Алла беремін десе бір сәт

Сенбі, 09.09.2017
Алла беремін десе бір сәт

Белгілі тәпсірші Әбу Жафар ат-Табаридің бала кезі. Ол қажылық маусымында Мекке қаласына қажылық парызын өтеуге келген болатын. Бір күні Әбу Жафар Қағбаның маңайында саялап отырған сәтінде Хорасаннан келген кісі Мекке халқына былай деп айғайлай бастайды:

– Уа, меккеліктер! Мен кеше қалада 1,000 динар салынған қоржынды жоғалтып алдым. Егер кім көрген немесе білген болса Алла разылығы үшін дереу маған қайтарыңыздар. Оның сыйы Алла Тағаладан болады.

Сол сәтте жасы ұлғайған меккелік бір ақсақал хорасандық кісіге келіп:

– Әй, қарағым, біз секілді меккеліктердің жағдайына қарасаң мәз емес. Егініміз жоқ, мал-шаруашылығы да аса қатты дамымаған. Су тапшылығы белең алып тұр. Өзің болса қажылық жасап жүрсің. Осыларды ескеріп әлгі жоғалтқан ақшаңды тапқан адамға риза болып шын ниетіңмен бере сал. Сонда ол ұрланған болып есептелмейді. Немесе ақшаны тапқанға сүйіншісі ретінде бір бөлігін бер, - дейді.

Болған жағдайды сырттан бақылап тұрған Әбу Жафар әлгі қоржын ақсақалда екенін бірден сезіп қояды. Сол сәтте Хорасандық кісі ақсақалға:

– Жоқ, мен олай жасай алмаймын. Сол ақшаны тауып маған қайтарып бермеген адаммен ертең Алланың алдында есептесемін, - деп теріс бұрылып кетіп қалады.

Қарт үйіне келіп, кемпіріне мән жайды түсіндіреді де тауып алған ақшаны қайтаруға бел буады. Бірақ, кемпірі ақсақалдың бұл шешіміне қарсы шығып былай дейді:

– Сен оданда ол ақшаны өзіңе қалдыр. Біз өте кедей адамдармыз. Бұл ақша бір қажетімізге жарап қалар. Сен сол  1,000 динарды алып жеке кәсібіңді баста. Кейін содан табылған ақшаны жинап әлгі кісіге тиісті қаражатын қайтарып берерміз. Мұны естіген ақсақал кемпіріне ашулана қарап:

– Екеуміздің шаңырақ құрғанымызға 50 жылдан асып кетті. Мен осы уақытқа дейін үйге арам дүние алып келген емеспін. Енді көрге жақындаған шақта маған арам дүниеге иелік ет деймісің, - деп орнынан тұрып көрші бөлмеге жатып қалады.

Ертесіне ақсақал ақшаны қайтару үшін Қағбаның жанына қайта барады. Сөйтсе әлгі хорасандық келіп тағы меккеліктерге жоғалтқан дүниесін айтып айғайлап жатыр екен. Сол уақытта ақсақал хорасандыққа жақындап тағы сөзін қайталады:

– Әй, қарағым, біз секілді меккеліктердің жағдайына қарасаң мәз емес. Егініміз жоқ, мал-шаруашылығы да аса қатты дамымаған. Су тапшылығы белең алып тұр. Осыларды ескеріп әлгі жоғалтқан ақшаңды тапқан адамға риза болып шын ниетіңмен бере сал. Сонда ол ұрланған болып есептелмейді. Немесе ақшаны тапқанға сүйіншісі ретінде бір бөлігін, тіпті, бір динарын болса да берсең қайтеді, - деді күрсінген ақсақал. Хорасандық жігіт табандылық танытып:

– Мен ол адамға жарты динар болса да бермеймін. Егер кімде-кім маған қайтарып бермесе ол адаммен ертең Алланың алдында есептесемін, - дейді. Шарасы таусылған ақсақал қалтасынан қоржынды алып хорасандыққа береді. Мұны көрген хорасандық ақсақалды қолынан жетектеп үйіне алып кетеді. Үйінде барынша ақсақалға қонақжайлық танытады. Ас ішіп болғасын хорасандық ақсақалға былай дейді:

– Мен биыл қажылық маусымында Меккеге келіп мұнда ең кедей адамды іздеп жүр едім. Маған бұл қоржындағы 1,000 динар қажет емес. Мен дәулетті жанмын. Қалада бұл ақшаға мұқтаж жан сіз секілдісіз. Сондықтан, мен сізге осы қоржынды шын ықыласыммен беремін.

Қуанышында шек жоқ ақсақал дереу қоржынды алып үйіне қайтады. Ақсақал жолда өзін сырттай бақылап жүрген Әбу Жафарды жолықтырып қолынан жетектеп оны да үйіне алып келеді. Келген бойда ақсақал бала-шағасын, Әбу Жафарды жалпы саны 10 адамды отырғызып былай дейді:

– Маған Алла Тағала күтпеген жерден 1,000 динар берді. Мен енді соны сендермен бөліскім келеді, - деді де әр адамға 100 динардан таратып берді. Мұндай жомарттыққа куә болған Әбу Жафар сол күннен бастап әлгі ақсақалдың шаңырағы берекеге толып, кедейліктен құтылғанын айтады. Бұған қоса Әбу Жафар ақсақалдың берген 100 динары берекелі болғанын айтып оған екі жыл бойы үздіксіз білім алған екен.

Жалғас АСХАТҰЛЫ,

дінтанушы  

   

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 1859 рет
JoomShaper
Top