Уахабизм идеологиясының кесапаты

Дүйсенбі, 16.10.2017
Уахабизм идеологиясының кесапаты

Қазіргі таңда кей мұсылмандар өздерін ілгеріде өткен сəлəф салихтардың іздерімен жүрушілерміз деп күнделікті өмірдегі жүріс-тұрыстарына дейін өзгелерден ерекшеленіп жүруді əдетке айналдырған. Өздерін ақиқат жолында санаған сəлəфилік ағым өкілдері (уахабшылар) өз ұстанымдарына қарсы шыққан адамдарды адасушылар деп таниды.

Əуелі, «сəлəф» сөзінің тілдік мағынасына тоқсалсақ. Бұл сөз «заманның ауысуы» яғни, «өткен уақыт» деген ұғымды береді. Терминдік мағынада «сəлəф» деп ислам үмметінің алғашқы үш кезеңінде өмір сүрген мұсылмандарды айтамыз. Осы орайда пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Үмбетімнің ең қайырлысы менімен бірге өмір сүргендер жəне олардың ізіне ергендер мен одан кейінгі келген ұрпақ» деген хадисі де ойымызды қуаттайды.

Дегенмен, бүгінгі қоғамда мұсылмандар арасында «сəлəф» термині туралы теріс түсінік қалыптасты. Мұсылмандар арасында пайда болған ниеті бұзық топтар өздерінің пасық амалдарын осы бір терминмен иелік етуге күш салуда. Көзқарастарының теріс болғаны соншалықты, олар өздерінен басқаны мұсылман санамайды, тіпті, дұшпан көруге де дайын тұрады. Дəтке қуат ететініміз, ислам əлемінде аз да болса «сəлəфизм» идеологиясын əшкерелейтін еңбектер жазып, оларға қарсы бетпе-бет сұхбатқа, ашық айқасқа шыққан ғұламалар тобы бар.

«Сəлəф» терминінің алғашқы қолдану кезеңіне оралсақ. Бұл ұғым Ұлыбританияның қолдауымен Жамал ад-Дин Афғани мен Мұхаммед Абдуһтың бірлесе отырып құрған «Ислам реформасы» атты қозғалысынан бастау алады. Өз уақытында осындай қозғалыс ұраны Мысыр халқының арасында кеңінен тарап, үлкен қолданысқа ие болды. Өйткені, ол кезде Мысыр елінде көптеген бүліктер мен теріс көзқарастар белең алған заман еді. Нəтижесінде, Мысыр халқы екіге бөлінді. Біріншісі, Батыс өркениетін қолдады. Екіншісі, ислам дінін таза қалпында сақтап, күллі дінге енгізілген жаңалықтар (бидғаттар) мен алып-қашпа ойлардан тазартып, оны күнделікті заманауи өмірмен байланыстыру қажеттігін алға тартты. Осы тұста Жамал ад-Дин Афғани мен Мұхаммед Абдуһ екінші көзқарасты көтеріп, ел ішінде «сəлəфия» терминін ұран етті. Мұндағы мақсат ілгеріде өткен сəлəф салихтардың жолын қайта жаңғырту, дінге енген бүкіл заманауи жаңалықтардың көзін жою болды. Сонымен қатар, негізгі мақсаттың бірі ислам əлеміне бүгінгі мұсылмандардың зұлымдыққа душар болған, бейшаралық халін көрсетіп, ілгеріде бақыт пен молшылықта, əділдік пен бейбітте өмір сүрген сəлəф салихтардың тұрмыс-тіршілігіне қызықтырып, солардың жолымен жүруге жігерлендіру болды.

Осылайша, сəлəфизм идеологиясы халықтың санас ына тез сіңіп, мұсылмандар арасында бөлінушілік пайда болды. Бұған дейін сəлəфизм идеологиясы арнайы мəзһаб болып қалыптаспаған еді, əрі оны дəріптеуші мұсылмандардың үні басыңқы еді.

Уақыт өте мұсылмандар арасында тікелей Мұхаммед ибн Абдул Уаххаб есімімен байланысты «уахабия» (уахабшылар) мəзһабы пайда болды. Аталмыш мəзһаб араб даласында тез тарады жəне Мысырда осы идеология төңірегінде жұмыс жасайтын арнайы орындар да болды. Ал сəлəфизмді жақтаушылар «уахабия» мəзһабының өкілдері аталды. Біршама жылдардан соң уахабшылардың арасында «уахабия» терминінің орнына «сəлəфия» сөзін қолдануды жөн санады. Себебі, олардың пайымдауынша, сəлəфизм идеологиясы тек Мұхаммед ибн Абдул Уаххабтан тоқтамайды, бəлки Исламның алғашқы үш қадірлі дəуірі болған сəлəф салихтарға тіреледі екен. Сондықтан, «уахабия» мəзһабын қолдаушылар өздерін халыққа Абдул Уаххабтың емес сəлəф салихтардың сенім-нанымдарын ұстанамыз деп жұбатады.

