Исламның 5 парызы – Ибраһимнің (а.с.) 5 қазынасы

Жұма, 24.11.2017
Исламның 5 парызы – Ибраһимнің (а.с.) 5 қазынасы

Ибраһим (а.с.) пайғамбар туралы мәліметтерді қарар болсақ, ең алдымен оның «Пайғамбарлар атасы» екені еске түседі. Оның есімі Құранда 69 рет 25 сүреде аталады.

Алла Тағала Ибраһим (а.с.) туралы  Құранда өте көркем сөздермен атайды. Мәселен, «дінге берік», «Алланың досы», «өте сабырлы», «шыншыл», «ізгі», «таңдаулы» деген сипаттарды кездестіруге болады. Мұндай сипаттарға лайықты болу үшін Алла Тағала оны өзге пайғамбарлар көрмеген қиыншылық-сынақтардан өткізген. Атап кетер болсақ, жастайынан халқын тура жолға шақырамын деп отқа тасталған. Бұған қоса, оның Азар есімді әкесі халық табынатын пұт жасаушы қызметкер болған. Қарттық келіп қартайғанда ұлды болып, ұзақ күткен тұяғын өз қолымен бауыздауға (құрбан етуге) бел буған болатын. Сонымен қатар, бауыр еті Исмайл мен әйелі Ажарды шөл далаға, егіні мен суы жоқ алқапқа, ит байласа тұрмайтын жерге алып барып тастаған. Бұдан бөлек, халқына дін таратамын деп, қаншама машақатты бастар өткізген бірден бір пайғамбар. Осындай қиыншылықтардан сүрінбей өткендіктен Алла Тағала оны өзіне дос тұтып алған болатын: «وَاتَّخَذَ اللَّهُ إِبْرَاهِيمَ خَلِيلًا» - «Алла Тағала Ибраһимды (а.с.) дос тұтты».

Алла Тағала Құранның көптеген аяттарында Ибраһим (а.с.) пайғамбар туралы баяндар кезде «Ислам» сөзін онымен байланыстырып отырады. Мәселен, «Бақара» сүресінің 128 аятында: «رَبَّنَا وَاجْعَلْنَا مُسْلِمَيْنِ لَكَ وَمِنْ ذُرِّيَّتِنَا أُمَّةً مُسْلِمَةً لَكَ» - «Раббымыз, екеумізді де өзіңе бой ұсынушылардан қыл, ұрпақтарымызды да өзіңе бой ұсынушы бір үммет ете гөр» (аяттағы «бойұсыну» сөзі араб тіліндегі «мұсылман» сөзінің мағынасына саяды), сондай-ақ, аталмыш сүренің 131 аятында: «إِذْ قَالَ لَهُ رَبُّهُ أَسْلِمْ قَالَ أَسْلَمْتُ لِرَبِّ الْعَالَمِينَ» - «(Алла Тағала Ибраһимге) Бой ұсын!»,- деді. Ол: «Бүкіл әлемнің Раббысына бой ұсындым» деді», «Хаж» сүресінің 78 аятында: «مَا جَعَلَ عَلَيْكُمْ فِي الدِّينِ مِنْ حَرَجٍ ۚ مِّلَّةَ أَبِيكُمْ إِبْرَاهِيمَۚ» - «(Алла Тағала) Сендерге дінде қиындық қылған емес. Аталарың Ибраһимның (а.с.) жолы» .

Әсілінде, Исламның негізгі деген 5 парызы бар екені белгілі. Олар: Шахада (куәлік ету), намаз, ораза, зекет және қажылық. Бұл жайында ардақты Мұхаммед (с.а.у.) хадісінде былай деген: «Ислам бес негізге құрылған: Шахада (Алла Тағаладан басқа құдайдың жоқтығына және Мұхаммед Алла елшісі екендігіне куәлік ету), намаз оқу, зекет беру, қажылық жасау және рамазан оразасын». Бір қызығы, осы бес парызды жіті зерттер болсақ, олардың барлығы дерлік Ибраһим (а.с.) пайғамбармен тікелей байланысты екенін ұғынамыз. Ендеше, осы байланыстарға толығырақ тоқталып, Ибраһим (а.с.) пайғамбардың біздер үшін қаншалықты маңызды тұлға екеніне көз жеткізейік.

