Салафилер қандай тармақтарға бөлінген және олардың қандай айырмашылықтары бар?

Жұма, 12.05.2017
Салафилер қандай тармақтарға бөлінген және олардың қандай айырмашылықтары бар?

Қазіргі таңда әлемдегі псевдосәлафи-уахаби топтардың тармақтары өте көп. Солардың ішінде кейбір белгілі тармақтарына тоқтала кетейік.

ХАДДАДИЛЕР

«Хаддадилер» – Йеменде өмір сүретін Яхия әл-Хажуридің артынан ілескен салафи жамағатқа берілген атау. Әл-Хажури 1958 жылы Йеменнің Табуд деген бір ауылында дүниеге келген. Өз елінде бастауыш білімін алған соң білімін жалғастыру мақсатында Сауд Арабиясына кетеді. Сол жақта жүріп, Йеменннің Дәммаж деген қаласында сабақ беретін, сәләфилік бағытты ұстанатын Муқбил Ибн Хади жайлы естиді. Сосын Йеменге барып Муқбилден содан бірқатар ислам ғылымдарын үйренеді. Ұстазы қайтыс болған соң Йеменнің Дәммаж қалашығындағы «Дарул-хадисті» (Хадис ілімінің академиясы) басқарды. «Хаддади» деген атау Яхия әл-Хажуримен діни идеалогиялық пікірлері бір болып табылатын мысырлық Махмуд әл-Хаддад деген кісінің есімімен байланыстырылады.

Сәләфилердің жаңадан пайда болған бұл бағыты ТМД елдеріне, соның ішінде Қазақстанда да тарап келе жатыр. ТМД-дағы хаддадиттердің уағызшыларының бірі – Руслан Абу Ибрахим Татарстанидің айтуы бойынша, мадхалиттер хаддадилерді «хаддадиттер, хажуриттер, бидғатшылар, хизбуттар» деп айыптайды екен. Бұған қатысты әлеуметтік желілерде мәліметтер көптеп кездеседі. Әрине, Руслан Абу Ибрахим бұны жоққа шығарады. Әрі оның айтуынша, мадхалиттер хаддадиттерге байкот жариялап, олармен араласпайды және оларды намаз оқитын орындарда имамдыққа өткізбейді, қатты шеттетеді.

Қазіргі таңда Руслан Абу Ибрахимнің аудио лекциялары ғаламтор беттерінде, соның ішінде «ютуб» видео каналы мен «http://islam-ittihad.com» деген орыстілді сайтында жарияланады. Сонымен қатар, мына сілтемелерден де табуға болады. Ол Яхия әл-Хажуриге қарсы айтылған пікірлерге жауап ретінде арнайы мақалалар  жазып, хаддадилерді қорғаштайды. Қараңыз: http://darulhadis.ws/chitat-onlajn/stati-chitat-onlajn/otvedenie-somnenij-hadjuri-online/

Исламтанушы Еркінбек Шоқаевтың келтірген мәліметіне қарағанда, хаддадилердің жалпы алғанда саяси пікірлері мадхалиттермен бірдей болып келеді. Мадхалиттер сияқты хаддадилер де ДАИШ террористік ұйымын сынайды. Сондай-ақ, хаддадилер сәләфи-ихуандарға өте қатты қарсылық танытады. Әрі табдиғ, яғни бидғатшыға шығаруда тым шектен шығады. Тіпті дәстүрлі діни бағыттың ғұламалары Имам Ибн Хажарды мысырлық Саид Қутуптан да қауіпті бидғатшы деп есептеген. Ибн Хажар мен әйгілі Имам ән-Нәуәидің де кітаптарын өртеу керек деп санайды.

Яхия әл-Хажуридің пікірі бойынша, «сайлауда дауыс беру Алланың хақ шариғатын жоққа шығаратын демократиялық жүйе болып есептеледі». Бұны Рабиғ әл-Мадхали де айтқан. Демек мадхалиттер мен хаддадиттер кез келген сайлауға қатысуды шариғатқа қарсы амал деп біледі.

