Исламофобия – діннің дұшпаны

Жұма, 29.12.2017
Исламофобия – діннің дұшпаны

Қазіргі таңда, әсіресе, ДАИШ террористік ұйымының тарих сахнасына шығуымен бірге исламофобия құбылысы күллі әлемді жайлай бастады. Соның салдарынан әлемде жасалып жатқан қатігездіктер мен жауыздықтардың бәрі исламға телініп, мұсылмандарға деген өшпенділікті арттыруда. Әрине, бұл бір күнде ғана пайда бола қалған құбылыс емес. Олай болса, Батыста исламофобияның туындауына түрткі болған кейбір себептерге қысқаша шолу жасай кетейік.

Тарихи тамырына түсер болсақ, Батыс христиан әлеміндегі исламфобияны Испаниядағы Андалусияны мұсылмандардың қол астына өтуіне дейінгі кезеңге апарып тіреуге болады. Айқыш жорықтары кезеңінде шіркеу басшылары мұсылмандарды христиандыққа төнген қатер ретінде көрсетіп, елді жаппай соғысқа жұмылдырған еді. Арада біраз уақыт өтіп, христиандар мен мұсылмандар етене араласып, бірін-бірі тану нәтижесінде бұл дұшпандық кәдімгідей азайған еді. Алайда, соңғы 25 жыл ішінде мүлдем күшейіп кетті. Исламофобия капиталистік Батыс пен комунистік Кеңес одағы арасындағы қырғиқабақ текетірестің аяқталуынан кейін қарқын ала бастап,  2001 жылғы 11 қыркүйек оқиғасынан соң шарықтау шыңына жетті.

Неге бұлай болды? Өйткені,капиталистік Еуропа мен Американың алдында бір ғана дұшпан бар еді. Ол – КСРО. Совет одағы құлаған соң жаңа дұшпан табу қажет болды. Өздерінен тыс дұшпанның болуы – империалистік Америка үшін оларды біріктіретін негізгі фактор. Сондықтан да олар ұрынарға қара таппай, жау іздеп тұрады. Оның негізгі идеологтары – З.Бжезинский және С. Хантингтон. Олар сыртқы дұшпан ретінде қолдан жасалған «исламдық терроризмді» таңдады. Хантингтон бұл дұшпанды: «Америка үшін ең лайық жау – идеологиялық тұрғыдан қас, мәдениет және ұлт ретінде бөлек және Американың қауіпсіздігіне қарсы екеніне қауіп төндіре алатын әскери күш иесі болуы қажет» деп анықтаған екен. 1991 жылдары осы анықтамаға Ирак сай келіп тұрған еді. Әрине, Таяу Шығыс аймағындағы жалғыз қауіп Ирак емес. Ирандағы революция, аймақтарда күшейіп келе жатқан ислами қозғалыстар Кеңес одағы құлағаннан кейінгі жау ретінде жетерлік болатын.    

1990 жылы Алжирдегі билік басына исламшыл топтардың келуінен кейін «Жасыл қауіп» әдебиеті қалыптасты. Б.Льюистің «Қасиетті ашу-ызаның тамырлары» кітабынан кейін осы Хантингтонның шығармасы жарық көрді. 1994 жылы бұрынғы ЦРУ басшыларының бірі Джеймс Вули исламды коммунизмнен кейін Батысқа төнген негізгі қауіп деп анықтаған. Демек, бұл үрдіс 2001 жылы кенеттен шыға қалған жоқ. Ол – 1990 жылдардан бері жалғасып келе жатқан исламға қарсы насихаттың нәтижесі. Иә, бұл ислам және мұсылмандар жайлы қоғамда жағымсыз пікірлердің мығым орнығып, әлемдік саясатта Батыстың соғыс әрекеттерін заңды етіп көрсетуіне жақсы платформа қалыптастыруда.

Бұл үрдістің көптеген геосаяси, идеологиялық, әлеуметтік, экономикалық т.б. себептері жетерлік. Басты себептердің бірі – Батыстың бір ғана мәдениетке негізделген секуляристік ұстанымы. Ол қарсы күреске негізделген. Сондықтан исламды жауға айналдырып, онымен күресу керек. Еуропа көбіне көптүрлі мәдениетке үйрене алмаған. Олар мұсылмандарды қоғамға бейімделуге келмейді деп айыптауда. Алайда, ол жақта басқа да толып жатқан мәдениеттер бар. Ол қоғамда өз мәдени ерекшеліктеріне берік өзге ел өкілдері көтеріле бастаса, осы секуляр мәдениеттің шабуылына тап болуда. Еуропадағы басқа мәдениет өкілі ретінде танылған еврейлердің ғасырлар бойы қорлануларын бұған үлгі ретінде көрсетуге болады. 

