Өмірдің мәні неде?

Сейсенбі, 17.04.2018
Өмірдің мәні неде?

Әлемдегі бүкіл мақтау-мадақ он сегіз мың ғаламды құдірет-күшімен һәм білімімен жаратқан, көк аспанды – төбе, жерді – төсеніш еткен және қараңғылықтар мен жарықты жасап, көз көріп, құлақ естімеген нығметтерін Жәннатына жасырған Аллаға тән.

Әбу һурайра (ра.): «Аллаһ елшісі (с.ғ.с) қолымнан ұстап: «Аллаһ топырақты сенбі күні жаратты, тауларды жексенбі күні жаратты, ал ағаштарды дүйсенбі күні жаратты, жағымсыз нәрселерді (зарарлы нәрселер: аурулар, жаралар т.с.с.) сейсенбі күні жаратты, ал жарықты сәрсенбі күні жаратты, жануарларды бейсенбі күні жаратты, ал Адамды (ғ.с.) жұма күні асыр (уақытынан) кейін жаратты. Ол – жұма (күнінің) соңғы сағаттарының бірінде асыр мен түннің арасында жаратылған ең соңғы жаратылыс», – деді», – деген. (Хадисті Имам Мүслім мен Имам Ахмад риуаят еткен)

Құдіреті күшті Раббымыз адамзат атты жұмыр басты пендені жаратыпты. Өзге жаратылыстардай емес, ақысыз екі қол, екі аяқ, мұрын, ауыз, тіс, қас, кірпік секілді мүшелерімен қоса берді. Төрт аяқты хайуанға қарап көрелік: қорегін тұмсығымен тереді, жорғалаушылар да жорғалап жүріп тіршілігін жасайды, құстар шоқып күнелтеді. Ал адам ше? Екі аяғымен тік тұрып құмары қанғанша дүниені екі көзімен тамашалай алады, ризығын аузына апармас бұрын мұрнына тигізіп, иісін сезініп, оның хош һәм жағымсыз екенін біліп барып аузына салады. Ішектеріміз арқылы өткен ризық өне бойымызға күш-қуатымен қоса дариды. Керегі ағзамызда қалып, қажетсізі Рахманның құдіретімен тысқа шығатыны ұлы нығметтерден екенін білдірмей ме?  Міне, бұл Жаппар Иеміздің әрбір мүшемізге берген білімі. Адам баласы сондай, дүниенің ағы мен қарасын ақыл-парасат таразысына салып, жүрек сүзгісінен өткізе алатындай ерекше қабілетке ие? Ақыл-парасат жүрекке бағынса ғана біз адамдық дәрежеге толық ие боламыз. Жүрек қатса ол жүректе иман жоқ. Иман жоқ жерде әлбетте Алла жоқ деген сөз. Құранда Алла Тағала «Ақылдарыңды істетіп, ұғынбайсыңдарма?», –  депті. («Әл-Әнъам» сүресі 6/32) Қош, Раббымыз нығметтерімен адамды ақылымен, жүрегімен қоса жаратты. Біз жоғарыда ақыл жүрекке бағынады дедік. Ол жүректе бағынатындай не қасиет бар еді? Ендеше сол сұраққа қал-қадерімізше жауап іздеп көрелік.

Құранда Адам мен Хауаның қиссасы былай баяндалады: Біз: «Ей, Адам! Сен және жұбайың Жәннатта тұрыңдар. Одан /жемістерінен/ ұнатқандарыңша, қалаған жерінен жеңдер, бірақ мына ағашқа жақындамаңдар. Онда әділетсіздерден боласыңдар», - дедік. Шайтан ол екеуін одан сүріндіріп, сөйтіп оларды болған мекендерінен шығарды. Біз «Түсіңдер! Сендер бір-біріңе жаусыңдар. Жерде сендер үшін бір мерзімге дейін тұрақ және пайдалану бар», – деп Раббымыз біз дәурен сүріп жүрген осы жалған дүниеге уақытша сынаққа жіберуге бел буады. Сол кезде Адам Раббысынан бір сөздерді қабыл алып /кешірім сұрағанда/, Ол оның күнәсіна өкініп, Өзіне бойсұнуға қайтуын /тәубесін/ қабыл алды. Сонда Алла: «Барлығың одан /Жәннаттан/ түсіңдер. Менен сендерге тура жол келген кезде, кімМенің тура жолыма ерсе, оларға ешбір қорқыныш жоқ әрі олар қайғырмайды», - дедік. Ал, аяттарымызға күпірлік еткендер /қарсы келгендер/ және өтірік деп санағандар, міне, солар – Отқа /тозаққа/ түсетіндер. Олар – онда мәңгі қалушылар. («Әл-Бақара» сүресі 2/35-39) Міне, осыдан бастау алған оқиға Адам мен Хауаның кейіс дүниеге келіп, ұрпақтары мен жалған дүниенің сынағынан өту пешенелеріне жазылады. Абай марқұмның:

Атаңды анаң азғырып,

Тұрғызбаған бейіске.

