етіп аяқтауы оның қаншалықты маңызды екенін білдіреді. Бұл қалам мейлі амал парақтарымыз бен өмірдегі жүріс-тұрысымызды жазатын кирамән катибин (екі періште) болсын, мейлі тағдырымызды анықтайтын мәлә-и аланың (көктегі періштелер) тұрғындары болсын, мейлі Алланың алғашқы жазуын жазған қалам болсын, мейлі сіздер мектепте қолданатын қалам болсын, бәрі бір мағынада берілуі ықтимал. Айырмашылық – соны кімнің қолданатындығында, қалай дегенде де Алланың қаламға серті бұлардың барлығын қамтиды. Бір қызығы осы сүре оқуды әмір еткен «Алақ» сүресінен кейін бірден түсуі де ерекше назар аударарлық жәйт.

Құранда жазуға қажетті саналған қаламға да мән берілген. Бұл сөз Құранда 4 жерде (2-еуі жекеше, 2-еуі көпше түрде) айтылады. («Қалам» сүресі, 68/1, «Алақ» сүресі, 96/4, «Лұқман» сүресі, 31/27, «Әли Имран», сүресі, 3/44). Сонымен қатар 68-сүренің «қалам» деп аталуы оның қаншалықты маңызды екенін тайға таңба басқандай анық көрсетеді. Бұл сүре «Нун, қалам және оның жазған/жазатын нәрселеріне серт!» деп басталады. Неігізінен Құранда маңызды нәрселерге серт беріледі. Сонымен қатар Пайғамбарымыздың «Алла тағаланың ең алғаш жаратқа нәрсесі қалам. Оны жаратқаннан кейін болатын нәрселерді жазуын бұыйрды. Ол (бұрықты орындап) жазды» (Тирмизи, Қадар:17, Тәфсир:2, Хайсами, 7/190) деген хадисі бұның қаншалықты маңызды екенін көрсеткен қорытынды іспетті. Мұсылман ғалымдары жазудың маңыздылығына дәлел ретінде «жазуды үйрету» ісін Жаратқан Жаббар иенің өзіне тиесілі етуін көрсетеді. Өйткені алғашқы түскен аяттарда «Оқы! «Қаламмен (жазу-сызуды) үйреткен». Адамға білмегенін білдірген Раббың тым жомарт» делінген.

Ғылымның мақсаты өзін, қоршаған ортаны тану арқылы Жаратқанды табу. «Мән арафа нәфсәһу фақад арафа раббаху», яғни «Өзін таныған адам Раббысын да танығаны» деген сөз де осыны көрсетеді. Яғни ақиқатқа жету жолында ғылым маңызды құрал болып саналады. Ал осы ғылым жолында оқу-сызудың маңызы ерекше.  Құран кәрімнің Пайғамбарымызға бұйыру арқылы күллі адмзатқа қарата айтылған ең алғашқы аяттарының оқуға қатысты болуы ой саларлық. Қиямет қайымға дейін келетін адамзатқа жетекшілік жасап, жол сілтейтін Кітаптың осы  сөзді таңдауы мұсылмағдарға ғылым-білімнің маңызын ұқтыру жолындағы ең алғашқы қадам болып табылады. Сонымен қатар Қасиетті кітабымыздың ең көп оқылған деген мағынаға саятын «Құран» деп аталуының да астарында үлкен ақиқат жатса керек.

Енді Құран кәрімде осы оқу-жазуға қатысты қаншалықты мән берілгенін ұғына түсу үшін кейбір мәліметтерге назар аудара кетейік. Құран кәрімде ғылымның маңызды құралдарынан саналған жазуға да көп мән берілген. Жалпылай алғанда «жазу» деген мағынаға саятын әр түрлі түбір сөздерден туындаған 366 сөз кездеседі екен.

Құранда білу деген мағынаға саятын «илм» түбірінен туындаған 780 сөз өтеді. Ғылым деген сөзбен мағыналас хикма мен ғалым деген мағынаға келетін хаким сөздерін де айта кету керек. Хикма сөзі 20, хаким сөзі 97 жерде өтеді. Қосымша «білу» деген мағынаға келетін марифа сөзі 70 ке жуық сөз бар. Сонымен қатар ілімге қол жеткізу жолында қажет саналатын тәфәккур 18, «ақыл» мен «тааққул» сөздеріне қатысты 49 сөз өтеді. Сонымен қатар ғылымға қатысты тәфаққуһ, тәдәббур, тәфәһһум, шуур секліді сөздер де көптеп кездеседі.

