Құран аудармалары Құранды түсінуге жеткілікті ме?

Жұма, 05.01.2018
Құран аудармалары Құранды түсінуге жеткілікті ме?

Құран – адамзатты мәңгілік бақытқа жеткізу үшін түскен кітап. Алғаш түскен күндегі нұсқасы қаз қалпында сақталып, бүгінгі күнге мұрты бұзылмай жеткен бірден бір иләһи кітап[1]. Құран – мұсылмандардың рухани сұраныстарына жауап беретін, адамзаттың ақылы жете бермейтін көмескі әлемнен сыр шертіп, ғайыптан хабар беретін, екі дүниенің бақытына бастап, ақ пен қараның ара-жігін ажыратып, өзіне сеніп, шырақ тұтқан жандарды рухани кемелдікке тәрбиелейтін Ұлы Жаратушы тарапынан жіберілген қасиетті кітап[2]. Құранның мазмұны адам баласының сеніміне байланысты теологиялық мәселелерден, қоғамдық қатынастарды реттейтін ережелер мен нормалардан және адамзаттық құндылықтардың жиынтығынан тұрады. Бұған қоса, адамзаттың тарихтан ғибрат алулары үшін бұрынғы өткен қауымдардың басынан кешкен оқиғаларын баяндайды.

Бұған дейінгі иләһи кітаптардан басты ерекшелігі қияметке дейінгі барша адамзатқа түскендігі. Сондықтан да әр ұлттың Құранды өз тілінде оқып түсінуге талпынуы табиғи жағдай. Осы қажеттілікті қанағаттандыру мақсатында әр халық Құранды өз тілдеріне аударған. Осыған дейін Құран жүзден астам тілге аударылған екен. Бузург ибн Шахрияр жеткізген тарихи деректерде 883 жылдары Құранның үнді тіліне тәржімаланғаны айтылады. Одан кейінгі кезеңдерде Самани әулетінің өкілі Мансур ибн Нұхтың заманында (354/956) бір топтың Құранды парсы және түрік тілдеріне аударған. Ал хижраның V және VI ғасырларында Сурабади, Исфирайини (471/1049), Заһиди (519/1125) және Абдуллаһ Ансаридың аудармалары қазірге күнге жеткендігін біз білеміз[3].

Құран ең алғаш латын тіліне 1143 жылы[4], италия тіліне 1547 жылы[5], неміс тіліне 1616 жылы[6], француз тіліне 1647 жылы[7], ағылшын тіліне 1649-жылы[8] аударылған[9]. Ертеректе осылай бірен-саран аударылғанымен Құранды басқа тілдерге аудару үрдісі соңғы екі ғасырда кең көлемде қолға алынғаны байқалады. Қазіргі уақытта Құранның мағынасы екі жүзге жуық тілдерге аударылып үлгерген. Тіпті бір тілде жүзден астам аударма нұсқалары кездеседі. Ал Құран қазақ тіліне ең алғашқы рет 1912 жылы Мұса Бегейұлы (1875-1949) тарапынан аударылған. Бірақ бұл аударма жарыққа шықпаған. Оның себебі сол кездегі саясаттың діни әдебиетке тосын қарауынан. Егемендігімізді алғаннан кейінгі жылдары діни әдебиетті басып шығаруға еркіндік берілгеннен кейін Құранның бірсыпыра аудармалары шығып үлгерді. Қазіргі таңда қазақ тіліндегі Құран аудармаларының ұзын саны 10-нан аспайды. Бұдан бөлек кейбір жекелеген паралардың аудармасы да шықты.

