Иманға қатысты күдік-күмәннан қалай құтылуға болады?

Сәрсенбі, 20.09.2017
Иманға қатысты күдік-күмәннан қалай құтылуға болады?

Уәсуәсә – шайтанның мұсылман баласының есіне түрлі ойларды сыбырлап, азғыруы. Негізінен, уәсуәсә иманы берік адамдарға келеді. Өйткені иманы әлсіз адамдар онсыз да шайтанның жетегінде жүреді.

Осыған қатысты сахабалардың бірі келіп уәсуәсәға душар болғандығын айтқанда Алланың елшісі «Уайымдама, ол иманның күштілігінен» деп сахабасына басу айтқан-ды. 

Уәсуәсә – шайтанның иманды кісіні жолдан тайдыру мақсатында қолданатын соңғы айла-шарғыларының бірі. Уәсуәсә әр түрлі мәселеге (дәретке, намазға, болашаққа т.б. ) қатысты  болып келеді және адамның дәрежесіне қарай түрлі деңгейде әсер етеді. Солардың бірі – иман мәселелеріне қатысты уәсуәсә. Шайтан иманды жандармен көп арпалысады. Жүрекке келген бұл ойларды тілмен айтпайынша қатерлі емес. Сондықтан, оны сол кезде жойған жөн. Негізінен, шайтанның басты мақсаты иманның мекені, тура жолдың ошағы, жан тыныштығының ордасы саналған жүрекке күмән салып, оны қарайтуға тырысу. Пайғамбарымыз: «Абайлаңдар, тәнде бір кесек ет бар, ол түзелсе тән тегіс түзеледі, ол бұзылса тән тегіс бұзылады! Ол – жүрек» деп осы ақиқатты баяндаған болатын. Уәсуәсә алдымен күмән түрінде келеді. Осы кезде жүрек бірден жауап беріп қорғанысқа түседі. Егер қорғаныс жасамаса шайтан алғашқы мақсатына жеткен деген сөз. Егер оны дер кезінде тәубә және истағфар арқылы жойып отырмаса, жүрекке түскен дақтар үлкейе беруі мүмкін.

Негізінен иманға қатысты жүрекке келген уәсуәсәларды тез арада жойып отырған жөн. Оны жою үшін мына мәселелерге мән беру қажет:

1. Уәсәсәдан қорқып, сасқалақтамау қажет. Шайтанның да қалағаны адамды осылай сасқалақтатып жасаған істеріне күмәнмен қарату. Негізінен уәсуәсаның адам жүрегіне келіп, мұсылман баласының одан тіксінуі – жүрегінің тазалығының белгісі. Бұған жоғарыда келтірген хадис дәлел бола алады.

2. Уәсуәсәны зорайтып жібермеу керек. Оған мән беріп, онымен шұғылданған сайын өрши береді. Сап-сау адам «мен осы ауырайын деп тұрмын-ау» деп ойлай берсе, шынымен де ауырып қалуы кәдік. Сондықтан өртті тұтанбай тұрып сөндіру қажет. Күнәлі істің ойға келуі оны жүзеге асырмайынша күнә болып саналмайды. Мысалы, айнаға шағылысқан оттың бейнесінің қолымызды күйдірмегені секілді. Шайтанның айласын Алла тағала өрмекшінің ауына теңеп: «Шындығында шайтанның амал-айласы тым әлсіз» деген («Ниса» сүресі, 76).

3. Алланың қамқорлығынан пана тілеп, шайтанның азғыруынан Жаратқанға сыйынуды әдетке айналдырған жөн. Алла тағаладан пана тілеп, дұға жасау қажет. Құранда «Ағраф» сүресінде бұған қатысты: «Егер шайтан азғырып, жолдан тайдырмақшы болса, Алладан пана тіле! Өйткені Ол – барлығын Естуші, Білуші» («Ағраф» сүресі, 200) делінсе, «Муминун» сүресінде   «Уа, Жаратқан ием, Сенен шайтандардың азғыруынан пана беруіңді және де олардың жаныма келулерінен пана беруіңді сұраймын, уа, Жаратқан Ием!», –  деп айт» («Муминун» сүресі, 97-98) деу арқылы бізге жол көрсетілген.  Сонымен қатар, Пайғамбарымыздан (с.а.с.) келіп жеткен дұғаларды оқу керек. Әбу Һұрайрадан (р.а.) келіп жеткен хадисте Пайғамбарымыз адамға уәсуәсә келіп, күмәнданған кезде «Әғузу билләһи минаш-шатанир-ражим» деп шайтанның азғыруына мән бермеу қажеттігі айтылған. Айша намыздан жеикеніндей ондай кезде «Әмәнту билләһи уә расулиһи» (Алла мен Оның елшісіне иман келтірдім) деп айту қажет. Өйткені, ол күмәнді сейілтеді. «Аллаһумма, Иә Муқаллибәл-қулуб, сәббит қалби ала диникә уә таатикә» (Уа, Алла тағалам! Уа, үректерді мың құбылтқан Жаппар ием, жүрегімді өз дініңде әрі Саған бағынышты болуда тұрақты ете гөр!) деп дұға еткен жөн. Дұға мұсылманның ең күшті қаруы.

Сонымен қатар, әрдайым иманымызды күшейтетін діни әдебиеттерді көбірек оқып, иманды адамдармен дидарласып тұру да жүрекке келетін жаман ойлардан арылуға себеп болмақ.

Алау ӘДІЛБАЕВ,

теология ғылымының докторы

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 193 рет
JoomShaper
Top