Мадхализм матрицасы

Бейсенбі, 18.01.2018
Мадхализм матрицасы

Бүгінгі күні ел өмірінде экономикалық тұрғыдан өркениетке жетелейтін елеулі өзгерістер мен дамуға бастайтын тың жобалар іске асырылуда. Алайда, рухани тұрғыдан алып қарағанда құлдырауымыз бен құлазуымызды қалайтын қара ниеттілер де жоқ емес екендігі мәлім. Олар айрандай ұйып отырған халықты қақ жарып, жастарымызды басқа жаққа бұрып басқаруда. Сондай пиғылды мақсат еткен ұйымдар азаматтарымызды түрлі топтарға біріктіріп, жамағатты жік-жікке бөлуде. Енді сөзімізге дәлел келтіріп көрейік.

Алғашқыда аласұрып жүрген жастарымыздың іші-бауырына кіріп, оларға барлық уәдені үйіп-төгіп береді. Кейін адам айтса нанғысыз айла-тәсілдерді қолдана бастайды. Яғни материалдық жағдайы жақсы отбасынан шыққан бозбалалардың аңғалдығын пайдалану арқылы толық сенімдеріне кіреді. Осылайша, олардың қамын ойлаған сыңай танытып, өз дегендеріне жету жолында барлық қулыққа барады. Тіпті, ізгі амалдарды ұйымдастырған болып «садақа орталықтары» мен «қайырымдылық қорларын» әр жерден ашып қойған. Ал соңғы кездері биік мінберлерде жүргендер мен қалталы ағаларға ауыз салуды әдетке айналдырғандықтарын жақсы білеміз. Керек десеңіз, бұқаралық ақпарат құралдары мен баспасөз беттерін басып алуға дейін келді. Міне, осындайлардың құрықтарына көбіне еліне еңбек сіңірген ер жігіттер мен қоғам қайраткерлері, мәдениет майталмандары мен бизнес саласындағы көкелер және олардың жақындары жиі ілінеді.

Мұндай механизмді алғаш қолданушылардың бірі американдық Р.Хаббард болғандығы белгілі. Ол пирамидалық жүйеге құрылған «саентологияны» жаңа дін ретінде дүниеге әкеліп, сонын есебінен байлыққа кенелуді көздеді. Осыдан соң алдына қойған мақсатына жетті десе болады. Қазіргі таңда дәл осы үрдіс христиан дінінің тармақтары мен шынайы исламнан бөлінген жат ағымдардың әрекеттерінде көрініс табуда. Бірақ соқыр сенімнің жетекшілері мен оның соңына ілесушілер өздерін ақиқат даңғылындамыз деп дінді бүркемелеумен әлек. Олар бірінші кезекте жеке бастарының материалдық базаларын байытып алуды көздейді. Жан азығы мен рухани мәдениетке мұқтаждардың мәселелерін майшаммен қарап, өздеріне сырт мемлекеттен жүктелген басты миссияны орындауда. Яки, басқа елдің сызып берген бағыт-бағдарларының аясында емін-еркін әрекет ете бастады. Нәтижеде, мұсылмандар арасына сызат түсті. Бүгін сол шіріген өнімнің жемісін жеп отырмыз.

Ауыл-аймақтарда ақпараттық-түсіндіру және ағартушылық мақсаттағы қайта тәрбиелеу жұмыстары қарқынды түрде жүргізілгенімен, салафизм-уаһабизмнің тамыры тереңге тарағандығын әлі күнге дейін сезіне алмай келеміз. Осыдан бірнеше жыл алдын Ақтөбе қаласында орын алған қанды оқиғадан соң жат-жұрттық ағым өкілдері мен олардың әр өңірдегі жақтастары «тақия» астында тығылып өз сенімдерін жасыруға көшті. Бір сөзбен айтқанда, «мадхализм матрицасы» атты жаңа жобаның шеңберінде уаһабизмді толығымен қолдайтындықтарын танытып, ел тізгінін ұстап отырғандар жаңбыр жаусада су өткізбейтін шатырларына айналдырды.

Қазақстан бойынша мақсатты топтағы азаматтармен жекелеген және жалпылай кездесулер өткізіледі. Жастардың басым көпшілігі Әбу Ханифа құқықтық мектебін құндылықтарға ие сунниттік жол екендігін білсе де іштей мойындағылары келмейді. Өйткені, азаматтарымыздың саналарынан саңылау тапқандар сыналарын мықтап қаққанға ұқсайды. Ал құмыраға құйылған жалған ақпараттарды қымыздай сімірген жастар, миларының судай шайылғандарын білместен дәстүр мен дінді екіге бөліп тастауға әбден әуестенген. Сондықтан, халықтық салттан жаңылып, саңлақтардың салған сара жолынан теріс айналуда. Тіпті, қисынсыз пікірлер мен жалаң түсініктердің соңында жүріп, жапан даланы кезіп кетуге дейін даяр тұруда. Қажет болған жағдайда мемлекет мүддесін ысырып қойып, теріс идеологияны мұрат қылғандардың қолшоқпарына айналуға дайын. Осы нәрселерді ескерусіз қалдырсақ, басымызға қара бұлт үйіріліп кетуі мүмкін екендігін жоққа шығармауымыз керек деп білеміз.

