Сəлəфизм шырғалаңы...

Жұма, 30.09.2016
Сəлəфизм шырғалаңы...

Мен, басында «Əбу Ханифа» мəзһабын ұстандым. Бір-екі рет басқа жамағаттармен араласып, «сəлəфимін» деп өмірімді түбегейлі өзгерттім. Сөйтіп, мадхалит болып шыға келдім. Содан кейін бір суруритпен ара- ласып, суруриттердің қатарынан шықтым. Мадхалдар жамағатынан шығарған соң, осылайша террорист болдым. Ақыры, өз үкіметіме «ДАИШ» экстремистік жəне лаңкестік ұйымына аттанып бара жатқанда қолға түстім. (Кейіпкердің өмірінен)

Ғаламтор арқылы əйел адамның тұрмысқа шығуы үшін, өздеріне жарнама жасайтын əлеуметтік желілері өте көп. ВКонтакте желісіндегі «Неке Қазақстан» деген бірлестікте, əйел адамдардың анкеталары жазылған арнайы жазбаларды табуға болады. Жасын көрсетіп, (тұрмысқа шыққан немесе ажырасқандығы т.б.) өздері туралы қысқаша деректемелерді береді. Осы топтан өзіне тіреу болар ер азаматты іздеген, жиырма бес жастағы азаматшамен сөйлесіп көрдік. Өзінін шынайы аты-жөнін жасыруды қалаған əлеуметтік желідегі тіркелуші, бізге өз басынан өткен жағдайын айтуға келісті. Сəлəфиттік ағымның аясында алты жылғы ғұмырын өткізген екен. «Гүлбаршын» есімді азаматшаның ауыр тағдыры, көптеген қыздарымызға сабақ болады деген ойдамыз?!. 

Мен, ол кездерді мүлдем есіме алғым келмейді... Алайда, басқа жандардың «мен» сияқты қорланғанын қаламаймын. Сондықтан сізбен өз басымнан өткен жағдайымды баяндауға келсімімді бердім. Ол кездерді өмірімдегі ең қорқынышты түс ретінде қалдырғым келеді. Əттең, бірақ оны ұмытар емеспін! Аллаға тəуекел етіп, бақытты өмірді кешермін. Бұны Алланың маған берген ең үлкен сынағы деп қабыл алдым! Жоғарғы оқу орнын оқып жүріп, Алланың бұйырған бес уақыт намазында қатар алып жүрдім. Басында «Əбу Ханифа» мəзһабын ұстанған болатынмын. Құранның екі парасын сол кезден бастап жаттап алдым.

Алайда, мешітте өздері жекешеленген қыздармен айтысуды шығардық. Ондағы жанжалымыздың себебі, олардың басқа бағытты ұстанатындығы. Мен, хиджабты кидім. Олардың кейбірі ниқабта болды. Біз, жиі-жиі олармен айтысып жүрдік. Сендерге дəлел қажет болса көрсетеміз деп, өздері ауызашарға шақырды. Мен жəне құрбым екеуміз оларға баруға келістік. Кешке таман барып, дастархан басында «ал, енді дəлелдеріңді көрсетіңдер?» дедік. Ондағы бір топ қыздар жан-жақтан бірінің сөзін жалғап, алдымызға өз дəлелдерін үйгендей болды. Мен, құрбыма қарағанда олармен көп араласып кеттім. Өйткені, сол кезде оларға сеніп осы жамағатқа бауырым бұра бастады. Ал, құрбым аса мəн бере қойған жоқ. Құрбыммен де осы кезден бастап достығымыз екіге айырылды. Ол бұрыңғыша мешітке барса, мен мүлдем баруды қойдым.