Әсілінде, Еуропаның бүкіл діни құндылықтары осы секуляризмнің құрбанына айналуда. Сондықтан христиандардың діни қажеттіліктеріне жауап бере алмайды.. Соның салдарынан көптеген еуропалықтар ислам дініне өтуде. Шіркеулердің көбі мешітке айналдырылуда. Бұл да өз кезегінде Еуропаға төнген қауіп саналады. Батыс елдеріндегі демографиялық жағдай да исламофобияның туындауына себеп болды. 2013 жылғы санақ бойынша, Еуропада 17 миллион этникалық мұсылман тұрады екен. Мұсылмандар саны онымен тоқтап қалмай, жылдан-жылға көбеюде. Қарт құрлық тұрғындары үшін өз жерлерінде тұрып, азшылыққа айналып кету қаупі төніп тұр. Бұл да өз кезегінде үлкен алаңдаушылыққа жол ашуда. Мәселен, Еуропадағы "PEGIDA" қозғалысының ұйымдастыруымен өткен «Еуропалық патриоттар Еуропадағы исламдануға қарсы» деммонстрациясына 17 мыңнан астам адам қатысып, мұсылмандардың көбеюіне қарсы наразылық танытқан.

Соңғы жылдардағы экономикалық дағдарыстан ЕО елдері көп зардап шегіп отыр. Еуропалықтар көбіне жұмысшы күшін сырттан қабылдайтын мигранттардың есебінен толтырып отыратын. Ал әлемде орын алып отырған экономикалық дағдарыс жергілікті халықтың өзін жұмыспен қамтмасыз етуде қиындық тудыруда. Ал бұрындары қарапайым жұмысшы ретінде барған мұсылмандардың кейінгі ұрпақтары сол қоғамда өсіп, қажетті білім-біліктілігін көтеру нәтижесінде, тұрғылықты еуропалықпен бәсекелесетін жағдайға келген. Міне, исламофобия еуропалықтардың экономикалық тығырыққа тірелгенін жасыру жолында таптырмас құрал ретінде қызмет көрсетуде. Еуропа мен Америка өзге елдердегі түйіткілді мәселелерді шешудің орнына, өз мәселелерін жаһандық деңгейге жаю арқылы өздеріндегі негізгі проблемаларды ұмыттыру үшін әрқашан жаңа дұшпан іздейді.

Жалпы әлемде болып жатқан соғыстардың себебінің жаһандық капитализм екенін айтуға негіз бар. Негізінен, соғыстардың астарында экономикалық себептер жатыр. Мысалы, әлемде 2006 жылы әскери мақсатта жұмсалған қаражат 1 трилион 204 милиард долларға жеткен. Сондықтан әлемде орын алып жатқан соғыстардың тікелей ислам діні және шынайы мұсылмандармен ешқандай да қатысы жоқ.  

Жаһандану дәуірінде жаһандық билік үшін арнайы тәсілдер арқылы бүкіл әлемде адамдар санасына айла-шарғы жасау, улау мүмкіндігі пайда болды. Жалпы алғанда, Батыс әлеміндегі алпауыт саяси, экокномикалық және қаржылық ұйымдар өздерінің үстемдігін сақтап қалу үшін қоғамдық сананы манипуляциялау тәсілін шебер қолдануда. Сол арқылы «ойланбайтын, терең үңілмейтін, оңай алданып қалатын» адамдар тобын қалыптастыруда. Осы технологиялар «діни экстремизм, терроризм», «Славян одақтастығы» сияқты жасанды үрейлер арқылы АҚШ, ЕО, Халықаралық қаржы қоры және трансұлттық корпорацияларға «әлемнің жаңа құрылымын» құру жоспарларына мүмкіндік беруде.

