Құран – жүректі билеуші

Сейсенбі, 10.10.2017
Құран – жүректі билеуші

Анас ибн Мәлик (р.а.): «Кейбір адамдар Құран оқиды. Оларға оқыған Құрандары лағынет айтады», – дейді. Расында, егер адам Құранның мағынасын бұзу мақсатында әдейі қате оқыса Құран оған қайғы-қасірет алып келеді. Ал енді керісінше, Құранды көркем дауыспен, Құран оқу ережелеріне сәйкес мақаммен оқитын болса, онда Құран адамға құт-береке шақырады. Құран оқушы да, оны естуші де бақытқа бөленеді.

Бір күні кешке Алланың елшісі (с.ғ.с.) Абдулла ибн Масғудтың (р.а.) Құран оқығанын тыңдап, ұзақ уақыт тұрып қалады. Кейін Алланың елшісі (с.а.с.) қасындағы Омар мен Әбу Бәкірге (Алла ол екеуіне разы болсын):

Кім Құранды түскен қалпындай оқығысы келсе, Абдулла ибн Масғудт ұқсап оқысын – деп айтады.

Ибн Масғуд (р.а.) мынадай риуаят келтіреді. «Пайғамбар (с.ғ.с.):

Маған Құран оқып берші – деді.

Мен:

–Уа, Алланың елшісі (с.ғ.с.)! Сізге түскен Құранды, сізге оқып берейім бе? – деп айттым. Ол (с.ғ.с.):

Рас, мен Құранды басқадан тыңдағанды жақсы көремін – деді. Мен Ниса сүресін оқыдым. Бұл сүренің: «(Мұхаммед (с.ғ.с.) әр үмбетке бір айғақ келтіріп, сені де оларға куә етіп келтірсек қандай болар еді?» – деген аятын оқығаннан кейін, пайғамбар (с.ғ.с.):

Жеткілікті – деді. Оған бұрылып қарасам, оның көздері жасқа толып тұр екен».

Құран Кәрімнің адам жүрегіне толық ықпал ететіні туралы Омар ибн Хаттаб (р.а.) жайында мынадай оқиға бар.

Бір күні Омар ибн Хаттаб (р.а.) түнде келе жатып, Құран оқуьшының дауысын естиді. Әлгі адам:

«Тур тауына. Жазулы Кітапқа, Теріге жазулыға, Толықсыған үйге, Көтерілген төбеге (аспанға) және ыстық теңізге серт! Сөзсіз Раббыңның азабы болады. Оны тойтарушы жоқ» (Тур: 1-8) – деген аятқа жеткен уақытта Омар есінен айырылып, атының үстінен құлап түседі. Жолмен кетіп баратқан бір сахаба құлап жатқан Омарды көріп, көтеріп үйіне апарады. Омар (р.а.) осы науқастығынан бір ай төсек тартып жатып қалады.

Ал енді осындай тақуалардың бірі Хасан әл-Басри су ішіп, кейін жылаған екен. Қасындағы жолдастары мұның себебін сұраған уақытта, ол:

– Алла Тағаланың: «Тозақтағылар, жәннаттағыларға: Бізге суларыңнан немесе Алланың сендерге берген несібесінен төгіп жіберіңдер деп дауыстайды» – деген аяты есіме түсіп кеткені (Ағраф: 50) – деп жауап береді.

Белгілі сахабалардың бірі Әбу Сағид әл-Худрии (Алла оған разы болсын) пайғамбарға (с.ғ.с.) келіп:

Уа, Алланың елшісі (с.ғ.с.)! Түсімде мен «Сод» сүресін оқып отыр екенмін. Қасымда қалам, сия сауыт және тал бар екен деймін. Мен сүредегі сәжде аятына жетіп, оны оқығанымда әлгі қалам, сия сауыт және ағаштың барлығы да сәжде жасады – дейді.

Алланың елшісі (с.ғ.с.):

Ағаш, қалам және сия сауыт сәжде жасаған уақытта, тек сен сәжде қылмадың ба ей, Әбу Сағид!? – деп айтады. Әрине, мұнда Алланың елшісі (с.ғ.с.) әзілмен айтып отырғаны белгілі. Басқа заттың барлыңы сәжде қылғанда сен қарап отыра бердің бе? Дегендей Әбу Сағидке әзілмен сөйлеп отыр.

Денемен Құранды жиі оқып тұруды әдетке айналдыру жақсы амалға жатады. Сағд ибн Әбу Уаққас (Алла оған разы болсын):

«Кім Құранды күндіз тәмамдаса, оған періштелер кеш батқанша салауат айтады. Кім Құранды кешке тәмамдаса, оған періштелер таң атқанша салауат айтады», – деген.

Жоғарыдағы әңгімелерде айтылған Құрандағы рухани құндылықтар мұсылман ілімі мен қазақ дүниетанымы үшін құнды әрі маңызды. Құранды жиі оқып тұруды әдетке айналдыру, оны оқыған уақытта мүмкіндігінше аят мағыналарына көңіл бөлу сияқты т.б. әрекеттер жақсы амалдардың қатарына жатады. Құран адамды өзгенің еркіндігі мен құқығын құрметтеуге, қоғам азаматтарын төзімділікке, келісім мен бейбітшілікке  шақырады.

Құранды жақсы таныған, бұл дүниеде Құран арқылы рухани-адамгершілік қасиеттерді бойына сіңірген және ақыретте Алланың мейіріміне ие болуға ұмтылған адам – екі дүниенің де кілтін ұстаған кісі саналмақ. Алла Тағала сіздер мен біздерді осындай пенделердің қатарынан қылғай!

 

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ,

философ.ғ.к., дінтанушы 

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 721 рет
JoomShaper
Top