Бақыттың үш баспалдағы

Бейсенбі, 10.05.2018
Бақыттың үш баспалдағы

Хәкім Абай:

Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,

Әуре етеді ішіне қулық сақтап.

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар

Еңбегің мен ақылың екі жақтап,-дейді.

Расында да, адам баласының өз қалауы мен қабілет-қарымы бар. Соған сай алдына белгілі бір мақсаттар қояды. Өзінің жолын таңдайды. Адам сол белгілеген межесіне үш баспалдақпен жете алады. Бұл жалпыға ортақ баспалдақ. Ғалымға да, іскерге де. Тақсыр патшаға да, тақуа пендеге де.

1.Биік мақсат.

Таңдаған жолдың шыңына жетуді мұрат ету. Сонымен бірге, азды місе тұтпаңыз. Мақсатыма жетемін деген бек сенімде болу қажет. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

«Ақиқатында, Алла биік те мәртебелі істі ұнатады және төмендерін жақтырмайды» деген. (Табарани) Сонымен қатар, «Егер Алладан жәннат сұрасаңдар – Фирдаусты сұраңдар. Өйткені, ол жәннаттың ең биігі және жәннаттың қақ ортасы» деген. (Бұхари, Муслим) Адам жәннаттың бір шетіне кірсем де жетер деген ниетте болмауы қажет. Дін адамды биікке ұмтылуға үндейді. Ылғи да алдыңа қойған мақсатың биік болғаны жөн. Қай салаға түссең де, соның шыңына шығуды көзде. Саудагер болсаң, кәсібіңді жетік меңгеріп өз ортаңда үлкен кәсіпкер болуды мақсат ет. Құран Кәрімде:

«Раббыңның кешіріміне және Алла мен Оның елшілеріне иман еткендер үшін әзірленген, ені – аспан мен жердің еніндей Жәннатқа жарысыңдар...»,- (Хадид сүресі, 21-аят) деп ізгілік пен жақсылықта алдыға ұмтылуға үндеуде.

Ешуақытта жай нәрсеге көндігуші болма. Көштің соңында қалып қоясың. Үнемі алдыға ұмтыл. Студент боп оқуға түсіп жатсаң, осы төрт жылды аман-есен бітіріп алсам болғаны деуші болма. Ұзаққа көз таста. Бакалавр, магистрдан ары докторлықты ойла. Білім жолына түссең, соның шыңына жетпей тоқтама. Мұратқа жету үшін әкең беделді немесе мол қаражатың болуы шарт емес. Ең бастысы – биік мақсат.

Мақсатқа жету үшін  мұрат түзу болуы қажет. Ниетің түзу болып, жақсы ойла. Бұл бірінші баспалдақты түзетуші қадам. Биік мақсатқа жаман ниетпен де жетуге болады. Алайда, нәтижесі адамға пайдасыз.

 

2.Кедергілерден қорықпау.

Кейбір жастарға неге үлгерімің нашар десең, мынадай нәрсем болса, анадай нәрсем болса үлгерімім жақсаратын еді деп сылтау айтады. Қаржым тапшы, лайықты жағдай жоқ, сондықтан сәтсіздікке ұшырадым. Әкесіз өсіп едім. Көпбалалы отбасынан шықтым дегендей сөздер айтады. Кедергілерді ешуақытта үлкен деп есептемеңіз. Айналаңа қара, сенің жағдайыңнан әлде қайта төмен бола тұра өмірде айтарлықтай жетістікке жеткен адамдар қаншама. Бір қисса айтып берейін. Әке жолын қуып әскери қызметке тұрған жігіт өгей шешесі мен одан туған бауырларына қамқорлық етіп жүреді екен. Алайда, бала күнінде анасынан айырылғанда әкесі екінші рет үйленеді. Әкесі екі айлап қалаға жұмысқа кетеді. Ал бала өгей шешесінің қолында. Өгей анасы тәулігіне бір ғана жұқа таба нан береді екен. Мектепке қажет дәптер-қаламын да алып бермейді. Шарасыздықтан бала таба нанның жартысын бір күн азық етіп, жартысын қорасындағы екі тауыққа жем етіп береді. Тауықтың жұмыртқасын сатып оқу құралдарын өзі алып жүреді. Қиыншылығын әкесіне айта алмайды. Әкесі білсе әйелін бір-екі ұрсып, ертесіне ұмытып жұмысы кете барады емес пе? Ал, кейін бала оның жазасын екі ай тартуы мүмкін. Одан да көнгені әлде қайда жеңіл. Қаталдықты көрген бала ерте есейеді. Еңсесін тік ұстап, өмірден өз үлесін алуға барып салады. Ақыры, мектептен соң әскери оқуды да үздік тәмамдайды. Нәтижеде, өгей шешесінен туған бауырларын да өзі аяққа тұрғызады.

Бұхариді Бұхари еткен оның биік мақсаты. Ұстазы Исхақ бин Рахуаиһ дәрісінде отырады. Шәкірттер ұстаздан хадистердің дәрежесін сұрап отырады. Исхақ бин Рахуаиһ «анау хадис – сахих, мынау хадис – әлсіз» деп түсіндіріп жатады. Кенет ұстазы: «Шіркін, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерін зерттеп, сахих хадистерді бір кітапқа жинап шығатын ғалым болса»,-деп ойын айтады да дәрісін жалғастыра береді. Ұстазының ойы жас Бұхаридің санасынан шықпай қояды. Ұстазының сөзі Бұхаридің өмірінің басты мұратына айналады. Жиырмаға толмаған жігіт хадистерді талқауға кірісіп кетеді. Алайда, Туған елінен, қолдайтын ағайыннан мыңдаған шақырым жырақта, қолында көк тиыны жоқ тақыр кедей, түркі тілді жігіт араб елінің қақ ортасында. Міне, оның алдында таудан биік кедергілер тұрды. Жат жерлік, араб емес және тақыр кедей. Ол кедергілерді жас жігіт биік масқатымен жеңді.

 

3.Жаратқаннан жәрдем тілеу

Дұға – тілектің кілті. Алдыңа қойған мақсат пен жоспарың жүзеге асу үшін Алладан сәттілік пен қолдау сұрау маңызды. Сәттілікті Құдай береді. Адамның басты демеушісі қалталы адамдар емес, Құдай. Сондықтан Алла Тағаламен ара-қатынасыңды күшейте түс. Жаратушыңмен байланысын мықты болса, уайым-қайғы сейіліп, тіршілік қамы жеңілдей түседі. Ал, байланысты намазбен орнатасың. Себебі, тәулігіне бес рет орындалатын құлшылық - намаз. Басқа ғибадаттар аптасына, айына бір рет жасалады. Ораза жылына бір рет, қажылық өмірде бір рет қана өтеледі. Оның сыры Хақ Тағала пендеге ең маңызды, ең керекті құлшылықты көбірек жасауға әмір еткен.

Намаз – дұға. Құранда: «Олар үшін тілек (намаз) тіле» (Тәубе сүресі, 103-аят) деп  намаз сөзінің төркіні тілек екенін айтқан. Адам баласына Алладан тілек тілеп, дұға ету ауадай қажет. Тәулігіне бес уақыт намаз оқимыз. Намаздың әр ракағатында «Саған ғана құлшылық жасаймыз әрі Сенен ғана жәрдем тілейміз»,-деп Фатиханы оқимыз. Осылайша біз: «Уа, Раббым! әр ісімде Саған ғана тәуекел етіп, Сенен ғана жәрдем және көмек сұраймын» деп тілек жасаймыз.

Руслан ҚАМБАР,

исламтанушы

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 170 рет
JoomShaper
Top