Пайғамбарымызға салауат айтқан кезде «сәйидина» сөзін қосу ширк пе?

Сенбі, 23.12.2017
Пайғамбарымызға салауат айтқан кезде «сәйидина» сөзін қосу ширк пе?

Негізінен дінде тым төзімсіз келетін кейбір бауырларымыз асығыстық жасап кейбір ғана аяттар мен хадистерге сүйене отырып, асығыс үкім шығарып жатады. Фиқһ терең түсінікті талап ететін іс болғандықтан асығыс үкім шығарып, мұсылмандарды адасушылықпен кіналамау керек. Енді сұрақтың жауабына келсек.

Бұны екі жағдайға бөліп қарастыра аламыз. Біріншісі жалпы осы «сәйид» сөзін адамдарға қатысты қолдану, екіншісі намаздағы салауат дұғларын айтқанда осы сөзді қолдану.

Әуелі: Пайғамбарыздың атын айтқанда «сәйидина» сөзін қосуға болмайды деп жүргендер мына хадиске сүйенеді: Мутарриф ибн Абдулла әкесінен былай деп жеткізеді: «Бәну Әмір халқының өкілдерімен бірге Алла елшісінің қасына бардық. Ол жердегілердің бірі «Сен біздің «сәййдімізсің» деді. Сол кезде Пайғамбарымыз السَّيِّدُ اللهُ تَبَارَكَ وَتَعَالَى “ «Сәйид ол – Алла Тәбәрәкә уә Тағала» деді. Сол кезде біз «Ізгілікте ең жоғарғымыз, мәрттікте алдына жан салмайтынымызсыз» дедік. Сол кезде ол: «Айтатындарыңыз осындай немесе осыған жақын сөздер болсын. Шайтан сендерді (асыра сілтеп) сөйлетпесін» деді(Әбу Дәуіт, Әдәб, 10).  Риуаятта кейбір адамдардың білместікпен тым асыра сілтеушілікке жол бергендіктен Пайғамбарымыз бұған тыйым салғанды байқалады.

Негізінде араб тіліндегі «Рабб (Ие)» сөзі секілді «сәйид» сөзінің де «ие, мырза, басшы, құрметті» деген секілді бірқатар мағыналары бар. Құран Кәрім мен хадистерге жіті мән беріп қарасақ, бұл сөздің адамдарға қатысты да қолданылғандығына көз жеткізе аламыз. Мәселен мына аятта:

وَرَاوَدَتْهُ الَّتِي هُوَ فِي بَيْتِهَا عَن نَّفْسِهِ وَغَلَّقَتِ الأَبْوَابَ وَقَالَتْ هَيْتَ لَكَ قَالَ مَعَاذَ اللّهِ إِنَّهُ رَبِّي أَحْسَنَ مَثْوَايَ إِنَّهُ لاَ يُفْلِحُ الظَّالِمُونَ

 «Содан Жүсіп тұрған үйдегі әйел онымен ашына-жай болуды қалады. Оны азғыруға тырысып, есіктердің бәрін іштен іліп алды да: «Қане, келші маған!», – деді. Ол: «Алла сақтасын! Расында, (сіздің жұбайыңыз) менің қожайыным маған пана болып, көп қамқорлық көрсетті (оған қалайша опасыздық жасамақпын). Опасыз залымдар әсте мақсат-мұраттарына жетпейді һәм оңбайды», – деді» («Юсуф» сүресі, 23-аят) деп Жүсіп пайғамбар Зұлейханың кұйеуіне «Менің Раббым», яғни қожайыным деген. Адамдарға Аллаға қалай сену керек екенін үйретуші Пайғамбардың бөл сөзді білместікпен қолдануы мүмкін емес. Мына: 

فَنَادَتْهُ الْمَلآئِكَةُ وَهُوَ قَائِمٌ يُصَلِّي فِي الْمِحْرَابِ أَنَّ اللّهَ يُبَشِّرُكَ بِيَحْيَى مُصَدِّقًا بِكَلِمَةٍ مِّنَ اللّهِ وَسَيِّدًا وَحَصُورًا وَنَبِيًّا مِّنَ الصَّالِحِينَ

 «Содан бір күні Зәкәрия михрабта намаз оқып тұрғанда, періштелер оған былай деп үн қатты: «Алла тағала сені Яхиямен сүйіншілеуде, ол Алладан келетін бір Сөзді (Исаны) растайды һәм ізгі жандардың мырзасы, (нәпсіге әсте бой алдырмайтын) асқан тақуа әрі пайғамбар болады»  («Әли Имран» сүресі, 39-аят) деген аятта да Яхия пайғамбарға қатысты «Сәйид» сөзі қолданылған. Осы екі аятта «Рабб» және «Сәйид» сөзі адамдарға қатысты қолданылған.