Алла Тағаланың ғылым-білімге ынталандырған бірнеше ғана аяттарын келтіре кетейік. «Бақара» сүресінің 269-аятында: «Ол хикметті (даналықты) қалаған пендесіне нәсіп етеді. Кімге даналық берілген болса, расында оған қыруар игілік берілгені. Алайда (бұл ақиқатты) тек шынайы ақыл иелері ғана терең түсініп, ғибрат ала алады».

«Жер бетінде (Аллаға) қалтқысыз иланғысы келетін жандар үшін көптеген айдан анық айғақ бар» («Зәрият» сүресі, 20-аят), «Уа, Раббым! Білімімді арттыра гөр!» – деп айт» (Таһа сүресі: 20/114),  «Оларға: «Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?» – деп айт». (Зумәр сүресі: 39/9), «Алла тағала сендердің араларыңнан иман келтіргендердің, сондай-ақ, өздеріне ілім нәсіп болғандардың дәрежесін көтеріп, мерейін өсіреді».(Мужәдилә сүресі: 58/11), «Расында, Алладан құлдарының ішінен ғалымдар ғана шынайы түрде қорқады». (Фатыр сүресі: 35/28)

Сонымен қатар: «Дәуіт пен Сүлейменге ілім бердік. Екеуі: «Бізді мүмин құлдардың көбінен үстем еткен Аллаға мадақ»,– деді» («Нәміл» сүресі, 15). Осы аятта да екі пайғамбардың ілім нығметін сыйлап өзге муминдерден үстем еткендігі үішін Жаратқанға мадақ айтқанынан ілімнің қаншалықты артықшылық екенін байқаймыз.

«Тәуба» сүресінің 122-аятында  да Алла тағала мұсылмандарға «Барлығың тегіс жиһадқа шығып кетпей, дінді жақсы үйреніп, қалғандарына үйрету үшін» бір топтың қалуын бұйыруы да ілім үйренудің артықшылын көрсетеді.

Жаратқаннан осы әмірлерді алған адамзаттың мырзасы Пайғамбарымыз (с.а.с.) да үмбетін оқып-білуге ынталандырып отырды. Оның ілім үйренуге қатысты айтқан бірқатар інжу-маржан сөздері, хадистері төмендегідей:

Мағауия (р.а.): «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): Алла тағала кімге жақсылық қаласа, соған дінді кеңінен, терең түсінуді нәсіп етеді – деп айтты» – деген. (Бұхари, ильм 10; Муслим, имара 175);

Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген хадисте: «Алла елшісі (с.ғ.с.): «Кімде-кім білім жолына түссе, Алла тағала оған жұмаққа барар жолды жеңілдетеді» – деп айтты» – делінген. (Муслим, зикр 39);

Әбу Дәрда (р.а.) жеткізген мына хадис ғылымның артықшылығына көптеген қырларын қамтыған: «Алла елшісінің (с.ғ.с.): Кімде-кім білім жолына түссе, Алла тағала оған жұмаққа барар жолды жеңілдетеді. Періштелер де білім алушының талабына дән риза болып, аяғының астына қанаттарын жайып, ізет көрсетеді. Сондай-ақ, жеті қабат аспан мен жердегі барлық жаратылыс атаулы, тіпті судағы алып балықтар да шынайы ғалым үшін Алладан жарылқау тілейді. Ғалымның білімсіз діндардан артықшылығы толған айдың өзге ұсақ жұлдыздардан артықшылығы секілді. Расында шынайы ғалымдар – пайғамбарлардың мұрагерлері. Шынтуайтында, пайғамбарлар мұра ретінде динар мен дирхам  емес, тек қана ілім қалдырды. Кімде-кім сол ілімнен сусындаса,  мол несібеге кенелгені – деп айтқанын естідім» – деген. (Тирмизи, ильм 19; Әбу Дәуіт, ильм 1);

«Қиямет күні ғалымдардың сиясы шейіттердің қанымен таразыға тартылады. Сонда ғалымдардың сиясы ауыр басады»[3];

Осы аят-хадистерді үмбетіне жеткізген Ардақты пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қоғамдағы надандық пен сауатсыздықты жою үшін сол кездегі мүмкіндіктің бәрін пайдаланып, қолынан келгенін жасады... (Жалғасы бар...)

Алау ӘДІЛБАЕВ,

исламтанушы



[1] Алақ сүресі 96/1.

[2] Алақ сүресі, 96/3-4.

[3] Мунәуи, Фәйзул-қадир, 6/466; Ибн Әбдилбәрр Әбу Омар,  Жәмиу бәйәнил-илми уә фадлиһи, Мәдинә, 1968 Илм, 33 

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 441 рет
JoomShaper
Top