Жат идеология ар-ожданды өлтіреді

Сәрсенбі, 29.11.2017
Жат идеология ар-ожданды өлтіреді

Деструктивті ағымдардың қоғамға келтірер зияны мен зардабын отандық ғалымдар мен мамандарымыз айтып келеді. Мұны өзіміз де күнделікті өмірден көріп келеміз. Бұлардың барлығы да алғашқы кезде адамға жылы күліп, гуманистік, ізгілік, адамгершілік ойларды көп айтып, сырт көзге жақсы көрінуге тырысады.

Бұл бар болғаны азаматтардың басын айналдырып, өз қатарларына тарту үшін пайдаланатын бүркенішті реңк екенін естен шығармаған жөн. Айласын асырып, көздеген адамын өз қатарына қосқан соң, оған «өзіміз» деп басқа идеология құя бастайды. Оны қасындағы ағайын-туысынан, ата-анасынан, жора-жолдастарынан айырып, керек болса өмірлік жарынан ажыратып, өздерімен пікірлерес топқа, жамағатқа қосады. Келешекте өздеріне басымен тәуелді ету мақсатында оны өз араларынан бірімен үйлендіреді. Міне, мұнан соң жат ағымның жетегінде кеткен азамат, тек сол ағымның идеологиясы үшін өмір сүріп, сол үшін күреседі. Оған жан-жағындағы өмір, қоғам қызық емес. Оны мемлекеттің мүддесі, ұлтаралық қатынас, конфессияаралық бірлік, жер байлығы, патриотизм, Отан алдындағы борыш, ата-ана алдындағы міндет, дәстүр деген сияқты көптеген маңызды дүниелер құндылығын жоғалтады. Мұна соң ол сол жат діни ұйым немесе ағым үшін жұмыс жасайды. Мәшинесін, пәтерін сатып, ақшасын соларға аударады, отбасы және жұмыстағы ұжым мүшелерін сол ұйымға немесе ағымға тарта бастайды.

Неге деп ойлайсыз? Өйткені ағымды (сектаны) басқарып отырған оның «рухани ұстазы» оған басқа бағыт беріп отыр. Әдетте, мұндай «ұстаздар» шет мемлекеттерде отырады. Бұл жерлерге білектерін сыбанып, олардың жәй миссионер шабармандары келеді. Елдегі демократиялық, зайырлылық жағдайды жақсы білетін олар адам құқығы, діни сенім еркіндігіне қатысты баптарды өз мақсаттары үшін тиімді пайдаланып, діни ұйымдар, бірлестіктер ашып алады. Сөйтіп, тыныш әрі бейбіт өмір сүріп жатқан елдің ішіне ірітік салуға кіріседі. Діни ұйымға немесе бірлестікке мүше болып кірген азаматтар үшін қоғам бұдан былай «біз» және «басқалар» болып шаға келеді. «Біз» дегені өзімен пікірлес ұйым мүшелері, ал «басқалар» дегені сіз бен біз, яғни олардың идеологиясын қолдамайтын қазақ елінің азаматтары. Сондықтан олар мемлекет идеологиясына, бірлік саясатына қарсы. Кешеге дейін қазақ елінің жерінде өсіп-өніп, білім алып, кәсіп қылып, асын ішіп, нанын жеп келген азамат бүгінде жат елдің, теріс ағымның күйін күйіттеп шыға келеді. Қазақ «Асыңды ішейін, ыдысыңды тебейін» деп осындайларға қатысты айтса керек. Бұл айтылған жағдай барлық дерлік деструктивті, жат пиғылды ағымдар үшін ортақ белгілер.

Шын мәнінде сырттан келген келімсек бір ағым, жат идеология қазақ елінің көркеуюіне, қоғам өмірінің жақсаруына жаны ашып, қаншалықты көмек берер дейсіз? Егер олар расында да адамды жарылқайтын болса, неге өз мемлекеттерінде соны іске асырмайды? Әлде ол елдерде экономикалары жетілген, қоғам мүшелері рухани кемелді ме? Материалды һәм рухани жәрдемге мұқтаж адам қалмаған ба? Әй қайдам...

Қалай десек те өкінішке орай бүгінгі қоғамда теріс ағымнын жетегінде кеткендер жоқ емес. Олар бар, бұл – ащы шындық. Ондай азаматтардың бірі біздің танысымыз, екіншісі көршіміз, үшіншісі бауырымыз, төртіншісі әріптесіміз.

