Терроризмді тұқырту – адамзат тілегі

Бейсенбі, 14.12.2017
Терроризмді тұқырту – адамзат тілегі

Күн өткен сайын терроризм мен діни экстремизмнің қаупі жаһандық ауқымға жайылып бара жатқаны рас. Оны бүгінгі қоғам анық айшықтайды. Қазіргі кездегі әлемді алаңдатып отырған маңызды діни түйткілдердің бірі, тіпті, ғаламдық мәселелердің қатарына жатқызуға да болатын құбылыс – діни экстремизм мен терроризм деп айтуға болады.

Ғаламтордан көріп, ақпарат көздерінен еститініміз атыс-шабыс, әлемдегі тынышсыздық зәре құтымызды қашыратыны сөзсіз. Ол бастапқы идеялары бойынша дәстүрлі діндерге сүйеніп, олардың өңін айналдырып, бұрмаланған күйде танитын және өзінің сол позициясын ақиқат ретінде дәйектеуге тырысатын бүлікшіл пиғыл тек Қазақстанға емес, дүниежүзіне айтарлықтай қауіп төндіріп отыр. Соңғы жылдары әлемде террористік әрекеттердің жүздегені болып, оның салдарынан мыңдағаны қаза тауып, тағы мыңдағаны ауыр жарақаттар алуда.  Террористік актілер тек шиеленіс аймақтарында ғана емес, сонымен қатар дамыған елдерде де орын алуда. Осындай түйткілді мәселелер неліктен ушықты? Нендей шаралар қабылдауға, алдын-алуға, азайтуға, тоқтатуға болады ма? Деген сұрақтар аясында Астана қаласы әкімдігінің Дін проблемаларын зерттеу орталығы басшысының орынбасары, теолог Айбек Аташевтан пікірін білген едік....

Еліміз егемендігінің ширек ғасырлық өмірінде саяси, экономикалық, әлеуметтік және басқа да салаларда түбегейлі өзгерістер орын алды. Қазақстан Республикасының басшылығының салиқалы саясатының шеңберінде, жүзеге асып отырған салмақты реформалар елімізде азаматтық бейбітшілік, тұрақтылық, дінаралық және ұлтаралық келісімді қамтамасыз етуде.

         Терроризм дегенде ең алдымен «оның артында кім тұр және олар неге сондай қылмысқа барды» деген сұрақ туындайды. Бұл тұрғыда біз кейбір принциптік мәселелерге мән беруіміз қажет деп ойлаймын.

Біріншіден, сәләфилікке ерушілердің діни сенімі мен ұстанымдары біздің қоғам мен мемлекетке қарсы агрессиялық сипатта екені белгілі. Ал адам баласының бойында қалыптасқан агрессиялық көзқарас түбінде бір теріс іс-қимылға айналуы әбден мүмкін. Еліміз бен шетелде дін негізінде орын алып жатқан оқиғалар осының айқын дәлелі. Нақтырақ айтсақ 2011-2012 жылдары Ақтөбе, Атырау және Тараз қалаларындағы, 2016 жылғы Ақтөбе мен Алматыдағы қанды қырғынның барлығы терроризмге негізделген уахабшылдық идеянының қанды нәтижесі.

Екіншіден, ғаламтордағы бейнематериалдардан қылмыскерлердің жеткілікті деңгейде дайындығы жоқ жастар екені анық байқалады. Қару ұстауды да дұрыс меңгермеген. Бірақ, олардың бойындағы діни агрессия деңгейі ойланбастан қан төгуге, тіпті өзін өлімге қиып жіберуге де бар. Олардың діни сауаты таяз. Себебі, еліміздегі сәләфилік ағымның ерушілері ғана емес, уағызшыларын да діни сауатты деуге келмейді. Себебі, оларға пәтуа (нұсқау) беріп, бағыттап отырған белгілі тарап бар және де осы тарап қажет кезінде оларды өзінің қолшоқпары ретінде пайдаланады.  Мәселен, 2011-2012 жылғы оқиғаларға ешкім танымайтын Әбу Мунзир әш-Шинкити деген шейхтің пәтуасы себеп болған еді. Олай болса, біздің құзырлы органдарға бұл қандықол топқа нұсқау берушінің кім екенін анықтау өте маңызды секілді.  

Үшіншіден, еліміздегі басқа сәләфилер бұл оқиғаларды жасаушы топты ДАИШ-пен байланыстырып әлек. Мүмкін солай да шығар. Оны құзырлы органдар анықтап, алдағы уақытта тиісті мәлімдеме жасар. Алайда, сол ДАИШ-тің теологиялық және діни идеологиясының сәләфилік екенін ешкім жасыра алмайды. Демек, діни астар мен идеологиялық база ортақ. Меніңше, біз сәләфилік ағымға қатысты есебімізден жаңылмау үшін, бұл мәселені назардан тыс қалдармауымыз керек.

Төртіншіден, бұл оқиғалар елімізде сәләфилікке қатысты батыл саяси шешім қабылдауға тағы да қосымша қатаң негіз болады деп үміттенемін. Біз осы уақытқа дейін сәләфилік идеяға ерушілерді «байсалды және радикалды» деп бөліп келеміз. Ал сол байсалды сәләфилердің қоғам мен ұлтқа қарсы агрессиялық көзқарастары қай уақытта іс-әрекетке айналатынын ешқайсымыз білмейміз. Сонымен қатар еліміздегі терроризмнің әлеуметтік-құқықтық және криминологиялық аспектілері, терористтік бағыттағы қылмыстардың құрылымы және оның
динамикасы, тероризмнің таралуы мен дамуының себептік-факторлық кешені де бар екенін ескерген жөн.