Соңғы уақыттары рухани жаңғыруды қолға алып, дәстүрімізді дәріптейміз деп жаулықпен жауласып жүрген жоқпыз ба?! Салафилерді бейтарап немесе бейтарапсыз дей келе олардың қауіпті екендігін ұмыт қалдырғандаймыз. Жалпы айтқанда уаһабизм мектебінен өніп, өңірлерде өріп жүргендерге қолдау көрсететіндердің бетпердесін ашып көрсетудің заманы келген секілді. Әйтпесе, қазақи құндылықтарымыз бен адами болмысымызды жоюға жұмылдырылған жат-жұрттық жамағаттардың жалауын желбіретіп отырғандар жоқ емес. Олар сырт көзге шешен, сөйлеуге шебер, саясатта дағдыланып алғандар. Бір қызығы ата заңды місе тұтпайтындар қысқа балақ пен қауға сақалды сөз еткенде аяқ-астынан «заңгер» бола қалады. Олардың басым бөлігі ашық әңгімеден жалтарып, жамағат алдында ақиқат айтудан айнала қашады. Ал жеке-дара кездесулерде бас шұлғумен ғана отырады. Басқа кезде заң қызметкері секілді құқық қорғаушылар да табылады.

Осы біздер сенімге селкеу салар сай-саласы мен шұқыры көп ағымдарға расымен тосқауыл қоя алмаймыз ба? Болмаса әлдекімдердің бұл ойынды ойнауға қызығушылықтары бар ма?! Әрине, балық басынан шіриді, бірақ құйрығынан тазартылады. Хош, ендігі күніміз не болмақ... Сирияда тұтанған соғыс оты Иракты айналып елімізде жалындап кетпеуіне кепілдік бере аламыз ма? Әлбетте, жоқ! Себебі, Ақтөбе аймағында болған лаңкестік іс-әрекеттер сонын нақты айғағына айналғандай. Дінде шетін шыққандарды бейтараптандырсақ, мадхализм матрицасында машықтанған мамандар мен олардың басты механизімдеріне де мән беруді мақұл санаймыз. Бұқара халықтың арасында сұрқия саясаттарын сасытып, уаһабизмді еркін жайып жатқандарын дін саласындағылар жақсы біледі. Бірақ билік неге үнсіз?

Мәселен, Ақтөбе қаласында орналасқан «Нектар» сауда үйінің жоғарғы қабатындағы кітап дүкенінде Республика аумағында насихатталуы тыйым салынған Мұхаммед ибн Абдулуаһһабтың «Үш негіз» атты кітапшасы осы күнге дейін сөреде тұрды. Облыстық дін істері басқармасы тарапынан сатушыларға бірнеше мәрте ескерту берілсе де діни мазмұндағы әдебиеттер сатылымда жүрді. Сондай-ақ, Ақтөбе қаласынан 18 шақырым қашықтықта орналасқан Сазды елді-мекеніне таяу жердегі ашық қоқыс алаңынан Сауд Араб мемлекетінің идеологиясын жергілікті жерлерде уағыздайтын кітаптар мен үнтаспаларда сақталған жазбаларды Юлия Минина есімді азаматша үлкен көлемде тауып алды. Кейін өзіме хабарласып, дін саласындағы маман ретінде барлық материалдарды қарап шығуыма өтініш білдірді. Солай екен, әлгіндей әдебиеттер ішімізден ірітетін ірі көлемдегі іріңдей болды. Ал қолдан-қолға таратылып жатқандары қаншама... Осындайды көріп жат ағымдардың жетегіндегілер өз идеяларын астыртын немесе ашық түрде жариялайтындығын айтпай кетпеуге болмайды.

Кейде әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасында өскен өрендерді қаражатпен қолдап, қолтықтан демеп жатқан шейхсымақтарға көз жұмудамыз. Толыққанды тәрбие көрмей, көше кезіп жүргендер де солардың көшіне еріп кетуде. Иә, көп жағдайда діннен өзіне жан тыныштығын іздейтіндер бар. Бірақ дұрыс сенім деп паналап келген орталары оларды пайдаланып болған соң сыртқа тебеді. Ондай әңгімені темір тордың арғы жағына тоғытылған, түзету мекемелеріндегі жазаларын өтеуші сұхбат кезінде жиі тілге тиек етеді. Алайда, барлығын кеш ұққандарын қос жанарларынан мөлтілдеп аққан көз жастары растай түседі. Айтпақшы, бетперде (ниқаб) тұмшалап, арабтардың ұлттық киімін насихаттап жүрген қыз-келіншектер өз жақындарынан ҚМДБ-ны мойындамайтындықтарын үнемі еститіндіктерін теолог мамандар алдында жасырған емес. Қызығы сол, ерлері өтірік, әйелдері шындық айтады. Қорыта айтсақ, дініміз дүбәра, дәстүріміз дүдәмал болмасын десек, ұлттық бірігейлік пен жүз жылдық жоспар түзу керек. Ол үшін өз ісінің білікті де білгір мамандарын «Қазақстан ислам мектебін» қалыптастыруға көптеп жұмылдыру қажет.

Жалғасы бар...

Асланбек ТЫНЫШТЫҚ,

«Нұр-Мүбәрак» ислам мәдениеті

университетінің магистранты

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 621 рет
JoomShaper
Top