Досай КЕНЖЕТАЙ: Зайырлы мемлекетте заң талаптары орындалуы тиіс

Сейсенбі, 13.02.2018
Досай КЕНЖЕТАЙ: Зайырлы мемлекетте заң талаптары орындалуы тиіс

Діннің нәзік тұстары болады. Мәселен, ислам шариғатына сәйкес, әйел баласына орамал тағу – парыз. Біздің мемлекетіміз – зайырлы ұстанымда. Жалпы орта білім беру мекемелері оқушыларының құзырлы министрлік белгілеп берген өз киім үлгісі бар. Яғни, мектептегі сабақ уақытында орамал тағуға тыйым салынған. Не істеу қажет? Осы мәселе қазіргі таңда еліміздің әр өңірінде ушығып тұр. Түрлі жағдайлар орын алып үлгерді. Қандай жолы немесе шешімі бар? Белгілі теолог, дінтанушы Досай Кенжетаймен осындай сауалдар төңірегінде әңгімелескен едік.

– Мектеп жасындағы жеткіншектер білім ошағына бекітілген талаптар негізінде киініп келуге міндетті. Осы мәселе мем­ле­кеттік деңгейдегі проблемаға айналып үл­герді. Көпшілік алаңдайтындай жағдайға барған түйткіл неден туды? Нақты сандарды сөйлете аласыз ба?

– Әрине, Білім және ғылым министр­лігі барлық орта мектептер, колледждер, лицейлер үшін міндетті киім үлгісінің талаптарын бекіткен. Ол білім берудің зайырлы сипатын іске асыруға, орта және арнаулы білім беру ұйымдары оқу­шы­ларының арасында әлеуметтік, мүліктік және басқа да өзгешеліктердің белгілерін жоюға бағытталған. Сонымен қатар білім алушылардың жас ерекшеліктеріне қарай форманың үлгісін, түсін регламенттейді.
Өзіңіз айтқандай, бүгінгі таңда еліміздің орта білім беру мекемелерінде қыз бала­лардың сабаққа орамал тағып келу мәсе­-лесі өзекті болуда. Казіргі статистика бойын­ша, республика аумағындағы бас­тауыш және орта білім беру мекемелерінде оқитын қыз балалардың саны 1 444 765 құрайды. 1 қарашадағы мәліметтерге сүйен­сек, бұлардың ішінен хиджаб кию факті­леріне қатысты сандық көрсеткіш – 2 171 адам, яғни 0,15 пайыз. Осыған дейінгі теологтардың және мемлекеттік орган­дар­мен бірлесіп жүргізілген түсіндіру жұмыс­тарының нәтижесінде, оқушы қыз балалар арасында орамалын тастағандары да бар­шылық.
Өкінішке қарай, Білім және ғылым министрлігінің өкілдері сабақ кезінде хид­жабын шешуге көнбей, мектепке білім алуға бармай жүрген 193 фактінің тіркел­генін айтуда. Бұл оқиғалар негізінен елі­міздің батыс өңірлерінде орын алуда. Кей­бір өңірлерде орамал таққан оқушыларға көз жұма қарау фактілері де бар екені жа­сырын емес.

– Еліміздің негізгі заңы ар-ұждан құ­қығын белгілейді, ол – рухани категориялар, ішкі әлем және наным. Оқушы қыздардың орамалымен «алысу» олардың құқын шек­теуге жатпай ма?

– Мектептерде орамал тағу және киім кию – ар-ұждан еркіндігіне жатпайтын сыртқы діни көріністер. Бұдан басқа, Конституцияның 22-бабы 2-тармағында ар-ұждан бостандығы құқығын жүзеге асыру жалпы адамдық және азаматтық құқықтармен мемлекет алдындағы мін­деттерге байланысты болмауға немесе оларды шектемеуге тиіс деп көрсетілген. Мұндай міндеттерге әрбір қоғамдық қа­рым-қатынас, оның ішінде білім беру са­ласында ішкі қағидаларды сақтау жатады.
Мектеп формасына қойылатын бірың­ғай талаптар – әрбір қазақстандық үшін орта білім беру мекемелерінде міндетті түрде орындауға жататын нормативтік қа­ғида. Мемлекет сіз айтқандай, оқушының ішкі жан-дүниесін шектемейді, олардың құқығын бұзбайды, сондай-ақ ата-ана­лардың сеніміне араласпайды. Тек білім беру саласында жалпыға ортақ қабылдан­ған ішкі мінез-құлық қағидасын орын­дауға үндейді. Орта білімді оқу орын­дары­нан тысқары және сабақ аяқталғаннан кейін әркім өзінің қалайтын киімін киюге еркі бар.
Дін істері және азаматтық қоғам ми­нистрлігі мүдделі мемлекеттік органдар­мен, Қазақстан мұсылмандары діни бас­қармасымен және теолог-ғалымдарды тар­та отырып орта білім беретін мектеп­терде хиджаб киетін қыздардың ата-ана­ларымен осы бағытта ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда.