Алласы оны жазғырып,

Әкелді бастап кейіске, –

деуі де жоғарыда айтылған қиссаны мегзейді. Жаратушымыз Адам мен Хауа Жәннаттан түсерде жоғарыда айтылған аят екеуіне ескерту болады. Яғни: «Менен сендерге тура жол келген кезде, кім Менің тура жолыма ерсе, оларға ешбір қорқыныш жоқ әрі олар қайғырмайды», дедік. («Әл-Бақара» сүресі 2/38) Раббымыздың айтып отырған тура жолы – Алланың соңғы Хабибі болған Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с) және оның екі дүниелік мұғжизасы – Құраны еді. Құранда Бақара сүресінің екінші аятында Жаппар иеміз: «Бұл кітап – Онда күдік жоқ» дейді. («Әл-Бақара» сүресі 2/2) Демек, Фурқанда өтірігің былай тұрсын, онда күдіктің саңылауы да сыр бермейді. Керісінше ақиқат атаулының – шыңы, Жаратқанның алдында беделді кітап. Ал біз Адам (ғ.с) ұрпағы, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) үмбеті бола тұра жүрегімізді күншілдік дерті жайлапты. Біз мақлұқпыз, небәрі бір тамшы мәни бола тұра, төрімізде ұлы мұғжиза ілулі тұрса да ашып иман келтіруді білмейміз. Абай дегдар бұл тұрғыда: «Ешнәрсеге көңілменен қарамадық, көзбен қарамадық, көңіл айтып тұрса сенбедік. Көзбен көрген нәрсенің де сыртын көргенге-ақ тойдық. Сырын қалай болады деп көңілге салмадық, оны білмеген кісінің несі кетіпті дейміз. Біреу ақиқатын айтса ұқпаймыз. Біреу ақыл айтса: «Өз білгенің өзіңе, өз білгенім – өзіме», «кісі ақылымен бай болғанша, өз ақылыңмен жарлы бол» деген дейміз, «өй тәңір-ай, кімнен кім артық дейсің!» дейміз, артығын білмейміз, айтып тұрса ұқпаймыз». Иә, ақынның ғақлиясы ойымызды нәрлендіріп, сөзімізге жан беріп отыр. Шынында да бізге осы Құран мәңгілік сапарға кеткенше бізге серік болып, өзімізбен бірге болады екен. Ал біз Құран жайлы әңгіме етіссек немесе ол кітаптан адамдарға бір аяттан үзінді келтіріп Жәннаттың жолына үндейін десең, сөзіңнен қате, ойыңнан ілік іздеп, қай аятта жазылыпты һәм Құран деп айтып отырған сөздерің ол кітапта жоқ я болмаса Құран, Құран деп айтып отырасың оқысаң да, оқымасаң да мынадай-мынадай  аят деп сарнайсың ғой, енді Құранда дәл осылай жазылмаған шығар деп, – азар да безерге түскенін көргенде төмендегі аяттарды оқығанда ерекше таңданысқа түседі екенсің: «Ақиқатында, күпірлік еткендерді /имансыздықта қатып қалғандарды/ сақтандырып ескертсең де, ескертпесең де оларға бәрібір, олар иманға келмейді. Аллаһ олардың жүректері мен естулерін мөрлеген және олардың көрулеріне – перде қойған. Сондай-ақ, оларға өте үлкен азап бар». («Әл-Бақара» сүресі 2/6-7) Алла ең алдымен жүректі айтып отыр. Неге? Өйткені ой таразысы жүректен өтеді. Жүрек – таразы һәм айна. Тағы да сол Абай:

Жүректің көзі ашылса,

Хақтықтың түсер сәулесі.

Іштегі кірді қашырса,

Адамның хикмет кеудесі.

 

Наданның көңілін басып тұр,

Қараңғылық пердесі.

Ақылдың бойы қашық тұр,

Ойында бір-ақ шаруасы.

 

Жүректе айна жоқ болса,

Сөз болмайды өңгесі.

Тыңдағыш қанша көп болса,

Сөз ұғарлық кем кісі.