Жалпы аударма ісі ‒ мол тәжірибе мен ептілікті талап ететін өз алдына жеке ғылым, күрделі сала. Аудармашының мойнында ең алдымен батпандай жауапкершілік жатады. Ол өзі аударатын түпнұсқа еңбектегі негізгі ойдың не оқиғаның шашауын шығармай, қаз-қалпында жеткізуі тиіс. Тіпті қай кезеңде жазылған жазба екенін ескере отырып, сол заманның өмір сүру шарттары мен мүмкіндіктерін, ондағы әрбір детальді бере білуі керек. Аталмыш дүниелерді ескермей аударылған дүние сиырға ер-тоқым ерттегендей сұрықсыз боп шығады. Әрине, аудармашыға ең бірінші кезекте қос тілді жетік меңгеру талабы қойылады. Аударманың ақпараттық, метафраз, парафраз, имитация, прагматикалық, эстетикалық-поэтикалық, этнографиялық, лингвистикалық және көркем аударма т.б. көптеген түрлері болатыны белгілі. Аудармамен айналысатын адам алдымен түпнұсқадағы мәтінмен танысу, көру, пайымдау, талдау, зерттеу процестерінен өтіп, лингвистикалық сөздіктерді және лингвоелтанымдық, когнитивтік мағлұматтар жинақталған анықтамалықтарды кеңінен қолдануы қажет[10]. Мұхтар Әуезов сонау 1955 жылы «Көркем аударманың кейбір теориялық мәселелері» атты мақала жазып аударманың әдіс-тәсілдері мен түрлерін санамалап, сапалы әрі көркем аударма тудырудың жөн-жосығын айқындап берген[11]. Жалпы біз бұл мақалада аударма ісіне, оның түрлері мен әдіс-тәсілдеріне терең кірікпейміз. Негізгі айтқымыз келгені – әдеттегі аударма ісінің жауапкершілікті қажет ететін күрделі шаруа екендігі. Себебі, автордың меңзеген мағынасын аудармашы өзінше тұспалдайды. Сөйтіп түпнұсқаның негізгі мәні бұлыңғыр тартады. Әдеттегі кітапты аударудың өзіне осыншалықта үлкен талап қойылып, мол жауапкершілік артылатын болса, Құдай тағаланың кәләмі – Құран кәрімді аудару мен түсіндірудің жауапкершілігін өздеріңіз таразылап көріңіздер. Аятты аударған маман Құдай сөзін, одан шығатын діни үкімді адамдарға жеткізуші дәнекер іспетті рөлге ие.

Жалпы, аударма сөзбе-сөз және мағыналық болып екіге бөлінеді. Сөзбе-сөз аударма деп отырғанымыз түпнұсқадағы әрбір жекелеген сөздердің сөйлемдегі ретін сақтай отырып, оның сөздіктегі мағынасын нақпа-нақтай дәл беру. Ал мағыналық аударма түпнұсқадағы сөйлемнің негізгі мағынасын, айтқысы келген ойын беруді басты назарда ұстап, еркін аудару. Яғни, түпнұсқадағы сөздердің ретін сақтауға байланып қалмау. Негізінде дұрысы осы мағыналық аударма. Құран кәрімді басқа тілге тәржімалауда сөзбе-сөз аудару әдісін қолдану тиімсіз. Себебі, сөзбе-сөз аудармада жекелеген сөздердің мағынасын дәл беру әрі ретін сақтау басты принцип болғандықтан аяттардың негізгі мәні ашылмайды. Сондықтан Құранды аударуда мағыналық аударма тәсілін қолдану қажет деп есептейміз. Ойымыз дәйекті болу үшін аударманың осы екі түріне Құранның өзінен мысал беріп көрелік. «Исра» сүресінің 29-аятын сөзбе-сөз аударсақ мынадай сөйлем түзіледі: «Қолыңды тым мойныңа байлаулы етпе де, тым ашық та болмасын». Ал дәл осы аятқа мағыналық еркін аударма жасап, көркемдейтін болсақ, оқырманға аталмыш аятты түсіну біршама жеңілдейді: «Қолың тым тар да, тым ашық та болмасын (яғни, шектен шыққан сараң да, ысырапқор да болма)». Аяттың түпкі мәні енді түсінікті болған шығар? Алла тағала мұнда метафоралық теңеу қолдану арқылы сараңдық пен ысырапшылдықты меңзеп отыр.

Жалпы Құранды өзге тілге аудару мәселесінде ғалымдар арасында пікір қайшылығы туған. Бір кездерде әйгілі әл-Азһар университетінде бұған байланысты пәтуалар шыққан. Құран аудармасына әл-Азһардағы Мұхаммад Мұстафа әш-Шатир, Хуснайн Махлуф, Мұстафа Сабри сынды ғалымдар Құранды өзге тілге аударуды құптамаған. Тіпті дәл осындай пікірді ұстанған Рашид Риза деген ғалым 1926 жылы «Таржиматул-Қуран уа мә фиһә мин мәфәсидә уә мунәфәтил-ислам» атты еңбек жазып шыққан. Құранды басқа тілге аударуға болмайды деген көзқарасты ұстанған ғалымдар мына мәселелерге алаңдады:[12]

  1. Құран аяттарының түсініксіз жеткізілуі, Алланың үкімдерінің бұрмалану қаупі;
  2. Араб жұртының от ауаызды орақ тілді шешендері мен шайырларын таңдай қақтырып мойындатқан Құранның өзіне тән ерекше әдеби көркемдігін аудармашының бере алмау ықтималы;
  3. Аят аудармаларының ғибадат-құлшылықтарда (мәселен, намазда) Құран аяттарының орнына оқылуы. Мұндай жағдай тарихта орын алған. ХХ ғасырдың басында дін дұшпандары «Әр халық өз тілінде ғибадат жасасын» деген ұран тастап, мұсылмандар арасына іріткі салды. Сол арқылы діннің бұлжымас негіздерін ыдыратқысы келді.