Лаңкестікке қарсы күресті желеу етіп Ауғаныстан мен Иракқа басып кірген жылдары жарияланған бір кітаптағы мәліметтер жаһандық алпауыт күштердің түпкі мақсатын көрсетіп бергендей болды. Онда «Соғыс бізге өмірден қалағанымызды береді. Ол біздің өмірімізге мән сыйлайды. Батыстағы бейбітшіл және тұтынуға негізделген қоғамда мінсіз, мағынасыз күнделікті өмірдің орнына соғыс бізге өмірімізге шешімділік пен мән береді және біздің ақсүйектігімізді қамтамасыз етеді» делінген.Сонымен қатар белгілі мұсылман ғалымдары да «Хизб ат-Тахрир» ұйымының ислам образын жағымсыз етіп көрсету үшін исламға қарсы арнайы топтар құрылып, оларды нағыз исламшыл етіп көрсетуге тырысып жатқанын айтады. Көбінесе бұл топтар мұсылман әлемінің ұлт-азаттық күрес кезеңінде пайда болып, елдегі ықпалдылықтарын арттырып, халықтан кең қолдау табу үшін исламды өздерінің идеологиясына айналдырған. Сонымен қатар мұсылман елдерінде бүлік шығарып, іріткі салып жүрген «исламдық» топтардың орталықтарының батыс елдерінде орналасуы да ойсаларлық мәселе. 

Бұрынғы Түрік барлауының бастықтарының бірі Махир Кайнак кувейттік журналиcт Таха Аудқа берген сұхбатында террористік «Әл-Каида» ұйымы арқылы қолдан жасалған үрей әлемдік арнайы қызметтердің мақсаттарын орындау үшін шығарылғандығын айтады. Сонымен қатар олардың жасаған лаңкестік әрекеттерінің ешқайсысында мұсылмандардың мүддесі болмағанын, қайта, керісінше, Батыс пен Шығыс арасындағы дұшпандықты өршітіп, исламға қара күйе жағу екенін, сонымен қатар 11- қыркүйек оқиғасынан кейін АҚШ бастаған халықаралық коалицияның Ауғанстан мен Иракқа басып кіруге жеңілдік жасағанын және Таяу Шығыс пен әлемдегі басқа да елдерге кіруге жол ашқанын жеткізеді.

Даниэль Гансер (Вале университетінің қазіргі заман тарихы профессоры) Батыстағы кейбір күштердің АҚШ-тың (дұрысы, «GLADIO» сиякты кейбір астыртын ұйымдар) 50 жыл бойы Батыс Европада терактілер ұйымдастырып, бұл лас әрекетін сайлаушылар алдында қаралау үшін солшылдар мен әсіре солшылдарға жаба салғандығын, бұл стратегияның бүгінгі таңда да ислам үрейін туғызып ,мұнай үшін жасалып жатқан соғыстарын ақтау үшін қолданып отырғанын нақты айтады. «Сондықтан да олар батыс қоғамының санасына мұсылмандар – террорист, біз террорға қарсы соғысып жатырмыз деген өтірік желеуді сіңіруде. Бұны қаншалықты көп айта берсе, қалың жұртшылық бұған иланып, мұсылмандарды террорист деп көреді» дейді.

Америка мұсылман елдеріндегі диктаторлық режимдерді неге жақтайтынын бұрынғы Америка президенті Р.Никсонның саяси кеңесшісі болған Р.Крейн 2000 жылы интернет арқылы сұрақтарға берген жауабында оның мына үш себебін көрсетеді: 1. Мұсылман диктаторлық режимдерінің арасында Израиль мемлекетін демократия орнаған қоғам ретінде жағымды етіп көрсету. 2. Демократиялық емес мемлекеттерді өз дегеніне көндіру АҚШ-қа жеңіл 3. АҚШ-тағы сионистердің «ислам идеологиясын желеу етіп алған деспоттық режимдердің» қоршауында қалған Израиль мемлекеті үшін көмек және қолдау алу.