  Көрдіңіз бе? Жүректің адамның өміріндегі рухани қызметін. Ал жүрек айна болса, ол мынадай болады: «Олар ғайыпқа сенеді, намазды /барлық шарттарын сақтап, беріле/ толық орындайды әрі Біз өздеріне берген ризықтан бір бөлігін жұмсайды. //Ей, Мұхаммед// Олар саған түсірілгенге әрі сенен бұрын түсірілгенге сенеді және соңғы, мәңгілік өмірге /ақиретке/ айқын сенеді». («Әл-Бақара» сүресі 2/3-4) Раббымыз жүректі адамның иелігіне бергеннен кейін оны әр адам түрлі мақсатта жұмсайды. Жүректегі дертті Алланың кәламы Құранмен емдемесе Алла олардың дерттерін үдете түседі. Бұл туралы қасиетті кітапта былай делінген: «Әрі адамдардың кейбірі: «Аллаһқа және Ақирет күніне сендік», - деп айтады. Бірақ олар иманды /мүмін/ емес. Олар Аллаһты және иманға келгендерді алдамақшы болады. Бірақ олар өздерін ғана алдайды әрі оны сезбейді. Олардың жүректерінде дерт бар. Аллаһ олардың дертін арттыра түсті. Әрі оларға өтірік айтқандары себепті күйзелтуші азап бар». («Әл-Бақара» сүресі 2/8-10) О, Құдіреті күшті Раббым сен қалай бәрін білушісің? Пенделердің осылай өздерін де, өзгені де алдап жүргенін естіп те, көріп те жүрміз ғой. Алла небәрі уақытша өмірді бір-ақ рет беріпті. Неге құлшылықпен, ғылым ізденумен өткізбейміз? Неге анамызға қызмет қылуға жұмсамаймыз? Сол анамыздың арқасын уқалап, аяғынан сүйер ме екенбіз? Ұйқымызды қиып, таң намазына тұрар ма екенбіз? Шайтанға құл болуды қашан доғарар екенбіз? Қолымызда телефон, таңнан қара кешке дейін әлеуметтік желіде көз майымызды тауысып, сықсиып отырамыз, құлағымызда құлаққап, бетімізде бояу, бақырған, бейбақ пақырларды тыңдаумен келеміз, құр тыңдап қана қоймай оларға табынатын болдық. Ескен желдей есіп өткен қайран өмір! Қайта келмейтін алтын уақыт! О, Раббым! Алдыңа барғанда бәрі кеш болады ғой. Осы дүниеде иман келтірмей, нығметтердің баршасын мансұқ, таудай алтын уақытты талақ етсек, адам деген аттан адыра қалды деген осы емес пе?! Біз ғайыптың хабарынан Құран арқылы құлағдар болмасақ, көзімізбенен көргеніміз жоқ. Алайда, ол бар дүние, оған күмән-күдіксіз иман келтіреміз. Ертеңгі күні ерте ме, кеш пе Раббымызбен қауышамыз. Дәлел керек пе? Құранды ашып қараңыз! Бүгін осындамыз, ертең сондамыз. Соған қамданайық. Әли ибн Әбу Талиб (р.а.) өзінің сөзінде: «Расында бүгін – амал бар, есеп жоқ, ал ертең – есеп бар, амал жоқ» депті. Бүгінгі зая кеткен уақыт үшін Жаппар иеміздің алдында маһшарда сұрау берген сәт туралы аятта былай делінген: //Қайта тірілу күні// олар Оттың алдына апарылған кезде, олардың: «Қап! Біз кері /жалған дүниеге/ қайтарылсақ еді, Раббымыздың  аяттарын өтірікке шығармас едік және иманға келгендерден болар едік», - деп айтқанын көресің. Жоқ, керісінше! Олардың бұрын жасырып келгендері өздеріне әшкере болды. Егер олар /жалған дүниеге/ кері қайтарылғанда да, өздеріне тыйым салынғанға қайта оралар еді. Ақиқатында, олар – нағыз суайттар. /Олар/: «Бұл /өмір/ - осы дүниелік өмірден ғана тұрады. Әрі біз қайта тірілтілмейміз», - деді. («Әл-Әнъам» сүресі 6/27-29) Әй, пенде жарықтық, тыйым салынғаннан тыйыла салса мақұл ғой, ондайды тіпті періште дерсің. Бұл тыйылмаушылық пенденің әу бастағы әрекеті ғой, Адам мен Хауадан бастау алған, керісінше тыйым салғанға қарай жан ұшырып, зыр жүгіретін. Мына жоғарыдағы аятты оқысаң пенде не деген озбыр, өтірікші келеді деп ойлайды екенсің? Оның себебі – Ібіліспен жолдас болып, оның құлдығына айналғанында. Өйткені сайтан адам мен бірге Раббысына құлшылық етуден бас тартты. Өркөкірек, өктем болып, мәңгілік қарғыстың қамытын киді. Себебі Ібіліс қияметке дейін адамзат атаулыны азғырып, тура бағыттан тайдыруға жанын салған екі дүниелік дұшпан һәм «мен мықтымын» деген сандырақпен өмір кешіп келе жатқан о да бір мақұлық. Ал адам ше? Жаратылыстардың ішіндегі ең абзалы, ақылдысы, әлсізі, көркемі әм көріктісі. Ақыл мен ұлы жүрек иесі болғандықтан да Құранда: «Адам баласы өз бетімен қараусыз, бос қалдырыламын деп ойлай ма»?! делінген. («Әл-Қийама» сүресі 75/36) Бұл аяттың мағынасы нені білдіреді? Адамда бақылаушы бар, ол бақылаушылар әрбір жасап жатқан істерін, қыша дәннің түйіріндей амалдарының барлығын қалт етпей  қадағалап отыратындығы аятта былай келтірілген: «Міне, /әрбір адамның/ оң жағынан және сол жағынан екі тіркеп /жазып/ алушы отыр. Ол қандай сөз айтпасын, оның жанында дайын тұрған бақылаушы бар». («Қаф» сүресі 50/17-18) Қараңызшы! Ешнәрсе ескерусіз, құр, бос күйі қалмайды. Әрбір дүниенің есебі бар, барлық нәрсені бүге-шүгесіне дейін жазып отырған екі иықта «Кираман-катибин» атты періштелер де қызметтерін мүлтіксіз атқаруда. Алайда оған шектеулі ақылымыз жете қоймас. Бабаларымыз бекер айтпаған ғой, судың да сұрауы бар деп. Ендігі алдымыздағы мақсат – дүмше-дүбәрашілдік пен даңғазалыққа жол бермей, жүрекке терең бойлап, парасат пайымын таразылай алатын Абай айтқандай есті кісілердің қатарынан табылу. «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәрте, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір өзіңнен есеп ал», - деуі де бекершілік емес. Сонда ғана адам боласың. Бұ дүние – Ақиреттің егіні. Фәниде не ексең қияметте соны орасың. Біз Ақиретке сапар шеккен, сол мекенді бетке алған жолаушымыз. Бірде Хазіреті Омар Фаруқ (Оған Алла разы болсын) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) үйіне барады. Алланың нәбиі (с.ғ.с) қамыстан жасалған шидің үстінде жатыр екен. Шидің үстіне еш нәрсе төселмепті. Бас жағында құрма жапырақтарынан жасалып, терімен қапталған бір жастық, аяғының астында иленген кішкене тері ғана бар еді. Мүбәрәк денесіне түскен қатты шидің іздерін көрген Омардың (Оған Алла разы болсын) көздеріне еріксіз жас келеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) одан:

