Жәннатқа жетелейтін қасиет

Жұма, 17.11.2017
Жәннатқа жетелейтін қасиет

Құран Кәрімде: «Негізінде сендер Алла жолында мал жұмсауға шақырылудасыңдар. Алайда кейбіреулерің сараңдық етеді. Кім сараңдық етсе, өзіне сараңдық жасағаны. Өйткені, Алла – бай, сендер – кедейсіңдер. Егер Алладан бет бұрсаңдар, орындарыңа сендерден басқа халықты ауыстырады. Сосын олар сендер сияқты болмайды[1]»,-деп қатаң ескертеді.

Жомарттық асыл дініміздің бір қыры. Ислам ылғи да ізгі және қайырымдылық жасап қол ұшын беруге үндейді. Күндіз-түні тынбай жақсылық жасаудан шаршамауды насихат етіп: «Олар малдарын күндіз-түні көмес және көрнеу Алла жолында жұмсағандар. Міне, оларға Раббыларының сыйлықтары бар. Сондай-ақ, оларға қорқу жоқ әрі олар қайғырмайды[2]»,-деп баяндайды.

Шын мәнінде адамға жабысқан жоқшылық жанды жарақаттайтын дерт. Ол адам баласын ойламаған жерге дейін құлдыратады. Жоқшылық адамның ең құнды қасиеті абыройынан айыруы да мүмкін. Сондықтан жағасы жыртылған, өкшесі тілім-тілім болған бейшараның бір жапырақ нан сұрап тұрғанын көру кімнің болмасын жанына батады. Ал, осындай көрініске куә бола тұра, жүрегі сыздамайтын жан адами қасиеттен жұрдай болу керек шығар.

Әз-пайғамбар (с.ғ.с.) осындай көріністердің біріне куә болады. Жоқшылықтан жүдеген бейшараны көру мейірім пайғамбары Мухаммедке (с.ғ.с.) қатты батты. Сол мезетте халықты жинап ұзақ сөйледі. Сөзінде адамның өз бауырына деген міндетін (ақысын) айтып, ақысына немқұрай қараудан Алладан және ақырет күнінен қорқу керектігін айтты. Сахабалар сол арада көпшілік болып, әлігі бейшараларға қаржылай және заттай көмек берген екен.

Бұл оқиғаны көзімен көрген сахаба Жабир бин Абдулла (р.а.) былай әңгімелейді: Біз күндіз Алла елшісінің (с.ғ.с.) құзырында едік. Кенет пайғамбарға киімдері жыртылып тозып кеткен бір топ кісі кіріп келді. Олардың басым бөлігі Мудир руының адамдары еді. Олардың бұл күйін көрген пайғамбардың (с.ғ.с.) өңі бұзылып, көңіліне қаяу түсті. Үйіне кіріп, қайта шықты да Біләлға азан шақыртты. Артынша намаз оқыды да жиналған жұрт алдында сөз сөйледі. Ол кісі (с.ғ.с.) «Әй адам баласы! Сендерді бір кісіден (Адам атадан) жаратқан және одан оның жұбайын (Хауа ананы) жаратып, ол екеуінен көптеген ер, әйелді таратқан Раббыларыңнан қорқыңдар. Сол арқылы өзара сұрасқан Алладан және туыстардан (безуден) сақтаныңдар. Шәксіз Алла сендерді бақылаушы» және «Әй мүміндер! Алладан қорқыңдар. Әркім ертең үшін не жібергеніне қарасын. Және Алладан қорқыңдар. Шәксіз Алла, не істегендеріңді толық біледі» аяттарын оқып, артынан: «Кісі өзінің теңгесінен, тиынынан, киімінен, бидайынан және құрмасынан садақа берсін»,-деп мұсылмандарды қайырымды болуға шақырды.

Мейірімділік пайғамбарының (с.ғ.с.) сөзінен жүрегі елжіреген бір ансарлық кісі әрең көтеріп әмиен толы ақша алып шықты. Мұны көрген адамдар да садақа жасай бастады. Тіпті, екі қап тағам және киім-кешек алып келгендер де болды. Пайғамбардың жүзі жадырап сала берді. Мұнан кейін ол кісі (с.ғ.с.) «Кім Ислам дінінде жақсы бір істі жолға қойса, оған өз әрекетінің және (бастамадан үлгі алып) сол жолмен жүргендердің де сауабы бар. Бірақ олардың сауабы еш азаймайды. Ал, кім Ислам дінінде жаман бір істі қолға алса, оған өз әрекетінің және (оны көріп) сол жолмен жүргендердің де ауыртпалығы (күнәсі) бар. Бірақ олардың күнәсі еш азаймайды»,-деген екен.

Әсілінде, адам табиғаты дүниені жанындай жақсы көреді. Оны жинауға ғұмырын арнайды. Таң атқаннан басы жастыққа тигенше ойының барлығы дүниеде. Адам тек өз қара басының қамымен күнін өткізеді. Басқа адамның мұң-мұқтаждығы оны аса қызықтырмайды да. Тіпті, Алла Тағала мол етіп дүние берсе де адам мұқтаж жанға сол таудай дүниесінен түйірдей садақа беруге түрлі сылтаулар қолын шынжырлап отырады.

Асыл дініміз адамға дүниеге болған асқан сүйіспеншілігі оны құрдымға алып баратындығын көркем түрде үйретеді. Адам баласы бір сәтке ақыл таразысына салып қараса кеңшілдігі мен жомарттығы, сараңдығынан әлде қайда пайдалы екенін көрер еді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Үш нәрсеге ант беремін... пенденің дүниесі садақа етумен азаймайды, кісі қолынан зорлық көріп сабыр еткен пенденің Алла абыройын көтереді және қайыршылық есігін ашқан пендеге Алла тағала кедейлік есігін айқара ашып қояды[3]»,-деген сөзі бар.

Міне, осы хадис өміріміздегі негізгі қағидалардың бірі болмақ лазым. Алла тағала дүние нығметін берген мұсылман қайырымды болуға ұмтылуы қажет. Жомарт жайлы Алла елшісі (с.ғ.с.): «Жомарт Аллаға жақын, адамдарға жақын, жәннатқа жақын және тозақтан алыс. Ал, сараң Алладан алыс, адамдардан алыс, жәннаттан алыс және тозаққа жақын. Расында Алла сауатсыз жомартты сараң ғибадатшылдан артық көреді[4]»,-деген екен.

 

Руслан ҚАМБАР,

исламтанушы



[1] Мухаммед сүресі, 38-аят

[2] Бақара сүресі, 274-аят

[3] Ибн Мажа

[4] Тирмизи

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 257 рет
JoomShaper
Top