Түптеп келгенде, қазіргі таңда исламды құбыжық ретінде көрсету мақсатында қолдынылып жүрген «Талибан», «Хизб ат-тахрир», «әл-Каида» және ДАИШ-тың Американың жүргізіп отырған саясатының жемісі екенін Ресей зерттеушілерінің көпшілігі ашық айтуда. Міне, сонау 90-жылдардан бері мұсылмандарды «артта қалған, жабайы экстремист, террорист» ретінде көрсету мақсатында жүргізіліп келе жатқан күрес өз жемісін беріп, АҚШ пен Еуропалықтардың жүргізіп отырған агрессияшыл саясатын ақтап алуға тиімді жағдай туғызып отыр. Соңғы жылдары көпшіліктің есінде қалған сондай оқиғалардың бірнешеуін ғана еске сала кетсек. Мәселен, 2005 жылы Даниядағы Ардақты пайғамбарымызды (с.ғ.с.) терроритс ретінде әдейі мазақ етіп көрсетіп, мұсылмандардың діни құндылықтарын аяққа таптауы, 2007 жылы Голландияда пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бен Құран Кәрімді қорлаған фильмнің көрсетілуі, 2009 жылы Швецияда «мұнара референдумы» нәтижесінде халықтың 57 пайзының дауыс беруімен мешіттерге мұнараның салынуына тыйым салуы, Америкалық шіркеу қызметкері Терри Джонстың 2010 жылдың 11 қыркүйегін «Құранды өртеу күні» деп жариялауы, 2012 жылы пайғамбарымыз (с.ғ.с.) және оның пәк отбасын қорлайтын бір фильмнің үзіндісінің жариялануы мұсылмандарды қатты ашуға булықтырып, әр түрлі деңгейде наразылық шараларын ұйымдастыруға себеп болды. Ал мұндай наразылықты БАҚ құралдары шебер пайдаланып, «Міне, мұсылмандар төзімсіз. Біз демократиялық ел болғандықтан, кім туралы не жазсақ та өзіміз білеміз» деген желеумен күллі әлемге мұсылмандарды жек көрінішті етіп көрсетті. Осының салдарынан Америка мен Еуропа елдерінің көпшілігінде мешіттерге көптеген вандалистік әрекеттер жасалып, мұсылмандарға кез келген салада қысымдар тым артып кеткен. Тіпті, өліммен аяқталған оқиғалар да жоқ емес. Орамал таққан әйелдерге қарсы шабуылдар көптеп орын алды. 

Енді тарих сахнасына шығарылған жаңа ойыншы – ДАИШ-тың 2014 жылдың екінші жартысынан белсенді түрде бастаған қанды қырғындарының бәрін исламға теліген теріс пиғылды бұқаралық ақпарат құралдары Еуропадағы исламофобияның отын одан сайын маздата түсті. Олар ДАИШ-ті желеу ету арқылы қоғам санасында «мұсылмандар келе жатыр, қашыңдар» деген ой салуға тырысты. Ал жақында ғана Парижде орын алған қайғылы оқиғалар бұл образды одан сайын күшейтіп, Батыста көптеген мұсылмандардың қысым көруіне, қорлануына жол ашты. Батыстағы саяси лидерлердің мұндай оқиғаларды мүлдем елеусіз қалдырулары, көп жағдайда өздерінің түрткі болулары исламофобтық әрекеттердің одан сайын күшеюіне септесті. Иә, «Демократия, адам құқықтарын, сөз бостандығын ту еткен» АҚШ пен Еуропа мемлекеттерінде бұл үрдіс көбеймесе, азаяр емес. Тіпті, жануарлардың құқын қорғау үшін үлкен ұйымдар құрған Батыс капиталистік қоғамы мұсылмандарға келгенде үнсіздік танытуда. Бұл бір жағынан ислам мен мұсылмандарға дұшпандықты күшейтсе, екінші жағынан көптеген мұсылмандардың радикалдануына, тіпті, террористік әрекеттер жасауына себеп болуда. Сондықтан да көптеген мұсылман елдерінің жетекшілері қалайша антисемитизмге заң бойынша тыйым салынса, исламофобияға да тыйым салынуын талап етуде. Әйтпесе, бұл жағдай одан сайын ушыға береді. Оның зияны тек қана мұсылмандарға емес, өздерін демократияның қорғаны санайтын Батыс қоғамына да тиері сөзсіз.

Қазіргі таңда адамзат соғысқа емес, бейбітшілікке, залымдыққа емес, мейірімділікке зәру. Ислам діні адамзатқа тек рақымдылық пен мейрімділікті, адалдық пен шынайылықты, әділдік пен адамгершілікті насихаттайды. Адамның екі дүние бақытын көздеп, ешкімді түріне, түсіне, дініне, сеніміне, ұлтына қарай алаламайды. Адам түгіл, жан-жануарлардың да құқын ең жоғарғы деңгейде қорғайды. Мұсылман баласы – күллі адамзатқа ортақ асыл құндылықтардың жаршысы. Адамзаттың асылы айтқандай, «Ол – қолымен де, тілімен де ешкімге зиян бермейтін адам». Олай болса, исламды терроризммен, артта қалушылықпен, қараңғылықпен, қаныпезерлікпен айыптау – орынсыз һәм үлкен жаңсақтық.

Алау ӘДІЛБАЕВ,

теология ғылымының докторы 

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 96 рет
JoomShaper
Top