         «Терроризм мен экстремизм бүгінгі күні бүкіл дүние жүзі халқын алаңдатып отырған ерекше шетін мәселе. Қазақстан әлемге көптеген конфессиялар мен түрлі ұлт өкілдерінің бейбіт өмірімен танылса да,  терроризм  мәселесі бізді де айналып өткен жоқ.

Дүние жүзі бойынша террористік ұйымдардың сипаты төмендегідей:

- Терроризм – идеология, доктрина, тіпті жүйелік пікір де емес. Ол –стратегия.

- Терроризм бүкіл әлемді «жақсы» және «жаман» деп екі топқа бөліп, өздерін

«жақсы» категориясына жатқызады.

- Терроризм лаңкестік әрекеттерді  іске асыру үшін, міндетті түрде сценарий дайындап, «а» және «б» жоспарын жасайды.

- Терроризм жарқын болашақ пен жаңа мүмкіндіктерге үміттендіреді.

- Терроризмнің бұлыңғыр болса да үнемі саяси мақсат-мүддесі болады.

- Терроризм халықаралық саясаттың бір бөлігі, сол себепті сырттан келетін қолдау арқылы іске асады.

-Терроризмнің өз тілі болады және тек сол тілде сөйлеуге тырысады. Жалпы терроризм қай жерде жасалса да, кім жасаса да варварлық құбылыс.

Террористік ұйымдар ең алдымен идеологияларын дамытып, кітап, журнал, әлеуметтік желі және қолдарынан келгенше БАҚ арқылы қатарларын пікірлері сәйкес келетін адамдармен толықтырады. Терроризмнің төркінін бұл күнде Шығыстан, мұсылман елдерінен іздеу кең өріс алып отыр.

Оған діни сипат беру тіпті қателік.
Шын мәніне терроризмді белгілі бір ұлтпен немесе дінмен бай­ланыстырудың ешбір негізі жоқ. Бейбіт тұрғындардың өмірін жалмайтын, террорлық актілерді жасаушы террордың, діні, мәзхабы болмайды. Тер­рорлық қимылдарға кез келген ұлт­тың өкілі, кез-келген діннің атын жамылушы діннен безген безбүйректер бара алады. Ешкім террорист болып тумайды, ол тұқым да қуаламайды. Оны жағдай, әлеуметтік, экономикалық, моральдық, руханияттық орта мәжбүрлейді, өзінің өмірдегі өкінішін, кеткен кегін, төл тағдырына мойынсынбауын террорлық топқа қосылумен ақтағысы келеді. Лаңкестік әрекеттер бүкіл әлемді дүр сілкіндіруде. Лаңкестікке қарсы күрес жүргізу барысында, қауіпсіздік тақырыбының маңызы мен сыртқы саясаттың адам құқықтарына, демократияға,  плюрализмге, заңның үстемдігіне қатысты маңыздылығын ескеру басты мәселелердің бірі. Және де еліміздің сыртқы күштердің қолдауын тауып отырған террорлық ұйымдардың нысанасына айналмауы үшін, халықаралық заңға құрмет көрсететін, рационалды, ұлттық мүддені алға қоятын, бейбітшілік пен достастық қағидаларына негізделген саясат ұстанғаны абзал. Қазақстандағы экстремистік  ахуал жайында, Қазақстан Республикасының  Бас прокуратурасының берген ресми мәліметі бойынша, соңғы жылдарда сот орындары тарапынан «Әл-Каеда», «Күрт халық конгресі», «Мұсылман бауырлар», «Хизб-ут-Тахир» т.с.с 15- ке жуық теріс ұйымдарға еліміздің территориясында жүргізіп отырған іс-әрекеттеріне тыйым салынған.

Терроризмге қарсы күрестің ең негізгі қағидаларының бірі халықтың қолдауын алу, бұл қолдауды ала білу үшін сенімді болу керек, сенімді болу үшін террористтерді ұстау керек, террористтерді ұстау үшін қолында өкілеттігі және білімі болуы керек, қолында өкілеттігі және білімі болуы үшін кәсіби деңгейі мықты болуы керек. Осы керектердің жолында «Бес саусақ біріксе жұдырық, бірікпесе құрыдық» дегендей бүкіл халық болып бірігіп күресуге тиіспіз. Халықтың қолдауын алу арқылы, мемлекет лаңкестік және экстремизм сияқты қауіп-қатерге бөгет болып, осы зұлымдықтың айрандай ұйыған еліміздің бірлігін шайқалтуына, ел ішінде туындауы бек мүмкін бөлінулерге, біріге отырып төтеп береді. Сол себепті, лаңкестікпен күрес тек мемлекеттік органдардың парызы емес ол әрбір қазақстандықтың міндеті. Тұғырлы Тәуелсіздігіміздің 26 жылдығында тұтас еліміз түрлі лаңкестіктен аман болсын. Тероризмді тұқыртудың жолында біртұтас шеп құрып, тәуелсіздігімізге нұқсан келтірмейік.

Айбек АСҚАРБЕКҰЛЫ,

дінтанушы

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 311 рет
JoomShaper
Top