  – Ей, Омар, неге жылайсың? – деді. Ол:

  – О, Аллаһтың елшісі! Иран мен Византия императорларының сән-салтанатты бай өмірлері есіме түсті. Сен Аллаһтың сүйікті құлы болғаныңа қарамастан, осындай жұпыны тіршілік кешесің. Соған толқимын, дегенде, Пайғамбарымыз (с.ғ.с):

  – Бұл дүние – олардікі, арғы дүние – біздікі болғанын қаламаймысың? – деп Омарды (Оған Алла разы болсын) жұбатады. [А.Әділбаев. «Саңлақ сахабалар» Алматы, Көкжиек 2010-81б]

    Зер салыңызшы! Не деген жан тебірентерлік сөздер? Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өзі бір-ақ рет берілген мына дүниенің алдамшы ләззаттарына қалай алданбаған? Оның қасында асқабы да, сөзін сөйлейтін жанашыр жақындары да соның жанында емес пе еді?! Тастан сарай салғызып, оны әсемдеп, күмбездеп, қымбат киімдерді киіп, қалағанын ішіп-жеп жататындай мүмкіндігі болмады емес, болды ғой. Бірақ бәрінен баз кешті. Өйткені бұл дүние өмірі – ойын және бос ермектен басқа ешнәрсе емес. («Әл-Әнъам» сүресі 6/32) Екі дүниенің сардарына (с.ғ.с) ең керегі – үмбетімен мәңгілік өмірде бақыт табу болатын. Себеп әу бастағы жүректің негізгі қалауы осы еді. Раббымыз со жүрегімізді ақиқатпен толтырып, жан сарайымызды жарқыратып, Өзіңмен нұрлы дидарымызбен қауышуды бұйырып, Пайғамбарымызбен  (с.ғ.с) Фирдаус Жәннатында жүздесіп, сонда Расулалламен (с.ғ.с) мәңгі көрші болуды иісі мұсылманға нәсіп етсін, Инша Алла.

 

Әзімхан ИСАБЕК,

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан

Мемлекеттік университетінің 4 курс студенті,

Шымкент қаласы

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 435 рет
JoomShaper
Top