Шейх Албанидың басты қателігі

Сәрсенбі, 25.10.2017
Шейх Албанидың басты қателігі

Насыр әд-Дин Албани – өткен ғасырдағы белгілі хадисші ғалымдарының бірі. Хадистанудың риуаят және дираят іліміне мол үлес қосқан ғұлама. Десе де, ғалымдар тарапынан ғылыми сынға ұшыраған. Алайда, Албанидің ізбасарлары олай ойламайды. «Имам Малик айтпақшы, пайғамбар (с.ғ.с.) ғана қателеспейді. Қалған ғалымның қателесуі заңдылық» дейді Абдумалик Абдурахман Сағди.

Шейх Абдумалик Сағди – XX ғасырдың 37-жылы Ирақта дүниеге келген фиқһ ғалымы. Ғұлама сөзін жағластырып былай дейді: «Насыр әд-Дин Албанидің басты қателігі – кешегі хадисші ғалымдардың салып кеткен сара жолын ұстанбауы. Хадисшілерге ортақ дәстүр – фиқһ және фиқһ негіздеріне араласпайтын. Бұл – көнеден келе жатқан ғылыми этика. Албани хадис ілімін зерттеумен айналысса кейінгі ұрпаққа құнды еңбек қалдырған болар еді. Алайда, ол фиқһ мәселелеріне кірісіп, өзі дұрыс деп хадисге сүйене отырып фиқһ мәселесіне жауап бере бастады. Бірақ, уақыт өте келе райынан қайтып басқа хадиске арқа сүйеп жауабын өзгертті. Бұл өз кезегінде мұсылман жастарын екіге бөліп жіберді. Оның фиқһ мәселесіне араласу қадамын қолдайтындар мен құп көрмейтіндер боп арада алауыздық пайда болды».

Оқырман оның бір кітабынан белгілі бір сұрақтың үкімін оқыса, келесі еңбегінде әуелгі үкіміне қарама-қайшы жауап оқып түсінбеушілікке тап болды. Сондықтан, шейх Әли Тантауи өзінің «Фатауа шейх Әли Тантауи» еңбегінде Насыр әд-Дин Албаниге фиқһ ғылымын осы сала мамандарына қалдыруға кеңес берген[1]. Шейх Тантауидің бұл сөзін оның жеке пікірі деп қарауға болмайды. Бұл хадисші ғалымдардың көнеден келе жатқан ұстанымы.

Муслим, Тирмизи, Насаи сынды хадисші ғалымдардың басым көпшілігі өмірін фиқһ ғылыммен емес, фиқһқа дәлел-дәйек негізі болған хадис ілімін терең зерттеуге сарп етті. Хадисші және фиқһ ғалымдары арасында: «Біз – дәрі дайындаушы маманбыз, ал сіздер – дәрігерсіз» деген қағида болды. Хадисші ғалымдарды дәрі-дәрмек әзірлейтін маманға теңесе, фиқһшы ғалымдарын қай дертке қандай дәрі қажетін білетін дәрігерге балайтын. Тарихтан көптеген хадис ғалымдары фиқһты білгенін көруге болады. Дей тұрғанымен, олар фақиһ ғалымдардың айтқанымен жүруді жөн санаған.

Хадис ғылымында өшпес із қалдырған имам Муслим, Тирмизи, Хаким, Насаи, Ибн Мажа сынды заңғар ғұламалар ғұмырын хадис іліміне арнады. Ал, фиқһ ілімін Әбу Ханифа, Мұхаммед, Әбу Юсуф және Шафиғи бастаған шариғат білгірлеріне қалдырды. Демек, кешегі ғалымдар хадис пен фиқһқа асқан жауапкершілікпен қарады. Әрине, шейх Албани бастаған тұлғалардың мұндай «ғылыми эсперименті» құрбандары қызба қанды жастар. Жастар ала сұрып сан ғасыр ата-бабасы ұстанып келген ақиқат жолды қаралауға көшті.

Руслан ҚАМБАР,

исламтанушы 

 



[1] Фатауа шейх Әли Тантауи, 158-бет

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 1598 рет
JoomShaper
Top