Осылайша сəлəфизмнің уағыздаушыларын тыңдап, өмірімді мүлдем басқа арнаға бұрған болатынмын. Құрбым мені ойымнан қайтаруға сан мəрте тырысып бақты. Тіпті, ҚМДБ-дағы ұстаздармен де кездестіргісі де келді. Бірақ, өзімнен басқасының бəрін бір сəтте адасушыға шығардым. Тек осы жолды ақиқатта деп білдім. Өзіме сондай нақты сенімде болдым. Мəзһабты ұстағаным үшін, адасқан екенмін деген санама ой келген болатын. Осы үшін қатты өкінемін! Бекер сол кезде мешітке қайтадан сұрастырып бармаппын. Бəрібір қазір қайтадан сол сəттерді қайтара алмаймын. Өмірімдегі ең қорқынышты сəттерім енді басталды. Осы жамағатпен араласып, «суруриттер» деген екінші бір ортамен араласа бастадым. Мадхалиттер де, суруриттер де өздерің «сəлəфилер» деп атайды. Алайда, ішімізден мақсаттарымызға қарай осылай бөлінеміз. Айырмашылықтарымыз аса көп емес. Сондағы бір қызбен жақсы араласып жүрдім. Ол кісінің шетелден де алған білімі бар екен. Мені бір күні үйіне қонаққа шақырды. Бұл жамағаттардың қазіргідей атауларын білмеймін. Енді ғана сəлəфиттік бағытқа қадам басуым. Үйінде маған діни бір-екі сауалдарын қойды. Мен, енді үйреніп жатқандарымды айттым. Сонда ол кісі «мурджиттер екенсіз ғой?» деді.

Естігенде таң қалдым! Жүріс-тұрысымыз бір болатын. Ол кісі де ниқабта. Өзімізді əуелгі жолдағылармыз дейміз. Сөйтсек, тағы ішінен топтарға бөлінеді екенбіз. Ақыры осы кісі өз жамағатына мені қоспаққа тырысып, үйіндегі оқулықтарынан дəлелдерін көрсетті. Кешкі сағат 19:00-де барғаннан, түнгі 04:00 уақытқа дейін осы əңгімеде болдық. Қайтадан көзім байланып, осы жамағаттың мүшесі болып шыға келдім. Екі күннің ішінде басқа жамағатқа ауыстым. Алдында бір-бірімізді тыңдамаймыз деп, екі жамағаттағылар өз арамызда айтатынбыз. Шубха түсіп қалса, қиын болады деуші едік. Сол үшін де болар, мадхалдардың менен алыстағаны. Оларға күдікпен қарағаным ұнамаса керек. Осы жамағатта қалып, тұрмысқа шықтым. Екі ортаны көрген соң, өзім де көп нəрсені айырамын. Жиырма бір жасымнан бастап, алты жылғы ғұмырымды осы ортада өткіздім. Өзімізді ақиқатты айтушылармыз дедік. Тек қана өзімізбен ғана санасатынбыз. Кім намазды оқымайды, соның бəрінде айыптауға көштік. Оларды кəпір ретінде санадық. Бізді қолдамайтыңдарды адам құрлы көргіміз де келмейтін.

Мұндағы жамағат өте ұйымшыл еді. Махрамсыз əйел адамның жалғыз жүрулерін қаламайтын. Бұрыңғы күйеуім де осы жамағаттан. Кейде осылардың «сүннет» дегені бос сөз бе деп қалдым?.. Күйеуімнен қалған қызымның барына неде болса да, Құдайға шүкір! Менің мойымай өмірге де- ген құштарлығымды, махаббатымды арттырды. Əкесіне келсек, не дерімді білмеймін?.. Қызымның «папа тауып бер!» деп айтатыны жүрегімді ауыртады. Өзі қатарлы балалармен ойнап, олардың əкелері барына қатты қыңжылады. Кейін өскен соң, оған не деп түсіндірерімді білмеймін?!

Тұрмысқа шыққан кезімде, жағдайым мүлдем өзгерді. Нақты айтсам, сəлəфизмнің кəдімгі секта екендігіне көзім жетті. Олардың істері сүннетке мүлдем сай болмай кетті. Осы қызыма аяғым ауыр болды. Шариғаттағыдай босануға мерзімім жетіп тұрса да, күйеуім талағын берді. Мұндағы себебі оған екінші əйел алу керек болды. Қанша жерден талағы жүрмесе де! Ажырасқан сəттен бастап, бауырсымақ ахилары бірінен соң бірі «маған тұрмысқа шық!» деп ұсыныстарын тастады. Осы кезде босанғаннан кейін, қызымды алып бұл жамағаттан қашып шықтым.