Менің қолыма қалам ұстатқан да осындай бір екі жағдай еді. Мақалаға тұздық болуы үшін соларды айтып өтейін. Жоғарыда жат ағым мүшелеріне қатысты баяндалған белгілердің барлығы да осы оқиғаларда анық көрініс тапқан. Бірінші оқиға, Актөбе облысына болды. Терроризм мен экстремизге қарсы күрес іс-шаралардың біріне қатысты Актөбеге іс-сапармен бардық. Жоғары оқу орындары мен арнайы біліп беру орындарының студенттерімен және жалпы орта білім беру мектеп оқушылармен түрлі кездесулер өткіздік.  Осындай кездесулердің бірінде қала маңындағы бір мектепке бардық. Мектептің нөмерін айтпай-ақ қояйын. Кездесу 9-шы сынып оқушалырмен болды. Осындай сыныптардың бірінде 29 оқушы бар екен. Деструктивті, теріс пиғылды ағымдардың қоғамға тигізер зияны, бүгінгі терроризм мен экстремизмнің зардабы, оларға қарсы күрес, алдын алу сияқты т.б. мәселелер туралы әңгіме болды. Кейін мен жай ғана осында отырғандардың арасында қандай да бір діни ұйымға, ағымға мүше болғандарың бар ма деп сұрай салдым. «Балалы үйде ұрлық жатпайды» демекші бір жұқа келген балақай қолын көтеріп, орнынан тұрды. Оның дүниетанымын, ұстанымын білу мақсатында әңгімеге тарттым, бірнеше сұрақтар қойдым. Мысалы, өмірлік ұстанымың қандай? Қазақ елі, туған жер туралы не ойлайсың? Отан алдындағы борыш, сүйіспеншілік туралы не айтасың? Мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсеткен дұрыс па және т.б. Онымен әңгімелесе келіп, жасөспірімнің расында да бір жат ағымның жай ғана мүшесі емес, жастар арасындағы белсенді миссионер екенін байқадым.

Бір ғана бала сыныптағы 28 оқушымен сөз тартысып, өзінің жолын ақиқат екенін дәлдеуге тырысты. Балақай сыныпта мүғаліммен бірге мүйіздері қарағайдай дін мамандарының отырғанынан да қаймықпады. Сондағы айтқаны патриотизм деген нәрсе жоқ. Ұлттық рәміз дегеніміз жай ғана белгілер. Олардың қадір тұту адасушылық. Ал Отанды қорғауға, әскери борыш өтеуге мүлдем қарсы. Егер алда-жалда ел шекарасын қорғау жағдайы туа қалса не істейсін? деген сұраққа берген жауабы: Мен қолыма қару алмаймын, Отанды да қорғамаймын. Бізге қару ұстауға мүлдем болмайды, біз тек бейбітшілікті насихаттаймыз. Басып кірген дұшпан келе берсін.

Бұл әлі тұлғалық бітімі қалыптаса қоймаған бала. Соның өзінде миссионерлер оның бойындағы ар-ождан, намыс, Отанға деген махаббат, ел алдындағы борыш, сияқты т.б. рухани құндылықтарды жойып, санасын өзгертіп үлгірген. Ол есейіп ер жетем дегенше өз қатарына қанша ұл-қыздарымызды тартып үлгіреді. Белгілі болғаны бұл ағымға бала отбасымен кіріп кеткен. Бұл қазақша сыныпта болған жағдай.

Ал енді Алматы облысы Талғар қаласында тұратын танысым мына оқиғаны айтты. Ол ұлының ашық сабағына қатысқан уақытта мына оқиғаға куә болыпты. Мемлекеттік Әнұран орындалды дейді. Сонда орындарынан тұрып, қолдарын жүрек тұсына көтермеген екі баланы көреді. Мұғәлім олардан мұның себебін сұраған уақытта, олар: «А нам так нельзя» деп жауап беріпті. Яғни оларға мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетуге болмайды екен.

Бұл айтылып отырған оқиғалар тек Ақтөбе, Алматы облыстарында емес, Қазақтанның барлық аймақтарында орын адып жатқаны белгілі. Бәлкім сіздер де мұндай жағдайлардың куәгері болған шығарсыздыр. Мақаланың басында айтқанымдай жат ағымның соңынан ерген адам, өзінің елін, жерін, тұрып жатқан мемлекетті, рәміздерді, Конституцияны, салты мен дәстүрін құрметтемейді. Ол сырттан келген жат ағымның идеологиясымен өмір сүреді.

Бұған кінәлі адамды сырттан іздеудің қажеті жоқ. Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай: «Балам деген жұрт болмаса, жұртым деген бала қайдан шықсын?!». Ата-ана баланы жастайынан ата-баба дінін үйретіп, махаббатына бөлеп, дұрыс тәлім берсе, жастарымыз көрінген жат ағымның артынан ермес еді. Өйткені дәстүрлі дініміз «Отанды сүю – иманнан» деп үйретеді. Атасы мен әжесінің жұмсақ алақанын ұстап, олардың ақыл-кеңесін тыңдап өскен бала рухани бай болады. Ал рухани бай адам Отанын сатпайды. Тек намысы, ар-ожданы жоқ адамның кіндік қаны тамған жеріне махаббаты, қызғанышы болмайды.

Бала тәрбиесіне немқұрайлы қарап, оған жетерлік ата-аналық махаббат пен мейірім бере алмаған отбасының қоғамға тиісінше пайда келтіре алмайтынын көріп отырмыз. Егер бала тәрбиесіне біз көңіл бөлмесек, олармен жат миссионерлер айналысады. Олай болса бала біздікі, олардың қолына беріп қоймайық.

Егеменді еліміздің әрқашан тұғыры берік, еңсесі биік болсын.

 

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ,

дінтанушы

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 372 рет
JoomShaper
Top