1) – Шахада

Құранның негізгі мазмұнында көтерілген басты тақырыптардың бірі – таухид ілімі, яғни, Алланың бірлігін дәріптейтін аяттар. Осындай таухидті адамзатқа жеткізу Алла тарапынан барлық елшілер мен пайғамбарларға жүктелген міндет болып табылады. Сол секілді Құранда Ибраһим (а.с.) пайғамбар айтылғанда міндетті түрде ол өз қауымына Алланың жалғыз екенін және Аллаға ғана құлшылық ету керектігін ескерткен тұстарын байқауға болады. Бұл өз кезегінде Ибраһимның (а.с.) таухид ілімін халқына дәріптеп, ширк (Аллаға серік қосу) амалдардың алдын алуға ықпал еткенін келесі аяттарда көруге болады. Мәселен, «Анам» сүресінде пұтқа табынған әкесіне ол былай дейді: «وَإِذْ قَالَ إِبْرَاهِيمُ لِأَبِيهِ آزَرَ أَتَتَّخِذُ أَصْنَامًا آلِهَةً» - «Ей, Әке, пұттарға Құдай ретінде табынасыңдар ма?», деді. Бұған қоса келесі «Әнбия» сүресінде: «أَفَتَعْبُدُونَ مِنْ دُونِ اللَّهِ مَا لَا يَنْفَعُكُمْ شَيْئًا وَلَا يَضُرُّكُمْ (66) أُفٍّ لَكُمْ وَلِمَا تَعْبُدُونَ مِنْ دُونِ اللَّهِ أَفَلَا تَعْقِلُونَ» - «Сендер Алланың орнына өздеріңе ешбір зиян да пайда да тигізе алмайтын нәрсеге табынасыңдар ма?. Алладан өзгеге табынуларың қалай? Ақылға келмейсіңдер ме?», сондай-ақ, Ибарһим (а.с.) ширк амалынан қаншалықты алыс болғандығы туралы Мұхаммедттің (с.а.у.) тілімен былай баяндалады: «قُلْ إِنَّنِي هَدَانِي رَبِّي إِلَى صِرَاطٍ مُسْتَقِيمٍ دِينًا قِيَمًا مِلَّةَ إِبْرَاهِيمَ حَنِيفًا وَمَا كَانَ مِنَ الْمُشْرِكِينَ» - «Расында, Раббым мені тура дінге, Ибраһимның (а.с.) жолына салды. Ол (Аллаға) серік қосушылардан емес еді». Осындай аяттардың мазмұны Ибраһимның (а.с.) ширк амалдарынан қаншалықты алыс екендігін әрі Алланың жолында халқын таухидке шақырғандығын аңғаруға болады.   

Сонымен қатар, барлық кітап түскен (иудей, христиан, ислам) діндердің тұжырымдамасы бойынша Ибраһим (а.с.) пайғамбарлардың атасы және ол монотейстік діннің негізін салушы болып саналады. Демек, Ибраһим (а.с.) Алланың бірлігін дәріптеген әрі өзге пұттарға табынудан тыйған ең үлкен пайғамбар екендігін ешкім жоққа шығара алмайды. Бұл дегеніміз шахада, яғни, «Алладан басқа тәңір жоқ» деп куәлік етудің негізі сонау Ибраһим (а.с.) пайғамбардан басталғанын білдіреді. 