– Сөз орайында айта кетейік, бұл пікір көпшілік арасында да бар: мектептегі проб­лема тек орамал ма? Талапқа сай келмейтін өзге де киім үлгілері бар дегендей…

– Иә, бұл пікірдің жаны бар. Мектеп формасы талаптарын сақтауға қатысты мәселе тек орамалмен шектеліп қалма­ға­нына назар аударған жөн. Айталық, сабаққа қысқа белдемше, қымбат бюжитериялар, бағалы әшекей заттар, шектен тыс сән­де­ніп, боя­нып, ерсі киініп келетін, жалпы бекітілген мектеп формасындағы талаптан тыс киінетін оқушыларға да шаралар қол­данылады. Яғни, оқушылар арасындағы әлеуметтік теңсіздікті жою бағытында жұ­мыс жүргізілуде. БАҚ беттерінде, әлеу­меттік желілерде тек хиджабпен күресіп жатқандай көрсету – мәселеге біржақты қарап отыр­ғандардың қитұрқы әрекеттері.
Сонымен қатар «Білім туралы» заңның да бар екенін ұмытпағанымыз абзал. Құ­жат­тың 47-бабы 15-1-тармағында «Орта білім беру ұйымдарында білім алушылар білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтауға міндет­ті» деп жазылған. Осы заңның 49-бабы 2-тармағы 6) тармақшасында «Ата-аналар мен өзге де заңды өкілдер білім беру ұйымы­­ның жарғысында айқындалған қағидаларды орындауға міндетті» деп көрсетілген. 2015 жылы 13 қарашада осы заңының 5-бабына «Орта білім беру ұйым­дары міндетті мектеп формасына қойы­латын талаптарды әзірлейді және бекітеді» деген ереже қосылды. Білім және ғылым министрінің былтырғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығы, көріп отырғанымыздай, заң та­лаптарын орындаудан туып отыр.
Ата-аналарға және орамал тағатын немесе басқа да бұйрыққа қайшы келетін мектеп формасын киетін қыз балаларға осыларды түсіндіру жұмыстары барынша ашық жүргізілуде. Егер бұл жұмыстар нәти­же бермесе, онда олардың ата-аналарына айыппұл салу туралы заң нормаларын қол­дану мәжбүрлігі туындайды. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 409-бабына сәйкес, ата-аналар бала­ла­рының мектеп формасын сақтау туралы талаптарын орындаудан бас тартқан жағ­дайда бірінші мәрте – 10 АЕК мөлшерінде, қайталанған жағдайда 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салу қарастырылған.

– Тақырыпты біршама қаузадық. Осы мәселеде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұстанымы қандай?

