Құран мен қару қатар жүрмейді

Сейсенбі, 25.07.2017
Құран мен қару қатар жүрмейді

Жер бетінде жақсылық қанатын жайып, мейірімділік теңіздей төгіліп жатса деп армандайтын болдық. Дүние тірлігіне алаңдаған адамдар уақыт еншісіндегі қымбат нәрселерді жоғалта түсуде. Бауырмашылдық.... Ізгілік... Мейірімділік... Саф көңіл... Бұл қасиеттер бәрімізге қажет.

Рухани жұтаңдаған денемізге иманды қуаттайтын белсенділіктер қажет болғаны көріне түседі.Күн өткен сайын жан түршігерлік оқиғалардың саны артып, адамзат баласы азғындыққа қадам басуда. Соның бірден бір көрінісі – шекара асып, шалыс басқандардың тағдыры. Бүгінде адасқан топтардың түрі көп. Ең қиыны, қой терісін жамылғандардың көбі исламның атынан сөйлеп, Алланы ауызға алады. Солардың бірі әрі қауіптісі ДАИШ тобы болып отыр. Ислам құндылықтары талқандалып, мұсылман құқықтары аяққа тапталып жатқан жерде Құран мен қару қатар жүрмейді. 

Өткен тарихқа көз салсақ, Мұхаммед пайғамбар да өз уақытында жəне одан кейінгі халифалар да өзіне шабуылдаған жауға қарсы соғысып жиһад жасаған. Алайда, түтіні түзу ұшып, тыныш өмір сүріп жатқан елге барып қантөгіс жасамаған. Мұхаммед пайғамбар мұсылман əскерлеріне үнемі: «Алла атымен аттаныңдар, Алланың жəне Елшісінің дінімен жүріңдер. Қарт адамды, баланы, əйелді өлтірмеңдер...» деген. Ал  атақты халифа Əбу Бəкір: «Əйелді, жас баланы, қарт адамды өлтірмеңдер. Жеміс ағашын кеспеңдер. Ғимаратты қиратпаңдар. Қой мен түйені тек жеу үшін ғана бауыздаңдар...» деп, жанды-жансызға түгел аяушылық сезімін білдірген.  Халифат орнатамыз деп, қару асынып, адамдарды қойша бауыздап жатқан ДАИШ содырларының әрекеті Алланың берген аманатына жасалып жатқан қиянат. Бойларындағы қатыгездік мен қанішерліктен жан түршігеді.  Қасиетті Құран Кәрімде: «Өлтірілуіне Алла тыйым салған кісіні нақақтан өлтірмеңдер...»,-деп айтылған. ДАИШ террорлық ұйым мүшелері өлтіру, ұрлау, зорлау, мешіттер мен шіркеулерді қирату, əйелдерді жыныстық құлдыққа салу, балаларға зорлық-зомбылық көрсетуден алдарына жан салмай тұр. Жаратушы Алла Тағаланың:  «Жазықсыз адамды өлтірген адам – барлық адам баласын өлтіргенмен тең (күнәһар) болады» («Мәида» сүресі, 32-аят) деген ескертуі бар. Ардақты Мұхаммед пайғамбар болса, қоштасу қажылығында: «Ақиқатында сендердің қандарың, мал-мүліктерің бір-бірің үшін қастерлі, қол сұғуға болмайды. Мына қажылық күніндей қастерлі, қажылық айындай қастерлі, Мекке қаласындай қастерлі»,- деп өсиет еткен болатын.

