Жаңалықтар

Исламға дейін Орталық Азияның діни жағдайы қандай еді?

Мысалы, Әл-Идрисидің «Нузхат әл-муштақ фи-ихтирақ әл-афақ» атты шығармасында Орталық Қазақстанда орналасқан Лалан қаласының тұрғындарының пұтқа табынатынын, қимақтардың мәжуси дінін ұстанатынын, Хақан қимақтарының күнге мінәжат ететінін, Азкиш түркілерінің сәуле шығаратын барлық заттарға құлшылық қылатынын, ал түркештердің отқа табынатынын жеткізеді.

Ал, Зәкәрийа ибн Казунидің (1203-1283) «Әсар әл-билад уа ахбар әл-ибад» (Елдер ескерткіштері және Алланың құлдары жайлы хабарлар) атты еңбегінде: «Түркілер нақты бір дінді насиқаттамайды. Олардың ішінде жұлдыздарға, отқа табыннатындар, христиан, манехей, дуалистер, сиқыршылар бар» дейді. Сондай-ақ, Ибн Казуни осы жазбасында татарлардың күнге табынатынын, оғыздардың насрани екенін, қимақтардың қарт адамға сиынатынын, Түркістан түріктерінің пұтқа, жұлдызға, отқа және христиан дінін ұстанатынын айтады. 

Қудама ибн Жағфардың (948 жылы қ.б) «Китаб әл-харадж уа санат әл-китаба» («Салық және хатшы өнері туралы кітап) атты жазбасында Нушажанды мекендейтін қарлұқтардың көпшілігі мәжуси, кейбіреулері дінсіз екенін хабарлайды. Ибн Хордабек «Китаб әл-масалик уа-л-мамалик» (Жолдар мен мемлекеттер) атты еңбегінде «тоғы-оғыз түркілерді мәжуси және зиндық» (дінсіз) деп сипаттайды. Әл-Мақдиси (947-1000) «Ахсан ат-тақасим фи марифат әл-ақалимда» Такабкет және Харран қаласында зиндықтардың (дінсіз) тұратынын баяндайды. Әл-Бакри (ХІ ғ) «Әл-масалик уа-л-мамалик» атты еңбегінде түркілердің көпшілігінің манихейлікті ұстанатынын  жеткізген.  Орта ғасырлық тарихи дереккөз «Насабнамада» (Сафи ад-дин Орун Қойлақи. Насабнама. 27 бет) VIII ғасырда Түркістан аймағын мекендеген түркілердің «муғ» (манихейзм немесе зороастризм) сенімінде болғандығы баяндалады.

Көріп байқағанымыздай түркілер әу баста Тәңірге сенгенімен, кейін басқа халықтармен байланысу арқылы олардың дін уағызшыларының ықпал етуімен түрлі сенімдерді ұстанған. Тіпті, түрлі сенімді ұстану түркілердің рухани ғана емес, саяси тұтасығына сына қағылғанын аңғарамыз. Яғни, исламға дейін Орталық Азияны мекендеген түркі халықтарының діни сенімі біртұтас емес еді.

 

Мұхан Исахан 

 

 

 

Толығырақ

Басқа жаңалықтар

Close