Ханбали мәзһабы мен псевдосәлафилер арасындағы айырмашылықтар

Сенбі, 12.08.2017
Ханбали мәзһабы мен псевдосәлафилер арасындағы айырмашылықтар

Псевдосәлафилер әрдайым өздерінің ханбали мәзһабын ұстанатындығын алға тартады. Осылайша мужтахид имамның беделінің арқасында сүннетке берік екендіктерін дәлелдегісі келеді.  Алайда бір қатар мәселелерде ханбали мәзһабынан бөлектенеді. Солардың кейбіреулерін ған атап өтейік.

Бірінші мәселе:

Псевдосәлафилер Алла Тағаланың сипаттарына қатысты келген «мутәшабиһ» аяттарды астарлы емес, тікелей мағынада деп түсініп, ханбалилерден ерекшеленеді. Осы мәселеге қатысты олар: «Бұл хабарларда Алланың сипаттары мутәшабиһ екендігін білдіретін ешқандай негіз жоқ. Ал оны мойындамай, мутәшабиһ деп айтқандардың сөзі – дәлелсіз» деген («Фатх әл-Мәжид фи шарх китаб әт-Таухид», 480 б., дәр әл-муаяяд, әр-Рияд, 8 басылым, 2002 ж.). Ал бұл мәселеге қатысты ханбали мәзһабының өкілдерінің ұстанымын Ибн Қудама өзінің «Рауда ән-назир» атты кітабында былайша баяндайды: «Алланың сипаттарына қатысты келген хабарларды мутәшабиһ деп қарастыру – дұрыс ұстаным» («Рауда ән-назир» 1/186, әл-Мәктаба әл-Мәккия, Мекке, 1998 ж.). Ал имам Ибн Муфлих: «Мухкам дегеніміз – түсіндірме қажет етпейтін, мағынасы айқын хабар, ал мутәшабиһ – көп мағыналы, яки толық түснілуі қиын хабарлар. Біздің және басқа мәзһаб өкілдерінің көбісі оның қатарына Алланың сипаттарын да қосқан. (Ибн Муфлих. әл-Усул,  1/316). Имам Мәрдауи де осыған ұқсас пікір білдірген («Әт-Тәхбир фи шарх әт-Тәхрир» 3/1395, дәр әр-Рушд, әр-Рияд, 1 басылым, 2000 ж.).

Екінші мәселе:

Алланың салиқалы құлдары арқылы тәуассул жасауға түбегейлі қарсы шығу арқылы да псевдосәлафилер ханбали мәзһабына қарсы келеді. Мәселен, атақты ханбали мәзһабының ғалымы әс-Сәмури: «Тасаттық кезінде мұсылмандардың арасындағы салиқалы қариялар, тақуалар, ғалымдар мен игі кісілер арқылы тауассул жасауда ешқандай жамандық жоқ» дейді (әс-Сәмури. «әл-Мустауғиб», 3/88, мактаба әл-Әсади, Мекке, 2 басылым, 2003 ж.)

Осы мәселеге қатысты Имам әл-Әдами де кітабында: «Салиқалылар арқылы тауассул жасау  – мубах» деген. (Әл-Әдами, «әл-мунаууар», 190 б., дәр бәшаир әл-Исламия, Бейрут, 2003 ж.) Ал Имам Ибн Муфлих тіпті «мустахаб» деп те айтылғандығын атап көрсетеді (Ибн Муфлих. «әл-фуруғ», муассаса әр-Pисала, 2003 ж.).  Дәл осы үкімді Имам әл-Мәрдауидің «әл-инсаф», Имам әл-Хажжауидің «әл-иқнағ» атты еңбектерінен көруге болады.

Үшінші мәселе:

Псевдосәлафи-уаххабилер балақты тобықтан төмен түсіруді харам деп санайды. Бірақ бұл пәтуа – ханбали мәзһабына, тіпті Ибн Тәймиянің пікіріне де қарсы. Мәселен Ибн Муфлих: «Ең дұрысы – қажеттік туындамаса, тобықтан төмен шалбар кию – мәкруһ» деген (Ибн Муфлих. «әл-фуруғ», 2/60, муассаса әр-Pисала, Бейрут, 2003 ж.). әл-Кәрми де: «Еркектің киімі балтырдың ортасынан жоғары және тобықтан төмен болуы – мәкруһ» деген (әл-Кәрми. Ғаят әл-мунтаһа, 1/346, муассаса әс-Сағидия, әр-Рияд, 2007 ж.). Бұл пәтуаны әл-Мәрдауи, әл-Хажжауи секілді белгілі ғалымдар да мақұлдаған. Тіпті «әл-әдаб әш-шарғия» кітабында «шейх Ибн Тәймия харам емес екенін айтып, мәкруһтігі жайлы үндемеді» деген мәлімет те кездеседі (Ибн Муфлих. әл-Әдаб әш-шарғия, 4/171 б., муассаса әр-Pисала, Бейрут, 1999 ж.)