Біздегілердің жыныстық қатынас тақырыбында қыздар мен жігіттер еркін сөйлесе береді екен. Бұны өзім кеш білдім. Бір-біріне ұялмай суреттерін жіберіп, кəдімгі «сүйем», «шешін» деген сөздерін айтатын. Осы жағдайлар мені қатты ойландырып, өзімізді «əуелгі жолдағылармыз» деуден жиіркеніп кеттім. Басында жағдайым мүлдем қиын болды. Екі күнге əзер нанымды тауып жейтінмін. Басқа амалымыз болмады! Қазіргі кезде саябақта балмұздақ сатушымын. Осылайша əркімге бір жалданып, əрең дегенде нанымды тауып жүрмін. Күніге аларым 1000-1500 теңге. Азанғы сағат 07:00-ден тұрып, түнгі 22:00-ге дейін жұмыс істеймін. Пəтеріміз арзан болуы үшін алыста тұрамын. Сондықтан да ерте тұрып, күніге жаяу барып қайтамын.

Қызымның əкесінен еш жақсылық күтпеймін! Əркімнің ақысын Алла ақыретте алып береді. Менің қазіргі мақсатым қызымды жетілдіріп, ата-анамнан кешіріп сұрап, қайтадан олармен бір отбасы болуды мəңгіге қалаймын.

Бізге ішкі саясат бөлімінің теологтары, ішкі істер министрлігінің ақсақалдар алқасы, имамдар да, дінтанушылар келіп аралайтын. Бірқатар түсіндіру жұмыстарын да жасаған. ҰҚК жəне ІІМ талай рет қонақта болып қайтқанбыз. Біз оларды «адасушы» десек, қалай тыңдаймыз? Біздің білім алатын уағыздаушыларымыз тек өздерің ғана тыңдауға шақырады. Басқа қоғам мүшелерін бізге жиіркенішті етіп көрсетеді. Сондықтан ондай түсіндіру жұмыстарына құлағымызды көбінесе ілмейміз. Қайта Сирияға кетпек болып жатқанда, үкіметтің қолына түскеніміз үшін рақметімді айтамын. Егер де шекарадан асып кеткенде, жағдайым не болар еді?! Ондағы соғысқа барып, өз бейбіт елімнің тағдырынан айырылар едім.

Біздің уағыздаушыларымыз радикалды бағытқа үндейтін! Өз арамызда тіпті сабақтар болатын. Skype желісі арқылы əрбір жердегі жамағаттарымызбен онлайн сабақтарды арамызда өткіземіз. «Жезқазған», «Қарағанды», «Атырау», «Ақтөбе», «Жаңаөзен», «Ақтау», «Алматы» т.б. қалалардағы жамағаттарымызбен тығыз байланыстамыз. Түрлі əлеуметтік желілерді пайданалатынбыз. Олардың көбі ВКонтакте, Facebook сияқты танымал емес. Қарапайым қолданушылар да, көбісі оларды мүлдем білмейтің.

Осындай желілер арқылы Сирияға аттанбақшы болдық. Алдын-ала бір топ адам дайындалдық. Мен ол кезде кетуге қатты ниет еттім. Арамыздан бір адам тиісті жер- ге айтты ма, əйтеуір бəріміз кетпекші болып жатқанда орта жолда ұсталып қалдық. БАҚ-қа сене бермейміз. Өзіміздің ВКонтакте желісінде «Халифат», «Аль-Хаят» деген бірлестіктеріміз бар болатын. Тек солардағы жаңалықтарды дұрыс көретінбіз. Сириядан қайтып келген жандардың сұхбатын, оқиғаларын берсе оны өздері сатып алған деуші едік. Ондайдың бəрін заңды жағалаған адамдар дейтінбіз. Мүмкін, мына менің оқиғамды оқыған сізден басқа жандар əдейі жасалынды деуі ғажап емес. Тек қана біздегілердің көбі, басына осындай жағдайларды түскенде ғана біледі. Сəлəфизм бағытындағыларды дəстүрлі исламға қайтару қиын. Ақтөбедегі лаңкестердің қатарында қаза болған жандардың, кейбір жұбайлары күйеулерінікін дұрыс көреді. Оларға қанша үкімет дұрыс еместігін айтып, аттарымен түстеп жатса да күйеулерін «шахид» болды деп есептейді.