2) – Намаз

Кез-келген мұсылман үшін намаз құлшылығының өмірдегі орны ерекше болу керек. Себебі, намаз арқылы пенде Жаратушымен күнделікті байланыста болып отырады. Сондықтан, бес парыздың екінші қатарда намаздың тұруы да бекер емес-тін. Өйткені, Абай атамыз айтып кеткендей: «Әрбір адамға – иман парыз, имандыға – құлышылық парыз» деп, Алланы бір деп таныған адам оған құлшылық етуі тиіс болады.

Ал, Ибраһим (а.с.) пайғамбар намаз құлшылығына қатысты да Құранда ескеріліп кеткен. Мәселен, «Ибраһим» сүресінің 40 аятында: «رَبِّ اجْعَلْنِي مُقِيمَ الصَّلَاةِ وَمِنْ ذُرِّيَّتِي رَبَّنَا وَتَقَبَّلْ دُعَاءِ» - «Раббым! Мені және ұрпақтарымды намазды толық орындаушылардан қыл! Раббым! Тілегімді қабыл ет!». Бұл аяттағы «ذُرِّيَّةٌ  » - «зуррия» сөзі қазақ тіліде «ұрпақ» деген мағынаны білдіреді. Құранда Ибраһим (а.с.) дұға еткенде қашанда ұрпағын қосып дұға ететін болған. Яғни, Ислам діні Ибраһим (а.с.) пайғамбардың баласы Исмайлдан (а.с.) бері тікелей Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарға түскен. Ал, оның екінші ұлы Исхақ (а.с.) пайғамбардан Иақуб (а.с.), Жүсіп (а.с.), Дауд (а.с.), Сүлеймен (а.с.), Мұса (а.с.), Иса (а.с.) секілді пайғамбарлар тараған. Жалпылама айтқанда, аталған Ибраһимның (а.с.) ұрпақтары үшін намаз құлшылығы тансық емес еді. Себебі, дұғаның мазмұнында олардың намаз құлшылығына деген құлшыныстарын байқауға болады. Осылайша, аталған дұға қабыл болып, намаз құлшылығы біздерге дейін жеткенін аңғарамыз.

3)- Зекет

Ибраһим (а.с.) пайғамбардың Исмайл және Исхақ деген екі ұлы болды. Ол екеуі екі анадан туылған және сәйкесінше әкесінің дінін ұстанған пайғамбарлар еді. Демек,  олардың діндегі ұстазы – Ибраһим (а.с.).

Алла Тағала қасиетті кітабында «Марям» сүресінде Исмайл (а.с.) туралы айтарда былай дейді: «وَاذْكُرْ فِي الْكِتَابِ إِسْمَاعِيلَ إِنَّهُ كَانَ صَادِقَ الْوَعْدِ وَكَانَ رَسُولًا نَبِيًّا (54) وَكَانَ يَأْمُرُ أَهْلَهُ بِالصَّلَاةِ وَالزَّكَاةِ وَكَانَ عِنْدَ رَبِّهِ مَرْضِيًّا» - «(Мұхаммед (с.а.у.), Құрандағы Исмайлды (а.с.) еске түсір. Расында ол уәдесіне берік әрі елші, пайғамбар болатын.  Ол отбасына намаз бен зекетті орындауды бұйыратын еді». Бұл аяттан байқағанымыздай Исмайл (а.с.) әрдайым намаз оқу мен зекет беруді отбасына үйретіп отырған. Яғни, ол намаз бен зекетті беруді тек әкесі Ибраһимнен (а.с.) ғана үйренгені айтпасада белгілі. Себебі, ол уақытта әкесінен басқа Алланың дінін, намаз бен зекет құлшылығын үйретуші ешкім болмағаны айдан анық. Осыдан шығатын қорытынды зекет беру парызы да тікелей Ибраһим (а.с.) пайғамбарға барып тірелетінін көруге болады.