Демек, жазықсыз адамға оның өміріне, жеке мүлкіне немесе ар-намысына қатысты қандай да бір басқыншылық жасауға рұқсат берілмейді. Исламдағы бұл қағида баршаға ортақ.Ертеректе ғұламалардан бірі, медреседе дәріс беретін ұстазға шәкірттерін нұсқап: «Бұларға не үйретіп жатырсың?»- деп сұрайды. Сонда ұстаз: «Сарф, фиқһ, хадис»,-деп бірталай ғылымды тізбектей жөнелтіпті. Сонда әлгі ғалым басын шайқап: «Жо-оқ! Бұларға бәрінен бұрын «білмеймін» деуді үйрет» деген екен.Бір күні Имам Мәлікке бір мәселе жайлы сұрақ қойылады. Ұлы Имам: «Білмеймін»,-деп жауап береді. «Негізінде бұл жеңіл, әрі оңай мәселе еді ғой» дегенді естігенде, Имам Мәлік ашуланып: «Ғалымда жеңіл нәрсе жоқ. Алланың: «Әлбетте, Біз саған ауыр бір сөз уахи етеміз» (Мүзәммил сүресі, 5-аят) деген аятты естімедің бе? Сондықтан, ғылымның барлығы ауыр. Әсіресе, қиямет күні сұраққа тартылатын ғылымыңыз»,-дейді.

Аталмыш екі оқиғадан төмендегі мәселелерді аңғарамыз: Діни мәселелерде пәтуа беретін адам білмейтін тақырыбында ешнәрсе айтпауы тиіс. Ең болмағанда іздестіріп, зерттеп, «кейін жауабын беремін»,-деуі керек. Бұл нағыз ғалымға жарасатын қасиет. Ал енді білгіштеніп, әр мәселеде пәтуа беретін болса, әрі бұл дүниеде, әрі ақыретте масқара болуға алып баратын әрекет. Ертең ақыретте, Алла Тағала: «Жаңылыс пәтуа беріп, адамдардың қате істеуіне себеп болдың» деп айыптағанынан гөрі бүгін адамдардың «ешнәрседен хабары жоқ» деп, бұл дүниеде айыптағаны мың есе артық емес пе?

Қалай болғанда да, ДАИШ террорлық ұйымының оңды-солды пәтуа беруі исламның ешбір ғылымына  сай келмейді. Керісінше дұрыс емес пәтуа беру арқылы көптеген адамдардың өмірін ойран-ботқасын шығарып, қор ету зұлымдығы тұр. Сондай-ақ, бұл ұйымның ұстанымында ислам шариғатына теріс «тағут» жəне «тəкфір» түсініктері бар. Олардың пайымдауынша, тəкфір жасау, яғни кәпір деп айыптау үлкен күнə жасаған адамға қарата айтылады. Демек, ислам шариғаты  басшылыққа алынбаған жүйеге «кəпір» үкімі шығарылады. Бұл тұрғыда үкімді Алла өзі береді. Исламда адамға қорлық көрсетудің бір де бір түрі жоқ. Мұхаммед пайғамбар: «Қиямет күні өлтірілген адам өзін өлтіргенді Алланың құзырына басы мен шашына ұстап алып келіп, мойындағы тамырларынан қан ағып тұрған күйде: «Раббым! Мынадан сұра, мені не үшін өлтірді», - деп қайта-қайта айтып Аршының жанына алып келеді», - деген. Және тағы бір хадисінде пайғамбар: «Кімде-кім менің үмбетіме қарсы шықса, олардың жақсысы мен жаманын өлтірсе, мұсылмандарын да аямаса, келісім иелеріне берген уәдесін орындамаса, ол менің үмбетімнен емес...», «Егер олар бір нәсілшілдік үшін соғысса, нәсілшілдік себепті ашуланса, нәсілшілдікке жақтасып жүріп өлтірілсе, ол надандық өліммен өлгені», - деген. Қазіргі таңда ДАИШ ұйымы Ирак, Сирия билігіне және мемлекет әскерлеріне қарсы соғыс бастады. Ел ішінде береке кетіп, христиан дінін ұстанушыларға қарсы қысым күшейді. Суық қарудың оғына ілініп, тепкі көргендер отанын, баспанасын тастап, қара басының амандығын ойлауға көшті. Баспана іздеп, бас сауғалағандардың халі қарулыларды ойландырар емес.

