Жаңалықтар

Ислам мен ғылым сұхбаты

Араб тілі – ғылым тілі

Араб тілі – ғылым тілі болды. Бұл тіл әлемге поэзия мен прозаның ғажап туындыларын тарту етті. Мұсылман ғалымдары күні бүгінге дейін өзектілігін жоғалтпаған іргелі шығармалар мен трактаттарды дүниеге келтірді. Мұсылман ғалымдарының әлемдік мәдениетке қосқан үлесі орасан зор.

Айтпақшы, бұл дәуірге қатысты тарихшы мен ойшыл ғалымдары сол кездерде араб-мұсылман әлемінің артынан ерген Еуропаны «бойсұнушы шәкірт» деп атаған. Неге дейсіз бе? Өйткені, ортағасырдағы Еуропа грек ойшылдарын және олардың шығармаларын араб тілінен латын тіліне аударып қана танысу мүмкіндігіне ие еді. Бұған қоса, XII-XIII араб-мұсылман математиктерінің, дәрігерлерінің шығармалары ортағасыр Еуропа ғылымының негізі болды. Тіпіті Ибн Синаның «Әш-Шифа» (Исцеление) кітабы күні бүгінге дейін Еуропаның бірқатар медицина факультеттерінде қосымша пән ретінде оқытылатыны мәлім.

Ислам ғылымды ардақтайды

Дін ислам ғылымды ардақтайды, ғалымның мәртебесі жоғары: «Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?» (Зумар: 9). Аятта көргеніміздей білімді адам мен білімсіз адам тең емес. Тарихтан мысалы келтіре отырайық: IX ғасырда әл-Мамун халифтің әмірімен көтерілген, аты әлемге әйгілі «Бәйту әл-Хикма» (Даналық үйі – Дом мудрости) болған. Бұл ислам академиясының басты мақсаттарының бірі – үнді, грек тілдеріндегі астрономия, математика, медицина, химия, метафизика, философия т.б. шығармаларды араб тіліне аудару еді. Мұнда қандай тілде болсын білім туралы кітап алып келген адамға немесе аудармашыға сол кітаптың салмағымен тең күміс берілген. Сондықтан дұрыс үйретілген ислам қоғамдағы тәлім алу мен білім беруге өзінің оңды үлесін қосары сөзсіз. Тек оны дұрыс үйрете білу керек. Ғаламтордағы псевдо «шейхтер» арқылы немесе теріс ағымдағы «лидерлер» арқылы емес. Біз қаласақ та, қаламасақ та, мына заманда жастар дінге қызығушылық танытары анық. Мұның куәсі болып та отырмыз. Сондықтан, оны өз бетінше жібермей  жастарға дұрыс бағыт-бағдар беріп, сол жолда білікті дін мамандары мен ғалымдары, имамдарымыз бірлесе отырып атсалысқаны жөн. Ал енді исламның мемлекеттік құрылымға, азаматтық қоғамды құрудағы орнына келер болсақ, онда мысалы ретінде әл-Фараби секілді бабаларымыздың шығармаларын келтіруге болады.

Араб-мұсылман ғалымдары мемлекет туралы

Мемлекет, билік, мемлекеттік қызметші, қоғам мүшелері, азамат сияқты ұғымдар мен құрылымдар, мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар бүгін пайда болған дүниелер емес. Бұлар ертеден бар. Бұларға қатысты ғалымдар қанша ғасырлар бұрын талдау жасаған, оларға іргелі әрі құнды зерттеулерін арнаған. Яғни, біздің бүгін көтеріп отырған сұрақтарымызға қанша ғасырлар бұрын ғалымдар жауап берген. Бұл мәселелер жаңалық емес. Тек өкінішке қарай, кейінгі кезде әлемдегі қайғылы оқиғалар, исламды өтірік қаралау, исламофобияның таратылуы, дінді терроризм мен экстремизммен теңестіріп қарау, белгілі топтардың дінді өз мүддесіне сәйкес бұрмалауы сияқты жағдайлар бізді осындай сұрақтарға (діннің азаматтық қоғамдағы орны, пайдасы немесе зияны бар ма? дін және мемлекет қарым-қатынасы қандай? сияқты т.б. мәселелерге) қайта әкеліп отыр. Қала берсе, біз ұзақ жылдар бойы ата-баба дәстүрі мен мұсылманшылықтан қол үзіп қалдық. Сөйтіп, дін туралы біліміміз таяз болып немесе мүлдем жоғалып кетті. Соның салдарынан осындай сұрақтарға қайтадан жауаптар іздеудеміз.