Алғашқы кездері Муқбил ибн Хади, Ахмад ән-Нәжми, Мухаммед ибн Әбдулуаххаб әл-Банна, Раби әл-Мадхали, Сәлім әл-Хиләли секілді ғалымдардың мақтауына ие болған. Алайда, 2000 жылдардан бастап Рабиғ әл-Мадхали, Абдулла әл-Бухари, Ахмад Базмуль, Усама әл-Утайби секілді «сәләфи» шейхтары тарапынан оған «ақиқаттан ауытқыды, бидғатшы болды» деген секілді айыптар тағыла бастады. Бұған Хажуридің Пайғамбарымыз өз ижтихадымен әрекеті ету арқылы қателікке ұрынуы мүмкін бе деген мәселеде және кейбір сахабаларды және сәләфилердің шейхтары болып табылатын Усәймин, Ибн Баз, Фаузан т.б. кісілерді сынауы себеп болған.

Сондай-ақ, Яхия әл-Хажури 2011 жылы Йеменнің Даммадж қалашығында оқып жатқан студенттерді шиит-хуситтерге қарсы жиһатқа шақырып, қарулы қақтығыстар ұйымдастырды деп айыпталды. Нәтижеде, қалашық бірнеше рет хуситтердің қоршауында болған. 2014 жылы әл-Хажури Дәммаждан кетуге мәжбүр болды. Ол Йеменнің астанасы Санаға қоныстанып, ол жерде әртүрлі жиындарда шииттерге қарсы тұруға шақыруын жалғастырды. әл-Хажури Йемендегі «отандық диалогты» сынап қарсы шықты. Себебі, бұл диалогқа Йемендегі еврейлер мен шиит-рафидиттер қатысады. Ал мұсылман адам ешқашанда бұлармен бір стол басына отыра алмайды. Отандық диалогке қарсы тұратын хаддадилердің діндер аралық диалогқа да қарсы болатындықтары айтпаса да түсінікті.

Қазақстандықтардың ішінен өзін Абу Йусуф 'Абдуррахман аль-Казахстани деп атайтын азамат та осы ағым өкілдерін жақтап көптеген мақалалар жазып, түрлі аударма жұмыстарын жариялауда. Қараңыз: Комментарии шейха Яхьи ибн 'Али аль-Хаджури к словам шейха 'аллямы Раби’а ибн Хади аль-Мадхали. Шейх, 'алляма Абу 'Абдуррахман Яхья ибн 'Али аль-Хаджури (перевод Абу Йусуф 'Абдуррахман аль-Казахстани) http://bpvideos.net/Downloadfile/7Kk_k_qzRfk/----------.html

Шет елдік кейбір жетекшілері қатарында Имад әл-Фарраж, Мұхаммед ибн Ибрахм әл-Мысри, Мұхаммед Абдулалим Әли Мадый, Хишам ибн Фуад әл-Бияли, Абдулла Суан әл-Ғамиди, Абдулла Жәрбуғ т.б. секілді кісілер аталады.

ТӘКПІРШІЛДЕР НЕМЕСЕ «ЖИХАДШЫЛАР»

Бұл топтың шығуына өткен ғасырда 1965 жылы Мысыр елінде «Мұсылман бауырлар» ұйымының идеологы Сәйд Құтып пен оның біраз жақтастарының  президент Жамал Әбіднасырдың бұйрығы бойынша өлім жазасына кесілуінен кейінгі түрмелерде орын алған толқулар себеп болды. Ел басшылығы ол толқуды басу үшін күш қолданды. Сол кезде адамдардың біразы тәубаға келіп, ел саясатын мойындады, бір тобы бейтараптылық танытса, үшінші топ өкілдері өз ұстанымдарынан бас тартпай, ел басшылығын кәпір деп жариялады. Олардың жетекшісі Әли Ысмайыл деген кісі болды. Осылайша Мысыр түрмелерінде басталған тәкпіршілдік бертін келе жастар арасында кең тарап, мұсылмандар арасында өріс ала бастады. Қазіргі таңда олардың көпшілігі әлемде лаңкестік әрекеттер жасаумен танылған саяси ұйымдарға айналды.

Аты да айтып тұрғандай, олардың негізгі ұстанымдары мұсылманды кәпірге шығару. Олардың түсінігінде үлкен күнә жасаған адам – кәпір. Үлкен күнәларды істеген, бастан аяғына дейін күнәға батқан адам – кәпір. Оның тәубесі қабыл болмайды. Олар тек қана шариғат мемлекеті болу керек деп, өзге барлық билік түрлерін мүлдем мойындамайды. Зайырлы елдердің заңдарын «тағұт заңдары» (табынатын пұт)  деп санайды. Олар өздеріне қосылмаған кез келген адамды кәпір дейді, ал қатарынан шығып кеткен адамды муртад деп, оны өлтіруге үкім береді.

