Мәдинадан қашқан сахаба

Сенбі, 18.11.2017
Мәдинадан қашқан сахаба

Пайғамбар (с.ғ.с.) дүние салған соң, Мәдина қаласы көптеген сахабалар үшін қаңырап қалғандай болды. Бұлардың қатарында азаншы Біләл да бар еді. Біләлға қатысты хазіреті Омар (р.а.) жақсы көріп: «Мырзамызды Әбу Бәкір мырза азат етті» деп айтар еді.

Исламдағы алғашқы азаншы – Біләл хазіреті Әбу Бәкірдің (р.а.) халифалық кезінде жорыққа жіберуін сұранады. Сөйтіп Әбу Бәкірге барып:

– Уа, Алла елшісінің халифасы! Мен пайғамбардың: «Мүминнің ең қайырлы ісі – Алла жолындағы күресі» дегенін есіттім. Мен де қайтыс болғанша өмірімді Алланың жолына арнап, күрескім келеді, – деп өзінің тілегін айтады.

Оның мұндай өтінішін естіген Әбу Бәкір (р.а.) қиналып:

– О, Біләл! Егер сен кетсең, онда бізге кім азан шақырады? – дейді. Бұл сөздерді есітген Біләлдің көзіне ыстық жас толып:

– Мен Алла елшісінен кейін ешкімге азан шақыра алмаймын – деді.

Біләлдің алысқа кетуін қаламаған Әбу Бәкір оның кетпеуін өтініп, біраз үгіттейді. Бірақ, Біләл алған шешімінен қайтпайтынын айтады. Сонда Әбу Бәкір оны қанша үгіттегенімен түк шықпайтынын байқайды.

Біләл тұрып:

– Уа, Әбу Бәкір! Рас, сен мені құлдықтан азат еттің. Егер мені өзің үшін азат еткен болсаң, онда мені жібермей қасыңа алып қал. Ал енді мені Алланың разылығы үшін сатып алған болсаң, онда еркіме жібер, – деп айтқан сөздерімен Әбу Бәкірдің көздеріне жас шақырады. Амал жоқ, Әбу Бәкір мұндай қатты сөздерден кейін оған рұқсат береді. Осылайша, хазіреті Біләл Алланың дінін тарқату үшін Мәдина шаһарынан қашқандай болып шықан екен.

 

Әңгімеден алатын пайдалы сабақ:

Мұсылман мұсылман үшін қымбат. Хзіреті Біләлдің Мәдина қаласынан кетуін сахабалардың ешқайсысы қаламады. Әбу Бәкір (р.а.) Біләлдың Мәдинадан кеткісі келетінін естіген уақытта:

– О, Біләл! Егер сен кетсең, онда бізге кім азан шақырады? – деп оны мүмкіндігінше шешімін өзгертуге тырсты. Бұл сөздерді есітген Біләл да көз жастарын тоқтата алмай:

– Мен Алла елшісінен кейін ешкімге азан шақыра алмаймын – деп жауап береді. Біләлдің бұлай айтуы оның Мәдинадағы сахабарларға деген ыстық ықыласын білдіреді. Бірақ, пайғамбардың (с.ғ.с.) жүрген жерімен жүріп, оның орнын жоқтағысы келмеді. Пайғамбардың (с.ғ.с.) мүбәрак қадамдары тиген жерлерді көрген сайын оған қиын соқты. Сондықтан, басқа сахабалардан айырылысу қаншалықты қиын болса да, оның пайғамбарға (с.ғ.с.) болған махаббаты Мәдинадан кетуіне мәжбүрледі.

 

Екінші пайдалы сабақ:

Мұсылмандар бір-біріне бауыр. Алла тағала мұсылманға осылай әмір етеді:

«Шын мәнінде мүміндер туыс. Сондықтан екі туыстарыңның арасын жарастырыңдар және Алладан қорқыңдар. Мүмкін игілікке бөленерсіңдер» (Әл-Хужурат: 10).

«Олардың жүректеріндегі кекті шығардық. Туыс болып, тақтардың үстінде бір-біріне қарсы отырады»(Әл-Хижр: 47).

Әбу Һурайра (р.а.) осы аятқа қатысты пайғамбардың (с.ғ.с.) төмендегі хадисын жеткізеді:

«Сендер бір-бірлеріңе көре алмаушылық жасамаңдар, біріңді-біріңе айдап салмаңдар. Дұшпандық қылмаңдар және біріңе-бірің ашуланбаңдар. Біріңнің үстінен басқаларың келіп сауда жасамаңдар. Алланың құлдары, бауыр болыңдар. Мұсылман мұсылманның бауыры. Ол оған зұлымдық қылмайды, жәрдемсіз қалдырмайды. Оны алдамайды және жек көрмейді. Тақуалық мына жерде –деп үш мәрте көкірегін көрсетті.

Адам өзінің мұсылман бауырын жек көрсе – жамандық. Әрбір мұсылманның қаны мен малы және ар-ожданы мұсылман үшін харам» (Мүслим).

 

Үшінші пайдалы сабақ:

Пайғамбардың (с.ғ.с.) өмірден өтуі барлық сахабалар үшін орны толмас қайғы, қиын сынақ болды. Сахабалар Мәдина қаласының қатты қаңырап қалғанын сезінді. Оларға пайғамбардың (с.ғ.с.) ақылды сөздері, кеңесі, рухани жәрдемі мен демеуі жетіспеді. Арабтардың пайғамбарға (с.ғ.с.) үйреніп қалғандары соншалық, ол дүние салғанда араб жазирасын мекендеген бірқатар қабилалар (тайпалар) әр жерде «Мұхаммед өлді, осымен дін тоқтады, бітті» деп бүлік көтерді. Енді бір тайпалар: «Мұхаммед өлді, енді Ислам діні ыдырайды. Олай болса зекет бермейміз...» – деген сияқты т.б. ұрандарды айтып, діннен шыға бастады. Бірақ, Әбу Бәкір, Омар, Осман, Әли және т.б. сахабалардың (Алла олалға разы болсын) күш-жігерлері, даналықтары мен елді басқара білу шеберліктерінің арқасында Алла тағала Араб жазирасындағы Исламның бірлігін сақтап, оны одан әрі дамытты. Сөйтіп, татулық пен бірлікті, бейбіт өмірді насихаттаған дін ислам шар тарапқа тарап, әлемдік дінге айналды. Бүгінде ол әлемдік діндердің арасында ең жас дін саналғанымен оның қатары күннен күнге артуда. Бұған әлем жұрты куә.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 1010 рет
JoomShaper
Top