– Діни басқарманың ұстанымы мынау – шариғат бойынша, балиғат жасына толған мұсылман қызға орамал тағу міндет. Елі­міздегі мұсылман қыз-келіншектер мен әйелдерге киім кию үлгісінде қазақ хал­қының салт-дәстүрлерін сақтай отырып, жинақы киінуге кеңес береміз. Паранжа (ниқаб) кию салтымызда болмаған, басқа елдің үлгісі екенін де ерекше атап өткені­-міз жөн.
Ислам шариғатына сүйеніп, қыз бала­ның балиғатқа толуын 9 жаспен шектеу дұрыс емес. Мұсылман ғалымдары қыз балалардың физиологиялық ерекшелік­теріне сай, көпшіліктің жағдайын назарға алып 15 жаспен шектеген. Ислам діні ба­лиғат жасына толмаған, санасы толық қалыптасып үлгермеген, орамал тағудың түпкі мәні мен маңызын, үкімін түсінбейтін кішкентай қыз баласына орамал тағуды міндеттемейді. Әрбір мұсылман қыз бала орамалдың қадір-қасиетін терең түсініп, жауапкершілігін саналы түрде сезініп, Алланың әмірін өз еркімен орындауы – басты мақсат. Мектеп табалдырығын енді ғана аттаған бүлдіршінді жаулық жабуға мәжбүрлеуден бұрын оған ең әуелі білім мен тәрбие берген абзал. Бұл – ата-ананың басты міндеті.
Алла Тағала күллі адамзат баласына иманды болуды әрі білім алуды әмір ет­кен. Құран Кәрімнің ең алғаш түскен аятының өзі «Оқы!» деген бұйрықпен бас­талуы ерек­ше назар аударарлық. Сондай-ақ Құранда: «Раббым, білімімді арттыр!», «Білетіндер мен білмейтіндер бірдей бола ма?», «Алла Тағала сендердің араларыңда иман келтір­гендер мен бойларына білім дарытқан­дар­дың дәрежелерін өсіреді» деп ілім иелерінің мәртебесінің жоғарылығын атап өткен.
Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Білім алу – әрбір мұсылман ер кісіге де, әйелге де парыз» деп білім ізденудің әйелдерге де тиісті екенін айтқан. Сондықтан дінімізде мұсылман ер кісі мен әйелге білім алу – міндет. Мектеп жасындағы баланы иман­дылыққа баулып, білім үйрету – әрбір адамның азаматтық әрі мұсылмандық борышы. Діни һәм зайырлы білім алу – жарқын болашақтың кілті. Бүгінгі за­ман­ның үдерісі еліміздің әрбір азаматы мен лауазымды тұлғасына білімді, иманды, отаншыл ұрпақ қалыптастыруды талап етуде. Бұл – баршамыздың борышы­мыз, асыл міндетіміз.
Біз мұсылман жамағаты мен ата-ана­ларды оқу орындарының мектеп оқу­шы­ларының киім үлгісіне қатысты қойыла­тын талаптарына түсіністікпен және са­бырлықпен қарауға шақырамыз. Бұл мәселені ушықтыру дұрыс емес. Өйткені елімізде орамалға түбегейлі тыйым салын­бағанын түсінуіміз керек. Тек орта мек­тептерде киім үлгісін бірізділікке түсіру мақсатында шешім қабылданған.
Конституцияға сәйкес, еліміз – зайыр­лы мемлекет, онда азаматтардың ар-ұждан бостандығына еркіндік берілген. Діндар азаматтар қоғамнан бөлек өмір сүрмейді. Дініміздегі бойұсыну – негізгі міндеттер­дің бірі. Сондықтан мұсылмандар заңға құрметпен қарауы тиіс.
Еліміздің заңнамалары бізге бала­ла­ры­мыздың орта білім алуын қамтамасыз етуі­мізді міндеттейді. Білімсіздік бүлікке бас­тайтынын ұмытпайық. Сондықтан қыз ба­ланың толыққанды зайырлы білім алуын ата-аналары еліміздің заңнамасы талап­тары шеңберінде қамтамасыз еткендері жөн.

– Орамалын тастағысы келмеген қыз балаларға қандай да бір мүмкіндіктер қа­растырылмаған ба?
– Елімізде қыз балаларды қабылдай­тын медресе-колледждер бар. Міне, осын­дай діни оқу орындарынан білім алуға болады. Қазіргі таңда Сарыағаш, Шымкент, Үшқоңыр медресе-колледждер қызмет етеді. Оларда орамалға тыйым салынба­ған. Сонымен қатар заңнаманың ешқан­дай нормасына қайшы келмейтіндей тәртіппен, ақылы негізде мектеп мұғалімін үйіне шақыра отырып білім алуын жал­ғастыруға, сондай-ақ жекеменшік мектеп­терде білім алуға болады. Жекеменшік мек­тептер ашылған күннің өзінде олардың білім беру бағдарламалары Білім және ғылым министрлігі бекіткен талаптарға сай болуы керек. Сондай-ақ сабақ беретін ұс­таздарға қойылатын талаптар да оқыту­шылардың біліктілігіне қарай реттелуі ке­рек. Мектептерде де қыз балалардың са­­­­баққа орамал тағып келуіне жол беріл­мейді.
Жалпы, мектептерде орамал немесе хижаб кию – сыртқы көріністер болуымен қатар, діни талаптарды үстем етуге ұмты­лыстың көрінісі. Конституцияда біздің елі­міз зайырлы мемлекет болып табы­ла­тындығы атап көрсетілген. Зайырлы мем­лекетте заң діни талаптардан жоғары тұ­рады. Сондықтан әлеуметтік қарым-қатынастар, оның ішінде білім беру, ден­сау­лық сақтау, отбасы және неке институттары діни нормалармен емес, зайырлы мем­ле­кеттің заңнамасымен реттеледі.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Мира АЙМАХАН,

"Айқын" газеті

Ұнады ма? Достарыңмен бөліс:
Оқылды 727 рет
JoomShaper
Top