Төртінші мәселе:

Пайғамбарымыздың: «Кім бір қауымға еліктесе, солардан боп саналады» (Муснад Имам Ахмад 5114, Сунан Әбу Дәуд 4031)  деген хадисін алға тарту арқылы  псевдосәлафи-уаххабилер өзге дін мен мәдениет өкілдеріне еліктеушіліктің кез келген түрін харамға  шығарады. Тіпті кейбіреулері «куфр» деп те жариялаған . 

Ал еліктеушілікке қатысты ханбали мәзһабы өкілдерінің көзқарастары төмендегідей:

  1. Әл-Мәрдауи: «Қай жағдайда болсын христиандарға еліктеу – мәкруһ»  (Әл-Инсаф, 1/471, дәр кутуб әл-ғилмия, Бейрут, 2012 ж.)
  2. Ибн Нажжар: «Кәпірлерге ұқсау – әрдайым мәкруһ» (шарх мунтаһа әл-Ирадат, әл-Бәһути, 1/355, алам әл-Кутуб, 1993 ж.)
  3. Әл-Кәрми: «Біздің мәзһабта оларға еліктеу мәкруһ үкімінде» (Дәр ән-Нәуадир, 240 б., Дамаск, 2010 ж.). Негізінде бұл мәселелер діни үкімдерге ғана қатысты.

Бесінші мәселе:

Ислам құқығында елеулі орын алатын мәселенің бірі – Алладан басқаның атымен серт ету. Бұл мәселеде де псевдосәлафилер ханбали мәзһабының көзқарасына қарама-қайшы пікір білдірген. Мұхаммед ибн Абдулуәһһабтың «әт-таухид» кітабына қарайтын болсақ, Жаратушы Алланың атынан басқа қандай да бір нәрсемен серт еткен адам серік қосқан болып саналады. Алайда ханбали мәзһабында нақты ондай үкім жоқ. Бұл мәселеге қатысты ханбали ғалымдары екі түрлі үкім берген. Бірі – мәкруһ, ал екіншісі – харам. Әуелгісін қолдаған ғалымдар: Ибн Қудама, әл-Кәлуазани, әс-Сәмури және Ибн Мунжа. Ал енді харам деген көзқарасты Ибн Муфлих әл-Мәқдиси, әл-Мәрдауи, Ибн Нәжжар, әл-Хажжауи секілді ғалымдар қолдаған (www.ghrib.net/vb/showthread.php?t=12251»).

Алтыншы мәселе:

Ханбали мәзһабының өкілдері Пайғамбардың қабірін сипау не сүю –мәкруһ деп келіскен. Ал Ибн Тәймия «оның қабірін сүюге не сипауға тыйым салынады. Себебі, бұл әрекет – ширк, ал Алла Тағала аз болса да ширкті кешірмейді» деген (әл-Фатауа әл-Кубра, дәр әл-Мәғрифа, Бейрут, 1386 һ.).

Имам әс-Сәмури былай дейді: «Имам Ахмадтан Пайғамбарымыздың (с.а.с.) қабірін сипайтындар жайлы сұралғанда ол: «Ондайды білмеймін, білім иелері қабірге ұстамай, қасында тұрып тек сәлем айтатын. Ибн Омар да осылай істейтін» деген. Бұл мәтін аталған әрекеттің мәкруһ болғанына дәлел» (әс-Сәмури. «әл-Мустауғиб», 4/274, мактаба әл-Әсади, Мекке, 2 басылым, 2003 ж.) 

Ал Имам әл-Хажжауидің «әл-иқнағ» кітабына көңіл аударсақ, «Пайғамбар қабірін де, қабырғасын да сипамайды және ұстамайды, кеудесімен жанаспайды, әрі сүймейді, яғни мәкруһ» деген үкімді кездестіре аламыз (әл-Хажжауи. әл-иқнағ, 2/320, дәр әл-Мәғрифа, Бейрут, 2003 ж.).

Псевдосәләфилер мен ханбали мәзһабы арасында қарама-қайшылықтар бұдан да көп. Алайда осы аталған айырмашылықтар уаххабилердің көзқарастарының ханбали мәзһабына сай келе бермейтіндігін көрсетеді. 

Алау ӘДІЛБАЕВ,

дінтанушы

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 281 рет

Қажылық анықтамалығы

JoomShaper
Top