Жақсылық жасаудың сауабы қандай?

Бейсенбі, 21.12.2017
Жақсылық жасаудың сауабы қандай?

Адамға жақсылық жасаудың орны айырықша. Жақсылық жасау-өмірді айшықты әсемдікке бөлейді. Және адамды рухани биіктікке жетелейді. Қазақтың әйгілі ақыны Қадыр Мырза Әли «Жақсының жүрген жері – шашу, жаманның жүрген жері – ашу» деген тәлімі терең нақыл қалдырған.

Қазақ халқында «Жақсылыққа жақсылық – әр кісінің ісі, жамандыққа жақсылық – ер кісінің ісі» деген мақал бар.  Бір сөзбен айтқанда, жақсы-жаман демей, адамға жақсылық жасаудың маңыздылығынн, оның аса құнды қасиет екенін бабаларымыз айтып кеткен. Бабаларымыздың «Асыл туған адамның алтын жетпес нарқы бар. Жақсы менен жаманның аспан мен жердей парқы бар» деген дана сөздер адамды мейірімділікке жетелейді.  

 Алла Тағала қасиетті Құранның «Ағраф» сүресінде 7/199-200: «Сен кешірім жасау мен елемеуді дұрыс көр. Жақсылықты талап ет. Наданмен надан болма. Егер кез-келген сәтте түлен түртіп, жамандыққа құлқың тартса дереу Алла Тағалаға сыйын. Өйткені, Жаратушы Ие барлық дұғаны естіп қабыл етуші. Ол күмәнсіз бәрін білуші» деп, адамды неғұрлым жақсылықтың шамшырағына қарай жетелейді. Жақсылық жайында Құран Кәрімнің «Фуссилат» сүресінде (41/34): «Жақсылық пен жамандық бірдей бола алмайды. Сондықтан, жаман қылықтан барынша алыс тұруға тырыс. Сонда саған дұшпан болған адамдар уақыт өте келе жаныңа жиылып, сені жақсы көретіндердің санын толықтырады» деген. Ұлы Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімнің «Һұд» сүресі, 114-аятында: «..Ақиқатында, жақсылықтар жамандықтарды кетіреді» деген.

Асыл дініміз ислам – тек жақсылықты дәріптейтін дін. Исламда қайырымдылық пен мейрімділік өте үлкен маңызға ие. Алла Тағала мұқтаждарға көмектесу, жақсылық жасау туралы «Мәида» сүресінің 2 аятында: «Ізгілік пен тақуалықта өзара көмектесіңдер» деп бұйырады.

 Екі дүние сардары пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Қайсыбір мұсылман өзінің бауырына көмектессе, Алла оған көмектеседі» дейді. Осыған қарап, бір-бірімізге бауырмал болсақ, Алла Тағаланың мол шарапатына ие боламыз. Жақсылық жасау қоғамдағы адамдардың өзара махаббатын, адамдар арасындағы татулықты қалыптастырады.

Алла Елшісі (с.ғ.с): «Қай жерде болсаңдар да Алладан қорқыңдар және әрбір күнәңді жуатын қайырлы істерің болсын, адамдарға мейірімді болыңдар» деген екен.

 Шынында да, жақсылық жасау қоғамның бірлігі үшін аса маңызды.

Тілейбек қажы СОЯНҰЛЫ,

Шығыс Қазақстан облысы

Күршім ауданының бас имамы

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 164 рет
JoomShaper
Top