Сол секілді адамзаттың ардақтысы Пайғамбарымыз да (саллалаһу әлейһи уә сәлләм) бұл сөздерді адамдарға сипат ретінде қолданған. Мына хадистерді дәлел ретінде келтіре кетейік:

Пайғамбарымыз мына хадисте: أَنَا سَيِّدُ النَّاسِ يَوْمَ القِيَامَةِ «Мен қиямет күнінде адамдардың сәйиді/мырзасы боламын» (Бухари. Тәпсір, 6) деген. Тағы бір хадис мәтіні мынадай: أَنَا سَيِّدُ وَلَدِ آدَم «Мен адамбаласының мырзасымын» (Ибн Мәжә. Зикру әш-шафаа, 5). Ал мына хадисте:  أَبُو بَكْرٍ سَيِّدُنَا، وَأَعْتَقَ سَيِّدَنَا يَعْنِي بِلاَلًا

 «Мырзамыз Әбу Бәкір, марзамыз Біләлді азат етті» деп келеді (Бухари, Манақиб Биләл ибн Рабах, 5)

Жәннаттың қос райханы, екі немересі жайлы да:  الحَسَنُ وَالحُسَيْنُ سَيِّدَا شَبَابِ أَهْلِ الجَنَّة «Хасан мен Хүсейін – жаннат тұрғындарының мырзалары»деген(Термези. Мәнәқиб Хасан уә Хусәйн, 5).Сағыд ибн Муазға қатысты Пайғамбарымыз сахабаларына:قُومُوا إلَى سَيِّدِكُمْ «Мырзаларыңа тұрып құрмет көрсетіңдер» деген (Бухари. Истизан, 8).

Міне, осы хадистерде Пайғамбарымыздың (саллалаһу әлейһи уә сәлләм) тек өзі үшін ғана емес сахабаларына да қатысты «сәйид» сөзін қолданғандығын нақты көреміз. Демек әуелгі айтылған хадисте Пайғамбарымыз әлі дінді толық түсінбеген адамдар құрмет көрсетуде шектен шығып кетпесін деген ниетпен айтқан. Ал жоғарыда келтірілген аяттар мен хадистер бұл сөздерді адамдар үшін де қолдануға болатынын ешқандай күмәнсіз көрсетіп тұр. Сондықтан біз де Құранда: لا تَجْعَلُوا دُعَاءَ الرَّسُولِ بَيْنَكُمْ كَدُعَاءِ بَعْضِكُمْ بَعْضًا «(Уа, мүміндер!) Алла елшісінің өздеріңді шақырғанын һәм сендер үшін дұға еткенін, бір-біріңді шақырғанмен һәм бір-бірің үшін дұға еткенмен тең көрмеңдер. Оны бір-біріңді шақырғандай шақырмаңдар, оған бір-біріңе үн қатқандай үн қатпаңдар» (Нұр сүресі, 24/63) дегендей әдептен озбай, Пайғамбарымызға ең көркем түрде салауат айта аламыз. 

Екінші: Намазда тахииатта отырғанда салауат айту барысында Мұхаммед сөзінің алдында «сәийдина» сөзін айтуға келсек, ханафи және шафиғи мазһабында «сәийдина» сөзін айту мәндүп саналадын. Мұны айту айтпаудан жақсы. Ал «Мені намазда сәййд деп айтпаңдар» деген хадис ойдан шығарылған (У. Зухәйли. әл-Фиқһул-исләми уә әдилләтуһу, т.2, 43-б.).

Алау ӘДІЛБАЕВ,

теология ғылымының докторы

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 105 рет
JoomShaper
Top