4) – Ораза

Оразаның Ибраһим (а.с.) пайғамбармен байланысын білу үшін біз алдымен одан тараған ұрпақтарды нақтылап алуымыз керек. Оның үлкен ұлы Исмайлден (а.с.) Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарға дейін арада ешбір пайғамбар болған емес. Яғни, Мұхаммед (с.а.у.) Исмайлден (а.с.) тараған соңғы пайғамбар екеніне исламның тарихи деректері куә бола алады. Бұл сөзімізді кеңінен түсіндіру үшін «Бақара» сүресінің мына бір аятына зер салайық: «رَبَّنَا وَابْعَثْ فِيهِمْ رَسُولًا مِنْهُمْ يَتْلُو عَلَيْهِمْ آيَاتِكَ وَيُعَلِّمُهُمُ الْكِتَابَ وَالْحِكْمَةَ وَيُزَكِّيهِمْ إِنَّكَ أَنْتَ الْعَزِيزُ الْحَكِيمُ» - «Раббымыз! Біздің ұрпағымыздан Сенің аятыңды оқитын, Кітабыңды әрі үкімдеріңді үйрететін және олардың бойларын тазартатын өздерінің арасынан болған елші жібергейсің!». Бұл дұғаны Ибраһим (а.с.) қасиетті Қағбаны ұлы Исмайл екеуі тұрғызып болғасын айтқан болатын. Аяттағы «Біздің ұрпақтарымыздан» деген сөйлемде Исмайлдың ұрпағынан Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбар келгені белгілі. Демек, дұғада айтылғандай, адамдардың бойларын тазарту үшін соңғы елші жіберіліп, сәйкесінше оған Кітап (Құран) пен үкім аяттары түсірілген болатын. Ал, осы үкім аяттары жиналған қасиетті Құран айлардың сұлтаны Рамазан айында түскені белгілі. Бұл жайында «Бақара» сүресінде: «شَهْرُ رَمَضَانَ الَّذِي أُنْزِلَ فِيهِ الْقُرْآنُ هُدًى لِلنَّاسِ وَبَيِّنَاتٍ مِنَ الْهُدَى وَالْفُرْقَانِ» - «Рамазан айы ол сондай ай, ол айда адам баласына тура жол және ақ пен қараны ажырату үшін Құран түсірдік», делінген. Ендеше, қазіргі біздің асыға күтетін 30 күн оразамыз, айт мерекеміз бұл – Ибраһим (а.с.) пайғамбардың жоғарыдағы дұғасы қабыл болған күн, десек артық айтпаймыз. Яғни, біздің көзімізді ашу үшін Ибраһимның (а.с.) ұрпағынан адамзаттың асыл тәжі Мұхаммед (с.а.у.) Алланың елшісі болып келді. Ол біздерге Алланың үкімдерін әкеліп оқытты, онымен бойымызды тазартумен айналысты.

Бүгінгі таңда қасиетті ораза айы – Құранның адамзатқа түсуімен қадірлі. Бұл өз кезегінде Ибраһимның (а.с.) дұғасы мыңдаған жылдарды артта қалдырып ораза айында тікелей қабыл болғандығын айғақтайды.

5) – Қажылық

Қажылық құлшылығы тікелей Ибраһим (а.с.) пайғамбармен байланысты. Екеуін ажыратып қарауға болмайды. Қасиетті Қағбаның өзін Ибраһим (а.с.) ұлы Исмайл екеуі салғаны белгілі. Бұған қоса, қажылықта жасайтын діни жоралғылардың барлығы оған қатысты.  Мәселен, Қағбаның жанындағы «Ибраһим мақамын»-да намаз оқу, бұл жайында: «وَإِذْ جَعَلْنَا الْبَيْتَ مَثَابَةً لِلنَّاسِ وَأَمْنًا وَاتَّخِذُوا مِنْ مَقَامِ إِبْرَاهِيمَ مُصَلًّى» - «Қағбаны адам баласы үшін орталық әрі бейбітшілік орны етіп жасадық және Ибраһимның (а.с.) орнын намаз оқитын жер етіп алыңдар», делінген. Бұған қоса «сафа мен маруа» арасын жүгіріп өту тарихы да Ибраһим (а.с.) пайғамбардың отбасына тиесілі. Бұл жайында: «إِنَّ الصَّفَا وَالْمَرْوَةَ مِنْ شَعَائِرِ اللَّهِ فَمَنْ حَجَّ الْبَيْتَ أَوِ اعْتَمَرَ فَلَا جُنَاحَ عَلَيْهِ أَنْ يَطَّوَّفَ» - «Әсілінде, сафа мен маруа Алланың қасиетті белгілерінен. Кімде кім қажылық амалын орындайтын болса ол екеуін тауап етсін», делінген.  Сондай-ақ, қажылықта құрбандық шалу рәсімі де Ибраһим (а.с.) өз ұлын бауыздамақ болған тарихи негізіне қайтады. Бір сөзбен айтқанда, қажылық амалының барлығы дерлік тікелей Ибраһиммен (а.с.) тығыз байланысты.

