Адал мен арам

Сәрсенбі, 20.12.2017
Адал мен арам

Нұғман ибн Башир (р.а.): «Ақиқатында, адал белгілі, арам да белгілі. Ал, бұлардың ортасында адамдардың көпшілігі біле бермейтін шүбәлі нәрселер бар. Шүбәлі нәрседен сақтанған адам дінін және абыройын қорғау үшін арылады. Ал, шүбәмен айналысушы арамға да бармақ. Өйткені, ол әне-міне кіріп кеткелі тұрған қойларын қорық маңында бағып жүрген шопанға ұқсайды. Әр патшаның қорығы бар. Алла Тағаланың қорығы—адамдарға тыйым етілген нәрселер.»,[1]» деген.

Аталмыш хадис бірқатар маңызды дүниелерді тілге тиек етуде. Бұл – Ислам негіздерін құрайтын хадистердің бірі. Көптеген ғұламалар мұны Исламның үштен бірін, ал Әбу Дауд төрттен бірін құрайды деген. Алайда мұның мәніне тереңірек үңілген адам, оның Исламды түгел қамтитынын көреді. Өйткені, хадисте адал, арам және шүбәлі нәрселерді түгел түсіндіреді. Сонымен бірге, жүректі реттейтін не екенін де айтып өткен. Ал, мұның бәрі шариғат заңдарын, оның негіздері мен тармақтарын білуді талап етеді. Ол тақуалықтың негізі болып табылатын – шүбәлі нәрселерден бас тарту. Ендеше, хадисті қысқаша таратып көрсек:

Адал мен арам мәлім. Бірақ, ортасында шүбәлі жайттар бар.

Имам Науауи: «Демек барлық іс-амалдар үш топқа бөлінеді. Бірінші топқа адал екендігі бүкпесіз анық нәрселер кіреді. Бұған мысал ретінде тамақтану, сөз сөйлеу, жүру, т.б. сол сияқты іс-әрекеттерді келтіруге болады. Екінші топқа анық арам нәрселер кіреді. Мәселен, арақ ішу, зинақорлық, т.с.с. Ал шүбәлі нәрселер дегеніміз адал немесе арам екендігі белгісіз. Сондықтан да адамдардың көпшілігі олар туралы біле бермейді. Ғұламалар мұндай іс-әрекеттің үкімін Құран аяттары, Пайғамбар (с.ғ.с.) хадистерінен немесе қияс, яғни салыстыру арқылы анықтайды. Мәселен, білгілі бір шүбәлі нәрсеге Құран мен сүннетте нақты нұсқау берілмесе, сонымен қатар бұл мәселе туралы ғұламалардың бірауыздан ортақ пікірі қалыптаспаған болса, онда мужтаһид өздігінше пәтуа іздейді. Үкім шығаруда шариғаттың ұқсас үкімдерін негізге алып, туындаған мәселеге қатысты адал не арам деген қорытындысын жасайды» деген.

Шүбәлі нәрседен бас тарту – тақуалықтың белгісі. Мәселен, күмән келтіретін табыс көзі немесе өсімқорлыққа қатысы бар адамдармен іскерлік байланыс жасамау. Сондай-ақ, арам деп нақты көрсетілмеген, алайда алшақ жүруі тиімді әрі абзал болған іс-әрекеттерден сақтану.

Ал, шүбәлі нәрсеге және күмәнді амалға қатысы жоқ істе тақуалық танытамын деп, адам өзіне қиындық тудырмауы қажет. Мәселен, үлкен қала тұрғыны шаһардағы әйелдердің біреу-міреуі туысым болып қалуы мүмкін деген оймен үйленуден бас тарту. Яки болмаса шөлдегі суды нәжіс түскен болуы мүмкін деп ойлап, ішуден бас тарту секілді. Мұндай іс-әрекет тақуалықтың белгісіне жатпайды. Қайта бұл – шайтан азғыруының нәтижесі боп табылады.

Шүбә тудыратын нәрселерге келсек, Ибн Мунзир шүбәлі нәрселерді үшке бөледі:

А) Арам екендігі адамға әу бастан белгілі болған. Бірақ, оның адал не арам екендігінен күдіктеніп, ақырында күмән тудыра бастайтын нәрселер. Мұндай заттарды анық көз жеткізгеннен кейін ғана тұтынуға болады. Мәселен, екі қой сойылды дейік. Бір қойды пұтқа табынушы сойды. Екіншісін мұсылман қасапшы сойды. Екі ет те бір орынға қойылып, қайсысы «бисмиллаһпен» сойылғаны белгісіз болып қалды. Бұндай жағдайда етті қолдану немесе қолданбау мәселесі күдікті.

Ә) Керісінше, адал нәрсенің тыйым салынғандығына қатысты қандай да бір күмән пайда болуы. Мысалы, талақ етілгені күмәнді әйел. Анық дәрет алғаннан кейін ешқандай белгісі болмаса да дәрет бұзылды деген күдік.

Б) Адалдығы да, арамдығы да бірдей шүбә келтіретін нәрселер. Ең жақсысы-олардан аулақ болу. Тақырыпқа байланысты бір мысал келтіре кетейік. Хазіреті пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Мен үйге келгенімде төсек үстінде құрма жатыр екен. Алдымен, оны жемек болып қолыма алдым. Бірақ құрма садақа ретінде әкелінген болар деген күмәнмен одан бас тартамын[2]» деген.

Күнделікті тұтынатын және қолданылатын заттарға байланысты күмән және күдік тудырған нәрселерден бас тарту жайлы саңлақ сахабалар мен ізгі ғұламалардың бірер сөздерін айта кетейік.

Ибн Омар (р.а.): «Шын мәнінде, өзім мен арам заттың арасын адалдан қаланған тосқауылмен бөліп қоюды қалар едім» дейді.

Суфиан ибн Уиайна: «Пенде өзін адал нәрседен болған тосқауылмен арамнан бөліп қоймайынша және күнә істен, сондай-ақ күнә іске ұқсайтын амалдардан бас тартпайынша иманның ақиқатын ұғына алмайды» деген.

Әрбір патшаның өз қорығы бар. Алла Тағала қорығы – тыйым салған нәрселері. Мұндай мысалды келтірілу мақсаты анық нәрселер мен жасырын істерді және сезіммен қабылдауға болатын нәрселер мен дерексіз істерді көрсету. Әдетте, араб патшаларының өз малдарына арналған жайылымдары болды. Бұл жайылымға малдарын жақынырақ жайған кедей-кепшікті жазалап отыратын. Оларды қорқытып, жайылым-қорықтарын қорғаған. Патшаның жазасынан қорыққан адам өз малын оның қорығына қашық жаятын. Тек, есерсоқ бейбақ біреу-міреу ғана малын байдың өрісіне жақындау жерге жайып қойып, малы қорыққа түсіп кететін. Соңында ескертуге құлақ салмаған әлігі бейбақ өз жазасын алатын.

Дәл сондай Алла Тағаланың да қорығы бар. Мұндай қорыққа – күнәлар мен барлық тыйым салынған арам нәрселер жатады. Күнә және арсыз іс-әрекеттің бірін жасаған адам Алла Тағаланың дүние және ақыреттегі жазасына лайықты болады.

Руслан ҚАМБАР,

исламтанушы



[1] Бұхари, Муслим

[2] Бұхари, Муслим

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 396 рет
JoomShaper
Top