Ақиқатты жүрекпен көрген сахаба

Дүйсенбі, 20.11.2017
Ақиқатты жүрекпен көрген сахаба

Егер ақиқатты көремін десеңдер Алла оны көрсетеді,

Түзу жолды іздесеңдер, түзу жолға түсіреді

 (хазіреті Әли)

Әли ибн Әбу Талиб (р.а.) мынадай ғажап оқиғаны айтады:

«Мен Омар ибн Хаттабтың (р.а.) халифалық кезінде түс көрдім. Түсімде Алла елшісінің (с.ғ.с.) артында тұрып, таң намазын оқып тұр екенбіз. Намазды тамамдап, мешіттің есігіне беттеген кезімде, ауызда тұрған бір әйелді көрдім. Оның қолында бір леген құрма бар екен деймін. Әйел маған:

– Ей, Әли! Мына легенді алып, Алланың елшісіне (с.ғ.с.) бер. Құрманы өз сахабаларына таратып берсін – деді.

Мен құрманы алып, Алла елшісінің (с.ғ.с.) алдына қойдым. Ол өзінің шарапатты қолдарымен бір түйір құрманы алып, менің ауызыма салды.

Мен:

– Уа, Алланың елшісі (с.ғ.с.)! Неткен дәмді еді. Тағы бірін салыңыз – дедім. Бірақ, Аллнаңың елшісі (с.ғ.с.) екінші құрманы бермей тұрып, таң намазына шақырылған азанның дауысынан ұйқымнан тұрып кеттім.

Сөйтіп, пайғамбар (с.ғ.с.) мешітіне бардым. Омардың (р.а.) артында тұрып, таң намазын оқыдым. Намазды болып, мешіттің аузына барғанымда қолында бір леген құрмасы бар әйелді көрдім. Әйел маған:

– Ей, Әли! Мына легенді алып, мүміндердің әміріне бер. Ол құрманы өз жолдастарына таратсын – деді. Мен құрманы алып, Омардың (р.а.) алдына қойдым. Омар бір құрманы алып, менің ауызыма салды. Мен оның дәмін татқан соң:

– Ей, мүміндердің әмірі! Тағы бір құрма берші, – деп өтіндім. Сол кезде Омар:

– Ей, Әли! Егер Алланың елшісі (с.ғ.с.) саған тағы бір құрма бергенде, әрине бізде берер едік, – деді.Омардың мына сөзіне аң-таң қалғанмен:

– Ей, Омар! Сен оны түсіңде көрдің бе, әлде саған ғайыптан көрінді ме? – деп сұрадым. Омар (р.а.) маған:

– Уа, Әли! Аллаға қасам! Оны түсімде көргенім жоқ, не ғайыптан хабар келген жоқ. Алайда мүміннің жүрегі шынайы Аллаға ықылас танытса, жүрек Алланың нұрымен көреді – деп айтты».

 

Әңгімеден алатын пайдалы сабақ:

Алла тағалаға тақуалық жасау. Алла Тағала «Бол!» деген нәрсе сол сәтте болады. Алла Тағаланың құдіреті шексіз. Бұған шүбә жоқ. Әдетте тақуалықты – Алладан қорқу деп айтады. Мұндағы «қорқу» сөзі кәдуілгі әлсіздің күштіден, адамның немесе жыртқыш жануардан көрқуы сияқты «үрей» деп түсінбеу керек. Алладан қорқу – адамның жүрегінде «Алладан ұялу», «Алла көреді», «Жаратушының әмірі» деген сияқты Алланы қастерллеу, құрметтеу, Оны ұлықтау мен құдырет тұту сияқты ұғымдар бірлігін түсіну керек. Алла тағала Құранда тақуалық туралы былай деген:

«Ей, мүміндер! Алла үшін куәлік бергенде туралыққа берік болыңдар және бір елдің өшпенділігі сендерді әділсіздікке тартпасын. Әділдік істеңдер. Сол тақуалыққа жақынырақ» (Мәйда: 8).

«Кім Алладан қорықса, оның ісіне оңайлық жасайды. Міне осы Алланың сендерге түсірген бұйрықтары. Кім Алладан қорықса оның жамандығын жояды да сауабын зор етеді» (Талақ: 4-5).

 Бірде Әбу Һурайрадан (р.а.) тақуалық жайында сұраған уақытта, ол сұраушы адамға қарап:

– Сен тікені көп жолға шықтың делік–дейді. Әлгі адам:

Ия–деді.Әбу Һурайра:

– Енді бұл жолмен қалай жүресің? –деп сұрайды. Әлгі адам:

– Егер алдымнан тікенек көрсем, онда одан секіріп немесе оны айналып яки болмаса оны жолдан алып тастап өтемін – дейді. Әбу Һурайра:

–       Міне, тақуалық та осы сияқты –деп түсіндіреді.

Алла тағалаға тауалық жасау дегеніміз, адамның дұрыс өрмір сүруі, ағайын-туыспен жақсы қарымқатынас қылуы, Алланың әмірлерін орындап, күнә істерден сақтануы, қосымша құлшылықтар жасауы сияқты және т.б. адамды ізгілікке бастайтын амалдарды артығымен және ықыласпен жасау.

 

Екінші пайдалы сабақ:

Алла тағала тақуа адамдардың көкірегін ашады, дұғасын қабыл алады. Себебі, Алла тағала Өзінің сүйікті құлдарымен бірге. Кім Алла тағаланы көп зікір қылса, Алла тағала да оны зікір етеді. Алла тағала Құранда былай деп хабар береді:

«Шынында Алла тақуалармен сондай-ақ жақсылық істеушілермен бірге» (Нахыл: 128).

Алла тағала тақуа пендесіне сұрағанын береді. Бірақ, тақуа адамдар өзінің мүддесі үшін Алладан еш нәрсе сұрамайды. Олар кедейлер мен мұқтаж адамдар үшін алақанын жаяды, сағаттап Аллаға мінәжат етеді. Мысалы, халифа Омар ибн Хаттабтың, Ибн Аббастың (Алла ол екеуіне разы болсын) Аллаға жалбарынып жауын дұғасын айтып, көктен жаңбырдың нөсерлетіп жауғаны туралы Ислам тарихынан да жақсы білеміз.  Әлбетте Алла тақуа пенделерінің сұрағанын жауапсыз қалдырмайды. Өйткені олар Алланы  жүрекпен сүйеді.

Ал біз Алланы жүрекпен сүйеміз бе...? 

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ 

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 1030 рет
JoomShaper
Top