Құран аудармасын оқып алған қарапайым оқырман кейде аяттарды қате түсініп, келеңсіз жәйттарға тап болып жатады. Сондықтан да Құранның түпнұсқасына тісі батпайтын, тек аудармасын оқитын кісілер мына мәселелерді ескергені жөн:

– Құран аудармасын жеке дара дербес кітап ретінде емес, ислам дініне қызығушылық танытатындар мен зерттеушілердің сүйенетін қосымша көмекші құралы ретінде қарастырған жөн. Себебі, Құран біз білетін басқа кітаптарға ұқсамайды. Онда қандайда бір оқиға бастан аяқ баяндалмайды, діни үкімдер рет-ретімен тізілмеген. Қайсыбір мәселеге байланысты аяттар бір жерде емес, әр жерінде шашыраңқы түрде келуі мүмкін. Сол себепті діни үкімді бекітетін мүжтәһид ғалымдар Құранға тұтас қарау арқылы үкім шығарған.

– Аудармашының діни білім деңгейі, араб тілін, тәпсір ғылымын, аударылатын тілді қаншалықты дәрежеде меңгергені, жалпы ой-өріс, парасат-пайымы, өмірлік тәжірибесі аударманың сапасына әсер етпей қоймайды. Осы уақытқа дейін шыққан Құранның қазақша аудармасы мен түсіндірмелерінің әрбірін тілдік жағынан, діни тұрғыдан сын көзбен зерделеп қарап шығу арқылы, ондағы кеткен кемшіліктерді қайталамауға тырысып сапалы аударма тудыруды қолға алса жөн болады деп есептейміз.

– Құран тұтас қаралатын кітап. Шариғаттың негізгі үкімдерін білмеген кісі бір аятты ғана оқып қателікке бой алдырады. Мысалы иманның жеті шартының үшеуі бір аятта айтылса, қалған шарттары басқа аяттарда айтылған. Алғашқы аятты оқыған кісі иманның үш шарты бар деп дәлел көрсете алмайды. Себебі Құранға тұтас қарап барып пайым жасау қажет.

– Құран Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у) ең үлкен мұғжизасы яғни, Құранда «иғжаз» мәселесі бар. Иғжаз деп отырғанымыз Құранның сөз тұрғысынан болсын, мағына жағынан болсын ғажап үйлесімділікке құрылғандығы. Құранның сөз саптасын байқаған адам оған тең келер кітаптың жоқтығын, өзге кітаптармен салыстырғанда оның шексіз үстемдігін аңғарады. Құран сөздерінің өзіне тән ерекше формасы сол кездегі араб әдебиетінің майталмандарын таң тамаша күйге түсіріп, олардың аузынан «Бұл адам баласының сөзі емес» деген сөзді шығарған ғажап кітап. Тіпті сөз былай тұрсын әрбір әрпінде нәзік сырлар сақталған. Аударма қанша жерден көркем жасалғанымен Құранның әр сөзіндегі иләһи, әдеби көркемдік пен сұлулықты толық бере алмасы анық. Әрбір сөзіндегі сан қырлы мағынаны сол күйінде бере алмайды, тек бір қырын ғана жеткізуге қауқарлы. Осының нәтижесінде оның ұлы мәртебесін, әдеби көркемдігін төмендетеді. Аударманы оқыған кісі Құдай сөзінің ұлылығын сезіне алмай, Құранға қатардағы жәй бір кітап деп баға беруі мүмкін[13].