Біздің жамағаттағы жесір қалған əйел затының көбінің күйеулері, экстремизм бабымен сотталып кеткендер. Бұның бəрін өздеріне келген сынақ деп біледі. Қандай қиындық көрсе де, мойымауға тырысады. Сондықтан олар бұл жағдайда қасиетті жихадты орындадық деп ұғады. Еш жасыратыны жоқ!

Өзімде кезінде солай түсіндім. Осы сəлəфизм бағытында болған кезімде, ата-анаммен талай дауласып ұрыстым. Мені оқытып, барын аямай жетілдірді. Солардың арқасында жоғарғы оқу орнын оқып бітірдім. Дипломымды алып ауылға бардым. Негізі өзіміз еліміздің оңтүстік аймақтарында тұрамыз. Сəлəфиттік көзқарастарымды отбасыма да айтушы едім. Сендердікі дұрыс емес деп! Сол себепті асыл дінімізбен келе жатқан салт-дəстүрлерімізді бидғатқа, адасушылыққа айыптап, мүлдем ойланбастан теріске шығардым. Үйдегілер маған мүлдем таң қалды! Олар да мені қайтаруға тырысты. Алайда, анамның құйып берген асын төгіп, көздерінше «сендер кəпірсіңдер» деп, өз жолыммен кетіп қалдым. Міне, алты жыл өте шықты. Қатты сағынамын! Бекерден бекер отбасымды осылай тастап кеттім. Менің тұрмыс құрған күйеуім де ата-анамызға жақындатқызбады. Анам əлі күнге дейін зар жылап жүр. Келуімді талай маған айтып өтінді. Алдарына баруға қатты ұяламын. Кезінде асын ішпей, алдарына төгіп кеткенім үшін өз-өзімді кешіре алар емеспін. Менде анамын ғой!? Перзентінің бақыты үшін бəрін жасауға даяр...

Əрине! «Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің» деп, бұрынғылар бекер айтпаса керек. Осыншама қыздарымыздың бақытсыздыққа тап бо- лып, жастарымыздың өз еліне қару алып жүгіріп жатқанына не дейміз!? Гүлбаршын сияқты көптеген қыздарымыз өзіне қайтадан күйеу іздеп, ғаламтор желілерінде бақытты ғұмыр кешуі үшін үміт етуде. Басынан көптеген тауқыметті өткізіп, ешқайсына мойымай алға ұмтылған осындай қызымыздың қайсарлығына тəнті болдым. Кішкентай ғана періштедей сүйкімді перзенті, жалғыз өзі жетілдіріп жатқан анасына жəрдемші екен. Əкесінің қызы үшін жəрдем бермейтіні, бір рет болсын келіп ер жетіп жатқандығын көрмей, мүлдем хабарсыз кетуі мына сіз бен бізге ауыр тиері сөзсіз. Осындай тағдырдың себепшісі болған, сырттағы теріс пиғылды діни насихаттың уағыздаушылары екендігі анық. Ал, уағыздаушылардың сəлəфизм бағытымен білім беріп, тек қана тыңдаушыларын өз жолдарына ғана шақырады. Осыдан соң бір жүйедегі идеологиялары қалыптасып, қоғамымыздың бөлінуіне алып келіп жатыр. Əйел затының шариғаттағы орны мен құқығын таптауға қалай ғана дəттері барады екен? «Дүмше молда дін бұзар, қисық арба жол бұзар» деген мақалдың бүгінгі мағынасы қазіргі қоғамымыздағы болып жатқан оқиғаларды еске түсіреді.

Қадірəлі САРЫПБЕК,

E-Islam.kz 

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 5901 рет
JoomShaper
Top