Құран оқу әдебін білеміз бе?

Жұма, 17.11.2017
Құран оқу әдебін білеміз бе?

Құран кәрім адамзатты тура жолға жетелейтін, дұрыс пен бұрыстың арасын ашып көрсететін (Бақара: 185), мұсылмандар үшін рақымдылық пен шипа көзі болған (Исра: 82), тақуа жандар үшін жол сілтеуші (Бақара: 2), мұсылмандардың үгіт-насихат алулары үшін түсірілген (Қамар: 17) қасиетті кітап. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Құран тілімен сөйлеген адам дұрыс нәрсені айтқан болып саналады, онымен амал еткен адам сауап алады. Кім Құран арқылы үкім айтса, әділдікпен үкім айтқан болып табылады. Кімде-кім Құранға шақырылса, тура жолға шақырылғаны» деген. (Тирмизи, Сүнән)

Осындай қасиетті кітаптың да өзіне тән оқу дәстүрі, әдебі бар.

Біріншіден, Құранды қолға алып оқитын адамның дәреті болуы керек. Себебі Құранда Алла тағала: «Оған (Құранға) тап-таза болғандардан (дәретті болғандардан) басқасы қол тигізе алмайды» дейді. (Уақиға: 79) Құранды жатқа оқыған кезде дәрет керек болмағанмен, қолға алып оқитын кезде дәреті болуы қажет. Ал ғұсылы болмаған жағдайда адамның Құранды қолға алып оқуына да, жатқа айтуына да болмайды. Бірақ ондай кезде Құранды тыңдауына, мағыналарын ойлануына болады.

Екіншіден, Құран оқудың алдында ауыз тазалығына да мән беру керек. Бұл жайында хз. Әли (р.а.): «Ауыздарың Құран жолы болып табылады, оны мисуақпен тазалаңдар» деген. (Зәркаши, әл-Бурхан) сондықтан Құран оқудан бұрын ауызды мисуақпен, тіс щеткасымен тазалаған дұрыс. Бұл мұстахаб болып саналады.

Үшіншіден, Құран оқу үшін отырғанда отырысымыз оған деген құрметті білдіретіндей болуы керек. Яғни, Құран оқитын кезде  ұстаздың алдында отырғандай, тіпті әлемдердің Раббысының алдында отырғандай сезімде болып сыпайы отырыспен отыру қажет. Құбыла жаққа қарап отыру, Құранды көкірек тұсына жақын ұстау мұстахап болып табылады. Алайда, құрметті және сыпайылықты сақтай отырып, түрегеп тұрғанда, бір қырымен жатқанда да Құран оқуға рұқсат етіледі. Дегенмен, отырып оқу әдептіліктің ең жақсы көрінісі.

Құран оқу барысында есінеуден сақтану керек. Есінегісі келген адам Құран оқуын үзіп, аузын жауып есінеп, есінеуі біткен соң ғана Құран оқуын жалғастыруы қажет.

Төртіншіден, әурет жерлерді жабатындай киім кию. Құран оқитын кезде әурет жерлерді толық жабатын киім кию әдеп болып табылады. Киімнің таза, әрі әдемі болуы да әдептіліктен. Тіпті ғұламалардың кейбірі Құран оқитын кезде бастарына сарықтарын орап, үстеріне шапандарын киген екен.

Бесіншіден, Құран оқитын орынды да дұрыс таңдау қажет. Әсіресе Құранды мешітте отырып оқу сауаптырақ. Үйде де Құранды жиі оқуға тырысу керек. Себебі, Құран оқу арқылы үйлер нұрлана түседі. Ал Құран оқылмаған үйді Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жұртта қалған үйіндіге теңеген. Ол жерде періштелердің азайып, шайтандардың көбейетінін, ризықтың азаятынын айтқан.

Монша және әжетхана секілді лас жерлерде Құран оқу мәкрүһ, яғни ұнамсыз болып табылады.

Алтыншыдан, Құранды сергек кезде оқу. Ұйқы қысқанда адам ұйқылы ояу Құранды жаңылыс оқуы немесе оқып жатқан жерінің мағынасын ойлана алмауы мүмкін. Ал сергек кезде Құранды беріліп оқып, мағынасын да түсініп оқуға тырысады.

Жетіншіден, Құран оқитын кезде «Аузу билләһи минаш-шайтанир-ражим» және «Бисмилләһир-рахманир-рахим» дұғаларымен бастау керек. Себебі Құранда: «Енді Құран оқитын кезде қуылған шайтаннан Аллаға сиын!», – деп бұйырылған. (Нахл: 98) Құран оқудан алдын «Аузу билләһи минаш-шайтанир-ражим» дұғасын айту да мұстахаб болып табылады.

Сегізіншіден, Құранды әдемі дауыс мәнерімен, асықпастан, бөліп-бөліп, тәжуид қағидаларын сақтай отырып оқу керек. Музәммил сүресінің 4-аятында Алла тағала: «Құранды тәртил арқылы (асықпастан, төліп-бөліп, сөздерін нақты шығарып) (мағынасын) ойланып оқы» деген.

Құранды дауыстап та, іштей де оқуға болады. Құран оқып жатқанда біреудің сұрағына жауап беруі керек болса, аятты толық аяқтап барып, сөйлеуге болады. Сондай-ақ Құран оқуды тоқтататын кезде де аяттың жартысынан қалдырмай, толық аяқтап барып тоқтау қажет.

Тоғызыншыдан, Құранды ықыласпен, Алла тағаланың ризашылығы үшін, құлшылық ниетімен оқу керек. Сонда оқылған Құранның әрбір әрпіне сауап та жазылады.

Құранды оқуды тастап кетпеу керек. Себебі Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Құран басынан соңына дейін оқып, одан кейін қайта бастауды Алла тағалаға ұнамды амалдардың қатарына жатқызады. (Тирмизи, Сүнән)

Оныншыдан, Құран оқуды бітірген кезде «Садақаллаһул-азим» деп айту да Құран оқудың әдебі болып саналады. Құранды оқып болған соң кітаптың бетін ашық қалдырмау қажет. Үстіне басқа зат қоюға болмайды. Құранды басқа кітаптардан жоғарыда тұру керек. Құранды толығымен аяқтағанда дұға жасау мұстахаб болып саналады.

Міне, Құранды осы секілді әдептерді сақтай отырып оқыған дұрыс.

Алау ӘДІЛБАЕВ,

теология ғылымының докторы 

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 118 рет
JoomShaper
Top