Олар жұма намаздары мен жамағат намаздары Мекке, Мәдинә, Құба мен Ақса мешітінде ғана оқылса қабыл болады деп санайды. Сонымен қатар, оның имамы да өздерінің жамағатынан болуы тиіс.  Өздерінің көсемі Шүкри Мұтафаны мәһди ретінде көреді.

Олардың екінші негізгі ұстанымы – хижра. Яғни, шариғатпен басқарылмайтын елден көшу керек деген ұстаным. Қазақстан елі олар үшін – кәпірістан. Сондықтан, ол жерден көшу керек. Олар «әт Тәкфир уәл хижра» ұйымы ретінде аталады. Олар өздерін «Дағуат және хижрат жамағаты» деп атайды.

Олардың көпшілік бөлігін діннің негіздерін жақсы білмейтін радикал жастар құрайды. Өздерінен басқаның бәрін кәпір деп жариялап, олардың жаны, мал-мүлкін өздеріне адал санап, қазіргі таңда көптеген бейкүнә жандарды өлтіріп, әлемге үрей салуда.

2013 жылы тәкпіршілердің адасқан топ екенін жариялаған ҚМДБ пәтуасы шықса, 2014 жылы Астана қаласының Сарыарқа аудандық сотының шешімі бойынша «Ат-такфир уаль-хиджра» халықаралық ұйымы экстремистік деп танылып, Қазақстан Республикасындағы қызметіне тыйым салынды.

Сонымен қатар, Египеттік саясиланған «Александриялық сәләфилер» де біздің елімізде кездеседі. Осы тармақтардың да негізгі ақидалық ұстанымдары бірдей. Тек қана идеологияларын тарату тәсілдері ғана бөлек.

Өздерін сәләфиміз деп атағандарымен бір-бірін діннен шығушылықпен айыптап, харижит деп атайды. Мадхалилер мен сурурилер намаз оқымаған адамды бірден кәпірге шығармайды. Әуелі оған намаздың парыздығын түсіндіру керек, егер сол кезде де намаз оқымайтын болса, онда кәпір болады дейді. Түптеп келгенде, үш топ та намаз оқымаған адамды кәпірге шығарады.

Ортақ ерекшеліктері – дінді үстірт түсінулері. Шариғатты кең түсіне алмағандықтан көбіне радикалдық әрекеттерге барып жатады. Олар өз ұстанымдарына сай келген хадистерді ғана негізге алып, өзге хадистер мен ғалымдардың оларды кең, жан-жақты түсіндірулеріне назар аудармай, өз шейхтарының айтқанын ғана шындық деп қабылдайды. Мужтахид имамдарға тақлид жасау дұрыс емес дей отырып, өз шейхтарының көзқарастарына ғана бағыну арқылы, мәзһаб ұстанбау керек деген ұстанымдарына қайшы келеді. Алайда, кейбір уаххаби топтар өздерін ханбали мәзһабын ұстанушылармыз дегенімен, Ахмад ибн Ханбалдың көптеген көзқарастарына қайшы келіп жатады.

Мадхалиттер мен суруриттерді қаншалықты байсалды ретінде танытқанмен түптеп келгенде олардың радикалдануы әрі қарай террористік әрекеттерге баруы қиын шаруа емес. Оны Қазақстандағы тәжірибеден байқауға болады.

Жалпылай алғанда псевдосәләфилік қозғалыс көп тармақты болып келеді. Осылай болуы да – заңды құбылыс. Неге десеңіз, олардың барлығы «сәләфилікті» ұрандату арқылы ислам мәдениеті мен өркениетінің маңызды элементі саналатын мәзһаб имамдары мен ғұламаларының мұраларын мойындамайды.  Соның нәтижесінде олар ұдайы тармақтарға бөліне береді. Сондықтан, «сәләфи»-уаххабилік ағымдардың барлығының елде үгіт-насихат жасауларына мейлінше тосқауыл қою қажет.

Алау ӘДІЛБАЕВ,

дінтанушы

Оқылды 1132 рет
JoomShaper
Top