Исламның асыл мұраты не?

Сейсенбі, 03.04.2018
Исламның асыл мұраты не?

Ислам дінін бүгінде әркім әрқалай түсінеді. Ең өкініштісі, осынау асыл дінді ұстанушылардың теріс түсініктеріне қарай, оған ұмтылушылардан гөрі теріс айналып безушілер көбейіп барады. Алысқа бармай-ақ өзіміздің сан ғасырдан бері мұсылмандықтан нәр  алып келген момын қазақтың өзі бүгінде Ислам деген сөзден шошынатын болды. Бұрынғы кезде қазақтың шұрайлы тілімен өрнектеліп уағыз айтылғанда, «Па, шіркін!» деп таңдай қағып отыратын халықтың бүгінгі ұрпағы діни әңгімеден ат тонын ала қашатын болды.

Әрине, мұның өзіндік себептері бар шығар. «Анау болмайды, мынау болмайды» деп әр нәрсені тыя беретіндер, ата-анасына зекіп сөйлейтін «намазхандар», тазалыққа немқұрайлы қарайтын дәрет алушылар, ұлы діннің мазмұнын сақал мен балаққа апарып тірей беретіндер, бір отбасының мүшелері бір діннің үш-төрт ағымына бөлініп кетуі – санай берсек саусақ жетпейді.

Шындығында, Ислам дінінің асыл мұраты не? Құдіреті күшті Құдай адам баласын не үшін жаратқан? Оларден не талап етеді? Құран не үшін түсті? Пайғамбарлардың қызметі не? Тіршілік осы дүниеден кейін тамам бола ма? Міне, осы секілді бірталай сұрақтар талай жанның санасын санға бөліп жүргені жасырын емес.

Түптеп келгенде, Исламның негізгі мақсаты – адам баласын екі дүниеде рахатқа бөлеп, бақыт пен шаттыққа қауыштыру.

Ал енді осы мақсатқа жетудің механизмін қасиетті Құранның мына аятынан ұғынамыз: «Мен адамзат пен жындар әлемін тек қана Маған құлшылық етсін деп жараттым» («Зарият» сүресі, 56-аят)

Бұл аятты әйгілі тәпсірші Ибн Аббас «Мені танып-білсін» деп тәпсірлеген болатын. Ендеше, бақытты болудың негізгі тетік-сырларының бірі – бізді жоқтан бар етіп жаратқан, бүкіл ғаламға билігі жүріп тұрған, Құдіреті шексіз Алла Тағаланы танып-біліп, Оның құдіретіне таң қалып, шариғатына бойұсыну болып табылады.

Анықтап қарасақ, бұл аятта да, жалпы Құран мазмұнында да адамдар өтірік-өсек айтсын, зина жасасын, пара жесін, қан төксін, бүлік шығарсын, ұрлық-зорлықпен айналыссын, біреуді біреуге айдап салсын деп жараттым делінбеген. Ата-анасына зекіп сөйлесін, туыстық қатынасты үзсін деген де мән жоқ.  Ендеше, бұл аталғандар құлшылыққа жатпайды, адамды екі дүниеде бақытты да етпейді.

Ал енді тағы бір аятта мынадай бұйрық бар: «Аллаға құлшылық жасаңдар, оған ешнәрсені ортақ етпеңдер. Ата-аналарыңа, жақын туыстарыңа, жетімдерге, жарлыларға, туыстығы жақын көршілеріңе, жамағайын көршілеріңе, (сапарлас, сабақтас) жан жолдастарыңа, жолаушыларға, қолдарыңдағы құл мен күңдерге жақсылық істеңдер. Алла тәкәппар, мақтаншақтарды жақсы көрмейді» («Ниса» сүресі, 36-аят). Міне, бұл аятта айтылған істер құлшылыққа жатады және орындалған жағдайда адамды екі дүниеде бақытты етеді. Ислам дінінің кереметтігі осында. Бұл - бір ғана аяттың хикметі. Осы аталған істерді жасамай-ақ шаттыққа бөлініп жүрген бір кісі көрсете аламыз ба? Жоқ, бұларды орындамаған адам материалдық тұрғыдан бай-манап болуы мүмкін, бірақ бәрібір шынайы шаттыққа қол жеткізе алмайды.

Сондықтан Ислам дінін Жаратушы Раббымыз құлдарын бақытты ету үшін жіберген деп анық айта аламыз. Бірақ сол бақыттан ат тонын ала қашып жүрген замандастарымыз қаншама.

 Асылбек ӘУЕЗХАНҰЛЫ

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 1315 рет
JoomShaper
Top