– Құранда бір емес бірнеше мағына беретін сөздер кездеседі. Сондай сөздерді өзге тілге аударғанда аудармашы оның бір ғана мағынасын бере алады. Демек, аударма Алланың аятта айтқысы келген бірнеше мағынаны толық қамти алмағандықтан аят оқырманға толық жетпейді деген сөз. Аударманың басты кемшін тұсы осы деуге болады. Сол себепті Құран сөзбе-сөз аударылмайды, тәпсірленіп, жан-жақты баяндалуы керек. Мысалы «Бисмилләһир-Рахманир-Рахим» аятындағы «Рахман», «Рахим» сөздерінің қазақша мағынасын сөзбе-сөз жеткізу мүмкін емес. Қазіргі көптеген аудармалардағы «мейірімді», «рақымды» сөздері Алланың бұл сипаттарының мағынасын толық бере алмайды. Бір түбірден шығатын бұл екі сөз Рахмандағы бір артық әріп арқылы Алла Тағаланың бұл дүниедегі барша адамзатқа мұсылман, кәпір деместен ризығын беріп, өмір сүруіне мүмкіншілік жасап отырғандығын білдіреді. Ал мұны тура мағынасында қолдану тіпті де мүмкін емес. Тек тәпсірлеп түсіндіру қажет.

‒ Жалпы әдеби көркем шығарманың өзін сапалы аудару оңай емес. Автордың ойын сол қалпында жеткізу, сезімін бере алу аса терең сезімталдықты, тіл байлығын, шеберлікті қажет етеді. Ал, Құранды аударудың жауапкершілігі тіпті ауыр. Алланың аятында мұрат еткен негізгі мақсатын жеткізе алмасаңыз, үкімнің бұрмалану ықтималы бар. Оқырман қате үкім алуы да мүмкін. Бұл аудармашының күнә арқалауына себеп болуы ықтимал. Құранды аударуға талпынған мамандар осы жауапкершілікті сезінуі тиіс.

‒ Құранның аудармасын оқу арқылы дініміздің шарттарын үйрене алмаймыз және діни білімі жоқ адамның Құран аудармасына негізделіп үкім шығаруына болмайды. Мәселен, конституциямыз өз ана тілімізде жазылғанына қарамастан, оны құқық саласынан хабары жоқ адамдар оқитын болса, әр адамда әртүрлі түсінік пайда болады. Тіпті құқықтанушылардың арасында да әралуан түсініктер туындап жатады. Конституцияның кейбір заңнамаларында басқа заңнамаларға сілтеме жасалып жатады. Заңдар бірнеше үкімдерді кодекстерге, баптарға сілтейді. Заңды, кодекстерді, баптарды білмей тұрып, «Конституция бойынша бұл іс мынадай болады» деп тұжырым жасау қате болады. Яғни, конституцияға да тұтастай қарау арқылы үкім шығарылады. Сол секілді Құран бізге кесек үкімдерді (мужмал) береді. Яғни, энциклопедиялық кітаптардағыдай әрбір мәселе егжей-тегжейлі баяндалмайды. Мәселен, Құран намаздың қай уақыттарда, қалай және неше ракағат оқылатындығын, парыздары, уәжіптері, намазды бұзатын және бұзбайтын нәрселерді таратып айтпаған. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у): «Менің қалай намаз оқығанымды көрсеңіздер солай намаз оқыңыздар» деген хадисімен әрі өзі көрсету арқылы, әрі керекті үкімдерін түсіндіру арқылы «мужмал» үкімдерді «мубәййан» еткен. Яғни, кесек үкімдерді егжей-тегжейлі баяндаған. Құранның намазға байланысты аяттарының тәпсірін және фиқһ кітаптарының намаз бөлімін зерделеген кезде намаз тақырыбының бәрі дерлік сүннетпен баяндалғанын байқайсыз. Бұл жағдай Құран мен Сүннеттің бір-бірін қалай толықтыратындығын және Құрандағы әмірлердің өмірге енгізілуін Алла Расулы көрсеткендігін, кейбір аяттарды Сүннетсіз түсіну мүмкін еместігін көрсетеді. Тағы бір мысал берелік. Бес парыздың бірі зекет құлшылығының парыз екендігі аяттарда жалпылама айтылғанымен, оны қандай мөлшерде, қалай берілу керектігі баяндалмаған. Мұны біз сүннеттен табамыз. Қажылық та дәл сондай.

