Садақа - өмірді өзгертетін амал!

Сәрсенбі, 18.04.2018
ukdays.kz
Садақа - өмірді өзгертетін амал!

Балалық шағымыз Құдай жоқ деп  көмусіз қалған көсемдер құрған Кеңес үкіметі келмеске кетіп  тәуелсіздік алып, тіліміз, дініміз, ділімізбен қайта қауышып ел боп енді ес жиып жатқан шаққа тұспа-тұс келгесін: садақа, зекет деген сөздерді ести қоймайтынбыз. Жетпіс жыл дінімізден, дәстүрімізден ажыратқысы келсе де халқымыздың бойында  қайырымдылық, асар, ағайынға қол ұшын созу, бауырмалдық сияқты асыл қасиеттеріміз сақталып қалды.

Ауыл тұрғыны болғасын қалаға анда-санда қыдырып келгенде  көшеде қайыр тілейтіндерге 5-10 теңге салғаныммен садақаның мән-маңызын ұғына қоймаппын.

Өмірімізге интернет дендеп енгесін  әлеуметтік желілерде науқас балаларға, су тасқынан зардап шеккендерге көмек көрсете бастадық.

Ешқандай есепсіз, өзімізге он есе қайтады-ау деген  оймен емес садақа екенін білместен жанашырлықпен көмек жасап жүрдім.

Бірақ Алла өзімізге он есе, мың есе қайтарып жатты. Оған дәлелді өз өмірімнен  және әлеуметтік желідегі достарымның қуанышты жаңалықтарынан келтіре аламын. Біреулер үй алып жатты, біреулер көлік алып жатты. Осындай жақсы жаңалықтарды оқыған сайын осының барлығына берген садақалары себеп болды ма екен деп ойлап қоямын.

Садақа беру жайлы үндеулер көбейген сайын  садақаның маңызын ұға бастадық, қайырымды адамдардың да саны көбейді.

"Жаман айтпай жақсы жоқ" демекші  көмек сұраған жандардың аянышты тағдырларын оқып жаным жабырқап қалғанымен, көмектесетін адамдардың қатары көптігін көріп қуанып қаламын. Қаншама бала көптің көмегімен ем алып дерттерінен айығып жатқаны жайлы жақсы жаңалықтарды оқып жатамыз. Мың теңгеге баспана атты үндеу жариялап әр адамнан садақасынан жиналған мың теңгеге   мұқтаж жандарға баспана сыйлап жүрген "Қаракет" қорының бастамасы да құптарлық іс.

Қазір күн сайын садақа беруге тырысамын.

Садақа беру тіленшіге тиын беру ғана емес екенін енді ұғынып жатырмын.

Садақа беру өміріңді өзгертеді екен. Жақсы адамдармен жолықтырады, күтпеген ризықтарға қауышасың, адамгершілікке, бауырмал болуға тәрбиелейді. Айта берсем садақа берудің пайдасы ұшан-теңіз.

Садақа беру жайлы хадистерде не айтылады соған тоқталайық.

Садақа беріп қиыншылықтан құтылыңдар.

Бұл дүниеде берілген мал-мүлік Алланікі, оны  О дүниге әкете алмайсың. Бір күнде тақыр кедей болып байлықтан да, абыройдан да айрылуың мүмкін. Сондықтан  сол дүние-мүлікті Алланың берген ризығын Алланың жолына жұмса. Кедейді тойдыр, мешіт сал, мектеп сал.

Садақа берген адамның ризығы көбейеді.

Жақсы сөз де садақа.

Жақсы ой мен жақсы ниет те садақа.

Өлілерле қайта тірілер күн туса  әр күнін садақа берумен өткізер еді. Себебі олар садақаның сауабын ақиретте түсінгендер.

Сауабын дүниеден өткен әке-шешесіне бағыштап берген садақаның сауабы оларға барады, және өзіңе де сауап жазылады.

Қазір күн сайын дүниеден өткен әке-шешемнің атынан күн сайын садақа беріп жүрмін. Жылы сөз де садақа демекші жылы сөйлеуге тырысам.

Құрметті достарым. Бұл дүниенің алдамшы қызықтарына алданбай  тірі күнімізде садақа берейік. Сауабын әке-шешеміз ге бағыттайық, мұқтаж жандарға баспана алуларына, ауруларынан емделуге жәрдем берейік. Жақсы ой да, жақсы ниет те садақа, жылы сөз де садақа демекші, жылы сөзбен болса да садақа беріп жүрейік.

Авторы Дəулет Серікбай

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 716 рет
JoomShaper
Top