Ақиқатында, ілгеріде өткен сəлəф салихтар заман тұрғысында бізден бұрын өмір сүргендіктен, олардың жолымен жүру негізгі міндет болып саналмайды. Біз оларды құрметтейміз əрі олар Алланың кітабын (Құранды) ең жақсы əрі нақты түсінгендіктен, араб тілінің жақсы сақталған заманда өмір сүргендіктен жəне де олардың кейбірі пайғамбардың (с.ғ.с.) шəкірттері немесе сол заманға жақын өмір сүргендері үшін біз дінде олардың жолын өзімізге үлгі тұтамыз. Себебі, ол заманда дін таза сақталған, бүгінгідей діни қарама-қайшылықтар мен дінге енгізілген жаңалықтар жəне діни топтар көп болған емес. Осы үшін де сəлəф-салихтар қашанда діннің негізгі өзегі шайқалмастай сақталған заманда өмір сүрген жəне діни мəселелерде біздердің сенімді қайнар көз болып табылады. шынайы сəлəф салихтардың жолына еру – ешбір діни мəтінді өзгеріссіз немесе олардың көзқарастарына қарсы шығусыз қабыл етіледі. Осындай еш толқусыз бағытты ұстанған кез келген заманауи мұсылман ғана тура жолды табары анық жəне бірлікке апарар «Əхли сунна уал жамаға» атына кіруге лайықты болып табылары сөзсіз. Ал, егер сəлəф салихтардың атын жамылып діни көзқарастары негізгі дінге сəйкес келмейтін болса, ондай мұсылман бірліктің жолында емес жəне сол ілгерідегі сəлəф салихтардың дəуірінде өмір сүрсе де ақиқаттың кілтін таппайтыны анық.

Бұл қадірлі сəлəф салихтар заманында діни көзқарастар барлығында бірдей болды деген сөз емес. Ол уақытта да діни таластар болды, алайда, мұндай таластар олардың арасына жік түсірмеген жəне мұсылмандар ауызбіршілігін жоғалтқан емес. Себебі, олар діни тартысқа түскенде бір-бірін құрметтеп ақиқатқа тоқтайтын еді. Ал, қазіргі сəлəфия жақтаушылары өзге мұсылмандармен діни тартысқа түсер болса, өркөкіректері басым, өзінен басқаны мойындамайтын, ақиқатқа тоқтамайтын одан əрісі бойларында өзімен санаспайтын басқа мұсылманға деген жеккөрініш қасиеттері пайда болады. Салдарынан мұсылмандар арасына жік түсіп, ауызбіршілік жоғалады.

Сонымен қатар, сəлəф-салихтар дəуіріндегі мұсылмандардың бойлары адами моральдық қасиетке толы болған. Олардың жүріс-тұрысы, əдебі, сөйлеу мəнері, бір-бірімен қарым-қатынасы, құлшылығы, кішіпейілділігі, əділдігі, қамқорлығы жəне т.б. секілді сипаттар кез-келген өзге дін өкілін ислам дінін қабылдауға ықпал ететін. Өйткені, сəлəф салихтар тұлға ретінде мінез- құлықтарының өзі өзгеге насихат еді.

Бүгінгі сəлəфия жақтаушыларының сəлəф салихтардың жолымен жүреміз деген сөздері амал жүзінде орындалып жатқан жоқ жəне ол тек тілдің ұшында ғана айтылады. Сондай-ақ, тек сəлəф салихтардың жолын ұстанамын деп олардың жолын жалғастырған ешбір тұлға жоқтай əрі хақ жолы тек көрмеде сақталған мұра іспетті, онымен ешбір адам жүре алмайтын бір шектеу бар секілді əсер қалдырады. Əсте олай еме с, сəлəф салихтардың жолын жалғастырушы жəне оны кейінгі ұрпаққа жеткізуші қадірлі табиғиндер мен фиқһ саласында ұлы төрт мəзһаб ғұламалары болды. Мұндай ғұламалар бүгінде ислам əлемінде бірегей мойындалған əрі Құран Кəрім мен сүннетке негізделген ең сенімді қайнарлардың бірі болып табылады.

Сондықтан, қазіргі таңда мұсылмандар арасында теріс идеологияны жақтаушылар қатары азаймай тұрғандықтан, кез келген мұсылманнан діни білім алуда өте мұқият болу заман талабына айналды. Себебі, дін оқимын деп, өзгенің шоқпары болғанын байқамай өз бауырына қарсы шығып, исламның жолымен жүремін деп, исламды қаралап жатқан мұсылмандар қаншама. Көңіл қынжылтары, мұндай идеологияның салдарынан ақиқаттың иісінен алыстап өзіне қарсы шыққандарға дереу діни үкім шығарып, оларды адасқандар, деп айту мұсылмандар арасында қалыпты құбылысқа айналғандай. Ал, мұндай шиеленісті дінімізден шығарып тастау сіз бен біздің міндетіміз.

Ислам сенімінің адамдар арасындағы татулықты, бейбітшілік пен бірлікті ғана насихаттайтынын түсіне білген əрбір саналы азамат жоғарыда аталған адасушылықтарға жол бермей, мұсылман халқының бірлігі үшін ғана білімін кеңейткені не болмаса білім иелеріне ілескені абзал. Күллі мұсылман қадір тұтатын қасиетті Құранда бізге «Алланың жібінен (дінінен) бекем ұстаныңдар да, бөлінбеңдер!» («Əли Имран» сүресі, 103-аят); «…Əрі ізгілік пен тақуалық жолында ынтымақтасыңдар, күнə мен дұшпандық жолында сыбайласпаңдар!» («Мəида» сүресі, 2-аят) деп бұйырылған. Ендеше, бұйрыққа бойсұну, жақсылыққа шақырып, жамандықтан қайтару мұсылманға жүктелген міндет болмақ.

Шейх Әли ЖҰМА,

Мысырдың экс-мүфтиі

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 487 рет
JoomShaper
Top