Бұған қоса, Құранда «насых» мәселесі бар. Насых сөздікте ауыстыру, көшіру, жою деген мағыналарды береді. Ал терминдік мағынасы – шариғаттағы бір үкімнің күшін кейіннен келген бір үкімнің жоюы. Кейіннен келген дәлел насих (жоюшы), жойылған үкім мәнсух болады. Насыхта кейде бір үкімнің орнына басқа үкім келеді, кейде үкімі толық жойылып орнына басқа үкім келмейді. Мысалы намазды Құдұсқа қарап оқу үкімі жойылып, оның орнына Қағбаға қарап оқу үкімі келген. Ал, Мұтға некесі және арақ ішу насых етіліп орнына ешқандай үкім түспеген. Сондықтан да аудармада үкімі жойылған аяттарды, ол аяттардың үкімінің неліктен және қайсы аяттармен жойылғаны жайында қосымша түсіндірме жазылуы тиіс. Бұлай жасалмай қысқаша аударылса ондағы Алланың мақсат еткен мағынасы толық түсінікті болмайды.

Құран негізінде арабша түсірілгенімен оны кез-келген араб немесе араб тілін білетін филолог түсіне бермейді. Тәпсірлерге сүйену қажеттілігі бар. Мәселен, сахабаларды алайық. Көбінің ана тілі – араб тілі. Арасында араб әдебиетін терең білетіндері болған. Соған қарамастан олар кейбір аяттарды түсіне алмай мағынасын Пайғамбарымыздан келіп сұрайтын. Себебі, ол жәй арабша сөз емес, Құдайдың сөзі еді. Әрине, барлық аяттар мағынасы күңгірт емес, басым көпшілік аяттардың мағынасы анық. Дегенмен әсіресе үкім аяттарын дұрыс түсіну үшін тәпсірге жүгінуге тура келеді.

Құранды түсіну сөздердің түпкі мағыналарына үңілу арқылы болмақ.  Құран мәтінінің тек сыртқы мағынасын ұстану жаңсақ түсінікке жол ашуы мүмкін. Мұның мысалын ораза кезіндегі сәресі уақыты жайында айтылған, Құрандағы: «...ақ жіп қара жіптен ажыратылғанға дейін жеп-ішіңдер...»[14] – деген аят түскенде, Ади ибн Хатимнің аятты тура мағынасында түсініп, қара жіп пен ақ жіпті алып, соған түні бойы қарап, ажырата алмағандығынан көреміз. Сонда Алла Расулы бұл сөздің теңеу екендігін, «қара жіп» деп түнді, «ақ жіп» деп күндізді меңзеп тұрғандығын білдірген. Тілдік тұрғыда мұғжизалығымен тіл майталмандарын тамсандырған Құран мәтінінде осы сияқты аяттар аз кездеспейді. Мұндай тілдік ерекшеліктер аз сөзбен көп мағыналарды жеткізе білген пайғамбардың сөздерінде де келген.

Аударма Құрандағы араб әдебиетіне тән шешендіктің (балағат) нәзік тұстарын жеткізе алмайды. Құран тілін Мағани (риторика), Баян (стилистика), Бадиғ (поэтика) секілді тіл ғылымдарының яғни, араб тілінің әдеби көркемдігінің шыңы деп бағалауға болады. Риторика арқылы – сөздердің құрылымынан туындаған мағынаның ерекшеліктері ұғынылса, стилистика арқылы – семантикалық айқындық пен астарлылық, поэтикамен сөз көркемдігі айқындалады. Құран Кәрімнің осындай ерекшіліктерін басқа тілге қысқаша аударып беру мүмкін емес.

Кейбір кісілер «әрбір әрпіне он сауап бар» деп Құран оқуға талпындырған хадисті Құран аудармасын оқу деп шатасады. Құран Кәрім – уахи етілген Алланың сөзі. Мұсылмандарға тура жолды көрсеткен Құран араб тілінде. Құранның басқа тілдерге аударылған аудармалары сөз ретінде адамның сөзі. Аударманы оқу Құран оқу болып есептелмейді.

Үкім аяттарының мағынасын түсіну үшін ол аяттардың түсу себептерін білу өте маңызды. Құран аяттарының бір бөлігі ешқандай себепке байланысты емес тура түскен, ал бір бөлігі сахабалар тарапынан қойылған сұрақтарға немесе орын алған оқиғаларға байланысты түскен. Аяттардың түсуіне себеп болған осындай жағдайларды қарастыратын ғылымның аты «Әсбаб ән-нузул» деп аталады. Аяттың түсу себептері уахидың қандай жағдайда, қандай оқиғаға байланысты келгендігін анықтағандықтан аяттарды дұрыс түсінуде үлкен рөл атқарады. Ал аяттың түсу себебін білмеу аятты қате түсінуге итермелеуі мүмкін.