Мұхаммед (с.а.у.) пен Ибраһим (а.с.) арасындағы байланыс

Алла Тағала қасиетті Құранда Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарға Ибраһим (а.с.) пайғамбардың жолымен жүруге бұйырған. Бұл жайында «Әл Имран» сүресінде: «فَاتَّبِعُوا مِلَّةَ إِبْرَاهِيمَ حَنِيفًا» - «Ибраһимның (а.с.) жолына еріңдер», деген. Мұндай бұйрық басқа ешбір пайғамбарларға айтылмаған. Себебі, Ибраһимның (а.с.) өмір тарихы Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбармен тікелей байланысты. Мәселен, Құрайш тайпасы да  пұтқа табынып, Алладан келген елшіге көптеген қиыншылықтар көрсеткен. Мұндай көрініс Ибраһим (а.с.) пайғамбардың өмірінде де кездеседі. Бұған қоса Мұхаммедтің (с.а.у.) нәсілі  Ибраһимның (а.с.) үлкен ұлы Исмайл (а.с.) пайғамбардан тікелей тарағанын ескермей кетпесе болмас.

Сонымен қатар, Алланың елшісі (с.а.у.) өз хадисінде: «Мен Ибраһимның (а.с.) дағуатын (жолын) жалғаушымын», деген. Бұдан бөлек, Мұхаммед (с.а.у.) айт мерекесінде құрбандық шалу рәсімін өз сахабаларына: «Бұл Ибраһим (а.с.) пайғамбардың сүннеті», деп түсіндірген болатын.

Сондай-ақ, Тирмизидің хадис жинағынан келгендей: «Бірде Мұхаммед (с.а.у.) саялап отырған шағында жанына бір кісі келіп: «Ей, көркем жаратылыс иесі!», дейді. Сонда Алланың елшісі әлгі кісіге қарап: «Көркем жаратылыс иесі ол менің атам Ибраһим (а.с.)», деген екен. Және де баршамызға белгілі көкке көтерілген Исра түні Мұхаммед (с.а.у.) көптеген пайғамбарлармен жолығып, олармен жай ғана сәлемдескен болатын. Ал, Ибраһим (а.с.) пайғамбарға келгенде ол: «Үмметіңе менен сәлем айт! Расында жәннәт деген көркем жер, оның су тұщы, жемістері тәтті», деп өсиетін айтқан болатын. Мұндай тығыз байланыс тек Ибраһхим (а.с.) мен Мұхаммед (с.а.у.) арасында ғана кездеседі. Себебі, Мұхаммед (с.а.у.) атасы Ибраһимның (а.с.) жолын жалғастырушы болып саналады. Сол үшін Алла Тағала бүкіл пайғамбарлардың ішінен Ибраһимды (а.с.) дос тұтса, Мұхаммедті (с.а.у.) сүйіктісі етіп таңдағаны бекер емес екен.        

Жалғас АСХАТҰЛЫ,

дінтанушы

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 227 рет
JoomShaper
Top