 Бала – бақыт пен байлық, аманат. Алайда, қару асынып, ашкөздіктің буына мастанғандар жас балаларды да аяусыз өлтіруде. Жазықсыз жандар жапа шеккен жерде қандай ислам болуы мүмкін? Жастардың бойында еліктеушілік көп болады ғой. Қазіргі таңда сол жастардың басым бөлігі әлеуметтік желіге тәуелді. Теріс пиғылды топтар осы бір «тәуелділікті» ұтымды пайдаланып отыр. Жарнама аясы кеңейген сайын желіде жаңылған жастар аз ғана уақыттың ішінде «жиһадшыл» болып, жәннатқа баруды қалағандардың қатарына қосылуда. Негізінде, Жаратушы Алла Тағала бізге жер бетінде зұлымдық жасауды емес, көркем мәміле мен адамдарға жақсылық жасауды бұйырмап па еді?! Білімі таяз, сенімі солқылдақ келген жастардың арасында басын қатерге тіккен нәзік жандылар да бар. Исламда некелі жарына ғана адал болған әйел заты  бүгінде шет ел асып, азғындықтың шашбауын көтеріп жүр. Мұны әлгі ДАИШ-те орын алып жатқан сұмдықтардан пайымдауға болады. Соқыр сеніммен өзге елдің ішкі мәселесіне араласып, саяси соғыстарға қатысу – «әһлі-сүннет» ақидасына жат және ислам шариғатына қайшы. Шындығында, кез-келген соғысқұмар адамның ашқан соғысы жиһадқа жатпайды. Негізінде, мұндай бас-көзсіз озбырлық іс-әрекеттер мәселені шешпейді. Керісінше, жағдайды ушықтырып, шиеленістіре түседі.

Ақиқатында, адамзат үшін қазіргі ең үлкен жиһад – сауатсыздықпен күрес. Мұхаммед пайғамбардың: «Үлкен жиһад – өз нәпсіңмен күрес», - деген өсиеті мұсылман баласына өмірлік ұстаным болуы тиіс. Ислам – бейбітшілік пен мейірімділік діні. Қаншама ұлттар мен ұлыстарды біріктіріп отырған әлемдік дін. Исламда ізгілік жасау, қамқорлық, мейірімділік үстемірек. Керісінше, зорлық-зомбылық, мұсылман бауырын кәпірлікпен айыптау, намаз оқымаса, ағайын-туыспен қатынас үзу, өмір сүріп жатқан мемлекеттің заңдарын мойындамау, өзімен пікірлес болмағаны үшін басқалармен қарым-қатынастан қашу, қоғам мүшелеріне құрметсіздікпен қарау, басқаларды бүлікке шақыру сияқты ұстанымдар ешуақытта болмаған. Экстремистік және лаңкестік әрекеттер ислам дініне мүлдем жат.  «Бір-бірлеріңді өлтірмеңдер. Расында Алла сендерге ерекше мейірімді. Ал кім айтылғанды дұшпандық, зұлымдықпен істесе, оны жақында отқа саламыз. Бұл – Аллаға оңай» («Ниса» сүресі, 29, 30-аяттар) деген Алланың аятынан хабары бар мұсылман қару ұстап, қолын былғамасы анық.

Өздерін «Ислам мемлекеті» деп жариялап, жер бетін қарумен жаулауды ниет еткен ДАИШ -діктерде бұлжымас шариғат бар деп ойласақ, қателесеміз. Олардың пиғылы – қантөгіс. Қандастарымыз, қаракөздеріміз, намысты азаматтарымыз адасқандардың сойылын соғып кетпес үшін елімізде насихат жұмысы қарқын алуы қажет. Жастарға дінін, ділін, отанын, дәстүрін құрметтейтіндей сезім, ақ пен қараны ажырата аларлық терең білім қажет. Айбынды жастарымыз рухы биік, намысты болса, теріс пиғылдылардың тәнімізге тісі, жерімізге табаны тимейді. ДАИШ-тің улы идеологиясы әлемді алаңдатып отырған тұста елімізге де сақтық керек.

«Жау жоқ деме, жар астында» деп бұрынғылар текке айтпаған. Қол қусырып қарап отырмай, ел ішінде бірлік болуын қаласақ, сын сағаттарда ауыр жүкті жұмыла көтерген жақсы.

Тұрар ӘБУОВ,

дінтанушы

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 277 рет
JoomShaper
Top