‒ Құран Алла тарапынан тек жалаң мәтіндер ретінде келмеген, Пайғамбарымыз түсіндіріп тәпсірлеу үшін түскен. Алла Расулы өзінің сахабаларына мағыналы мәтіндерді сөзімен де, ісімен де түсіндіру міндетін қалтқысыз атқарды. Пайғамбардан кейін, саңлақ сахабалар, Құран аяттарын келер ұрпаққа жеткізу жолында тер төгіп, мән-мағынасын түсіндіру үшін қажырлы жұмыс жасады. Одан кейінгі кезеңдерде жүздеген тәпсір кітаптары жарық көріп, Құран ілімінің тәпсір саласы қалыптасты. Дегенмен, ислам дінінің негізгі қайнары Құран мәтіндеріне жалаң, яғни ғылыми негіздерге сүйенбеген талдаулар мен қате интерпретациялар жасалуы, мұсылман әлемінің идеологиялық тұрғыда, діни-саяси топтарға бөлінуіне алып келді. Қазір де діни саяси жанжалдардың белең алуына жол ашып отыр. Сондықтан Құран мәтінін дұрыс ғылыми негізде түсіндіру – ақиқатқа қол жеткізудің және тыныштық пен тұрақтылықты сақтаудың маңызды факторларының бірі.   Сол себепті де ислам тарихында тәпсір ілімі қалыптасып, Құран Кәрімнің асыл мақсаттарын дұрыс түсінудің методологиясы жолға қойылған.

Қазақ халқының тарихи қалыптасқан діни жолы – Матуриди сенім мектебі ғұламалары тарапынан көптеген тәпсірлер жазылған. Себебі, олар тәпсірдің маңызын жақсы түсінді. Біздің еліміз дәл қазіргі кезеңде Құранды аударудан гөрі тәпсірлеуге көбірек маңыз берген дұрыс деп ойлаймын. Қазіргі заман талабына жауап беретін көлемді тәпсірді қазақ тілінде жазып шығу қажет-ақ. Бұл уақыт талабы. Хәкім Абай да өз шығармаларында Құранның мағыналық мәнін ашуға, хикметін сезінуге маңыз берген. «Адамды сүй, Алланың хикметін сез!», «Адамның хикмет кеудесі» – деген сөздердің астарында Құран-адам-әлем ұғымдарының өзара байланысына назар аудартып, одан хикмет тере білуге талпыныс жатыр. Абайдың «Құран рас Алланың сөзі-дүр ол, Тәуиліне жетерлік ғылымың шақ», – деген сөзі Құранның тура мағынасынан гөрі, ішкі мәніне, түпкі мағынасын ұғынуды жөн санағанын аңғартады[15].  

Әділхан ЖАҚСЫБЕК,

ҚМДБ жанындағы имамдардың білімін

жетілдіру институтының ұстазы,

исламтану магистрі 



[1] Хижр сүресі, 9-аят:

[2] Исаұлы М, Жолдыбайұлы Қ. Ислам ғылымхалы. –Ислам мәдениеті мен білімін қолдау қоры, 2011. 520 бет.

[3] Құрманбаев Қ. Құран ілімдеріне кіріспе. –Алматы: Нұр-Мүбарак баспасы, 2014. -392 бет.

[4] Robertus Ketenensis (арабист, ортағасырлық ағылшын теологы)

[5] Andrea Arrivabene

[6] Salomon Schweigger

[7] André de Ryer (Франция елінің Египеттегі коньсулі болған кісі)

[8] Alexander Ross

[9] Проф.док. Исмайыл Жеррахоғлы. Тафсир усулы. –Анкара: Түркия дианет уақфы, 2012. – 352 бет.

[10] Алдашева А. Аударматану ғылымының басты  ұғым-түсініктері туралы // Аударматану (ғылыми-практикалық көмекші құрал). Құраст.: Құлманов С.–Алматы: «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы, 2008. –300 бет.

[11] Көркем аударманың кейбір мәселелері (мақалалар жинағы). –Алматы: Қазмемкөркемәдеббас, 1957.

[12] Зарқани Мухаммед Абдулазим, Манахилул-ирфан фи улумил-Құран. 2 том. Дарул-мағрифа. Байрут.

[13] Мустафа Сабри, Мәсәләту тәржимәтил-Құран.

[14] Бақара сүресі, 187-аят.

[15] Қазақстан. Ұлттық энциклопедия, ҚЭ Бас басқармасы, Алматы, 2004 жыл (6 томында).

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 661 рет
JoomShaper
Top