Сонымен мемлекет, билік жүйесі, азаматтық қоғам, мемлекеттік қызметші сияқты мәселелерге зерттеулерін арнаған ғалымдардың бірі, әлемде Екінші ұстаз атанған ғұлама әл-Фараби. Ғалымның көптеген шығармаларының ішінде әйгілі «Әл-Мәдинату әл-фазилә» (Қайырымды қала тұрғындары – Жители добродетельного города) және «Әс-Сиясату әл-Мәдәния» (Азаматтық саясат – Гражданская политика) атты трактаттары бар. Бұл шығармаларында ғалым жоғарыда айтып өткен ұғымдардың әрбіріне кеңінен талдау жасайды. Қоғамдағы азаматтардың әдетте қанша топқа бөлінетіні, отанды қорғайтын қарулы әскердің болу қажеттілігі, мемлекеттің негізгі функциялары секілді мәселелерді түсіндіреді. Тіпті, мұнда мемлекеттік қызметшінің «Ар-намыс кодексі» немесе «Қызметтік этика да» қамтылады.

Ал енді, «Худжату әл-ислам» (исламның айғағы – довод ислама) атанған ортағасыр мұсылман теологы Әбу Хамид әл-Ғазали мемлекет пен қоғам азаматтарына «Насихату әл-Мулук» (Патшаларға кеңес – Советы правителям) шығармасын арнайды. Кітаптың аты айтып тұрғандай мұнда билік иелеріне, басшыларға қызмет барысында мемлекеттік қызметшіге ұстануы тиіс этика, әдептілік нормалары айтылады. Басшыны тәкәппарлық, зұлымдық сияқты жаман мінездерден сақтану, кісі ақысын жемеу, өзгенің ақысын жемеу, құқығын қорғау керекті айтылады. Осылай мұсылман ғалымдары азаматтық қоғамды қалыптастыру негіздерін теориялық түрде талдап, практикада қолдануды әдістерін ұсынады.

Ислам мен дәстүр бірлігі

Қоғам мүшесінің құқығын қоғау, өзге дін өкіліне қысымшылық жасамау, әлсізге зұлымдық қылмау, басшының жұмысшыға әділ болуы, көршінің ақысын беру, ата-ананы құрметтеу, құдайы қонаққа көмек көрсету, жетімге қамқорлық, мұқтажға жанашырлық, үлкенге құрмет-кішіге ізет, әйел және отбасы ақысы сияқты т.б. қағидаттардың барлығы – ислам ұстанымы. Біз осы мұсылманшылық құндылықтардың барлығын ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан ата-баба дәстүрімізден көріп келеміз. Сондықтан да, дін мен дәстүрдің үйлесімді болуы аса маңызды. Мұның айқын мысалын біздің полиэтносты қоғамымызда көріп отырмыз. Қазақ халқының тарихи және мәдени қалыптасқан діні ислам. Дархан қазақтың дәстүрімен біте қайнасқан бейбітшілік дін исламның құндылықтары біздің тілімізге, ділімізге, ұлттық мәдениетімізге сіңген. Сондықтан, 18 конфессия мен жүз отызға жуық этностың бір елде бейбіт әрі тату өмір сүруіне исламның өзіндік үлес қосып отырғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Бізге азаматтық қоғамды одан әрі дамыту үшін жаңа бір дінді ойлап шығарудың қажеті жоқ. Олай жасай да алмаймыз. Дұрысы, дәстүрмен үйлесімін тапқан дін исламның тұрақтылығын әрі оның дұрыс жеткізілуіне жол көрсету, оны демеу. Сонымен қатар, теріс ағымдардың исламды жамылып, ел ішінде іріткі салып, таралып кетпеуіне жол бермеу.

 

Жалғас САНДЫБАЕВ

философия ғылымдарының

кандидаты, дінтанушы.

 

 

 

 

 

Толығырақ

Басқа жаңалықтар

Close